Бүгін сағат 18:10 шамасында Алматы қаласының Алатау ауданында ірі жол апаты болды, деп хабарлады turkystan.kz.
Апатта бірнеше көлік зақымданды: МАЗ краны, №10 бағыттағы маршруттық автобус және үш жеңіл автокөлік.
Алматы қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, Бұрындай тас жолымен шығыс бағытта келе жатқан МАЗ жүргізушісі көлікті басқара алмай, бір бағытта келе жатқан екі көлікпен — Mercedes пен KIA Sportage-пен соқтығысқан. Кейін қарсы жолаққа шығып кетіп, жолаушылар автобусымен және Subaru көлігімен қақтығысқан.
«Апат салдарынан 23 адам зардап шекті, олардың қатарында автобус жолаушылары мен KIA Sportage жүргізушісі бар. Жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу басталды», — деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаменті.