Бесқалада күрес туын көтерген

Шорабек Мұстафаев туралы бір үзік сыр

Бесқалада күрес туын көтерген
1347

Үлкен армандар қияндағы ауылда өскен талай қа­зақтың жүрегін аласұртып, талай биікке талпындырған. Бірақ сол арман биігінен көріну оңай емес, ал оған қол жеткізу сертіне берік, ұстанымынан айнымайтын жандардың ғана маңдайына жазылған. Кеудеде намыс оты шалқып тұрғанда арлы жігіттің қашанда бәсі биік, арманы асқақ. Аралдың бергі жағында туып, арғы жа­ғы­нан бақыт тауып, бала күнгі мақсаттарына қол жеткізген, бір елде самбо күресінің не­гізін салып, талай байрақты бәсекеде жеңім­паз болып атой салған, жүздеген палуан­дарға ұстаз болып, бір елдің абы­ройын аспандатқан қазақ баласы Шорабек Мұстафаевтың ғұмыр жолына көз тіккенде, оның ұрпаққа үлгі болар тағылымын, өшпес өне­гесін көресің. Көресің де сүйсінесің, қа­рай­сың да қуанасың. 

ЕҢБЕК ШЫҢДАП, ӨНЕР ӨСІРЕДІ


Осыдан тура сексен жыл бұрын Қы­зыл­орда облысының Арал қаласын­да дүниеге келген Шорабектің ғұмыры тақ­тайдай түзу жолға бірден түсіп, тірліктің даң­ғылымен қиындықсыз зырлап кеткен жоқ. Әкесі Әли Екінші дүниежүзілік соғысқа кет­кеннен оралмады. Қан майданда қаза тауып, Украина жерінде мәңгілік дамыл тап­ты. 1943 жылы соғысқа алынғанда Әли­дің алды енді ғана 10 жасқа толған төрт ба­­­­ласы бар еді (Жәли, Анарбек, Қанабек, Әс­­кербек) және әйелінің аяғы ауыр бола­тын, оған Әлидің соғыстан хат жолдап «ұл бол­­са атын Шорабек қойыңдар» деген өті­ні­­шімен нәресте жарық дүниеге келгенде Шо­­рабек атанды. Сөйтіп, тумай жатып тағ­­­­­дырдан теперіш көрген балалардың ана­сы Зиба Омарқызының қажыр-қайратының ар­қасында бес баланың бәрі де жастайынан ең­бекпен шыңдалып, нанын маңдай тері­мен адал табуға тәрбиеленді. 
Арал қаласында 6-сыныпты оқып бітір­ген соң Шорабектің отбасы 1957 жылы Қа­­­рақұм совхозына қоныс аударды. Шо­ра­бек сол жерде 7-сыныпты бітірген соң сов­хоз­дың токарына көмекші болып жұмысқа ор­наласты. Анасына қайтсем қолқанат бо­ламын деп, қабырғасы қатпаған кезінен ең­бекке араласқан оның жолы болды. То­карь атанып, темір жону үшін шеберлікпен бірге үлкен шыдам керек. Станоктарды зы­­­­рылдатып, совхоздың техникасына қа­жет нәрсенің бәрін жасайтын алғыр бозбала таң­ның атысы мен күннің батысына дейін жо­нылған металдардың қолқаны қабар иі­сін елемей, маңдайдан тер тамшылатып жа­татын Шорабектің несібесі мол болды. Ол кезде токарьдың айлық жалақысы сов­хоз директорының айлығынан артық бо­ла­тын. Осылай отбасын табысымен қуант­қан ол білім мен өнерді ойынан шығарған жоқ, жұмыстан соң кешкі мектепке қа­ты­нап, орта білім алды. Бала жасынан ел ішін­дегі өнерпаздарды көріп өскен оның бойын­да өнерге деген бейімділік бар еді. Сов­хоз клубында өнерпаздарға жетекшілік жа­сады, байқауларға қатысып, бұл бас­қар­ған өнерпаздар ұжымы облыс орталығы – Қызылорда қаласында өткен жарыстарда жүл­делі орындардан көрінді. Талантты жас­тың талабын ұштау үшін совхоз бас­шы­лығы оны 1959 жылы көркемөнер учи­лище­сіне оқуға жіберіп, Шорабек ол жерден баян аспабында ойнайтын музыкант және хор маманы болып оралды. Сөйтіп, дип­лом­ды өнерпаз енді ауылдың талантты жас­та­ры­на музыкалық білім беретін ұстаз дең­гейіне көтерілді.
Қазақ «Жігітке жеті өнер де аз» дейді ғой, ол бойындағы білімі мен талантын ұш­­­тап, үнемі қабілетін дамытып жүре­тін­дер­ге айтылған болса керек. Токарь стано­гын ұршықша айналдыратын, ән салып, музыка аспаптарын безілдететін музыкант жі­гіттің бойында спортқа деген  қызығу­шы­лық та орасан еді. Күші бойы­на сыймай жүретін бұла жас ауыл ста­дио­нын­да өзге­лер­мен бірге доп тебетін, кір та­сын кө­те­ретін, күресетін. Сөйтіп, бірте-бір­те спорт­шы болуға аңсары ауған Шора­бек бола­ша­ғын осы саладан іздеуге бел буды.

СПОРТТАҒЫ ДАҢҒЫЛ ЖОЛ


Елдің туы екі жерде көтеріліп, екі жер­де мемлекеттік әнұран шырқалады, соның бірі − бір елдің басшысы екінші бір елге ресми сапармен барғанда жасалса, екін­шісі спорт жарыстарында жеңімпаз ел­дің құрметі үшін жасалатыны белгілі ғой, де­мек Шорабектің де спортқа келуінің өзі са­налылық еді.
Аралдың бергі жағынан арғы жағына көз тіккен ұл 1963 жылы Қарақалпақстанға ба­­рып, сол жердегі мемлекеттік педаго­ги­ка­лық институтының Дене шынықтыру фа­куль­тетіне оқуға түсті. Күреспен шындап ай­налысып, спортшы ретінде шыңдауды қа­лаған 19 жасар жас жігіт оқи жүріп, Өз­бек­­­станға еңбегі сіңген жаттықтырушы Әмин­бай Исмаиловтың қол астында жат­тығып, еркін күрестің қыр-сырын үйренді. Сөй­тіп, алғашқы жылдың өзінде еркін кү­рестен Қарақалпақстанда бірінші, Өзбек­стан­да төртінші орыннан көрінді. Бірақ бірін­ші курсты бітірген соң сол кездің тәр­­­­­тібі бойынша армия қатарына алынды. Ол кезде қазіргідей жоғары оқу орнында оқып жатқаныңа қарамайды, жасың келсе бол­ды, әскери борышыңды өтеу керек деген заң бар. Сонымен Запольярияда әскери боры­шын өтеп жүрген Шорабектің спорт­шы екенін білген әскери басшылар оны сам­бо күресінен полкта өткен жарысқа қа­­­тыстырады. Бұрын еркін қазақ күресінен, ер­кін күрестен тәжірибесі бар оның аз уа­қытта самбоны жедел игеріп алған, 66 келі сал­мақта қарсылас шақ келтірмеген мықты сол­даттың болашағын болжаған әскердегі спорт басшылығы оны үлкен жарыстарға қа­тыстыру үшін Псков қаласындағы әскери қыз­метке алып қалды. Олардың үмітін ақ­таған Шорабек 1965 жылы Саратов қала­сын­да өткен жарыста бірінші орын алып, КСРО спорт шеберіне кандидат нор­ма­тивін орындады. Бұдан соң Саратов қа­ла­сындағы әскери ротада қызмет ете жүріп ше­берлігін жетілдіре түскен ол 1967 жылы Ле­нинград (қазіргі Санкт-Петербург) қа­ла­сын­да армияның орталық спорт клубы (ЦСКА) біріншілігіне қатысып екінші орын алып, КСРО спорт шебері атанды. Бұл – Қа­ра­қалпақстан қазақтары тарихында алғаш­қы қол жеткен үлкен табыс болып жазылды.
