«Айқынның» ақ желкені

Газет шығару – ұжымдық еңбек. Бұл бір ор­кестр сияқты. «Оркестрдің» дұ­рыс ойнауы – дирижерге ғана емес, сол ор­кестрдің әр мүшесіне тікелей байла­ныс­ты.

«Айқынның» ақ желкені
сурет: Aiqyn редакциясының жеке мұрағатынан
1065

Әлі күнге дейін есімізде: «Жақында аптасына бес рет шығатын бір газет пайда болады, соған мықты журналистерді тартып жатыр екен» деген қауесет желдей гулеп шыға келген; «газеттің алғашқы нөмірі Наурыз мерекесі қарсаңында жарық көретін болыпты» деген ақпарат та Алматы редакцияларын кеулеп кеткен; сөйтіп жүргенде 3 наурызда «Литер» басылымы жарқ ете қалды. Іле-шала «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің ең алғашқы саны 2004 жылы 6 наурызда жарық көрді.

Aiqyn – республикалық қоғамдық-сая­си газет. Газеттің алғашқы құрыл­тай­шы­сы – «Литер-Media» ЖШС. Газет осы медиа-хол­динг құрамында 2009 жылға дейін бол­ды. Алғашқы бас редактор – Серік Жан­­­болат. Сайдың тасындай кілең мықты жур­налистерден іріктелген басылым ә де­ген­нен елдің назарын бірден өзіне аударды. Ол кезде күнделікті шығатын басылымдар са­ны азайып, негізінен апталық газеттер бе­лең ала бастаған-ды. Өйткені күнделікті га­зет шығару орасан қаржыны қажет ете­тін. «Егемен Қазақстаннан» басқа мұндай қау­қар еш басылымда жоқ еді...
Сөйтіп тұрғанда ақпарат кеңістігін бұ­­зып-жарып Aiqyn шыға келді. Ба­сында «Теміржолдың газеті екен» десті...Көп ұзамай республика көлемінде беделі, ық­палы, таралымы жөнінен жетекші басы­лым­дар қатарына шықты.
Aiqyn-ның ә дегеннен дизайны өз­ге­ше болды. Біртіндеп мазмұны жақсарды. Ау­қы­мы кеңейді. Aiqyn араласпаған та­қы­рып жоқ. Ойлы материалдар көбейді. Ел­­дегі олқылықтарды сын тезіне алды.  Әлеу­­меттік әділеттілік туын жоғары кө­тер­ді. 
Шыққанына 1 жыл толғанда, дәлірек айт­сақ,  2005 жылы Президент сыйлығын ием­денді. Баспасөз тарихында дәл мұндай «Бәй­гемді шаппай бер» деген мысал болған емес. Aiqyn 2006 жылы «Қазақ тіліндегі ең үздік республикалық газет» атанды.  Қа­зақ­стан журналистика академиясының  «Ал­тын Жұлдыз» сыйлығын иемденді. 
Серік Жанболаттан кейін Aiqyn га­зе­тінің бас редакторлығына бел­гі­лі журналист, ғалым-профессор Бауыржан Ома­ров келді. Баукең келе сала көптеген жаңа айдар ашты. Кадрларды жаңалады.  Ре­дакцияда ішкі тәртіп пен шығармашалық жұмыстарды жолға қойды.
Aiqyn-ды Ақордадан бастап ауыл тұр­­­ғындарына дейін оқиды. Парламент де­­путаттары мен басқа да билік құры­лым­да­ры және бейресми ұйымдар арасында бе­делі зор.  
Мен Aiqyn-да 2008-2019 жылдар ара­лы­ғында бас редактор болдым. Бұл жұ­мыс­қа шақырған құрдасым Сайын Есмағи еді. Ол Ерлан Бекхожин мырзаға мен туралы ай­тып ұсыныс жасаған екен. «Егемен Қа­зақ­станнан» кейін «Астана хабарына» бас­шылық етіп жүргем. Астаналық басылым ап­тасына үш рет қана шығады. Осыған дейін ылғи күнделікті газеттерде жұмыс іс­теп қалған мен үшін «еңбек демалысына» шық­қандай, беймарал жүрген шақ болатын. Aiqyn-ға келген соң баяғыдай күн сайын қауырт жұмысқа араласып кеттім.
«Түркістан» газетінің бас редакторы  Шәм­ші Паттеевпен бірге оқығанбыз. Шә­кең әрдайым «Күн сайынғы газетті қалай шығарасың?» деп таңырқап отырушы еді. Сон­да Шәкеңе «Сіздің орныңызда болсам, ап­тасына бір рет шығатын газеттің төрт нө­мірін бір аптада дайындап, қалған үш ап­та шетелге барып, демалып жүрер едім» деп әзілдеп те қоятынбыз.  
