Қазақстан футбол федерациясы ел аумағындағы жасырын таланттарды кәсіби деңгейге шығару мақсатында әуесқойлар лигасын іске қосты, деп хабарлады turkystan.kz.
Жоба аясында елдің әр өңірінде әуесқой командалар арасында іріктеу турнирлері өткізіледі. Қазір 268 команда тіркеліп үлгерді. Бұл — 5 мыңнан астам футболшы деген сөз. Барлығы 34 алаңда 1500-ге жуық матч өткізу жоспарланған.
Формат – кәдімгі кәсіби футбол тәртібіне сай:
Әр командада 11 ойыншы;
Матчтар толық регламентпен өтеді;
Ойын ережелері кәсіпқой футбол деңгейімен бірдей.
Әр облыс пен қалада үздік атанған командалар күзде Астанада бас қосады. Финалдық кезеңде ел чемпионы анықталып, жеңімпаз команда Қазақстан кубогына қатысуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, Қазақстан чемпионатының Екінші лигасында өнер көрсетуге жол ашылады.
“Біз бұл лиганы кәсіби футболға апарар көпір ретінде қарастырамыз. Тек жеңіске жетіп қоймай, болашағы бар ойыншыларға үлкен ареналарға шығуға жол ашқымыз келеді”, – дейді ҚФФ өкілдері.