Ұлу жылы қандай жыл?

Бір қызығы, ұлу жылы әрдайым кібісе жылға ту­ра келеді екен. Төрт жылда бір рет қай­таланып келетін кібісе жыл 366 күнге жал­ғасады.

Ұлу жылы қандай жыл?
ашық дереккөз
3076

Тағы бір күнтізбені түгесіп, өткен күннің есебін түгендейтін уақыт та жылыстап жетті. Қоян жылын шығарып салып, баяу жылжып келе жатқан ұлу жылын қарсы алмақпыз.
Сонымен, ұлу жылы қандай жыл? Бұл жылдан не күтеміз? Ұлу жылы туған адамдар қандай болады? 

Ұлу, көбінесе суда жүретін жануар бол­ғандықтан, бұл жылы құрғақ­шы­лық болмайды деген түсінік қалып­тас­қан екен. Жыл, негізінен тынышт­ық­пен, береке-молшылықпен өткен. 
Түркі жұрты оның ішінде қазақтар да ұлу жылы астық, шөп мол болады деп жо­рамалдаған. Соған қарағанда бұл ха­лық үшін жайлы, жұмсақ жылдар қа­та­ры­нан орын алса керек. Дегенмен ұлу да жай­сыз болып келген жылдар бар. Оған Бейім­бет Майлиннің «Ұлу» деген өлеңі (1917 жылы жазылған) дәлел болады. Бұл өлең жолдарында ақын ұлу жылы оның ал­дындағы жыл – қоян жылының жалға­сы болғанын, яғни жұт жалғасқанын жазады. 
Бір қызығы, ұлу жылы әрдайым кібісе жылға ту­ра келеді екен. Төрт жылда бір рет қай­таланып келетін кібісе жыл 366 күнге жал­ғасады.

Ұлу жылы қандай тарихи оқиғалар болған?


Ұлу жылы – мүшел есебінің бесінші жылы, қоян жылынан соң, жылан жылынан бұрын келеді. Өткен ғасырдағы ұлу жылы 1904, 1916, 1928, 1940, 1952, 1964, 1976, 1988 жылдарға түскен.
Кеңес билігінің алғашқы жылдары ұлу жылы қазақ үшін аса жайлы болды деп айтуға келмейді.
1916 жылғы патша жарлығы орысқа бо­дан болған қазақ ұлтын біріктіре түсті. Жарлық бойынша жұмыстан немесе әкім­шілік ережелері мен талаптарын орын­дау­дан бас тартқан жұмысшыларды түр­­­­меге отырғызуға немесе үш ай мер­зім­ге тұтқынға алуға, болмаса айып ретінде ақ­ша өндіріп алуға кесетін болды. Азық-тү­лік екі-үш есе қымбаттауы да халықтың на­разылығын өршіте түсті. Ортақ идея кү­шейіп, қазақ азаматтарын қара жұмысқа кесу туралы жарлық шығарған патша өкі­метіне қарсы ұлт-азаттық көтеріліске ұлас­ты. Бұл көтеріліс қазақ тарихында мәң­гі қалды. 
1928 жылы экономика саласында үл­кен өзгерістер болып, Сталиннің ше­шімі­мен мемлекеттік жоспарлау енгізілді. Осы жылы тарихтағы әйгілі кәмпеске науқаны жүргізілді. 
Дәл осы жылы қазіргі Абай атындағы Ал­маты мемлекеттік университеті – Қа­зақ­стандағы тұңғыш мемлекеттік жоғары оқу орны ашылды. Алғашқыда тіл-мәдениет, физика, математика, жаратылыстану фа­куль­теттері ұйымдастырылды. Оқу орны­ның бірінші ректоры көрнекті қоғам қай­рат­кері, профессор С.Асфендияров болды. 
1940 жылы Қазақстанда 2 580 ірі кәсіпорын жұмыс істеп, индустрияның жалпы өнімі 1940 жылы 1913 жылмен салыстырғанда 7,9 есе өсті. 1940 жылы елі­міз Одақ бойынша көмірдің – 4,2 пайызын; мұ­найдың – 2,2 пайызын, қорғасынның – 87 пайызын, мыстың 21 пайызын өндірді. Осы жылы Қазақстанда 57 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеді. Бұларда 1 700-ге жуық қызметкер еңбек еткен. 
1988 жылы шындық ашылып, әділет­тілік орнады. Себебі осы жылы Алаш арыс­тары ақталған болатын. Наурыз мейрамы да қайта тойлана бастады.
2000 жылы ел тарихында «Мәдениетті қол­дау жылы» ретінде қалды. Бұл жылдың бас­ты оқиғаларының бірі – түркі жұр­ты­ның рухани орталығы болған Түркістан қа­ласының 1 500 жылдығын ЮНЕСКО дең­гейінде атап өтуі болды. Рухани ке­мел­дену жылына айналған кезекті ұлу жы­лында елімізде 757 мәдениет мекемесі ашыл­ған. Бұрынғы Семей полиго­нын­дағы соңғы ядролық сынақ алаңы жойыл­ды. 23 тамызда Қазақстан Рес­пуб­ликасының Ұлттық қоры құрылды.

Ұлу жылы дүниеге келген адамдар қандай болады?


Дегенмен жалпы ұлу жылы өте жай­лы, жұмсақ жыл болып есеп­теледі. Стихиялық белгісі – ағаш. Сон­дықтан да ұлу жылы бейбіт өмірді сүйе­тін, жайлы, мамыражай тыныш­тық­ты жаны қалайтын, ақылды да зерек адам­дар осы жылы туады деседі. Тек бір кем­шілігі тез ренжігіш, қырсықтау ке­леді екен.

Ұлу жылы қандай тұлғалар туған?


Ұлу жылы туған тұлғалардан ең әуе­­лі энциклопедист-ғалым Жүсіп Ба­ла­сағұн (1016), ғұлама Әнет баба (1628), Қарасай батыр (1664), Шал ақын (1748), күйші Дәулеткерей Шығайұлы (1820), күйші Абыл (1820), қазақтың алғашқы ре­жиссері Жұмат Шанин (1892), ар­хеолог-ғалым Әлкей Марғұлан (1904) бар. Осы жылы туған саясаткерлер ара­сында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев (1940) та бар. Белгілі сазгер Ескендір Хасанғалиев те ұлу жылында дүние есігін ашқан еді.
Әйгілі философ, математик Омар Хайям (1048), атақты жазушы, детектив жанрының негізін қалаушы Эдгар По (1810), әйгілі қаламгерлер Льюис Кэр­ролл (1832), Дж.Р.Толкиен (1892), Иосиф Бродский (1940), Максим Горький (1868) де – ұлу жылы туғандар қата­рын­да.
Ал әлемнің жаратылысы мен тыл­сымына көз тіккен философтар ара­сы­нан Фридрих Ницше (1844), Фридрих Эн­гельс (1820), Освальд Шпенглер (1880), Жан-Жак Руссо (1712), әйгілі Им­мануил Кант (1724) сынды алыптар бар.
Саясаткерлердің арасында Жанна д’Арк (1412), орыс патшасы Николай II Романов (1868), Америка Президенті Авраам Линкольн (1810), Эрнесто Че Гевара (1928), Ресей Президенті Вла­димир Путин (1952), Франсуа Миттеран (1916), Эдуард Шеварднадзелерді (1928) атауға болады.


Жалпы, жыл санаудағы ғасырлар бой орныққан болжамға сүйенсек, ке­лер жыл жайлы, мамыражай болады де­ген үміт бар. Ұлу жылы барша халыққа жақсылық, молшылық әкелсін!

Серіктес жаңалықтары