«Шайтанқара» мен «Шегенің ариясының» әуені – бір, авторы – Ерғали!

Тағы да ән жайлы сөз қозғамақпыз. Өзіміз куә болған жайтты, анық білетін шындықты ортаға салуды жөн көрдік.

«Шайтанқара» мен «Шегенің ариясының» әуені – бір, авторы – Ерғали!
сурет: pexels.com
1976

Ән керуені жалғаса береді. Тоқтамайды. Мы­на дүние тұрғанша. Ақырына дейін. Сон­­дықтан келер күннің мұрагер-сабақ­тас­тырушыларына бұрмаланған қате пайым­дар, түйткілді жаңсақ жайттар қалмауы тиіс. Осылай деп ой түйдік. 

Қазақтың ән мәдениеті қорына табыс­тал­ған әуезді шедевр әннің бірі – «Шай­тан­қара». Биік дауысқа, кең тынысқа құрылған. Ба­ла кезде Ғарифолла атамыздың үні түсі­ріл­ген күйтабақтан тыңдайтынмын. Есімде, «Шайтанкара. Е.Аязбаев» деп түзілген жазуы бар-тын...  
Соңыратын, 1983 жылы, Республикалық эст­рада-цирк өнері студиясына оқуға түс­кен­де, жадымда сақталып қалған «Шай­тан­қа­раның» нобайын Ғарифолла атамыздың ті­келей өзінің үйретуімен жөндеп, дұрыс нұс­қасында меңгеріп алып ем. Мәтіні 1968 жы­лы Алматы шаһарында басылып шыққан атауы «Қазақ әндері» деген III томдық жи­нақ­тың «Халық композиторларының ән­дері» аталатын 2-томына да (187-бетте) ен­гі­зілген, былай:
1. Мінгенім-ай, астымдағы-ау, шайтан қара,
Оралдан жылқы айдадым-ау, өңшең ала.   
Осыдан осы жылқы-ау бойға сіңсе – 
Тағысын тағы айдармыз, қосшы бала-ау!

