Мұса Марат: Бұл – Қазақстан, Өзбекстан, Қарақалпақстанға ортақ жеңіс
"Сөздің шыны керек, осы жоба барысында әлем бойынша қандас бауырларымыздың ерекше қолдауына ие болдым. Сол үшін барлығына шексіз алғысымды білдіремін!"
Қарақалпақстанда туып-өскен қандасымыз Мұса Марат бір апта бұрын «Qazaqstan дауысы» мегажобасында жеңіске жетті. Алты мыңға жуық қатысушының ішінен суырылып шыққан Мұсаның бұл жеңісін көпшілік тарихи жетістікке балап отыр. Өйткені Мұса – «Qazaqstan дауысында» жеңімпаз атанған алғашқы қандас. «Қарақалпақстан Димашы» атанған Мұса былтыр Моңғолиядағы қандас өнерпаздармен бірге араға жиырма жыл салып, қайта өткен «Азия дауысы» халықаралық фестиваліне қатысқан еді. Жеке шығармашылығын биыл да атажұртында жалғастырғысы келетін Мұсаға хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Тарихи жеңісің құтты болсын! Бізге былтыр мамыр айында берген сұхбатыңда басты армандарыңның бірі – атажұртқа келіп, «Qazaqstan дауысы» жобасына қатысу екенін айтқан едің. Жай қатысып қоймай, 6 мыңға жуық қатысушының ішінен оқ бойы озып, бас жүлдені иелендің. Арман орындалды деп осыны айт!
– Рахмет! Аллаға шүкір, маған жоба бойы қолдау білдірген халықтың ақ батасы мен көлдей көңілінің арқасында жобадан іркілмей өтіп, суперфиналда жеңіске жеттім. Бойымды кернеген сезімді сөзбен сипаттау қиынға соғады. Оны тек сезіну керек.
– Финалға дейінгі іріктеу кезеңдерде сенің қобалжығаныңды еш байқамадық. «Түбі жеңіске жетемін» деген іште түйсік болды ма, әлде сыртқа сыр білдірмеуге тырыстың ба?
– Әлбетте, іште ондай түйсік болмады десем, өтірік айтқаным болар. Өз-өзіме деген сенімділік те болды. Әр кезеңде мені қолдаушылар саны көбейген сайын, менің өз-өзіме деген сенімділігім де арта түсті. Көгілдір экранның, телефонның ар жағында отырған, менің өнеріме жоғары баға берген халықтың бірауыз ыстық лебіздерін оқыған, естіген кезде жүрегіме жылы нұр құйылып, арқама қанат біткендей күй кештім. Мұндай сәттер сені тек алға жетелейтіні сөзсіз. Содан соң «Армансыз адам – ормансыз бұлбұл» дегендей, өзім де бұл жобада жеңіс төріне көтерілуді армандадым. Бұл арманға қол жеткізу әбден мүмкін екенін түсініп, арманымды мақсатқа айналдырып, амал-әрекет істеуге көштім. Аллаға шүкір, бәрі мен ойлағандай болды.
– Алайда финалда болған күтпеген жағдай сенің көңіл күйіңе кері әсер еткенін байқадық. Тәлімгерің Қуандық Рахым ауа райының күрт бұзылуына байланысты Астанаға келе алмайтынын, екеуің бірге айтуға тиіс әннің орнына басқа композицияны жалғыз орындауға мәжбүр екеніңді естіген кезде қандай күйде болғаныңды сұраудың өзі артық болар.
– Ол сәтті сөзбен айтып жеткізу қиын. Астананың дәл сол сәттегі ауа райы секілді, ішім алай-дүлей болып, біраз «мінез» таныттым. Расында, қиын болды. Әу бастан тәлімгерім Қуандық Рахым өз тобына іріктеп алған барлық қатысушыны «Менің қырандарым! Олар әрқашан биікке самғайды» деп бізді жігерлендіріп отыратын. Бізді көпшілік «Қуандықтың қырандары» деп атайтын. Финал болған күнгі күтпеген жағдайға келсек, қыранның бір қанаты жоқ болса, ұшуы неғайбіл ғой. Ал мен жарақаттанып қалған қырандай, қайсарлық танытып, өнер көрсетуге тырысып-бақтым. Бірінші күннен бастап финалға дейін әрдайым қасымнан табылған, бар білгенін үйреткен, кем-кетігімді түзеп, артық тұсымды асырып айтқан, айрықша қолдау көрсеткен тәлімгерімнің дәл сол маңызды күнде қасымда бола алмағаны маған ауыр тиді. Уайымның шегі сол күні болды ғой. Ішімде уілдеп ысқырып жатқан боран сыртқа шығуға сәл қалып, ашуым бетіме шығып, біраз қиқу салдым. Жоба барысында жүріп өткен жолым көз алдымнан көлбеңдеп өте шықты. Сол күні айналамдағылардың «Қуандық Рахым бүгін келе алмайды екен» дегенін естіген кезде, шыны керек, қатты уайымдадым. Таңертең бұл хабарды естіген соң, өзімен хабарласып, мән-жайды сұрағанымда Астанаға жетудің бар амалын жасайтынын, түрлі нұсқалар қарастырып, әрекет ететінін айтқан еді. Алайда табиғат құбылыстарына ешкім қарсы тұра алмайды. Түсіністік таныттым, дей тұрғанмен сол күні қатты налығаным бар. Бірақ мен мұны маған берілген сынақ деп қабылдадым. Өз-өзіме «Мұнда не мақсатпен келдім?», «Басы қалай басталған еді?», «Соңына қалай жеттім?», «Не үшін осылай болып жатыр?» деген секілді сұрақтар қойып, оңаша жерге барып, өз-өзіммен бір сағаттай сөйлестім. Бәріне анализ жасап, маталып қалған ойымды реттестіріп алдым. Байыбына жеткен соң барлығы өз орнына келе қалды. Әрі-беріден соң, жоба бойы қолтығымнан демеп келе жатқан қаншама тыңдарманның алдында жауапкершілік жүгін сезіндім. Осылайша, сахнаға сенімім күшейіп, сенімділігім артып, бір Аллаға сыйынып шықтым. Алайда суперфиналға өткенімді естіген кезде, эмоциям түгесіліп қалды. Қатты қуана да алмадым. «Суперфиналға жеттім. Енді бір әнді орындау қалды» деп өз-өзімді қамшылап отырдым.
