Астанада ТМД мен Орталық Азиядағы ең ірі поп-мәдениет фестивалі – Comic Con Astana-2025-тің алғашқы күні аяқталды. Биыл фестиваль алғаш рет бес күнге созылып отыр, ал шараның ашылу күні кездесулерге, таныстықтарға және тың идеяларға толы болды.
«Comic Con Astana – бұл адамдар, жаңа кездесулер мен шығармашылық энергиясы. Жыл сайын фестиваль өсіп, әлемге танылып келеді: жаңа аймақтар мен форматтар пайда болуда, әлемдік деңгейдегі жұлдыздар келіп жатыр, Қазақстан астанасына түрлі елдерден келген қонақтар саны артып, үлкен комьюнитидің бір бөлшегіне айналуда. Біздің басты мақсатымыз – әр қонақ осы жерден шабыт пен ортақ ойлы пікірлестерін табуы», – деді фестивальдің бас продюсері Наталина Сергеевна.
Фестивальдің алғашқы күні «Астана Арена» сахнасында PopAsia ұранымен өтті. Бұл алаңда жекпе-жек өнерінің жанкүйерлері сахналық қойылым түрінде төбелес техникасын тамашалап қана қоймай, оны өздері де сынап көруге мүмкіндік алды. Шығармашылық топтар танымал анимелердің саундтректерін орындап, би қойылымдарын ұсынды. Осы жерде әуесқой косплей байқауы да өз бастауын алды. Ал дубляж актері Никита Моисеев жанкүйерлердің сұрақтарына Q&A сессиясы аясында жауап берді. Шеберлік сағаты аймағында Anidybys студиясы кез келген ниет білдірушіге фильмдер мен анимелерді дыбыстау техникасын үйретсе, PVE Film Academy мамандары сүйікті кейіпкерлерді сахнада қалай шынайы жеткізуге болатыны туралы тәжірибелерімен бөлісті. Авторлар аллеясында түрлі жанрда жұмыс істейтін 150-ден астам қазақстандық суретші мен шебер өз жұмыстарын ұсынды. Жәрмеңке аймағында келушілер авторлық ко-
микстер, танымал мангалардың балама оқиғаларын баяндайтын додзинсилер, стикерлер, ашық хаттар мен плакаттар, сондай-ақ танымал фильмдер, комикстер, аниме мен видеоойындар тақырыбындағы әшекейлер мен артефактілерді сатып алды. Айта кетейік, биылғы фестиваль алғаш рет бірден үш голливудтық жұлдызды жинады. Олар – Энди Серкис, Эсай Моралес, Скотт Эдкинс. Барлық хедлайнерлер автограф-сессиялар өткізеді, Q&A сессияларына қатысып, баспасөз конференцияларына қатысады. Фестивальде Қазақстан мен Испанияның алғашқы бірлескен жобасы – (La Tregua) фильмі таныстырылады. Бағдарламаның дәстүрлі бөлігі ретінде 15 миллион теңге жүлде қоры бар халықаралық косплей байқауы өтеді. Фестивальдің арнайы қонақтарының қатарында Marmok, Qewbite, Антон Милс, Johan, Eugene Sagaz, Настя Джексон, Big Gleb, Metal Family авторлары және басқа да жұлдыздар бар.
Сонымен қатар Гик-мәдениет фестивалі аясында «Аниме дубляжы: қазақша даббинг» атты шеберлік сабағы өтті. Іс-шараны Anidybys дубляж студиясы блогер DickThor-пен бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шара қазақ тілінде өтті және дубляжға, аниме локализациясына қызығатын жастарды, шығармашылық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттерді, сондай-ақ болашақ дубляж актерлерін жинады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шеберлік сағатына жоғары қызығушылық қазақтілді дубляжға деген сұраныстың артқанын және бұл бағыттың жастар арасында өзекті екенін көрсетті. Қатысушылар кәсіби кеңестер тыңдап қана қоймай, дубляж актері рөлін өздері сынап көру мүмкіндігіне ие болды. Шеберлік сабағы аясында сөз сөйлеген Anidybys студиясының негізін қалаушы, киноның дыбыс режиссері, дубляж режиссері және актері Диас Балаби дубляж жасау үдерісі, кадр сыртындағы және синхронды дыбыстау айырмашылықтары, сондай-ақ анимені қазақ тіліне бейімдеу ерекшеліктері туралы жан-жақты айтып берді. Сонымен қатар қатысушыларға тәжірибелік сабақ өткізді. «Біз анимені жай ғана дубляждамаймыз, біз қазақтілді медиа-
мазмұнды жасаймыз. Қазақ тілі заманауи, жастарға жақын контексте естілуі тиіс. Аниме – осы бағыттағы тамаша мүмкіндік. Мұнда ынталы, талантты жастардың көп болғанына қуаныштымын», – деді Диас Балаби.
Comic Con Astana-2025 13 шілдеге дейін Қазақстан астанасында жалғасады. Comic Con Astana-2025 Астана әкімдігі мен
«AstanaTourism» Туризмді дамыту орталығының қолдауымен ұйымдастырылуда.
Наурызбек БАҚЫТ