2. Оралдың тауы биік, жері дала,
Ат міндім күрең төбел, көзі қара.
Сыртынан ер жігітті жамандаған,
Дұшпанды кез келтіргей айдалада!
«Бұл – Аязбаев Ерғалидікі, – деген еді ұстаз үй­ретіп отырған сәтінде. – «Қыз Жібек» опе­расында «Шегенің ариясы» қып та айт­тым осыны. Ерғали – жала жабылып, қу­ғын­ға түскен кісі. Содан ол қашқынға ай­на­лып, жылқы барымталап жүрген. Сонда шы­ғарған әні екен». «Е.Аязбаевтың» кім еке­нін сонда білгем. Кейін нақтылай түстік.
Атақты актер, әнші Қанабек Байсейітов мы­надай мәлімет қалдырған: «Ғарифолла кел­ген соң концертіміздің көркі кіре баста­ды. Ол келгенге дейін батыстың әндерін біз­дер біле бермейтінбіз. Оның білетін ән­дері сұмдық көп болып шықты, зерт­теу­ші­лер талайын жазып та алды. Кезінде ол ай­тып берген көп әндер «Қыз Жібек», «Жал­быр», «Ер Тарғын» операларына пайда­ла­ныл­ды... Ғарифолладан «Аяз бидің әні» (ас­тын сыздық.-Б.К.), «Дүние-ай», «Қара­қан­шық» алынды» (Қараңыз: Байсейітов Қ. Құш­тар көңіл. – Алматы: «Жазушы» бас­пасы, 1977 жыл, 96, 100-беттер).
Деректі қалдырушы Қанабек ақсақал жаң­сақтасып кеткен тәрізді, әлде қолжаз­ба­ның терілімі кезінде жіберілген қате, дұ­рысы – «Аязбаевтың әні» (астын сыздық.-Б.К.) болып таңбалануы керек еді... 
Беріректе кітаптарға еніп, жария бол­ған архивтік құжаттар арқылы Ерғали Аяз­­­­баев туралы мәліметке қанықтық. Ол 1928 жылы ақпанның 9-ында Орал қала­сы­ның ГПУ тергеушісі Тюменовке өзі жайлы мы­надай деректерді (ҚР Бас прокура­тура­сы­ның архиві: № 67118 / 192-іс, том 12, 60-110-б.б.) баяндапты: «Туған жерім – Орал гу­бер­ниясы, Бөкей уезі, Таловка ауданы, Бос­тандық ауылы. Жасым 59-да, руым Ала­ша, шала сауатым бар, жәй шаруамын, от­басымда сегіз адам...» (Қараңыз: Қапашев 
Л.Мін­гені Ерғалидың Шайтанқара. – Алма­ты: «Арыс» баспасы, 2007 жыл, 13-бет).
Ерғалидың жас кезінде Овчинников де­ген казак-орыс жала жабады «жыл­­­­қым­ды ұрлады» деп. Сонан қуғынға ұшы­ра­ған ол Астрахан губерниясына қашады. Сол жақта ұзақ уақыт бой тасалап жүреді... 1918 жылы совет өкіметі оны қызметке тар­тады. 1919 жылы қазақтың атты әскер пол­кін құрысады. Таловка ревкомының төра­ғасы, кейін милиция басшысы болады. Көре алмаған дұшандары 1922 жылы неше түр­лі жалалар ұйымдастырып, Ерғалиды қара­лайды. Бірақ бұдан да аман құтылады. 
Өшіккен жаулары аз уақыттан соң тағы да соңынан өсек-аяң өрбітіп, жала жабады. Кінә­сіздігін қанша дәлелдесе де, бәле қуған дө­кір тобыр ұққысы келмейді. Жазықты қы­л­ғанына қатты ашынған ол кек алуды ойлап, топ құрады. Барымтамен айналыса­ды... Бірақ көпке бармай 1928 жылы қаң­тардың 11-інде тұтқындалады. 1929 жылы қаң­тардың 19-ында айрықша комиссияның ше­шімімен Ерғали, оның екі ұлы – Ахмет пен Жұмабай атылу жазасына кесіледі... 
«Қыз Жібек» операсына еніп, Ерғалидың әуе­німен елге танылған «Шегенің ария­сы­ның» домбырамен сүйемелденіп орын­да­ла­тын вариантын да репертуарымызға қосқан ек. Оқып жүргенде. Ұстаздың үйретуімен. Мұ­ны да бала кезде талай тыңдағанбыз. Ра­диодан беріліп тұратын. Симфониялық оркестрдің сүйемелдеуінде. Ғарифолла ата­мыз шырқайтын. «Ассалаумағалайкум, Алтын орда...» деп.    
Айта кетейік, бек құмартқанымнан бо­лар, Ғарифолла Құрманғалиев салатын әуен­дердің кейбірінің жалпы әуез-сұл­ба­лары кішкентайымнан жадымда орнығып қалған болатын. Бұл – білім алып жүргенде репертуарыма әндер таңдауымда, игеруімде әжептәуір септігін тигізген еді. 
«Шайтанқара» мен «Шегенің ария­сы­ның» мәтіндері бір-бірінен мүлде бөлек маз­­­­мұнда болғанмен пайдаланылған ме­лодиясы – ортақ. Әуендік құрылымдары бірдей-тін. 
Бұдан бір ғасыр бұрын А.Затаевич «Аяз­­бай» аталатын әнді Ерғали Аяз­баев­тың орындауында нотаға таңбалаған. Ал «Песня Аязбаева» деген әуенді Талов уе­зіне қарасты Талап болысының Қайыр Жәр­демәлиев есімді қазағы түсірткен. Соң­ғысы – кейін Ғарифолла Құрманғалиевтың на­сихаттауында «Шайтанқара» деген атау­мен белгілі болған ән. 
Қайыр Жәрдемәлиев – Ерғали Аяз­баев­пен жерлес. Екеуі бір уезден. Шығарманың ав­торын анық білгендіктен еді оның А.За­тае­вичке «Песня Аязбаева» деп жаздырт­қа­ны.    
Жоғарыдағы пікірлерімізді айғақтап, бекіту үшін А.Затаевичтің «1000 песен Кир­гизско­го народа» атты елге белгілі еңбе­гін­дегі (1925) Қ.Жәрдемәлиевтың орын­дауын­да нотаға түзілген әнді назарға ұсынып отыр­мыз, қараңыз (Песня Аязбаева. 1-но­та.). Қағазға таңбаланған осы әуенді Ғари­фол­ла Құрманғалиев орындап қалдырған «Ше­генің ариясымен» салыстырып, тыңдап қа­рағанда өзара соншалықты оқшауланып тұр­ған ерекшеліктері жоқ, бір мелодия еке­ніне көз жеткізу – еш қиын емес. 