Шорабектің талпынысы мұнымен тоқ­таған жоқ, 1967 жылы оны та­ғы бір үлкен спорт бәсекесі күтіп тұрды, сол жылы ол Эстонияның астанасы Таллин қа­ласында өткізілетін КСРО біріншілігіне қа­тысуға бел байлады. Мұндай үлкен жа­рыс­қа қатысу үшін бір республиканың аты­нан шығу керек. Ал Шорабекті Қазақ­стан да, Өзбекстан да өз командаларына қос­пады. Тіпті, Шорабектің командирлері Өз­бекстанға хат жазып, «Мынадай керемет спорт­шы студенттеріңіз бар екен, осыны сіз­­дің елдің атынан жарысқа қатыс­ты­руыңыз­­ды сұраймыз» деген өтініш жасаса да, селт етпеді. Бәрі «Өз спортшыларымыз же­теді» деген уәжді алға тартты. Бірақ «Ер жі­гіттің қадірін ағайын емес, жат білер» де­гендей, күші тасып тұрған жас жігітті эс­тондар өз командасына шақырды. Сөйтіп, Арал­дың қажырлы қара баласы Эстонияның Тарту университеті атынан мемлекеттік дең­гейдегі үлкен жарысқа қатысып, эстон еліне алтын медаль сыйлады. Жарыстан соң Қа­зақстанның да, Өзбекстанның да спорт бас­шылары «Мына бала қайдан шықты, мұ­ны неғып білмей қалғанбыз» деп аһ ұрды. Өкін­геннен не пайда, «Ерді кебенек ішінен та­нымағандар» қолына түсіп тұрған чем­пион­нан айрылып қалды.
1967 жылы кеудесінде «КСРО спорт ше­бері» төсбелгісі жарқыраған Шорабек Мұс­та­фаев Нөкіске келіп оқуын жалғастырды. Оқи жүріп, өзі әскерден жоғары деңгейде мең­геріп келген «әскери самбо» күресінен жас­тарды жаттықтыра бастады. Солайша, ай­лық алатын штаттағы жаттықтырушы бо­лып, Қарақалпақстанның құрама коман­дасын жаттықтырды. 
1968 жылы Самарқанд қаласында өткен Өз­бекстан чемпионатында ол бірінші орын­ды жеңіп алды. Арада тағы бір жыл өт­­­кенде Өзбекстан чемпионатында қар­сыластарын бет қаратпай жеңіп, финалға шық­ты. Бірақ финалда орталықтың балуа­нынан кем өнер көрсетпеген Шорабекке күміс ме­даль бұйырды. Сөйтіп, ол Өзбекстан құра­ма командасына алынды. 
Дегенмен қарақалпақ елінде сам­бо­дан өз мамандары болмағандықтан, байрақты бәсекелерде өзгелер тарапынан бо­ла беретін әділетсіздіктерді байқаған Шо­ра­бек, қарақалпақстандық мамандарды тәр­биелеп, олардың қатарын көбейтпесе мұн­дай келеңсіздіктердің бел алып кете беретінін байқап, бұл саланы дамытуға бел буды. Оның бұл тараптағы ұсыныстарын қол­даған Қарақалпақстан Спорт комитеті ел­де самбо мектебін ашуды қолға алып, сту­дент Шорабекке ел бойынша ең алғашқы «Сам­бо жаттықтырушысы, ұстаз» деген рес­ми атақ берді. Сөйтіп, Арал перзентіне ежел­­гі Бесқала жерінде самбо күресінің не­гізін салу бақыты бұйырды!

ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС


1971 жылы жоғарғы оқу орнын табысты бі­тірген талапшаң жас маманның болаша­ғы­нан үлкен үміт күткен институт басшы­лары оны Дене тәрбиесі факультетінің оқы­­­­ту­шысы етіп тағайындады. Жас оқы­ту­шы жас спортшыларды тәрбиелеуге көп көңіл бөлді. Сөйтіп, самбоға қызығушылығы артқан жастар Шорабектің маңына топтаса бас­тады. Әрине, жетістік өзінен өзі бол­май­ды, оған жету үшін мықты жаттықтыру­шы­дан басқа дайындалатын жер қажет. Бұл мә­селелер Шорабектің беделі арқасында жү­зеге асып, басшылар қолдан келген кө­ме­гін аямады.
Шорабаек 1972 жылдан көп жылдар бойы самбо күресі бойынша институттың құ­ра­ма командасын өздеріндегі спорт за­лын­да, республиканың құрама командасын «Мех­нат» Дене шынықтыру және спорт қо­ға­мының орталық залында, жасөспірім­дер­дің құрама командасын В.Терешкова атын­дағы мектептің залында жаттықтыра бас­тады. Оның бұл еңбегі өте жемісті бо­лып, оның шәкірттері арасында самбодан 20 «КСРО спорт шебері», дзюдодан 3 «КСРО спорт шебері», ұлттық күрестен 24 «Өз­бек­стан спорт шебері» және елуден аса спорт шеберіне кандидаттар шықты, сондай-ақ ха­лықаралық дәрежеде спорт шебері нор­ма­тивін орындағандар да бар. Бұл бір жат­тықтырушы үшін өте үлкен жетістік.
1976 жылы Нөкіс мемлекеттік пе­да­гоги­ка­лық институты Т.Шевченко атындағы Нө­кіс мемлекеттік университетіне айналған соң да Шорабек Мұстафаев Дене шы­нық­тыру факультетінде жұмысын жалғастырып, онда аға оқытушы, Дене шынықтыру ка­фед­расының меңгерушісі, Дене шынықтыру фа­­­­культетінің деканы болып табысты еңбек етті. 1990 жылы Әжінияз атындағы Нөкіс мем­лекеттік педагогикалық институты ашыл­ғанда Дене шынықтыру және химия-био­логия факультетінің деканы болып сай­ланды. Осы лауазымда 1995 жылға дейін қыз­мет атқарған соң атажұртына қоныс ау­дарды.

АТАЖҰРТТА ДА СЫЙЛЫ


Шорабектің Аралдың арғы бетіндегі 32 жылдық ғұмырындағы жетіс­тік­­тері көп жылдар болды. Бір елде самбо кү­­­­ресінің негізін салушы, тұңғыш жат­тық­тыру­шы болды. Талай додада топ жарып, өзі ту­маса да туғандай болып кеткен қарақал­пақ елінде күрестің самбо, еркін күрес, дзю­до, ұлттық күрес сияқты түрлерін дамы­ту­ға көп еңбек сіңірді, жүздеген шәкірт дайын­дап, олардың жетістігіне марқайды. 1994 жылы педагогикалық институттың 60 жыл­дығы тұсында Нөкісте Шорабек Мұс­та­фаевтың 50 жылдық мерейтойы респуб­ли­ка көлемінде тойланып, самбо күресі бойын­ша ашық турнир өтті. Сөйтіп, 1963 жы­лы туған жерінен білім қуып Бесқалаға ат­танған бозбала елге көпті көрген ұстаз, та­лай жетістікке жеткен спортшы, жаттық­тыру­шы болып оралды.
Шымкент қаласына көшіп келген соң сол арада жетістігіне сырттай қанық аға­йын оның тәжірибесін ескеріп, Қазақ­стан­ның құрама командасына қабыл­дана­тын облыстың балуандарын таңдайтын ко­­­­миссияға шақырды. Комиссияда 5-6 адам оты­рып, спортшылардың шеберлігін сы­най­ды. Сонда Шорабек біреудің ұсынысы мен өтінішіне қарамай, өз таңдауын жа­сай­тын. Жүлдегерлерді өзара күрестіріп, мына ба­ла баруы керек, ана баланың болашағы зор деп өз тәжірибесіне сүйене отырып таң­­дау жасайтын. Кейін олардың жат­тығуын өзі бақылап, ақыл-кеңестерін беріп, өзі дайындайтын. Талай байрақты бәсекеге қатысқан, әділқазылық еткен Шорабектің бол­жамы далаға кеткен жоқ. Кейін ол таң­да­ған үш спортшының біреуі жүлдегер, екеуі чемпион болып оралып, облыстың атын шығарды. Облыс басшылығы Шо­ра­бек­тің бұл қызметін лайықты бағалады. Спорт­қа бөлінген қаржы спортшыларға ар­налғандықтан, жаттықтырушы маман­дар­ға қаражат бөлудің реті келмеді, бірақ об­лысты басқарып отырған азаматтар жо­ға­рыдағы еңбегі үшін Шымкент қаласынан оған сый жасап, бір көшеге «Шорабек Мұс­та­фаев көшесі» деп ат берді. Бұл Қазақстанда спорт­шыларға тірі кезінде жасалған, бұ­рын-соңды бола қоймаған құрмет болса керек.
Кейін Алматы қаласына қоныс аударған соң оны Дене шынықтыру институтына ка­федра басқаруға шақырды, бірақ ол қара­пайым оқытушылықты қалады. Спорт­шы­лар­ды жаттықтырды. Біраз уақыт еңбек ет­кен Шорабек кейін бұл саладан біраз де­­малуды ұйғарды. Сөйтіп, бизнеспен айна­лыс­ты. Кейін уақыты келгенде зейнетке шық­ты. Қазір сексен жасқа толған Ш.Мұс­та­фаев Алматының іргесіндегі Абай ауы­лын­да балаларының, немерелерінің қы­зы­ғын көріп, тәуелсіз елінде рақат ғұмыр ке­шіп жатыр.