– Суперфиналда өзіңнің төлқұжатыңа айналған «Самалтау» халық әнін орындап шықтың...
– «Самалтау» – менің қаныма сіңіп кеткен әндердің бірі. Ұйықтап жатқан жерімнен оятып, «Самалтауды айт» десе де, тік тұрып, жүрекпен айтып берер едім. Байқағаным, бойында бауырмалдық аңқып тұратын қазақтың бәрінің қазақтың әнін, домбырасын естіген кезде, мейлі, басқа қатысушыға жанкүйер болса да, бәрібір жүрегі жібіп сала береді екен. Сол әсердің буымен бізге сөзсіз дауыс беретінін түсіндім. Солай болды да. Бұл – қазақ әнінің, қазақтың қара домбырасының құдіреті. Соның арқасында жеңіске жеттік. «Qazaqstan дауысы» мегажобасы бұл маусымының жеңімпазы – Мұса Марат» дегенді естіген кезде ең алдымен Алланың құдіреті шексіз екені ойыма келді. Жоба бойы қолдауды үйіп-төгіп берді, сын да естідім, дәл ақтық сында сынақтан да өттім. Жаратқан маған осындай ауыр жолмен тәтті жеңісті сыйлады. Аты-жөнімді естіген бойда сәждеге басымды қойып, Алланың өзі де рас, сөзі де рас екенін сезіндім. Тік тұрып та қуануға болар еді, алайда дәл сол сахнада тұрып, Аллаға деген шүкіршілігімді білдіргім келді.
– «Жоба бойы сын да естідім» деп қалдың. Репертуарға байланысты айтылған сынды меңзеп тұрсың ба?
– Иә, репертуарға қатысты айтқан әңгімелер маған ауыр тиді. Жалпы, алдыңғы кезең, тіпті финалдағы репертуарға қатысты көп сыни пікір айтылды, біраз түсініспеушілік болды. Шыны керек, алғаш естіген кезде жүрекке жақын қабылдайтынмын. Жалғыз мен емес, бәрі де бастапқыда бірден қабылдап, уайымға батып, өз-өзін іштей жейтін болар. Кейін бірте-бірте ондай пікірлерді сүзгіден өткізбей қоятын иммунитетім қалыптасты. Бәрібір өз дегеніммен жүретін болдым. Жағымсыз пікірлерді айналып өтуге тырыстым. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды.
– Демек, бірнеше айға жалғасқан «Qazaqstan дауысы» жобасы сен үшін бір үлкен мектеп болды деп айтсақ, қателеспейміз ғой?
– Әлбетте, бұл жоба мен үшін үлкен мектеп болды. Мұнда өмірде де, өнерде де үйренгенім, түйгенім көп болды.
– Тікелей эфир кезінде Қуандық Рахымның тобынан Қазақстанда туып-өскен қатысушылар емес, Өзбекстанда өскен дәл сенің көп дауыс жинап, келесі кезеңдерге іркілмей өткеніңе көпшілік таңырқай қарады. Тіпті, Қуандықтың өзі бір эфирде Өзбекстан, Қарақалпақстан, тіпті Қазақстанда сенің жанкүйерлерің осыншалық көп екенін білгенде таңғалысын жасырмады. Біз түсірілім кезінде жобаға дейін сені танымаған, алайда жоба барысында сенің жанкүйеріңе айналып үлгерген студенттерді де кездестірдік. Бұл дегеніміз...
