Дидағаң еске түскенде...

Шерағаң «Қа­зақ әдебиеті» газетінде редактор кезінде кей­бір мақалаларды Дидахметтің қолына бе­ріп: «Дидаш, мына мақала маған ұнады. Бір­ақ тақырыбы мәнін ашпай тұр. Оқып шы­ғып, тақырыбын қойшы», – дейді екен. Ди­дағаң жаңа тақырып қойып, апарып бер­мей ме, сонда Шерағаң: «Әп, бәрекелді! Міне, тақырып! Журналистің бәрі сендей тақырып­қа тапқыр болса, шіркін!», – деп ризашы­лы­ғын білдіріп, жаңа санды талқылау кезінде оны басқаларға үлгі тұтқан.

Дидағаң еске түскенде...
ашық дереккөз

Редакция Алматының Киров көшесіндегі қосқабатты үйде. Оның үстіңгісінде біздің ұжым да, астыңғысында түрлі коммерциялық ұйымдар орналасқан. 
Газет аптасына бір рет шығады. Редактор – Қазақ­стан­ның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджан. 

Тілшілер кезекті санның материал­да­рын дайындау үстінде. Қарбалас шақ. Әлден соң біз отырған бөлменің есігі ашы­лып ішке редактордың орынбасары Ди­дах­мет Әшімхан кірді. 
– Аманхан, сен үнемі қазақша «қ» мен орыс­ша «х» әріптерін шатастырып ала береді екен­сің. Мақалаларыңнан соларды түзету­мен шаршадым. 
Аманхан ыңғайсызданып: 
– Ия, Дидаға, сол екеуінен жаңылысып қа­ла беремін. – Өңі қызара бөртіп, орнынан тұр­ды. 
– Менің кабинетіме келші, саған қай­сысының қай жерде қолданылатынын тү­сін­дірейін, – деді ренішті үнмен.
Сәлден кейін Аманхан арсың-гүрсің сөй­лей басып, қайтып келді. Өңінде жымың-жы­мың күлкі бар. Мен: 
– Құрдас, мәзсің ғой. Дидағаң қалай тү­сін­дірді? 
– Дидағаңның педагогикасы да күшті екен. Екі әріпті қолданудың ең оңай жолын үй­ретті. Тіпті студент кезімде тілден сабақ бер­ген Мырзатай Серғалиев та маған солай тү­сіндірген емес. Енді еш қателеспейтіндей бол­дым, – деді ол жайраңдап. Әй, алаңғасар құр­дасым-ай!
– Сонда қалай? – Кеңес Төлебаев киіп кет­ті. Ол біз секілді ауылдың емес, қаланың жі­­гіті. Аманхан құлағына аузын тақап сы­быр­лады. Кеңес қарқылдап күліп жіберді. – Ио, мое!.. Тамаша түсіндірген екен!
Қазақ «Кімді айтсаң сол келеді» демеуші ме еді. Түстен кейін тіл маманы Мырзатай аға­­­­мыздың өзі келе қалмасы бар ма? Бойшаң, толық денелі, қыр мұрынды, бидай өңді кісі еді. Баяғы студенттерді көтермелей сөй­лей­тін жайдары қалпы. Өзі тәп-тәуір әдебиеттің сын­шысы да болатын. Мақалаларын «Жұл­дыз» журналы мен «Жалын» альманағынан оқып тұратынбыз. Студенттердің арасында бе­делі де жоғары еді. 
Бәріміз орнымыздан тұрып, сәлем бердік. Ол бізге қарап: 
– Қалтай, өңшең сайдың тасындай жі­гіт­терді жинап алыпты ғой. Енді газет оқыр­манға ұнамай қайтсын. Көкейге қонымды, өзек­ті мәселелерді қозғап жатсыңдар. Тари­хи дүниелер қаншама. Діни тақырыптар да аз жазылған жоқ. Қалтайға ризашылығымды біл­дірейін деп келіп едім, – деп редактордың ка­бинетін бетке алды.