Мұхиттың «Үлкен айдайына» ұқсасты­ғы болар-болмас жақындайтын бірер тұс­тары да бар. Алайда мұқият зер салғанда ән­нің ладтық құрылымының одан өзгеше қа­лыпта, бөлек пішінде жүйеленіп, орна­лас­қанын айқын аңғаруға болады. 
Ерғалидың өзінің орындауында но­таға түздірген әуенінде де Мұхит әуез­деріне тән дыбыс бояуларының елесі бар. Мұның да қағазға түсірілген нұсқасын назарға ұсы­нып отырмыз, қараңыз (Аязбай. 2-нота). 


Е.Аязбаевтың сал Мұхитқа еліктегені, оның әндерін өзіне үлгі-ұстын қылғаны аң­далып тұр һәм сал шығармаларын наси­хат­таушылардың бірі болғаны да байқа­лады.
Ерғалидың өлеңдерінің бірді-екілі шу­мақтарын жазушы Хамза Есенжанов «Ақ Жайық» атты кітабына (II том) енгізген екен. Мұны да назарға ұсына кетейік: 
– Қай қала, мына қала – Теке қала,
Текемет түр салдырдым теңбіл ала.
Түн жортып, таңмен салдым тентек әнді,
Жаратсаң ақ боз үйден шық та қара!
Айтпағымыз, әуелі Ерғалидың өз орын­дауын­да А.Затаевич нотаға түсірген әуенді транс­позициялау керек. Домбыра сүйе­ме­ліне ыңғайлап.  Келтірілген мына мәтінге оның бертінде табылған басқа да өлең­де­рі­нен мазмұны үндесетін тағы бірер шумақ­ты қосып орындап, «Аязбай» делінетін ме­лодияны композитордың әндерінің қата­рына енгізу қажет деп санайды бір ойымыз... 
Пікірімізге арқау болып отырған осы «Шай­танқараның» әуені кейінгі жылдары Мұхит Мералыұлына телініп жүр. Бұлай болу себебін де аша кетейік.  
Музыкатанушы ғалым Бақыт Тұр­ма­ғам­бетова мынадай пікір айтыпты: «Үлкен Ай­дайдың» түпнұсқаға жақын вариантын Е.Брусиловский операдағы екінші перденің соңындағы Шегенің Төлегеннің әкесі Базар­байдың бата сұрау әніне пайдаланды («Ба­зеке-ау, қолыңды жай, бер батаңды»)... Му­зы­калық-стилистикалық ерекшеліктерінен Мұ­хиттың «Үлкен Айдай» әнін тани оты­рып, оны Е.Аязбаевтың туындысы деп ша­тас­тыруға болмайды...» (Қараңыз: Тұрма­ғам­бетова Б.Ж. Қазақстанның Батыс айма­ғы­ның ән мәдениеті. Монография. /Б.Ж. Тұр­мағамбетова. – Алматы: «Тау-Самал», 2009. 38-39 беттер).
Бұл тұжырымның қате екенін, «Песня Аяз­баева» деп А.Затаевич түсірген нотаны ай­ғақ­қа ұсынып, басқа да дәлелдерімізді кел­тіріп, жан-жақты баяндағанымызда Б.Тұрмағамбетова шындықты шынайы түсіністікпен қабылдады. 
Дарынды әнші, курстасым Сәуле Жан­пейісова соңғы жылдары төл әуені белгісіз, бір­ақ әртүрлі жинақтарда жарияланып жүр­ген Мұхиттың «Айдай» деген өлеңінің мә­тінін «Шайтанқараның» әнімен орындап жүр. Шумақтары былай:
1. Мұхитың салады енді «Айдайына».
Бақ бергей ер жігіттің маңдайына.
Талабың тай жегендей бір бала едің,
Заманның тап болдың ей, қандайына.

2. Бұл күнде жақсы да жүр, жаман да жүр,
Мал тауып кейбіреулер амалдап жүр.
Оралдан ән оздырған Мұхит төрең,
Жем түсіп, аяғынан шабандап жүр.