– Бұл дегеніміз – менің өнеріме жоғары баға беретіндер қатары көбейді деген сөз. Негізі, мені қолдаушылар бір жерден, бір аудиториядан емес, жан-жақтан болғандықтан, дауыс беру кезінде барлығы атсалысып, бірінші орынға шығуыма үлесін қосты. Өзбекстан, Қарақалпақстандағылар онсыз да маған жанкүйерлік танытатыны сөзсіз. Өзіңіз байқағандай, Қазақстанда да тыңдарман саны артты. Одан бөлек, «Отандастар қоры» маған айрықша қолдау көрсетті. Олар шетелде тұратын қазақтарды маған дауыс беруге үндеп, көп көмегін тигізді. Осының бәрін есептегенде, менің топ жарып шығуым заңдылық. Қатты қуанатыным, біздің аудиториямыз – өзіміз сияқты бауырмал, туысшыл, адамгершілікті бәрінен биік қоятын, өнерді жоғары бағалайтын талғампаз жандар. Маған осындай ерекше жандарды тыңдарман етіп қойғаны үшін Аллаға шүкіршілік етемін.
– Туған жерің – Қарақалпақстандағы қолдау тіпті ерекше болды. Эфир кезінде тұрғындардың сенің суретің бейнеленген плакаттарды көлікке жапсырып, көше ішін «шулатқанын» байқап қалдық.
– Расымен туған жердегі қолдау ерекше болды. Ағаларым, бауырларым алыста жүрсе де, қолдан келгеннің бәрін жасап, қолдауын білдірді. Аға-апаларымның өз дүкендері бар, сауда-саттықпен айналысады. 30-желтоқсанда сауда қыза түседі ғой, бәрі азық-түлік, сыйлық алу үшін базарда, дүкенде жүреді. Сол күні дүкенге кірген әрбір клиенттің қолына плакат ұстатып, «Тelegram-ға кіріңдер де, тезірек дауыс беріңдер» деп үндеу жасапты. Ал көлікке менің суретім бейнеленген плакаттарды көргендер «Мұны біз де әзірлегіміз келеді» деп бір плакатты өз үйлеріне алып кетсе керек. Телеарналарда, радиоларда, такси, маршруткаға мінетіндер біліп-естіп жүрсін деп дауыс беру туралы арнайы хабар таратыпты. Туған жерім Хожеліде кезінде атағы жер жарған үлкен базар бар. Бұрынырақта Ұлы Жібек жолының көпестері осы жерге келіп, сауда-саттық жасайтын болған. Кеше сол базарға кірген кезде ішінде менің суреттерім бейнеленген плакаттар ілулі тұрғанын көріп, төбем көкке бір елі жетпей қалды. Қарақалпақстанда осындай қолдауға ие болғаныма Аллаға шүкір! Атамекен Қазақстанда да қолдаудан кенде қалған жоқпын. Астанадан басқа қалалар, әсіресе, Алматыдағы жақындарым, аға-бауырларым да қолдауын аямады. Ал корпоратив, шоу жүргізетін асабалар дәл сол тікелей эфир болатын күні QR-кодты мониторға шығарып, «Мұсаға дауыс берейік! Жарты сағат қалды! Ойынды сосын жалғастырамыз» деп маған қолдау білдіріп жатқаны таспаланған видеоларды да көрдім. Сөздің шыны керек, осы жоба барысында әлем бойынша қандас бауырларымыздың ерекше қолдауына ие болдым. Сол үшін барлығына шексіз алғысымды білдіремін!
– Бір белестен өттің, ендігі меже қандай?
– Жоспар көп. Оны дауыстап айтқаннан гөрі, амалға асырып, тек нәтижесін көрсеткім келеді. Ұстанымым сол. «Qazaqstan дауысы» жобасы аяқталғаннан соң тәлімгерім Қуандық Рахым екеуміз біраз жерді аралаймыз деген едік. Соның ішінде Қазақстан ішін аралап, содан соң Өзбекстандағы қандас бауырларды қуантпақ ойымыз бар. Қарақалпақстанда да концерт қоюды жоспарлап отырмыз. Ал жеке шығармашылығымды сөз етсем, биыл қазақша әрі авторлық әндер шығарып, тыңдарманды қуантқым келеді. Сосын «Qazaqstan дауысы» жобасынан да үлкен бір байқауға қатысу жоспарда бар. Ол үшін тыңғылықты дайындалу керек.
– Ал Қазақстанмен арадағы байланыс үзіліп қалмайды ғой? Ара-тұра келіп тұрасың ғой?
– Ара-тұра емес, мен сонда біраз уақыт болатын сияқтымын. Ташкенттегі оқуымды реттестіріп алған соң, бұйырса, Қазақстанға ораламын. Шығармашылық процесімді Қазақстанда жалғастырмақпын. Анығырақ айтсам, Астана мен Алматының арасында шапқылап-шауып жүремін.
– Өнерің өрге жүзсін! Әңгімеңе рахмет!
Сұхбаттасқан –
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