Ұшқыш Бибіхан
Адам жанын арашалауға атсалысып жүрген Бибіхан мамандықты ерлерге немесе әйелдерге арналған деп бөлуге болмайды деп санайды.
Авиация – үлкен жауапкершілікті қажет ететін қиын саланың бірі. Бұрын ер-азаматтардың оқуы саналатын авиациялық мамандықтарға бүгінде қыздар арасында сұраныс жоғары. Азаматтық авиация академиясының арулары авиамеханик, авиадиспетчер, логист, авиациялық қауіпсіздік, тікұшақ пен ұшақ басқарушы мамандар ретінде үлкен жетістіктерге жетіп отыр.
Бибіхан Тұрысбекова Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазавиақұтқару» әуе компаниясында екінші ұшқыш штурманның қызметін атқарады. Бала кезінен ұшқыш болуды армандаған ару 2016-2021 жылдар аралығында Азаматтық авиация академиясында білім алады. Оқуын ойдағыдай аяқтаған жас маман мемлекеттік бағдарлама бойынша «Қазавиақұтқару» әуе компаниясына екінші ұшқыш болып жұмысқа орналасады. Әуе қатынасы саласында жемісті еңбек етіп келе жатқанына биыл 3 жыл толады. 25 жастағы ұшқыш қыз бүгінде МИ-8 ауыр тікұшағын басқарады.
– Біз медициналық көмекке, өрт сөндіруге, су апаттарына, жоғалған адамдарды іздеуге, құтқару жұмыстарына барамыз. Көмекке мұқтаж жандардың күтіп тұрғанын сезіну, оларға жәрдемші болып алғашқылардың бірі ретінде жету, көмек көрсетуден артық бақыт жоқ, – дейді Бибіхан.
Төтенше жағдай саласындағы мамандар неше түрлі қиындықтармен бетпе-бет келетіндіктен психологиялық тұрақтылық өте маңызды.
– Кез келген ұшқыш ең алдымен биіктіктен қорықпауы керек. Сонымен қатар жауапкершілік, стреске төзімділік, эмоционалдық тұрақтылық, қиын жағдайда тез шешім қабылдау маңызды рөл атқарады. Өзім тікұшаққа әр отырған сайын бірінші рет отырғандай әсер аламын. Бар уайымымды ұмытып, жауапкершілікті сезінемін. Өйткені бұл жұмыста қобалжуға жол жоқ, – дейді жас маман.
Құтқару жұмыстарына жұмылдырылатын тікұшақтар еліміздің 15 өңірінде орналасқан және олар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күнделікті кезекшілікте тұрады. «Қазавиақұтқару» техникалары мен арнайы жасақтары бүгінге дейін Алматы, Батыс және Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарындағы ірі су тасқыны кезінде зардап шеккен жандарды су басқан жерлерден эвакуациялап, бірнеше мың адамның өмірін құтқарып қалған.
Адам жанын арашалауға атсалысып жүрген Бибіхан мамандықты ерлерге немесе әйелдерге арналған деп бөлуге болмайды деп санайды.
– Дамыған заманда ер мен әйелдің қоғамдағы орны бірдей. Сондықтан қасаң көзқарастардан арылып, әр адам жаны қалаған іспен айналысса, жетістікке жетеді. Адамды арманы алдамайды. Армандарыңыздан ешқашан бас тартпаңыздар, – деп қорытты ойын Бибіхан.
Ержүрек қызға арманы аласармасын дейміз.