Елімізде «Жас ғалымдар академиясы» құрылады

Академияның жаңа миссиясы мен негізгі алғышарттар бар.

Елімізде «Жас ғалымдар академиясы» құрылады
901

Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаевтың Назарбаев Университетінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес мүшелерімен және Астана қаласы ЖОО, ҒЗИ басшыларымен болған кездесуде белгілі болды.

Кездесуге еліміздің жетекші ғалымдарымен бірге жас ғалымдар да көп жиналды.  Іс-шара барысында ғалымдардың отандық ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін шешу жөніндегі ұсыныстары мен олардың Ұлттық ғылым академиясының жаңа миссиясына көзқарастары тыңдалады.

«Қазір ғылыми қоғамдастықта: «Қазақстандық ғылымды дамытуда жаңадан құрған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы қандай рөл атқарады?» деген сауал орынды қойылып отыр. Біз ең алдымен, ежелден қалыптасқан ғылымды басқару жүйесін шайқалтып алудан сақтануымыз керек екенін түсінуіміз қажет. Яғни, бұл арада Академия ғылыми мекемелерді бір ведомстводан екіншісіне ауыстырып, тек нұсқау беретін екінші мемлекеттік уәкілетті органға айналмауы тиіс. Қазіргі жаңарған Академияның өзіндік бірегей миссиясы бар, ол ғылымды басқару саласында кеткен жүйелі олқылықтардың орнын толтыруды көздейді», – деді Ақылбек Күрішбаев.

Оның айтуынша, Академияның жаңа миссиясы мен негізгі алғышарттар бар. Ол қатарға отандық жетекші ғалымдардың күш-жігерін бір арнаға біріктіру, Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық даму бағыттарын барлық мүдделі тараптардың сындарлы талқылауы үшін тиісті жағдай жасау және ғылыми потенциалды іс жүзінде олардың нәтижесі айқын сезінетіндей нақты міндеттерді шешуге бағыттау болмақ. Сонымен қатар, Академия талантты жастарды тарта отырып, экономика мен қоғамның дамуына елеулі интеллектуалдық үлес қосуға қабілетті тәжірибелі ғалымдардың басын қосатын ғылыми орталыққа айналдыру көзделіп отыр.

«Егер Қазақстандағы ғылымды дамытудың басымдықтары қалай анықталатынын және технологиялық жағынан дамыған елдердің тәжірибесімен салыстыратын болсақ, біздің елде ғылым саласы қаржыландыру көбіне өзгеге тәуелді екенін байқаймыз. Дамыған елдердің көпшілігінде ұлттық ғылыми-техникалық басымдықтар жүйесін тәуелсіз ғылыми-талдау ұйымдары анықтайды және ол ауқымды форсайттық зерттеулердің, технологиялық болжамдар мен скаутингтің нәтижелеріне негізделеді. Осыған орай, Ғылым академиясының базасында экономиканың нақты жағдайы және ғылым мен ғылыми-технологиялық дамудың әлемдік трендтерімен байланысты зерттеулерді дамытудың басым бағыттарын айқындаудың әділ объективті жүйесі қалыптастырылады. Ал ғылымды дамыту мен қолдану үлгісі көбіне осы Назарбаев Университетінің үлгісінде қолданылуы қажет», – деді ол.

Кездесу барысында тағы бір маңызды бастама талқылауға түскенін айта кеткен абзал. ҚР Ұлттық ғылым  академиясы ғалымдардың ғылыми әлеуетін көтере отырып жас ғалымдардың басын бір арнада тоғыстыратын құзыреті бар орталық құрудың да маңыздылығы турасындағы пікірлер жиын барысында ғалымдардың өздері тарапынан көтерілді.  

«Жиынның маңыздылығы сол, еліміздің  жас ғалымдарының басын біріктіретін Жас ғалымдар академиясын құру мәселесі көтеріліп отыр. Бұл бастаманы барлықғымыз қолдаймыз. Себебі жастарға да үлкен мүмкіндік туып отыр. Қазірдің өзінде Ұлттық ғылым академиясы еліміздің барлық өңірлерінен 500 ден астам жас ғалымның тізімін жасалды. Енді осы жастарымыз өздерінің ашық дауыс беруі негізінде Жас ғалымдар академиясының Президентін сайлай алады. Содан кейін ҚР Ұлттық ғылым академиясы ұстанатын 4 негізгі ғылыми бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі», – дейді PhD  ҚР Ұлттық ғылым академиясының Пәнаралық ғылым орталығының директоры Қуанар Алиханов.

Жиынды қорытындылаған Ақылбек Күрішбаев, соңғы 30 жыл ішінде ғылымды қаржыландырудың тиімді құралдарымен нәтижеге бағытталған бірде-бір маңызды даму стратегиясы ұсынылмағанын атап өтті.

«Осы кезеңдер ішінде біз министрліктердің басты ұстанымы болған «жылдам жеңіске жету» және «жылдам нәтиже үшін» принципімен жұмыс істедік. Әрине, мұндай жағдайда қазақ ғылымы дұрыс бағытта дами алмағаны ақиқат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың айқын, белсенді ұстанымының арқасында бүгінде отандық ғылымның дамуына бұрын-соңды болмаған жағдайда көңіл бөлінуде. Бұл ғалымдар үшін мүмкіндік. Осы тұста ғылымды дамыту стратегиясын дұрыс құру және оның сапалы орындалуын қамтамасыз ету – бәріміз үшін аса маңызды міндет», – деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев.

Бердібек Қабай

Серіктес жаңалықтары