Ақтөбелік 16 жастағы мектеп оқушысы жасөспірімдер арасындағы төбелес кезінде көзілдіріктің сынықтары көзіне түсіп, қатты зақымдаған, деп хабарлады turkystan.kz.
Қазір ол екінші отаға дайындалып жатыр. Туыстарының айтуынша, баланың көру қабілетінен толық айырылу қаупі бар, ал полиция тергеуді созып жатыр. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.
Оқиға 29 маусым күні Ақтөбедегі Авияқалашық ықшамауданында болған. Жасөспірімдер тобы арасында жанжал туындап, ол төбелеспен аяқталған. Сол төбелеске қатысушылардың бірі көзілдірік киіп жүрген 16 жастағы жасөспірімді ұрып жіберген.
"Көзілдіріктің әйнегі сынып, оның сынықтары баланың көзіне кіріп кетті. Сол оқиғадан кейін оған ота жасалды. Бірақ бұл жеткіліксіз, қазір ол көру қабілетінен айырылуы мүмкін", – дейді оқушының тәтесі.
Көру қабілетін қалпына келтіру мүмкіндігін бағалау үшін тағы бір операция қажет, оған бала қазір дайындалып жатыр. Ақтөбе облыстық полиция департаменті оқиға болғанын растады.
"Барлық қатысушылар анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Жасөспірімдер арасында жанжал туындап, күдікті жәбірленушіні ұрып жіберген. Нәтижесінде жәбірленуші көзілдіріктің әйнек сынықтарынан көзінен жарақат алды. Орташа ауырлықтағы денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу барысында әрбір қатысушының әрекетіне құқықтық баға беріледі", – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Саркұлов.
Сондай-ақ полиция кәмелетке толмаған баланың тәрбиесіне тиісті деңгейде мән бермегені үшін ата-аналарды жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді.
Осы арада жәбірленушінің туыстары тергеудің тым баяу жүріп жатқанын айтып, алаңдаушылық білдіруде. Олардың сөзінше, жағдай өте ауыр: екінші отадан кейін бала мүлде көрмей қалуы мүмкін.
"Біз бұл қайғыны өзіміз ғана арқалап қаламыз ба деп қорқамыз. Тергеу өте баяу жүріп жатыр, уәде бергенімен, еш нәтиже жоқ", – дейді мектеп оқушысының жақындары.