Бөшке мен бағам

/
Бөшке мен бағам
сурет: Максима Золотухина/DKNews.kz

Өткен айда теңге біршама нығайды. Сөйтіп, бір доллар 512,57 теңге деңгейінде тұрақтады. Биржадағы сауда-саттық жандана түсіп, Ұлттық қор валютасын сату көлемі айтарлықтай артты. Тіпті, бейсенбіде доллар бағасы 500 теңгеден төмен түсті. Ал 29 қарашада Каспий құбыр кон­сорциумына ша­буыл жасалып, қон­дыр­ғылардың бірі істен шықты.

Жалпы, теңгенің нығаюына не әсер ет­ті? Ұлттық валю­та бағамы мен мұнай көр­сеткіштерінің корреляциясын ес­ке­ре­тін болсақ, КҚК-ға жасалған шабуыл тең­геге қалай әсер етуі мүмкін?

Қозғаушы күш – кэрри трейд

Ұлттық Банк мәліметіне сүйенсек, қарашаның қо­рытындысы бойын­ша АҚШ доллары 512,57 теңгеге дейін арзандап, теңге 3,3 пайызға ны­ғайған. Қазақстан қор биржасында бір күндегі орташа сауда-саттық көлемі бір айда 271 млн АҚШ долларынан 280 млн АҚШ дол­ларына дейін өскен. Жалпы сауда-саттық көлемі 5,6 млрд АҚШ долларына жеткен.
– Қарашада Ұлттық қордан 600 млн АҚШ долларына валю­та сатылды, бұл республикалық бюджетке трансферт бөлу­ге мүмкіндік берді, – деп мәлімдеді Ұлттық Банк.
Айналау операциялары  аясында қарашада 475 млрд тең­ге алынған. Ква­зи­мемлекеттік сектор субъектілерінің валю­­тадағы түсімінің бір бөлігін сатуды міндеттеу нор­масы аясында шамамен 390 млн АҚШ доллары сатылған. Бұл рет­те, реттеуші қарашада валюта интер­вен­циясы ж­а­салмағанын айтты. Сондай-ақ Ұлттық Банк қысқа мер­зім­де теңге бағамына нарыққа қаты­сушылардың болжамдары, тоқсандық салық төлемдері, әлемдік нарықтардағы ахуал мен геосаяси жағдайдың өзгеруі әсер ететінін жеткізді. 
Дегенмен, Ұлттық Банк жаңа жылдан кейін теңге бағамы әлсірейді деп болжап отырған жоқ. 28 қарашада орталық банк басшысы Тимур Сүлейменов ішкі бағаға ҚҚС көлемінің өсуі әсер ететінін, алайда бағамға әсер етпейтінін атап өтті, ал сырт­қы макроэкономикалық жағдайға «тұрақты» деп баға берген болатын. 
– Біз үшін сыртқы мак­роэкономи­ка­лық жағдай қазір тұрақ­ты. Күтілетін мұ­най бағасы – шамамен бар­ре­льіне 60 дол­лар. Бағамда нақты бір күрт өзгеріс бо­лады деп ойламаймыз, – деді Ұлттық Банктің басшысы.
Ал Halyk Finance сарапшылары тең­генің нығаюына резидент еместердің спекулятивті операциялары, нақтырақ айтқанда кэрри трейд себеп болғанын ай­тады.
– Біздің пікірімізше, теңгенің ай­тар­лықтай нығаюының артында ешқандай іргелі фактор жоқ және ол Қазақстанның ақша және валюта нарықтарындағы ре­зи­дент еместердің спекулятивті опера­ция­­ларының нәтижесі болып отыр. Әсіресе, қазан-қарашада теңгенің күрт ны­­ғайғанының басты себебі – шетел портфель инвесторларының Қазақ­стан­ның мемлекеттік бағалы қағаздарына (МБҚ) кэрри трейд операциялары ар­қы­лы салған инвестициялары деп санай­мыз. Кэрри трейд қазанда базалық став­каның күрт көтерілуі мен қазаннан бас­тап Ұлттық Банктің алтын сатып алу­ды теңестіру мақсатында валюта сатуды ұл­ғайтуына байланысты тартымды бол­ды. Резидент еместердің МБҚ-ға салған қаражаты, негізінен, өте құбылмалы. Се­бебі сыртқы немесе ішкі жағымсыз жағ­дайларға байланысты шетел порт­фель инвесторлары салған қаражатын жыл­дам алып кетуі мүмкін. Бұл өз кезе­гін­де валютаға деген сұраныстың күрт өсуі­не және теңгенің әлсіреуіне алып ке­леді. Жалпы алғанда, резидент емес­тер­дің МБҚ-дағы үлесінің көп болуы валю­та мен ақша нарықтарындағы қар­жы­лық тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүм­кін екенін бұған дейін де ескерт­кенбіз. Әзірше, Ұлттық Банк бұл қауіпті сейілту үшін қандай шаралар қабылдауды жос­парлап отырғаны туралы түсініктеме бер­ген жоқ, – дейді Басқарма Төра­ға­сы­ның кеңесшісі Мұрат Темірханов пен тал­дау орталығының сарапшысы Сал­та­нат Игенбекова.

Мұнай өткізу мұң бола ма?

29 қарашада КҚК-на жасалған шабуыл салдарынан айлақтағы құрыл­ғы­ның бірі айтарлықтай зақымданды. Кон­сорциумның ресми мәлімдемесіне сүйен­сек, шабуыл адам басқармайтын ка­терлер арқылы жасалған. Жұмыс уа­қыт­ша тоқтатылып, танкерлер КҚК ак­ва­ториясынан шығарылған. КҚК қыз­мет­керлері мен мердігерлер арасында зар­дап шеккендер жоқ.
– Жарылыс болған сәтте авариялық қорғаныс жүйелері іске қосылып, тиісті құ­быр желілерін автоматты түрде жапты. Алдын ала мәлімет бойынша, Қара теңіз акваториясына мұнай төгілген жоқ. Қа­зір теңіз суының сынамалары алынып, экологиялық мониторинг жүргізілуде. 2-қондырғыны әрі қарай пайдалану мүм­кін емес. Терминалда мұнай тиеу жұ­мыс­тары пилотсыз катерлер мен дрондардан төнетін қауіп толық жойылғаннан кейін белгіленген тәртіпке сай қайта жалға­с­ады, – деп жазылған консорциумның рес­ми мәлімдемесінде.
Каспий Құбыр Консорциумы – Ресей, АҚШ, Қазақстан және Батыс Еуропаның бірқатар елдерінің ірі мұнай-газ кәсіп­орындарын біріктіретін ұйым. Ол ар­қылы Қазақстанның үш ірі кен орнынан – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтан өндірілетін мұнай тасымалданады. 2024 жылы терминал арқылы шамамен 63 млн тонна мұнай өткізілген. Оның ша­мамен 74 пайызы шетелдік жүк өткізу­шілердің үлесіне тиесілі. Ең ірі жүк та­сы­малдаушылар қатарында «Тенгиз­шевройл» (Chevron), ExxonMobil, «Қаз­Мұнай­Газ», Eni және Shell бар.

Андрей Чеботарев,
экономист:

Бұл әзірге тек қауіп қана

– Теңге бағамы мұ­­най бағасына тәуел­ді екені рас. Бі­рақ бұл бай­ланыс көпшілік ой­лағандай тікелей емес. Алдымен белгілі бір уақыт өтуі керек, яғни КТК мұнай айдауды шы­ны­мен тоқтатқан жағдайда ғана ықпалы айқын сезіледі. Қазір бір айлақтағы қондырғы істен шықты, ал ондай қондырғы саны – үшеу. 
Оның үстіне үш қондырғы қатар мұнай айдаған кез сирек болған: әдетте екеуі жұмыс істейтін, тіпті жөн­деу жұмыстары кезінде біреуі ғана істейтін. Соның өзін­де мұнай экспорты тоқтамайтын. Қазір де қалған қон­дырғылар арқылы мұнай айдалып жатқан болуы керек.
Иә, болашақта теңге бағамында ауытқу болуы мүм­кін, өйткені біз – мұнай экспортына, ал экспорт КТК-ға тәуелді. Дегенмен әзірге бұл – қауіп. Ықтимал қы­сым, бірақ әзірге іске аспаған фактор.
Сондай-ақ теңгенің қазіргі нығаюы артық нығаю секілді көрінеді. Өткен айда валюталық облигациялар көп­теп орналастырылып, елге шетел валютасының ағы­ны артты. Сонымен қатар жоғары базалық ставка сал­дарынан көптеген шетел инвесторлары кіріп, қо­сымша валюта өтімділігі қалыптасты. Сондықтан қа­зіргі нығаю – негізінен спекулятивті сипатта, оның ар­тында тұрған ешқандай іргелі фактор, негіз жоқ. Сол се­бепті ол кез келген сәтте кері кетуі мүмкін. Ал кері ке­тіп әлсіресе, ол тек КТК-ға байланысты болмайды, се­бебі өсімнің экономикалық негізі әлсіз.

Қорыта айтқанда, КҚК құрылғысының істен шығуы мұнай экспор­тына қысқа мерзімде әсер етуі мүмкін, алайда консорциумның қосым­ша терминал желілері мен техникалық мүмкіндіктері арқасында мұ­най тасымалы толық тоқтамайды. Дегенмен бұл шабуыл Қазақстан мен халықаралық акционерлерге төнген қосымша қауіп болып отыр. 
Ал теңге бағамына келер болсақ, экспорттағы қиындықтар теңгеге бір­ден әсер етпейді. Әсер еткен күннің өзінде, ол жалғыз фактор емес. Сарап­шылар қазіргі теңге бағамының нығаюының артында іргелі негіз жоқ, сыртқы валюта ағынына байланысты уақытша құбылыс деп есептейді. Сондықтан реттеуші күрт әлсіреу күтпегенімен, бағамда құбылулар болуы ықтимал. Бірақ ол тек мұнайға ғана байланысты бол­майды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары