Аутизмге шалдыққан елордалық спортшы Аустралия өткен турнирде жеңіске жетті

Дастан Ордабай 2024 жылғы Trial Virtus Oceania Road Cycling World Series жеке жарысында алтын медаль жеңіп алып, бірінші орын иеленді.

Аутизмге шалдыққан елордалық спортшы Аустралия өткен турнирде жеңіске жетті
Астана әкімдігі

Елордалық спортшы Дастан Ордабай Аустралияның Балларат қаласында өткен 2024 жылғы Virtus Oceania Road Cycling World Series велоспорт чемпионатында жеңіске жетті, деп хабарлады turkystan.kz.

Астана әкімдігі сайтының мәліметінше, World Cycling Series құрамына 62 пара спортшы қатысқан Para-cycling чемпионаты кіреді. UCI Para-cycling физикалық, визуалды, интеллектуалды және есту қабілеті нашар спортшыларға арналған.

Қазақстан атынан бұл турнирге «Зияткерлік даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясы» РҚБ пара-спортшысы, аутизм спектрі бұзылған Дастан Ордабай қатысты. Астаналық спортшы II-3 санатына (зияткерлік бұзушылықтар) 18,8 км қашықтықтағы жеке уақыт жарысына (Time trial) және 5,5 км қашықтықтағы критериумға (Criterium) қатысты.

«2024 жылғы 2-8 қаңтар аралығында Аустралияның Балларат қаласында 2024 Virtus Cycling World Series әлемдік жарысы өтті.
Қазақстан бұл бәсекеде аутизм диагнозы қойылған қатысушыларға арналған жаңа II-3 санатында сәтті өнер көрсетті. Дастан Ордабай бұл сында екі алтын медаль жеңіп алды. Ол аутизм спектрі бұзылған алғашқы азиялық спортшы атанып, Қазақстан тарихында өз ізін қалдырды», - деп атап өтті федерация президенті Дина Темірғалиева.

Осылайша, велоспорттан спорт шеберіне кандидат Дастан Ордабай 2024 жылғы Trial Virtus Oceania Road Cycling World Series жеке жарысында алтын медаль жеңіп алып, бірінші орын иеленді.

Маусым айында Францияның Вичи қаласында өткен зияткерлік даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған VI Дүниежүзілік VIRTUS ойындарына қатысқан елордалық спортшы іріктеуден өткен. Оған «Велоспорттан спорт шеберіне кандидат» спорттық разряды берілді.

Жарысты Аустралияның велоспорт федерациясы (AusCycling) Аустралияның Virtus мүшелері болып саналатын Sport Inclusion Australia компаниясымен бірлесіп ұйымдастырды және UCI бақылауымен және кураторлығымен өтті.