Мырзатай ағаның біздің тілшілерге сүй­сініп тұрғанының жаны бар. Қалтай аға Дидахмет пен мені «Қазақ әде­бие­тінен», Абзал Бөкенді «Егемен Қазақ­стан­нан», Сәбит Дүйсенбиевті «Қазақстан пио­не­рі­нен» шақыртқан. Ол кезде «Егемен Қа­зақ­станның» редакторы Шерхан Мұртаза бо­ла­тын. Қалағаң: «Шерхан, «Түркістан» газетін жаңа аштым. Енді осы газетті көтеру үшін ма­ған танымал журналистер қажет-ақ. Сенде он­дай жазғыштар көп қой. Тілшің Абзал Бө­кенді маған берсең жарар еді», – деп қолқа сал­ғанда Шерхан қатты қиналған екен. «Қал­тай, маған буынсыз жерден пышақ ұр­ғандай болып тұрсың. Кімге жақсы жур­на­лист керек емес. Абзал – менің үмітімді ақтап жүр­ген сарбазым. Оны саған қиып беру ма­ған да оңай емес. Оң жақ қабырғамды ой­сыратқандай болып тұрсың. Жаңа газетің үшін амал жоқ көнемін», – деген. Тілшілер Мыр­зан Кенжебай, Қайнар Олжай да Қала­ғаң­ның сондай талғамымен шақырылған май­талмандар.
Қалағаңа белгілі жазушылар, журна­лис­тер, атақты ғалымдар, шетелдерден келген қо­нақтар күн құрғатпай бірінен соң бірі ке­ліп тұрады. Редакциядағы уақытының көбі со­л­армен әңгіме-дүкен құрумен өтетін. Ал га­зеттің барлық ұйымдастыру жұмыстары Ди­дағаңның мойнында. 
Келесі күні редакцияға академик Зей­нол­ла Қабдолов келді. Үстінде жаздық жеңіл киім. Оның екінші қабатқа көтерілгенін жұрт­тан бұрын көріп қалған Жұмагүл Сол­тиева ұзын дәлізде сәлемдесіп жатты. Ер мі­­­незді әйел. Академиктің қолын қайта-қай­та сілкілеп тұрып: 
– Зейнолла аға, аман-есенсіз бе? Үйдегі жеңгейдің қал-жағдайы қалай? Универси­тет­тегі біздің ұстаздар есен-сау ма? – деп сұрақ­тар­ды үстемелеп қойып жатыр. Қабдоловтың қолы бұлғақтап, оған жымия қарап тұр. Ака­­демикпен жамырай амандастық. Ди­да­ғаң: 
– Аға, былтыр ұстазыңыз Мұхтар Әуезов ту­ра­лы жазып жатырмын деп едіңіз. Ендігі бі­тірген боларсыз. Әуезовтің тағдыр-та­лайын сіздің артық білетіндер кемде-кем-ау, – деді. 
– «Менің Әуезовімды» жуырда ғана жа­зып бітірдім. Қай бір күні «Жұлдыз» жур­на­лы­на апарып бердім. Алдағы санына жа­рия­лайтын шығар. Бұрын жұрт біле бермейтін көп жайды ашып айттым. Оқып көрерсіңдер, – деп бір қойды да. – Қалтаймен кездеспегелі екі-үш айдың жүзі болды. Өзін сағынып қалдым. Сөй­лесіп қайтайын деп келдім, – деді. Дидах­мет: 
– Қалағам өзінде отыр, жүріңіз, аға, – деп ка­бинетіне қарай жол бастады.
Мен Солтиеваға қарап: 
– Жұмеке, амандасамын деп академиктің қо­лын сілкілеп иық жақ буынынан жұлып ала жаздадыңыз ғой, – дедім әзілге бұрып. Жұ­магүл күліп жіберді. 
– Шынымен мен солай істедім бе? Ерсі­леу болған екен. Соны өзім білмеймін, – деп ағынан жарылды. 
Жұмагүл аузын ашса, көмейі көріне­тін жан. Өзінің айтуынша, жас ке­з­інде ерке өсіп, ер балаларша киініп жү­ріп­ті. Қыздардан гөрі солармен ойнағанды жақсы көр­се керек. Ер адамға тән қылығы содан қа­лыптасып кеткен секілді.
Жазушы-драматург Асқар Сүлейменов те арагідік редакцияға соғып тұрады. Басында ки­нодағы ковбойлардікі секілді етекті шля­па, үстінде денесіне қонымды ықшам был­ғары қара куртка, бұтында қыры сынбаған қа­ра шалбар, келісті жігіт еді. Талғаммен киі­нетіні байқалып тұратын. Ол басқалар секілді бөлімдерді аралап жүрмейтін. Сырт­тан кірген бойда бірден Қалағаңның ка­би­не­тіне тартады. 
Газет әр аптаның жұма күні жарық кө­реді. Сағат он бірде әдеттегідей Қалағаңның ка­би­нетіне лездемеге жиналамыз. Қалағаң таңертең мақалалармен танысып шығып, сү­белілерін талдай бастайды. Талғам-талабы күш­ті. Мақаланың мәнін дөп басатын. Айтқан сындары да орынды. Сөз арасында Сү­лей­меновтің келіп-кеткенін, газеттерде кө­рініс таппай келе жатқан мәселелерді қоз­ғап, бірнеше идея тастап кеткенін айтты. Біз үшін оның идеясы өте құнды еді. Газетте сол бағытта біраз материалдар жарық көрді. Ди­дағаң алдағы санға баратын мақалаларды ма­ған әкеп береді. Олардың макетін сызу, жауап­ты хатшы, менің міндетім.
Бірде Дидағаң маған: 
– Мына академик Әлкей Марғұланның ма­­қаласы еді. Келесі нөмірге салып жібе­рейік­ші, – деді. Көз жүгіртіп қарап шықтым да: 
– Дидаға, осы мақала бұрын «Қазақ әде­биетінде» жарияланды ғой. Ыңғайсыз бол­май ма? – дедім. Дидағаң: 
– Иә, сол газетте басылған. Ұмытпаған екен­сің. Алайда мен өңдеймін деп, біраз ой­ла­рының тігісін жатқызған болатынмын. Га­зет шыққан күні маған Әлкей аға телефон шал­ды. Үнінде ашу-ыза бар. «Дидахмет-ау, ме­нің мақаламды не қылғансың? Өңдеймін деп өңін айналдырып жіберіпсің ғой», – деді қат­ты дауыстап. Ашудан күйіп-жанып тұр­ға­нын сездім. Мен: «Аға, өңдегеннен негізгі ойыңыз­ға еш нұқсан келген жоқ», – деп едім, сөзіме құлақ аса қоймады. Кейін қайта қара­сам, сол кісінікі дұрыс екен. Ондай ғұлама­ның жазғанын сол қалпында беру керегін сон­да ғана ұқтым. Содан мақаласының түпкі нұс­қасын сақтап қойғанмын. Енді өзінің өмір­ден өтіп кеткені қашан. Дегенмен мақа­ла әлі құнды. Аруағы риза болсын. Акаде­мик­тің жазған қалпында жарық көрсін, – деді. Әл­кейдің сол ғылыми еңбегі газеттің бір бе­­тін тұтас алды. Қалтай аға жоғары баға­ла­ды.
Дидағаңның өзі мақаланы сиректеу жа­зады. Бірақ аз болса да саз. Көбіне уа­қыты тілшілердің материалдарын қоры­ту­мен өтеді. Ал мақалаға тақырып қойғанда Ди­дағаңдай шебер кемде кем-ау. Тақырып оқыр­манды оқуға шақырады. Шерағаң «Қа­зақ әдебиеті» газетінде редактор кезінде кей­бір мақалаларды Дидахметтің қолына бе­ріп: «Дидаш, мына мақала маған ұнады. Бір­ақ тақырыбы мәнін ашпай тұр. Оқып шы­ғып, тақырыбын қойшы», – дейді екен. Ди­дағаң жаңа тақырып қойып, апарып бер­мей ме, сонда Шерағаң: «Әп, бәрекелді! Міне, тақырып! Журналистің бәрі сендей тақырып­қа тапқыр болса, шіркін!», – деп ризашы­лы­ғын білдіріп, жаңа санды талқылау кезінде оны басқаларға үлгі тұтқан. 