Осы жерде нақты бір шындықты да ай­та кетейік, «Шайтанқараға» да, «Шегенің ария­сына» да бірге оқыған жігіттер мен қыз­дар аса қызығушылық таныта қой­маған-ды, репертуарларына енгізген жоқ. Ме­нен өзгесі. 
Біздіңше, Сәуле «Шайтанқараның» әуе­зімен орындалатын «Шегенің ариясына» кейініректе ғана мән беріп, сал­дың шығармасының бірі болар деп жо­ра­малдаған. Мұхиттың «Үлкен Айдайымен» жал­пы ұқсастығына қарап. Әуені белгісіз «Ай­дайдың» шумақтарын аталған мело­дия­ға салып орындауының сыры – осында. Бірақ бұл жайт – кейінгі орындаушыларға «Мұ­­хиттың әні» деген жаңсақ ұғым қалып­тастыра бастады. 
Тағы да қайталап, еске салып өтейік, «Шай­танқара» не болмаса «Шегенің ариясы» мен «Үлкен Айдайда» ғана кездеспейді, із­де­сек ұқсастық халық әндерінде де ұшы­ра­сып отырады. Тіпті, берідегі Ғарифолланың «Жас өмірін» салыстырып қарағанда, он­да­ғы кейбір дыбыс тізбектерінің Қайыптың «Жадау көгіне» жақын келетін тұстары да бар. Алайда бұлардың әуендік құрылым­да­ры­на егжей-тегжей ой жүгіртіп зерделесе, екеуі­нің бір-бірінен мүлде бөлек бітімде қа­лыпталғанына көз жетеді. Міне, «Шай­тан­қара» мен «Үлкен Айдайдың» өзара ұқ­сас­тығы да тап осындай сыпатта...
Ақ-қарасына жеткіміз келіп, Ғари­фол­ла­ның бұрынырақтағы шәкірттерінің бір­қатарына сұрау салдық, «Шайтанқара» әні, авторы жайлы сұрап. Бір қызығы олардың қай-қайсысы да «шыны керек, бұл шығар­маға көңіл бөлмеппіз, өзімізбен бірге оқы­ған қыз-жігіттердің де үйреніп, ре­пе­туар­ларына енгізгенін көре қоймадық» деп адал сөздерін айтты.  
«Шайтанқараның» әуеніне салып, Сәуле орындап жүрген «Айдай» деп аталатын Мұхит­тың өлеңінің тағы бір мынадай нұсқасы бар:
1. Мұқиттың-ай, мен салайын 
«Айдайына-ау»,  
Бақ бергей-ай, ер жігіттің-ау, 
маңдайына-ай, аһ-ай!
Алшаңдап асау кердей жүргенімде-ай,
Құрбының тап боламын-ай, 
айдай-ой, қандайына.

2. Мұқитта мал дегенде жалғыз сиыр,
Болады баспағымен екеу биыл.
Мұқиттың шаруамен жұмысы жоқ,
Күнде той жүрген жері, күнде жиын.

3. Бұл күнде жақсы да жүр, жаман да жүр,
Мал жинап кейбіреулер амалдап жүр.
Оралдан ән оздырған Мұқит ағаң,
Жас кетіп, аяғынан шабандап жүр (Қараңыз: Халық композиторларының ән­дері. 2-том. (Қазақ әндері. 3 томдық) – Ал­ма­ты: «Жазушы» баспасы, 1968 жыл, 128-бет).
Бұл мәтіннің өз әуезі бар болуы әбден мүм­кін. А.Жұбанов, М.Төлебаев сын­ды опера жазған әйгілі компо­зитор­лардың, му­зыка зерттеушілерінің ертеректе жарық көр­ген, қазірде қатқа айналған еңбек­тері­нен, жеке архивтерінен іздеу керек сияқты. Табылып қалар бәлкім...
Жақсы, сөзімізді әзірге осы тұстан қайы­­рып, түйініне көшейік енді. 
Кең тынысты әнші, халық композиторы Ер­ғали ата Аязбаевтың мына бейопа тір­лікте көрген қиянаты аз болмапты. Барақат дәу­рен сүре алмапты. Аз ғана ғұмыры қу­ғын-сүргінмен, арпалыспен өтіпті. Отар­лаушы елдің ожар саясаты аса қа­ты­гез­дік көр­сетіпті. Шаңырағын ойрандап, шы­ра­ғын қайта жанбастай қып өшіріпті. 
Жазықсыз жапа шегіп, әпербақан совет зұ­лымдарының қолынан шаһид кешкен дарынды есіл ерге көрсетілер ендігі құрмет – оның есімін ұлықтап, ғұ­мыр­баянын, әндерін терең зерттеу, кеңінен на­сихаттау...  
«Шайтанқара» – «Қыз Жібек» операсын «Ше­генің ариясы» болып ажарландырған клас­сикалық әннің бірі. Тағы да қадап тұ­рып айтамыз, мұны әр орындаушы біліп жүру­ге тиіс, иесі – Ерғали Аязбаев!       

Бөрібай КӘРТЕН,
Ақтөбе қаласы

Серіктес жаңалықтары