ҰРПАҒЫ ЖОЛЫН ҚУҒАН


Білетіндердің айтуынша, адам екі нәр­се­ден: мамандық пен жар таңдауда қателес­пеуі тиіс екен. Өйткені ғұмырдағы бар же­тіс­тік осы екі нәрсеге байланысты көрінеді. Шо­рабек – мамандық таңдауда да, жар таң­­­дауда да дұрыс шешім қабылдап, бағы жан­ған жігіт дер едік. 
Шорабек 1970 жылы Базаргүл Исаева есім­ді қызбен бас қосты. Сөйтіп, өзіне жай­лы жар тапқан азаматтың 1972 жылы Жә­ні­бек, 1974 жылы Әлібек, 1977 жылы Жұл­дыз атты қызы дүниеге келді.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дей­ді дана халық. Біліп айтқан, әрине. «Ата­дан бала тумас па, атаның жолын қумас па» дегендей, Шорабектің ұлдары да ата жолын қу­ған, сол жолда жетістікке жеткен перзент­тер болды.
Жәнібек 1986 жылы Ташкент қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Өзбекстан чем­пионатына қатысып жеңімпаз болды және 14 жасында спорт шеберлігіне кан­ди­дат болып, республиканың құрама коман­да­­­сына алынды. Одан соң Гомель қаласында өт­кен бүкілодақтық жарыста қола медальға қол жеткізіп, Алматыдағы Олимпия ре­зерв­тері училищесіне қабылданды. 1987 жылы Қарағандыда өткен халықаралық турнирде және Алматыда өткізілген Орталық Азия жә­не Қазақстан біріншілігінде шашасына шаң жұқтырмай Қазақстанның құрама ко­ман­дасына алынды. 1988 жылы Қазақстан чемпионатында ең биік тұғырға көтеріліп, ел­дің құрама командасы сапында 1989 жы­лы Ленинградта өткен Олимпия резервтері учи­лищесі арасындағы, Украинаның Ха­рь­ков қаласында өткен жастар арасындағы одақ чемпионатында, Болгарияның София қа­ласында өткен халықаралық турнир­лерде чем­пион болды. Сондай-ақ 1990 жы­лы Москва­да өткен КСРО чем­пионатында екін­ші орын алып, самбодан спорт шебері атан­ды, Югославияда өткен Еуропа чем­­­пио­на­тын­да күміс медаль алды. Қазір үйленген, бір отба­сының иесі. Балаларына үлгілі әке.
Ал Шорабектің екінші ұлы Әлібек жас­тайы­нан танылып, самбодан Қарақал­пақ­стан құ­ра­­ма командасы сапында Өз­бек­стан чем­пионатында екі мәрте чем­пион болды және бірнеше рет жүл­дегер атанды. Бірақ ол осы жетіс­тіктеріне қарамастан кейін бокс­қа ауысып кетті. Ол салада да елеусіз емес.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» де­мек­ші, ұлдарының да спорт саласында өз жо­лын қуып, ұлтының атын шығарғанына Шо­ра­бек, әрине, дән риза. Өйткені, тәрбие – тал бе­сіктен. Жалғанда берген тәрбиеңді алып, ізің­ді қуып, жақсы атыңды шығарған пер­зенттен артық қуаныш бар ма?!.

ЖЕТІСТІКТЕ МӘН БАР


Кейде сәл нәрсені аспандатып айтып, жұртты қызықтырып қоюға болады, ал кейде үлкен жетістіктерді бірқалыпты баян­дасаң, оншалық тартымды болмай қалуы да мүмкін. Жетістігін тізіп, төккен те­рін қанша бағаладым дегеніңмен, өзің әң­гімелеп отырған саланы жете білмесең, ол да аяққа тұсау болатын нәрсе. Сондықтан спортты терең танып-түсінбеген біз секілді жандарға оның мәні мен маңызын түсіну қанша қиын десек те, КСРО спорт шебері, Өз­бекстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген жат­тықтырушысы, Қарақалпақстан Респуб­лика­сы­ның білім беру саласының үздігі, Қа­рақал­пақстанда самбо күре­сінің не­гізін салу­шы балуан Шора­бек Мұстафаевтың өмір жолы мен жемісті еңбегі, жет­кен же­тіс­тігі жайлы айтқанда бір ерекше дерекке мән бердік.
Алдымен самбо жайында айта кетейік. Сам­бо – орыс ті­лін­дегі «самозащита без ору­жия» – қару­сыз қорғану деген сөздің қыс­қарған түрі. Оның тарихы Кеңес одағы тұ­­сында, 1938 жылдан басталады екен. Кү­рес­­тің бұл түрінің ережелерін алғаш қа­лып­тастырған, өткен ғасырдың басында То­кио­да дзюдодан білім алған Василий Ощеп­к­ов. Деген­мен самбо 1966 жылы ғана ха­­­лықаралық дәрежеге жетіп, Халықаралық әуес­қойлар спортшылар федерациясының (ФИЛА) тізіміне кірген. Содан кейін ғана х­алық­аралық деңгейде күрестің бұл түрінен жа­рыстар өте бастаған. Ал біздің кейіп­кері­міз самбо халықаралық деңгейде әлі мойын­дал­маған кездің өзінде бұл күрестен чем­пион болып, КСРО спорт шебері атан­ған, сон­дай-ақ самбо жеке күрес түрі ретін­де ха­лықаралық деңгейде мойындал­ғанына не­бәрі екі жыл болғанда Шорабек Мұс­та­фаев студент бола тұра бір елдің құрама ко­­мандасының басшысы ретінде өзі жат­тық­­тырған шәкірттерін жарысқа алып ба­рып, өзі чемпион, екі шәкірті қола медаль ал­­ған. Демек, самбо күре­сінің дамуына әлем­дік дәрежеде Шорабек Мұстафаевтың да салмақты үлесі бар деген сөз.
Жаңалықты қабылдау әрқашан қиын, ал оны қабылдап қана қой­май, соны игеріп же­тістікке жету үлкен бі­лік­­тілікті, талантты қажет етеді. Сондық­тан спорт тарихына аты алтын әріппен жа­зы­латын тұлғалардың бірі Шорабек Мұстафаев болса, ол елдің мерейі, ұрпақтың мақта­нышы.


Ахмет ӨМІРЗАҚ
 

 

Серіктес жаңалықтары