Кезекті лездемеде Дидағаң: 
– Қалаға, біздің ұстазымыз Темірбек Қо­же­кеев 70 жасқа толып отыр. Енді газеттер бе­ре бастайтын шығар. Біз солардың алдын алып жазсақ қалай қарайсыз? – деді. 
Дидағаң рұқсатты бекер сұраған жоқ. Қа­ла­ғаң мен Темкеңнің арасында бір сал­қын­дық барын сезетінбіз. Әркім әрқалай сы­бырлап, күбірлеп айтып жүрді. Алып қаш­па сөздер. Күнде көз алдымызда жүрсе де Қал­тай бізге ол жайында тіс жарған емес. Өмір болған соң кейде үлкендер арасында да келіспеушілік болады ғой. Бірақ біз үшін екеуі де ұлттың кесек тұлғалары. 
Қалағаң бірден жауап бере қойған жоқ. Аз­д­ан соң қоңқақ мұрнын күректей алақа­ны­мен үйкеп жіберіп: 
– Иә, ұстазды қадірлеу керек. – Үні тор­ғын­дау шықты. Іле:– Қайсысың жазасың? – деді аңтарыла қарап. 
– Өзім жазсам ба деп отырмын, – деді Ди­дағаң. Қалағаң келісті. 
Жаңа санға Дидахмет Әшімханұлының «Те­мірбек көп, Қожекеев біреу» деген та­қы­рып­пен көлемді мақаласы жарық көрді. Лездемеде Қалтай:
– Дидахмет, ұстазыңның бар болмысын жет­кізіп жазыпсың. Өзі де құрметке лайық­ты жан ғой, – деп шын көңілімен ризашы­лы­ғын білдірді. Демек, Қожекеевті іштей жақ­сы көріп, құрметтегені ғой. Қалағаң кез кел­ген мақаланы мақтай қоймайтын. Ал неге «Те­мірбек көп, Қожекеев біреуге» жылы ле­бізін білдірді? Сол мақаладан үзінділер кел­тірген асылық болмас.
«...Профессор Темірбек Қожекеев журна­лис­тердің бірнеше буыны үшін баяғы ащы да тұщы, қатты да тәтті студенттік күндері­нің естен кетпес естелігі. Әрбір жеке адам­ның ішкі болмысын түсінгісі келетін, түсін­ге­ніне әділетті баға бере алатын, көлеңкеден гөрі күнгейіне жақын жүруді жөн көретін адамдарға Қожекеев – құрмет иесі, белгілі маман, принципшіл азамат, үлкен ұстаз. Ал өзі­нен бұрын өзгені кінәлауға, ақтаудан гөрі дат­тауға, ірі ойдан гөрі кір ойға құмар кешегі кей­бір шәкіртке Қожекеев – қара тастай қат­ты, хан қылышындай қатал, аш күзендей ша­­қар. Ал менің жеке өзім үшін Қожакеев – ең алдымен ұлттық намыс, сосын биік рух, ерек­ше мінез! Бірақ мен әуелден бұл пікірде бол­ғаным жоқ. Студент кезімде ол кісінің кей­бір мінездерін өзім де «қаталдық» пен «ша­қарлыққа» балаған кезім көп».
«...Бұнысымен де мен Темкең табиғатына же­те бойлай алмағаным рас. Соның реті кейін, арада жеті-сегіз жыл өткенде түскен. 
86-жылдың аяғы мен 87-нің басы хал­қы­мыз үшін өте ауыр күндер болғаны бел­гі­лі. Мәскеуден келген (дұрысы жіберген) жаңа бас­шы «жаңаша сыпыра» бастады. Дәлірегін­де, өз күні, өз мақсаты үшін бауырындағы ба­ла­сын да сатып жіберетін мансапқор, жа­ғымпаз, жандайшаптардың қолымен сы­пырды. Оған алғышарттың бәрін респуб­ли­ка­дағы орыстілді, орталықтағы «коммунис­тік дінді» баспасөздер жасады. Олардың түп­кі, жымысқы мақсаттарының бірі де біре­гейі – ел бірлігін бұзу, қазақты қазаққа ай­дап салу, батыс, шығыс, орталық Қазақ­стан­ды оңтүстік облыстарға қарсы қою бол­ды. «Известияда» жарияланған Щепот­кин­нің «Шырмауығынан» осындай иіс аң­қып тұр еді. Оның түпкі мәнін түсінбеген, тү­­­­сінсе де жеке бастың мүддесі үшін өз бауы­рына сойыл ала жүгіргендер әр төбенің ба­сынан қылаң берді. Сол сойылдың басы Тем­кеңнің де төбесіне жай оғындай жарқ етті. «Қожекеевті де қайта тұрмастай сілейтіп сал­ды. Қызметінен қақты. Баласын да жұ­мысынан қуды. «Енді ес жиып көрсін» де­ген­дер де болды. Бірақ «Қожекеевтің «соққан сайын семіретінін» олар білген жоқ-ты. Ол жұрт күткендей «сілейіп» те қалмады, «сү­мірейіп» те кетпеді. Қалай дейсіз ғой? Бұған жауап ретінде өзім куә болған бір жайларды алға тартайын.
Таңертең ертерек тұрып, Ленин прос­пектісінің шығыс жағындағы жіңіш­ке сүрлеу жолмен күн сайын жүгіретін «жа­ман әдетім» бар еді. Жиегінде сылдырлап сыл­қым өзен сылаңдайды. Осы өзеннің бойы­нан мен енді күн сайын таңсәріде Тем­кеңді кезіктіретін болдым. Ол кісі сонау етек­тегі «Россия» гастрономы жанындағы үйі­нен «Алатау» қонақүйінің тұсына дейін бүлкектеп жүгіріп келеді де, су бойында біраз жаттығу жасап алып, қайтар жолда «Көктем» дүкенінің артындағы гаражына соғып, ақ «Волгасына» қайқая мініп жүріп кетеді. Күн­де солай. Кезігіп қалғанда «Ассалау...» деймін ізет­пен. «Әллік...» дейді ол баяғы декан қал­пы­мен. Дейді де бүлкектеп кете барады. Ал­пыс­тан асқан деп тіпті ойламайсың. Қи­мы­лы ширақ, көзі отты, сөзі қашан да нық. Сосын кешке қарай Темкеңді тағы көремін. Жерді ойып жіберердей салмақтай басып, кеу­десі мен басын тік ұстап, тәкаппар да маң­ғаз қалпымен Пушкин кітапханасынан шы­ғып келе жатады». 
«...Бірде кезекті рет кездесіп қалғанда: «Сен осы «Қазақ әдебиетінде» емессің бе, Әшім­­ханып?.. Бүгін саған материал апара­мын. Күт», – деді бұйрық раймен. Ол – баяғы декан, мен – баяғы студент сияқтымын.
Күттім. Материалы «Кім кінәлі?» деген екен. Отызыншы жылдардың ойраны. Бас­па­сөзде бір-бірін кінәлаған, бірін-біріне ая­май кір жаққан қазақ зиялыларының сиқы. Мен екі мәселені түсіндім. Бірінші, Темкең бос уақытын зая жібермей, архивтерді ақ­та­рып жатыр екен. Екінші, уақытша басына бұлт үйірілген Темкең өз тағдырына ұқсас­тық­ты тарихтан тауып жүр екен. Отызыншы жыл­дардың зобалаңына кім кінәлі? Көбінде өзіміз екенбіз. Енді осы сексенінші жылдар­дың сергелдеңіне кім кінәлі? Тағы да өзіміз екенбіз. Қожекеев материалының айтар ойы осы еді. Ол жарияланды». 
