Сейілмеген сел қаупі
Биыл Батыс Қазақстан облысында 210 тұрғын үй, Ақтөбе облысында – 89 тұрғын үй, Қостанай облысында – 44 тұрғын үй су астында қалды.
Қазақстанда өрттен кейін жиі болатын табиғи апат – су тасқыны. Көктем келіп, күн жылып, қар еріген сайын тасқын судың қаупі де күшейе түседі. Биыл еліміздің 10 өңірінде су тасқыны болуы мүмкін. Синоптиктер наурыз айында Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстарында және Астана қаласында жауын-шашын мол болатынын айтып, ескерту жасады. Өңірлердегі қар деңгейі нормадан артық.
Қар еріп, жылғалардан су ақса болды өзенге жақын қоныс тепкен аймақтағы ағайынның берекесі қашады. Апта басында Семейде қар суы аулаларға жайылды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті апат себебін ауа райына сілтеп отыр. «Семей қаласында күн күрт жылып, қар тез ерігендіктен көшелерді су басып қалған», – деп мәлімдеді. Алайда тұрғындар биыл қар аз болды, сондықтан ауа райынан емес, бұл су бұру жүйесінің бақылаусыз қалғанының салдары дейді. Бүгінде қала көшелерінен 1 500 текше метр су сорылған. Жергілікті әкімдік пен Төтенше жағдай мамандары елді мекендерге қар суынан келген қауіп сейілгенін мәлімдеді.
«Қазгидромет» 9-15 наурыз аралығына арналған гидрологиялық болжамын ұсынды. NASA спутниктері суреттеріндегі деректер бойынша Қазақстан аумағының қармен жабылған ауданы өткен аптаға қарағанда 72 пайыздан 68 пайызға дейін азайған. Алайда метеостансалардағы көпжылдық бақылау нәтижелері наурыз, сәуір айларында тәулік ішінде жауын-шашынның айлық нормасы түсуі мүмкін екенін көрсетіп отыр. Егер жауын-шашын нормадан асса, су тасқынының туындауына әкеп соғу қаупі жоғары. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі көктемде 217 елді мекенді су басуы мүмкін деп болжап отыр.
Бүгінде шығыс пен оңтүстіктегі таулы аймақтар және қары қалың солтүстік облыстар басты назарда. Апат бола қалған жағдайда зардап шеккендерге арналған 3 мыңнан астам қабылдау пункті дайын. Сондай-ақ қазір 39 мыңға жуық құтқарушы, 11 мың техника, 400-ден астам жүзу құралы мен 18 тікұшақ төтенше жағдайға дайын тұр.
Жылда қайталанатын тасқын маусымына дайындық барысы Үкімет отырысында да талқыланған болатын. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша қажетті іс-шаралар кешенін өткізгенін айтқан болатын.
– «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шеңберінде басқару органдарының күштері мен құралдарының нақты дайындығы тексерілді. Халықты құлақтандыру жұмыстары пысықталды, зардап шеккен азаматтарды жинау пункттері дайындалды. Елді мекендерде уақытша бөгендер салу (114 км), арықтарды, каналдарды (1 904 км), сондай-ақ авто және темір жолдардағы су өткізу құрылыстарын тазарту (5 002 дана) нақты түрде жүзеге асырылды. Елді мекендерден 10,5 млн текше метрден астам қар шығарылды. Бірақ жыл сайынғы тәжірибе көрсеткендей бұл жеткіліксіз, – деді министр.
Қабылданған алдын алу шараларына қарамастан соңғы үш жылдағы статистика Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының елді мекендерін жыл сайын су басатынын көрсетіп отыр. Бұл халықты су тасқыны қаупінен қорғау мәселесін жедел және бұдан да нәтижелі шешуді талап етеді.
Премьер-Министр бұған дейін өңірлерде су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды сапалы іске асыру қажеттігі туралы бірнеше рет тапсырма берген болатын. Алайда мемлекеттік органдар мен әкімдіктер тиісті шараларды толық көлемде атқармағаны анықталды.
– 218 іс-шараның 92-сі осы уақытқа дейін орындалмай отыр. Жұмысқа бұлайша селқос қарауға болмайды. Төтенше жағдайлар министріне жоспарланған іс-шаралардың орындалмауына жол берген орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі туралы ұсыныстар енгізуді тапсырамын, – деді Олжас Бектенов.
Жекелеген өңірлерде қар шығаруға арналған қаражат тек ірі қалалар мен облыс орталықтарына бөлінеді. Ал ауылдық елді мекендерде қар шығару жұмыстары назардан тыс қалатыны жасырын емес.
