Көктем шақырады

Көктем шақырады

Тұмағаңның туындылары алма ағаштың гүліндей жұпар шашып, қыздың жиған жүгіндей жұтынып, жасанып тұр. Қанатына көктемді қондырып, Алматыға биыл да қайтып келетін құстардың қатарында менің Тұмаш ағамның жыр құстары да сызылтып ән салады. Оның өлең-айдынынан аққу ұшып, қаз қонғалы да алпыс жылдан асыпты. Алаш анасының құрсағынан Ақын деп аталатын құдірет иесі болып туған ол қазақтың қасиетті жырындағы қайталанбас құбылысқа, дара мектепке айналды. Тау өзенінің ағысындай таза, хас тұлпардың шабысындай арынды, шертпе күйдің қағысындай нәзік өлең иірімдері өлеңсүйгіш қауымды бірден баураған.

«…Сонау 50-жылдары Қасымнан айры­лып, есеңгіреп қалған қазақ жұртын жалт қаратқан «Студент дәптері» атты жұп-жұқа кітап еді. Ол кезде оқтау жұтып қойғандай омы­раудың отыз түймесі түгел түймеленіп, сып­тықтай болып сықиып тұратын ақын па­қырдың адам болып кісі бетіне тіке қа­рап, әзіл-қалжың айтқанын алғаш сол кітап­тан көріп едік…», – дейді қазақ қара сөзі­нің қара нары, Еңбек Ері Әбіш Кекіл­байұлы. Тұманбай ақынның жырлы дәу­ре­ні, нұрлы дәурені «Студент дәптерінен» бас­талған. Сол жинақтағы: «Ай да бүгін ала­сарып, төбемізден төнеді, сәулешімді ұлық­сатсыз қайта-қайта көреді. Көлегейлеп жабар едім албыраған жар жүзін, Бірақ менің өзімнің де көре бергім келеді» дейтін жалғыз шумақтан тұратын шынайы сезім жыры махаббат пен көктем жыршысының даңғылға айналар соқпағының басы еді. 1960 жылы 25 желтоқсанда Қазақ мем­лекеттік университетінде өткен поэзия кешінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезов жас­тар шығармашылығы туралы ұзақ сөз сөй­леп, ұлағат танытқан. «…Өнердің жаңа, жас қайраткерлері келіп, қазақтың музыка, поэзия өнеріне жаңа бір жыл кіргендей жақсылық әкеле жатқан сияқты…
Тұманбай Молдағалиев өлеңдерінің іші­нен «Алматы таңы», «Көктем», «Асыл ұс­таз­ға», «Немере сыры», «Хат» деген өлең­дері ұнатып оқыған шығармаларым» деп, ұлы Мұқаңның өзі бала қыранның қанатын сылап көкке самғатып жібергендей әсерге бөлейді.
Тұманбай Молдағалиев ағыл да тегіл се­зімнің ақыны, махаббат пен көктемнің жыр­шысы. Оның жыр құстары қанатын әп­пақ нұрларға малып аспаныңда қа­лық­тайды, айдыныңда жүзеді. Өмірі өлең­бая­нына, өлеңі өмірбаянына айналып кеткен Тұмағаң жырының жұлдызы жарық. Оның ақтарыла, алғаусыз айтқан жан сырлары қазақтың қанша буын қаракөз сезімінің қыл пернелерін басты, махаббатын мә­пе­ле­ді, арманын аялады. Өлеңнің өрен жүй­рігі желдің сыбыры, жапырақтың дірілінен бас­тап адам жанына бақыт нұрын құяды, қуа­ныш сәулесін сыйлайды. Тұманбайдың тұ­нық жырлары сырлы ақынның сиқырлы әлеміне ұласып сырласыңа айналады. Өлең бақыты деген осы шығар. Ұлттың ұлы ақы­ны­на айналған ақын жырлары қазақ деген жұрт­тың жанымен тұтасып, туысып кет­кен.
Тұлпарлар шапқан жерлерде,
Сұңқарлар ұшқан жерлерде.
Мен де ұшып көрдім өзімше
Қанатым бардай кеудемде, – деп те­бірен­­ді Тұманбай ақын. Сенгіш те шыншыл, адал да ақжарма өлең табиғаты оқырманды да сендірмей қоймайды. Сол табиғат ұл­тың­ның ұятына, Алашыңның арына ай­на­лып жүре береді. Ақын мен өлең көкірек кө­зінде біртұтас ұғымға айналып кетеді.
Тұяғың тау мен тасқа кетілмеген,
Бітпейтін бір шабыстың шетін көрем.
Аяулы Абай ағам соңына еріп