«...Ал Қожекеев – ұлттық намыс десем, бұ­­ған бір-ақ мысал да жеткілікті. Жоғарыда ай­­тылған өзімен бірге қаһарға ұшыраған Ме­­дет деген баласын мен студент кезімнен бі­ле­мін. Туған тіліне тағалаған жорғадайы бы­­лай тұрсын, осы жігіттің бойынан нағыз қа­­заққа тән бүкіл қасиет «менмұндалап» тұ­­рар еді. Мектепте оқып жүрген кезінде әке­­сімен бірге жатақханаға еріп келетін кіш­кен­тай Медет бөлмелерге жүгіріп кіріп: «Па­­пам келе жатыр. Папам келе жатыр» деп, та­­лайымызды талай бәледен құтқарып та қал­­ған-ды. Қаланың ер баласы осындай қа­за­­қы тәрбие ала білсе, ұлт көсегесі баяғыда-ақ көгермес пе еді... Әсілі, ұлттық намыс де­­генді әуелі отбасынан іздегеніміз жөн шы­­ғар». (Халықаралық «Түркістан» га­зеті. 17 шіл­­де 1996 жыл). 
Лездеме кезінде Қалтай аға­ның алдын­да­­ғы телефон шылдыр ете қалды. Телефон­ның арғы жағындағы самбырлаған дауыс біз­ге де естіліп жатты. Темірбек Қожекеев. Ол қал-жағдай сұра­сып, Дидағаңа, материал­ды жариялауға мүмкіндік бергені үшін Қал­тай­ға, жалпы редак­ция ұжымына зор алғы­сын жет­кізді. Қалтай: «Темке-ау, мына шә­­­кірт­­теріңіздің сізге деген көңіл­­дері ерек­ше. Өзім де мына Ди­­дах­меттің тамырыңызды тап ба­сып, келістіріп жазғанына риза болып отыр­­мын. Біздің жетпіс жылдық мерей­тойыңыз­­ды құттықтауымыз осы. Риза бо­лыңыз!», – деді жайраңдай күліп. Қожекеев тойы­­­­ның Меркеде өтетінін айтып, соған Қа­­­ла­­ғаңның өзінен бастап ұжымның бәрін ша­­­қырды. 
«Ағайынның азары болса да, безері бол­мас». Дидағаңның сол мақаласы екі тұлға ара­­сына жылылық, қимастық ахуалды қайта алып келді. Сөздің, қаламның құдіреті осы емес пе? Телефон тұтқасын орнына қойған Қал­­тай аға, – «Кешегі Колбиннің кезінде Тем­­кең көресіні көрді. Бірақ сағы сынған жоқ. Мақалаңда сол жағын да өте жақсы кел­­тіріпсің, Дидахмет», – деді. Кейде қатал тағ­дыр да араз адамдарды қайта табыстырып жа­тады. Қалтай ағаның өзі де үнемі Мем­ле­кет­тік қауіпсіздік комитетінің қадаға­лауын­да жүрді. «Қырағылар» желтоқсан оқиғасы ке­зінде оны да күдіктілер қатарына қосқан. Ұлы Алтай – милиция капитаны. Алаңдағы тол­қу кезінде режиссер Әзірбайжан Мәм­­бетов­ті жазалаушы жендеттерден қорғаймын деп арашаға түскен. Мәскеуден келгендер оны да уақытша тергеу изоляторына қамап, үс­тінен іс қозғап, қылмысқа тартқан. Ертеңі­не-ақ Қалтайдың үйін тінтіп, жинаған бар байлығы кітаптарын шашып, ақтарып, түк тап­пай кеткенін біреу білсе, біреу білмейді. Алтай ҚазМУ-дың Заң факультетін бітірген. Сот­та өзін-өзі қорғап, ақталып шықты. Бәл­кім, Қалағаңның ойына сол кездегі өзінің ұлы үшін жан қиналысы да есіне түскен бо­лар. Несін айтасың, Дидахметтің сол мақа­л­асы олардың бір-біріне кешіріммен қарап, сыйластықтарына жол ашқанына біз де қуандық.
Дидағаң газетке жаңа айшықты айдар­лар алып келді. «Түбі туыс түркілер», «Қиырда жүр­ген қандастар», «Түркістанның таным­дық мүйісі», «Азаттықты аңсаған алыптар», «Ар­хивтен табылған асылдар», «Ел үшін ер­лік», «Баяғы жартас, бір жартас», «Репрес­сия: боз­дақтар», «Ойлан, адам», «Тұманды жылғы тұл­ғалар», «Ол... және ол туралы», «Алаштың ал­тын қорынан» секілді рубрикалар мақа­ла­лардың шырайын ашты. Еркін Нұразханға да қоғамдағы келеңсіздіктерге байланысты сатиралық суреттер салдырып, газеттің бірін­ші бетіне жариялап отырды. Сол сурет­тердің әрқайсысы оқырмандарға сын мақала­лар­мен бірдей әсер етті. Бір жолы Ақмоладан Аман­тай Кәкен маған телефон шалып, Еркін­нің сол суреттері жұртқа ой салатынын айтқан еді. Ақын Сейфолла Оспанның ГКЧП ке­зінде «Орталық Қазақстан» газетінің ре­дак­­торы Нұрмахан Оразбековтың батылды­ғы туралы «Иә, бұл ерлік еді», Нұрқасым Қазыбектің «Ата жұртқа біз осылай орал­ған­быз», менің бірнеше жылға созылған «Ав­тор­лық бағдарлама» айдарымен жарық көрген «Ка­­захское дело» сериялы журналистік зерт­­теу мақалаларым мен басқа да тіл­ші­лердің ұтым­ды шыққан материалдары күні бүгінге дейін ел аузында айтылып келеді. XVIII ғасырдың екінші жартысынан бас­тап, Қазан қа­ласында шыға бастаған «Шора» жур­на­лынан аударылған тарихи-танымдық дүние­лер де өз алдына бір төбе. Осылардың бәріне мұрындық болған – Дидахмет Әшім­ханов. 
Журналистикасы мен жазушылығы бір­дей Дидағаң арнау өлеңдердің де шебері еді. Жұртқа жанашырлығы тіпті бөлек. «Қазақ әде­биеті» газетінде жүргенде екеуміз «Дәуір» бас­паханасына бірге бардық. Түннің біраз уа­ғы болып қалған. Кезекші техник: «Газет­теріңіз басу машинасына салынып жатыр. Қолдарыңызды қойыңыздар» деген соң цех­қа бардық. Ұзын цехта бірнеше машина жұ­мыс істеп тұрған. Жұмысшылар – жаста­ры елуден асып қалған ерлі-зайыпты орыс­тар екен. Қолдары, бет әлпеттері айғыз-ай­ғыз қара май. Үстеріндегі киімдерінің де тең­біл-теңбілден сау жері жоқ. Екеуі де мыл­қау. Бір-бірімен ымдасып, саусақтарын жы­бырлатып сөйлеседі. Әйелі цехтың ас­тың­ғы қабатына түсіп кетті де, ері алып ма­­­шинаны іске қосты. Біз қашан газет ба­сы­лып шыққанша цехтың бір жақ басындағы күту орнында тұрдық. Бір кезде жұмысшыны біреу қатты соққандай етпеттей құлады. Ди­дағаң: «Анау талып қалды», – деп солай қа­рай тұра жүгірді. Мен соңынан ердім. Ол ба­ра сала әлгіні аударып, арқасымен жатқыз­ды да, май-май бетінен жиіркенбей, аузын аузына қабыстырып, үрлей бастады. Мен көкірегінен қайта-қайта басып жатырмын. Тынысы ашылар түрі жоқ. Дидағаң: «Сен тез ке­зекші техникке бар, «Жедел жәрдем» ша­қырсын», – деді де өзі үрлеуін жалғастыра бер­ді. Қайтып келсем, жанында үнсіз тізер­леп отыр екен. Дидағаңның қалың ерніне де май жұққан. Ол: «Болмады, аман алып қала алмадым», – деді өкінішті үнмен. Сол кезде әйе­лі келіп, ерін құшақтап, еңіреп жыласын бір. «Жедел жәрдем» дәрігерлері зорға ажы­ратты. Сол бір оқиға, Дидағаңның жан­та­лас­қан әрекеті күні бүгінге дейін көз алдымнан кетер емес. 
Бір жолы екеуміз жұмыстан үйге бірге қайттық. Жеңіл көліктің рөлінде Дидағаң. Абай даңғылына түскенде мен: «Ди­даға, бірнеше әңгімелеріңіз бен повес­теріңіз кітап болып шықты. Жазғандарыңыз жұртқа ұнайды. Айтыңызшы, ең алғашқы әң­гімеңізді қалай жаздыңыз?», – деп сұра­дым. Ол: «Алғашқы әңгімемді «Жұлдыз» жур­­­­на­лында отырған Қалихан Ысқақ ағама алып бардым. Үстел жанындағы орындыққа отырғызып, әңгімемді оқи бастады. Қо­лын­дағы қаламымен әр сөйлемімді түзетеді. Бұл менің шымбайыма қатты батты. Бүтін дү­ниемді, асыл қазынамды бүлдіріп жатқандай кө­рінді. Әңгімемнің соңғы жағына да түзе­ту­лер аз түскен жоқ. Қып-қызыл шимай-шат­пақ. Әлгінде ғана аптығып келген көңі­лім су сепкендей басылды. Ағам: «Үйіңе бар­­ған соң, мына түзетулерді қарап шық. Жал­пы, жазуға иекемің бар», – деді. «Көңіл жықпастықпен айта салғаны ғой» деген ой кел­ді. Дегенмен оның сол түзетулеріне мән беріп, қайта жазып шықтым. Әңгімем дөп-дөңгелек, жұп-жұмыр болып шыға келді. Ағамның сондағы жөндеулері маған көп ой салды. Ол маған әңгіме жазудың сырын ашып бергендей болды. Солай, бәрі содан бас­талды. Әлі де төрт аяғы тең жорға секілді салған жерден жосып кете алмаймын. Кейде повесть секілді ауқымды дүниелерді қолға алғанда күні бойы ақ қағазға телміріп оты­рып, жарты бет те жаза алмай азапқа түскен кез­дерім аз болған жоқ. Сонда уақыттың босқа кеткені-ай деп қатты өкінетінмін. Шығарманың желісі әлі санамда піспегенін білген соң диванға жатып алып, кітап оқимын. Қашан оңтайы келгенше жаным жай таппайды. Күндердің күнінде әлгі по­вес­тің үзілген ұшығы шыға келіп, күрмеуі ше­шіліп, тұйықтан шығар жол табамын. Сол кез­де үстел басына күн-түн тапжылмай оты­рып, қаламға ерік беремін. Әңгімем кейде бір күнде, кейде бір аптада жазылады. 
Мен: «Джек Лондонның «Морской волк» ро­манын аудардыңыз. Бұрын оның әңгі­ме­лерін басқалардың аудармаларынан оқып, біздің жазушылардан асып бара жатқаны ша­малы екен ғой деген ойда жүруші едім. Сіз оның сол романын «Теңіз қорқауы» деп аудар­дыңыз. Оқып шықтым. Сонда маған Джек Лондон әлем әдебиетінде теңдесі жоқ жазушыдай көрінді. Аудармашы Әбілмәжін Жұмабаевтың талғамы күшті еді. Оның «Теңіз қорқауын» Қалтай ағаға қатты мақ­та­ғаны есімде. Сізге соны аудару қиынға соқ­қан жоқ па? – дедім. Дидағаң: «Шетел жазу­шы­ларын кімнің қалай аударатынында шаруам шамалы. Өз басым романның орыс ті­ліндегі нұсқасын екі рет оқып шықтым. Кейіп­керлерінің образдық болмысын ойыма сіңір­ген соң барып, Лондонның жан дүние­сіне кіргендей әсерге бөленіп, романның ыр­ғағын тауып алдым. Содан үш аптада жел­діртіп жазып шықтым», – деді.
Дидахмет өмірден ерте кетті. Журналис­ти­каға да, көркем шығармаларына да жанын сал­ды. Екеуіне де талғамы зор, талабы күшті, қаламына адал болды. 

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