Биылғы 10 айда өнеркәсіп саласы былтырғыға қарағанда 7,3 пайызға өскен. Бұл, әрине, жақсы көрсеткіш. Бірақ бұл өсімге, негізінен мұнай саласы сеп болып отыр. Яғни, экономика әлі де мұнайға тәуелді.
Ал өңдеу өнеркәсібі жыл басындағы қарқынын жоғалтқан.
Өнеркәсіпте өсім бар. Бірақ...
2 желтоқсанда Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды. Жиында биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 24 трлн теңгеден асып, 5,8 пайызға өскені, бұл көрсеткішке ең алдымен металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары сияқты негізгі сегменттердегі өндірістің артуы әсер еткені айтылды.
– Бүгінде жалпы ішкі өнім құрылымындағы өңдеу секторының үлесі –шамамен 13 пайыз. Экономиканы белсенді түрде әртараптандыру ісін жалғастыру маңызды. Біздің мақсатымыз – жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесін 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін, ал 2035 жылға қарай 18-20 пайызға дейін жеткізу. Бұл нақты орындалатын міндет екенін ерекше атап өтемін. Ол үшін бізде шикізат, энергия, қолайлы географиялық жағдай, жас әрі білімді адами капитал тағы басқа да не қажеттінің бәрі бар, – деп Олжас Бектенов жоба-жоспарларға да тоқталып өтті. Иә, өңдеу өнеркәсібінде өсім бар, өткен жылға қарағанда оң нәтиже байқалады. Дегенмен жыл басына қарағанда өсім қарқыны төмендеген. Металлургия саласындағы баяу қарқын жалпы өсімді шектеді. Бұған қара металлургия мен құйма өндірісінің қысқаруы себеп болып отыр. Ал өнеркәсіптегі өсімге сеп болған, негізінен, мұнай саласы. Энергетика саласында тек 2,2 пайыз өсім байқалды, осылайша инфрақұрылым секторының баяу қарқыны экономикадағы жалпы өсімге мүлде сәйкес келмей отыр. Соның ішінде бірқатар сала, атап айтқанда сумен қамту, қоқыс өңдеу саласында теріс динамика қалыптасқан. Экономика өсіп жатқанда инфрақұрылымның баяу дамуы алдағы уақытта айтарлықтай қиындық тудыруы ықтимал.
Болжам
Халықаралық валюта қорының 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының нақты өсімі 6 пайыз шамасында болады деп болжам жасаған еді. ХВҚ бұған мұнай өндіру көлемінің артуы және ішкі сұраныстың жоғары болуы әсер ететінін айтты. 2026 жылы да өсімнің жоғары қарқыны сақталады, ал одан кейін ХВҚ орта мерзімде нақты ЖІӨ өсімі біртіндеп баяулайды деп болжап отыр.
Қазақстандағы мұнайға қатысы жоқ бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 8 пайызынан асады деп күтілуде. Бұл тапшылыққа Ұлттық қордан бөлінетін қомақты трансферттер әсер етіп отыр. Мемлекеттік сектордың жоғары сұранысы да ағымдағы шот тапшылығының ұлғаюына әсер етіп, оның көлемі биыл шамамен ЖІӨ-нің 4 пайызы болады деген болжам бар.
– Экономиканың өз әлеуетінен жоғары қарқынмен өсуі оның қызып кетуіне әкеліп, жалпы инфляцияның жеделдеуіне түрткі болды. Жыл соңында инфляция 13 пайыз шамасына жақындайды, – деп жазылған ХВҚ есебінде.
Ал келер жылы нақты ЖІӨ өсімі жоғары деңгейде сақталып, инфляция шамамен 11 пайыз болады деп күтіледі. Бұған экономикалық белсенділіктің жоғары болуы, ҚҚС пен корпоративтік табыс салығы ставкаларының өсуі мен коммуналдық тарифтердің қайта өсуі ықпал етеді. ХВҚ пікірінше, инфляция қысымы әлі де жоғары болғандықтан, Қазақстанға қатаң ақша-кредит саясатын жүргізу және өтімділікті тиімді басқаруы қажет.
Фискалдық саясатқа қатысты қорытындыда жаңа Салық кодексі мұнайға қатысы жоқ тапшылықты азайту жолындағы маңызды қадам екені айтылған. Алайда квазимемлекеттік сектордағы ауқымды квазифискалдық қызметтер бюджетті оңтайландыру әсерін айтарлықтай төмендетіп, экономиканың жалпы фискалдық импульсін арттыруы мүмкін.
Салтанат Игенбекова,
HalykFinance аналитика орталығының сарапшысы:
«Теңіздегі» өндіріс көлемі жалпы өсімге әсер етті
– 2025 жылғы қаңтар-қазанда Қазақстан өнеркәсібі 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,3 пайыз өсім көрсетті. Өнеркәсіптің өсуіне негізінен тау-кен саласы, әсіресе мұнай өндіру саласы әсер етті. Оның көлемі жылдық есеппен 9,6 пайызға ұлғайып, жалпы өнеркәсіп көлемінің 45,4 пайызына жетті. Инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы мен мұнай өндірісінің өсуі өңдеу өнеркәсібіне де қолдау көрсетті, дегенмен бұл салада өсім қарқыны бәсеңдеп отыр.
Елдегі экономикалық белсенділіктің маңызды көрсеткіштері – электр энергиясы, газ бен сумен қамту салаларындағы өсім әлі де баяу, тіпті кейбір сегменттерде теріс динамика байқалады. Өнеркәсіп өндірісінің өсу құрылымы негізінен шикізат секторына байланғандықтан, бұл экономика тұрақтылығына белгілі бір дәрежеде қауіп төндіреді, себебі ол сыртқы факторларға және әлемдік шикізат нарықтарындағы конъюнктураға тәуелді. Сол себепті өңдеу өнеркәсібін әртараптандыру мен барынша модернизациялау – басты міндет.
Тау-кен өнеркәсібі Қазақстан экономикасының басты қозғаушы күші болып қалып отыр, ол – ЖІӨ-нің шамамен 12,7 пайызы. Биыл бұл салада 9,6 пайыз өсім байқалды, бұл 2024 жылғы 0,3 пайызбен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш. Өсім негізінен шикі мұнай өндірісінің 13,9 пайызға өскеніне артқанына байланысты болды, оның тау-кен өнеркәсібіндегі үлесі 69 пайызға жетті. Бұған себеп – Теңіз кен орнындағы өндіріс көлемінің қарқынды түрде өсуі, бұл биыл ел экономикасының өсіміне серпін берген басты фактор болып отыр.
Өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі – шамамен 12,4 пайыз, бір жылда 5,8 пайызға өсіп, 2024 жылғы 4,8 пайызбен салыстырғанда сәл өскен. Өсу динамикасына ең көп үлес қосқан салалар – тамақ өндірісі мен машина жасау, олардың үлесі өңдеу өнеркәсібінде тиісінше 13,2 пайыз және 17,6 пайыз болды. Дегенмен өңдеу өнеркәсібіндегі басым сектор металлургия (40,4 пайыз) баяу өсім көрсетіп отыр, жылдық өсімі – 0,7 пайыз деңгейінде, бұл жалпы сектордың өсуіне әсер етті. Баяу өсімнің себептері – қара металлургиядағы өндіріс көлемінің 0,5 пайызға төмендеуі vty металл құйма өндірісінің 8,9 пайызға азаюы. Бұл екі сектор металлургия өндірісінің шамамен 24 пайызын алады. Металлургия шикізатқа тәуелді сала болғандықтан, баға өзгерістері мен негізгі экспорт нарықтарындағы сұранысқа тәуелді, бұл саланы қысымға ұшыратады.
Жалпы, өңдеу өнеркәсібі елдің тұрақты түрде дамуы үшін аса маңызды, себебі ол жоғары қосымша құн қалыптастырады. Қазақстанда мемлекеттік субсидиялар мен қолдау шаралары көбінесе өңдеу өнеркәсібіне бөлінеді. Дегенмен саладағы өсім қарқыны жыл басындағы 8,9 пайыздан 5,8 пайызға төмендеп отыр.
Электр, газ және сумен қамту – халықтың өмір сапасы мен экономикалық тұрақтылық тұрғысынан маңызды инфрақұрылымдық секторлар. Алайда бұл негізгі салалардағы баяу өсім мен кейбір сегменттердегі теріс динамика ЖІӨ-нің өсу қарқынына сәйкес келмейді.
Қорыта айтқанда, КҚК құрылғысының істен шығуы мұнай экспортына қысқа мерзімде әсер етуі мүмкін, алайда консорциумның қосымша терминал желілері мен техникалық мүмкіндіктері арқасында мұнай тасымалы толық тоқтамайды. Дегенмен бұл шабуыл Қазақстан мен халықаралық акционерлерге төнген қосымша қауіп болып отыр.
Ал теңге бағамына келер болсақ, экспорттағы қиындықтар теңгеге бірден әсер етпейді. Әсер еткен күннің өзінде, ол жалғыз фактор емес. Сарапшылар қазіргі теңге бағамының нығаюының артында іргелі негіз жоқ, сыртқы валюта ағынына байланысты уақытша құбылыс деп есептейді. Сондықтан реттеуші күрт әлсіреу күтпегенімен, бағамда құбылулар болуы ықтимал. Бірақ ол тек мұнайға ғана байланысты болмайды.