Қостанай облысы Қарамырза ауылы соңғы 4 жыл бойы қар суынан зардап шегіп отыр. Қауіптің беті биыл да қайтпай тұр. Сондай-ақ елді мекендерде көшелерді су басу, жолдарды шайып кету деректері тіркелген. Ақмола облысында Ягодное, Қостанай облысында Екідің, Ақтөбе облысындағы Оймауыт, Жарық, Өтек және Құмтоғай ауылдарымен жыл сайын қатынас үзіліп қалады. Осы мәселелерді біле тұра әкімдіктердің ешқандай шара қолданбайтыны – нағыз жауапсыздық.
Су тасқынының алдын алуда жергілікті әкімдіктердің атқаратын жұмысының маңызы зор. Арықтарды, жауын-шашын кәріздерін уақытылы тазарту, уақытша бөгеттер салу, елді мекендерде топырақ үйінділерімен бекіту жұмыстары дұрыс орындалуы керек. Апат орын алғаннан кейін құтқару жұмыстарымен айналысқаннан гөрі жағдайға алдын ала бақылау жасаған әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз екені бесенеден белгілі. Алайда неге екені белгісіз, елімізде су тасқынының алдын алу шаралары уақытылы орындалмайды. Салдарынан мемлекет көп шығындалады. Мәселен, былтыр Жол картасында бекітілген жұмыстардың жартысы аяқталмаған. Министрдің айтуынша, биыл да игерілмеу қаупі жоғары.
– Тәжірибе көрсеткендей қарастырылған су тасқынына қарсы іс-шараларды орындамау үлкен су тасқыны салдарына әкеледі. Мысалы, биыл Батыс Қазақстан облысында 210 тұрғын үй, Ақтөбе облысында – 89 тұрғын үй, Қостанай облысында – 44 тұрғын үй су астында қалды. Бұл ретте Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында 46 тұрғын үй тұруға жарамсыз деп танылды. Нәтижесінде, Ақтөбе облысының әкімдігі 24 үй тұрғызса, Батыс Қазақстан облысында – 16 үй салынды. Жалпы, 1,3 млрд теңге жұмсалды. Жыл сайын ықтимал қауіп пен үлкен материалдық шығынға ұшырағанша, қаражатты күні бұрын алдын-ала ескерту үшін пайдалануға болатын еді, – деді министр.
Орталық Азия өңірлік экология орталығының есебіне сенсек, Қазақстан экономикасы су тасқынынан жыл сайын 419 млн доллар шығынға батады екен. Дайындыққа берілетін ақшаның өзіне бірнеше жаңа ауыл салуға болады дегенді де естіп жүрміз. Халықты эвакуациялау, жанар-жағармай, төбе-төбе құм қаптары, жарылғыш заттар, тамақ сияқты шығындарды қосқанда біраз ақша бөлінеді. Мемлекет қаржысын тиімді игеруді көздеген Үкімет басшысы су тасқыны зардаптары үшін облыс әкімдері жауап беретінін ескертті.
Жыл сайын көктемде қар суынан қауіп төнетін аймақтың бірі – Қызылорда облысы. Ауа райының жылынуына байланысты Сырдария өзеніндегі мұз еріп жатыр. Өзенге жақын орналасқан елді мекендер тұсына жиналып қалған мұз су тасқыны қаупін жоғарылатып отыр.
Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қауіпті аумақтарды күндіз-түні бақылауға алған. Табиғи апаттың алдын алу шараларына бюджеттен 14 миллион теңге бөлінген.
– Қажет болған жағдайда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін 59 жинақтау және 69 қабылдау эвакуациялық пункті дайын. Күн сайын біздің қызметкерлер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері Сырдария өзені бойындағы арналарды аралап, мониторинг жүргізеді. Қазіргі уақытта жағдай ерекше бақылауда, – деді Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Руслан Қайрақбаев.
Еліміз бойынша Төтенше жағдай қызметкерлері елді мекендерді аралап, халыққа қауіпсіздік туралы түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп жатыр. Тұрғындарға қазірден бастап қар суы ағып кету үшін ауланы қардан, арықтар мен каналдарды мұздан тазарту ұсынылып отыр. Қар суынан келетін қауіп сейілгенше, халықтың да түн ұйқысы шала болатыны анық.
«Сақтансаң, сақтаймын» демей ме? Жауаптылар әр мезгілдің мінезіне қарап, қажетті кезде қарекет етуді үйренсе, апаттан соң қарманбай, алдын-ала қамданса, бәлкім көктемнен шығынсыз шығармыз, кім білсін?
А.БИМЕНДИЕВА