Өзім де шауып жүрген секілденем…
Тұманбай ақын тұлпары жыр алама­нын­да жұлдыздай ақты. Ақындық жара­ты­лыс, көктемге ғашық көңіл, зулап жатқан өмір оның өлең айдынына аялы толқындар сыйлады. Сұмырай соғыс, жетімдік, елдегі ана­лар мен жеңгелерге қолғанат болған ке­зең Тұманбай ақындығының алғашқы шо­ғын үрлеген, үімітіне үкі қадаған та­қы­рыптардың бірі. Тағдыр тауқыметі жылдар өткен соң ақын санасында жыр болып жаңғырады.
Жеңеше, шылым шекпе деп,
Айтуға саған хақым жоқ.
Тағдырмен шықтың жекпе-жек,
Жиырмаңда жесір қатын боп.
Өлеңмен бірге сен де шарасыз күй ке­ше­сің. Соғыс жалмаған жеңешенің жас­ты­ғын, тарғыл тағдырын аялағың келеді, жүре­гің шым-шым етіп тұма жырды тағы да саялағың келеді.
Ақиық Алатаудың ақ самалындай аң­қылдап, ақ бұлағындай жарқылдап Тұман­бай жыры байтақ жазирамызды кезіп кетті. Туған елінің әні мен жырына, сәні мен нұры­на айналудан артық қандай бақыт бар дейсің, ақын үшін? Алғашқы қадамынан-ақ ағалары алақанына салып, қатарластары қол соғып оның жыр-тұлпарының кекілін та­раған, жалынан сипаған.
Әбділда Тәжібаев ағасы «…Бұл Тұман-
бай – таңғажайып ақындығымен қоса, таңғажайып адам. Ол адамды сүю үшін, оған сену үшін туған» десе, ақын ағасы Қали­жан Бекхожин «…Біздің поэзиямызда үлкенді-кішілі алуан әуенді ақындар бар. Сол әуендердің арасынан аса бір назды нәшпен, нәзік сырмен есетін лебіз – Тұман­бай Молдағалиев жырлары. Өлең әлеміне ал­ғашқы үн қосқан албырт шағынан бас­тап-ақ Тұманбай өзінің лирикалық те­біре­ні­сі­мен өлеңсүйгіш жас қауымды, біз се­кіл­ді ақын ағаларын да айрықша сүйсіндірген жан. Тұманбай – поэзиямыздың көрнекті, мерейлі ақыны», – деп өзі де мерейленіп, мейір­­леніп пікір айтады. Сол ағалардың қай-қайсысын да қастер тұтатынын, ру­хына тағзым етіп, әруағын аялайтынының шет жағасын көзбен көрдік. Ағаға аяулы іні, ініге ізгі аға бола білді Тұмағаң.
…Бірде Дихан-баба Әбілевтің 100 жыл­дық мерейтойын өткізу үшін Тұмағаң бас боп ұлылардың бесігін тербеп, кіндігін кес­кен Баянауылға барғанбыз.
– Менің бұл өлкеге сан рет жолым түс­ті. Дихан ағамның өзіне еріп келіп екі рет 70, 80 жылдық мерейтойларында сөз сөй­леп, өлең арнап едім, – дейді Тұмағаң. Сол сапар «…Атыңнан айналайын Жасыбай көл, сен енді мен келгенде тасымай көр…» деп той иесі өзі секілді шабыттанып, шалқып жүр­ді.
…Тұмағаңның соңғы сапары Қараған­дыда өткен Қасым тойы. «Қасым ағам тойына міндетті түрде барамын. Өлеңімді де оқимын, әйбәт өлең жазып қойдым, ей, жиынын да өзім басқарысамын, – деген Тұ­манбай аға. Қасым ағаның тойында Күл­тәй апамызды ертіп жасарып, жарасып жүр­ді. Кент тауының етегінде ақшаңқан ор­дада облыс басшысы берген арнайы түс­тік аста төрде отыруға тиіс Тұмағаң жоқ бо­лып шықты. Әкім-қаралар қаз-қатар ті­гіл­ген киіз үйлерден ақынды іздеп шап­қылап кетсін! Отырыс орталана бере тауып әкелді Тұмағаң мен Күлтәй тәтені. «Бұқар жырау ауылы» деп жазылған киіз үйге кіріп ба­рып едім. О, Тұм-аға, жоғары шығыңыз, – деп бәйек болсын, әйбәт жігіттер екен. Әнін сал­ды, табағын тартты, қымызын сапырды. Осы елдің ең үлкен үйі Бұқар бабамыздыкі шы­ғар деп отыра беріппіз мына Күлтәй екеу­міз. Бірақ әйбәт болды, ей», – деп қояды жарықтық. Тұмағаңның осындай әулие мі­нездері де бар еді.