2009 жылы Aiqyn газеті «Нұр-Медиа» хол­дингінің құрамына өтті. Сол кездегі Пре­зидент әкімшілігінің басшысы Аслан Му­синнің жетекшілігімен өткен кеңесте Aiqyn және «Литер-Media»-ға қарасты «Ли­тер», «Қазақстан теміржолшысы» газет­тері «Нұр Отан» партиясының құрыл­тай­шы­­лығымен құрылған «Нұр Медиа» медиа-хол­дингінің  құрамына толық кірді.
Партиялық газетке айналса да халық­тың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауды на­за­рынан шығарған жоқ.  Жазатын негізгі та­­қырыптар – саясат, экономика, әлеумет, спорт, халықаралық саясат...
Әрбір он екі жыл – бір мүшел есебінде. Рес­публикалық Aiqyn газетінде 12 жылға тар­та уақыт жұмыс істеппін. Аз уақыт емес. Қа­зақтың жыл санауы бойынша әр мүшел біт­кесін жаңа өзгерістер болмай тұрмайды. Сон­дықтан Мемлекет басшысының Жар­лы­ғымен Сенат депутаты болып тағайын­далуым­ды өзіме артылған үлкен сенім деп біле­мін. 
«Сіз жазуды жоғалтып алмайсыз ба?» деп тілшілер сұрап жатады. Міне, қырық бес жылдың бедерінде қазақ журналисти­ка­­сына қал-қадарымызша үлес қосып ке­ле­міз. 
Жазу – біздің ата кәсібіміз. Жазуды жо­ғалту – өзіңді жоғалту. Сондықтан қолдағы қа­лам қызуын  суытқым келмейді. Бұрын­ғы­дай жиі жазбасам да жазудан қол үзгенім жоқ.
Aiqyn мен «Литер» газеттерінің Ас­та­на­­­ға көшуі үлкен оқиға болды. Сол кездегі же­текші партия Төрағасының орынбасары Мәу­лен Әшімбаевтың тікелей қолдауымен екі редакция Астана төріне қоныс аударды. «Нұр-Медиа» холдингінің директоры Ләз­зат Танысбай батыл шешім қабылдап, газет тіл­­шілерінің қоныс аударуына жағдай жа­сады.
Журналистер пойызға отырып жат­қан­да Мемлекет басшысы халыққа Жолдауын жа­риялаған еді. Вагонда келе жатып, жыл­дам ақпарат жинау  әрекеті жасалды. Бізге тап­сырылған тапсырма – «Газет бір күн тоқ­тамай шығуға тиіс!». Осылайша, көшіп ке­ле жатып та газеттің шығуын тоқтатпай жұмыс істедік...
Еліміздегі ең беделді де белді басы­лым­дардың біріне айнала отырып, бұ­қаралық ақпарат беру кеңістігінде ақ жел­кенін керіп,  өз орнын тауып, өзінің тұрақ­ты оқырманын қалыптастыра білген ба­сылым. 
Редактор ретінде газетті қызықты және маз­мұнды етіп шығару жөнінде ойларымды жиі ортаға салып, қаптаған жиналыстар өт­­­кізбей-ақ, тілшілермен қойын-қолтық ара­ласып жүріп-ақ шығардық. Жұмысқа «ой­нап келіп, ойнап кететін» жақсы шы­ғармашылық ахуал қалыптасты. 
«Өлмейтін, ескірмейтін мақалалар жа­зыңыз­дар» деп қоятын едім талапты. Aiqyn газетінде жарық көрген  материалдар кейін жи­нақталып, оқырман қолына кітап болып тиіп жатты. Гүлнәр Тәжиеваның «Өмір өт­кел­дері», Ермахан Шайқының  «Аққудың сыңары»  тәрізді кітаптар оқырман көзайы­мы­на айналды. Aiqyn-ның кітапханасы» се­риясын әлі де жалғастыруға болады...  
2017 жылы «Үздік республикалық бас­па­­сөз басылымы» номинациясында 
«Үр­кер» ұлттық сыйлығымен марапатталды.
Газет шығару – ұжымдық еңбек. Бұл бір ор­кестр сияқты. «Оркестрдің» дұ­рыс ойнауы – дирижерге ғана емес, сол ор­кестрдің әр мүшесіне тікелей байла­ныс­ты. Сондықтан ұжымдас әріптестерімнің маған қолдау көрсеткеніне, сенім арт­қа­ны­на әрдайым ризашылық білдіремін. Aiqyn мен «Литердің» шыққанына да 20 жыл уа­қыт болып қалыпты. Республика ақпарат кеңіс­тігі үшін бұл үлкен оқиға. 
Орайы келіп тұрғанда барша әріптес­те­рімді осы мерейлі мерекемен құттық­тай­мын. Aiqyn-ның ақ кемесі ақпарат айды­нын­да желкенін кере берсін!

Нұртөре ЖҮСІП

Серіктес жаңалықтары