…Әкетпейді қай жаққа бұл қанатты ой,
Жасар дейсің бақытқа кім балап той.
Мен өлеңім арқылы жұлдыздардың
Арасында жүремін бір қарап қой, – дейді Тұманбай ақын бір өлеңінде. Жылдар өт­кен сайын ақын жұлдызы жарқырай берері хақ.
Тұмағаң өлеңін талдау, оның «Хаттар, хат­тар», «Кәмила», «Алатау қызы» бастаған ли­рикалық поэмалары жөнінде әңгімелеу, сапар саздары немесе арнау жырлары жай­лы сөз қозғау бұл мақаланың міндеті емес деп ойлаймын. «…Өмір қандай сан-салалы бол­са, оның жырларының тақырыбы алуан-алуан. Ең бастысы – ол адамш­ы­лық­тың жыршысы, адамның қамқоры, адамды сүю арқылы оның бойындағы ұлылықты тану­шы. Ол өзі де ұлы таланттардың қата­рына кіреді», – дейді ақынның аға досы, академик Серік Қирабаев «Жырдың жарық жұлдызы» атты мақаласында. Әркімнің өз Тұманбайы бар десек, соның бәрінің түйін­ді ойы Серағаң пікіріне сыйған.
Қазақ жырының ғажайып қазынасы Тұманбай Молдағалиевтің көптомдығы қо­лымызға тиді. 
...Өз басым Тұмағаңды қазақ жырының көз айымына айналған, мектеп қалып­тыс­тырған ғажайып ақын деп білем. Қасына ердік, өнегесін көрдік. Алдына барып жаңа өлеңдерімізді оқыдық. Іні болып қасында жүрдік. Іні демекші, Алматыда өткен елу жыл­дық шығармашылық кешімде Тұмағаң ар­нау өлеңін оқыды. Сонда: 
... Білмеймін сенің туған мекеніңді,
Бұйыртсын, Аллам саған екі елуді.
Тұп-тұнық жанарыңның өзі айтады
Тұманбайдың інісі екеніңді, – деген жолдар бар еді. Ағаның осы өлеңі көптом­дық таңдамалы жинағына енді. Биылғы көктемде Тұмағаңның туған мекені Есік қаласында 90 жылдығына байланысты еске алу кеші өтті. Алматыға арнайы барып, сал­танатты жиында баяндама жа­садым.
Тұмағаңды оқу керек, ол сан ұрпақтың жанын аялады, сезімін тәрбиеледі. Мен осы ақынды жиі сағынамын, сағынған сайын ғажайып бір күй кешесін.
...Тағы да «Құстар әнін» тыңдап, көктем­мен қауышасың! Тұмағаң көктемі шақыра­ды:

Сағынышын сарнатып мұңы батпан,
Құстар ұшып келеді жылы жақтан.
«…Басын таудан бастайды тау өзені»
Тау өзені жарықтық тұнып аққан.

Жаздың таңын жыр еткен шерлі күзді,
Көз алдымда ағаның кеңдігі ізгі.
Тұманбайды шақырған сол бір көктем,
Шақыратын секілді енді бізді.

Ұйқыңды ұрлар Алматы кешіменен,
Сырласпасаң бақыттан кешігер ең.
Қайтқан құстың ілесіп қанатына,
Біздің көлге қонатын көшіп өлең.

Жарық нұрлар жанымды жебегенде,
Көгерем бе білмедім, көнерем бе?
Иран бағы секілді Көктөбеде –
Хор қыздары қосылып сол өлеңге.

Қол бұлғаса кей-кейде мұнарлы айдын,
Айға ұшқандай айнам-ай, шығандаймын.
Бір асыл ән жанымды тербетеді
Тұмасынан сімірсем Тұманбайдың.

Жарқын жаздың алдында нұрлы көктем,
Жапырағы жанының дір-дір еткен.
Өлеңінде өмірдің өзегі бар –
Ақ дүниені сүйетін шын жүректен.

Тұлпарларын кермеге байлататын,
Бұлбұлдарын ақ таңмен сайрататын.
«Әйбат ақын» деуші еді бізді көрсе –
Ең бірінші өзі еді әйбәт ақын.

Өзегінде өлеңнің өрті бардай,
Орнын оның өтерміз толтыра алмай.
Гүл ашатын әйтеуір көктем сайын –
Тұмаш ақын біз көрген сол Тұманбай.

Самал ессе тербелер өлең-терек,
Саясында қыз-жігіт көлеңкелеп…
Тұмағаңның тұмасы кезіккенді
Шақырады сол көктем сәл ертерек.

Ғалым Жайлыбай, 
ақын, 
ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары