Рухани бай елдің рухы мықты

Осы жы­лы республикалық мекемелер ұйымдас­тыр­ған мәдени іс-шараларға 2,5 млн адам кел­ген.

Рухани бай елдің  рухы мықты
1443

Уақыт тағы бір жылдың есігін жапқалы тұр! Демек, адамзат қоғамының жыл санауы бойын­ша 2023 жыл енді санаулы күннен соң тарихқа айналады.
Әр жылдың өз табысы, өз жетістігі бар де­сек, біз шолып отырған сала бойынша өтіп бара жатқан жылдың да көңіл қуантар жақ­сы­лығы аз болған жоқ. Әрдайым елді биік рух пен жан тазалығына шақыратын әдебиет пен өнер саласында биыл да көптеген жаңалық болды.


«Халық жазушысы» қайтқан жыл


Қазақстан қаламгерлерінің шығар­ма­­лары әр кезеңде өз дәуіріне сай ха­лық­тың сұра­­нысын қа­на­ғаттандырып ке­ле жатыр. Өт­кен ғасырда, әри­не, кеңес­тік саясат ақын-жазушыларды мем­лекет сая­сатын на­­сихаттауға, көр­кем шығармаларды мем­­ле­кет идео­ло­гиясын жүргізуге пайдаланды. Бірақ со­ның өзінде қазақ қаламгерлері ре­­тін тауып ұлттық мәдениетті сақтауға, ха­лық рухын көтеруге қызмет етті. Бұл орай­да Мұх­тар Әуезов секіл­ді арыны ой­лайтын те­рең білімді прозаиктер, Жұ­бан Молда­ға­лиев секілді батыл ақын­дар цен­зураның бұл­ты төніп тұрған кез­де де бола­шақты ой­лап, қазақ жұр­ты­на өлмейтін шығар­ма­ла­рын қал­дыр­ды. Сондай-ақ Хрущевтің «жы­лымығы» ке­­зін пайдаланып, қазақ ақын-жазу­шы­лары жаңа бағыттағы туын­ды­ларымен қал­ғып кеткен ұлт сана­сын ояту­ға күш сал­ды. Одан берідегі 60-жыл­­дар­да әде­биет­ке келген мықты прозиктер мен ақын­дар ел санасын жаңа туындылары­мен сер­пілтіп, барынша шы­найы шы­ғар­малар жаз­ды. Сөй­тіп, қазақ көр­кемсөзі ру­хани отар­шылдық зар­да­бы­нан бір­тіндеп арыла бас­тады. Ал қазақтың тәуел­сіздіктен бергі жер­дегі әдебиеті на­ғыз ұлт­шыл, елшіл әде­биетке айналды.

Биыл қаламгерлер ода­ғын­дағы басты жаңалықтың бірі − жаңа бас­шы сайлануы болса, ал таза әдеби бағыт­та көптеген жаңалық жүз беріп, қазақ көр­ке­м­сөзі заманға сай дамудың кезекті са­ты­сына көтерілді дей аламыз.
Биыл отандық авторлардың 24 кітабы мем­лекеттік тапсырыспен шығарылып, та­ныс­тырылды. Сондай-ақ әлем классикасы ж­әне дүниежүзілік әдебиеттің үздік үлгілер қа­зақ тіліне аударылып басылуда, сондай-ақ қа­зақ әдебиетінің ең танымал авторла­ры­ның шығармалары бірнеше әлем тілдерінде жарық көріп жатыр.
Биыл қазақтың көрнекті ақын-жазу­шы­лары Мұзафар Әлімбаевтың, Кемел Тоқаев­тың, Өтебай Қанахиннің, Тахауи Ахтанов­тың 100 жылдық мерейтойлары кең түрде атап өтіліп, кітаптары шығарыл­ды, рес­пуб­ликалық деңгейде ғылыми-тә­жірибелік көн­ференциялар өтті. Олардың арасында кейбірінің шығармалары елі­міз­ден сырт жер­лерде де насихатталды, мә­селен, қазақ де­тективінің көрнекті өкілі Ке­мел Тоқаев­тың кітаптары өзбек, әзер­байжан тілдерінде басылып шықты.
Солтүстік Қазақстан облысының ор­талығы Петропавл қаласында қазақ әде­биетінің жарық жұлдызы, өшпес мұра қалдырған ұлы ақыны Мағжан Жұм­а­бай­дың 130 жылдық мерейтойына орай ха­лық­­ара­лық ғылыми конференцияның өтуі де 2023 жылдағы қазақ әдеби өміріндегі мерейлі іс-шара дер едік.
Биыл 17 маусымда Түркістан қаласында өт­­кен Ұлттық құрылтайдың екінші оты­ры­сын­да сөйлеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық әдебиетімізге қатысты айтқан сөзінде:
«Жалпы, мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қол­даймын. Туындылар оқырмандарға қол­жетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал жа­зу­шыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе, жастар арасында сұра­нысқа ие болуы керек. Мұның бәрі – мемле­кеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті. Оқырман қауым қаламгерлерден ха­лыққа рухани азық болатын тың дү­ниелер күтеді. Жазушылар одағы осы жұмысқа ұйытқы болады деп сенемін. Осы­ған байланысты, мен Мереке Құлкеновтің «Қазақстанның халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл атақ атына – заты сай, лайықты, туынды­лары арқылы халық сүйген жазушыларға ғана берілуі керек деп санаймын» деген еді. Солайша Мемлекет басшысының бұл сө­зі­нен кейін «Қазақстанның халық жазу­шы­сы» атағы қалпына келтіріліп, биыл ол бел­гілі қаламгерлер – Төлен Әбдікұлы, Сма­ғұл Елубай, Бексұлтан Нұржекеев, Софы Сма­таев, Ахметжан Аширов, Любовь Шаш­коваға берілді.
Солайша биылғы жыл қазақ әдебиеті үшін жетістіктері мол жылдардың бірі бол­ды дей аламыз.

Сахнаның тартысқа толы өмірі


Соңғы жылдары мемлекетіміз мәдениет саласына көп көңіл бөліп жатыр. Оның айқын көрінісі − жаңадан салынып, ашы­лып жатқан түрлі өнер орталықтары, театр­лар, концерт залдары, т.б. мәдени ме­­­кемелер.
Елімізде алдағы төрт жылда 1025 мә­де­ниет мекемесі жөнделіп, жаңа 220 нысан са­лынбақ, Ал биыл Қазақстанда 35 мә­дениет нысаны салынды. Жаңа ғимараттар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Абай, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Түр­кістан облыстарында ашылды, сондай-ақ 238 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ел халқының мәдени іс-шараларға қы­зығушылығы артуда. Атап айтсақ, осы жы­лы республикалық мекемелер ұйымдас­тыр­ған мәдени іс-шараларға 2,5 млн адам кел­ген. Соның ішінде 2167 спектакльді 1 мил­лионнан аса көрермен тамашалап, му­зейлерде өткізілген 698 мәдени іс-ша­раларға 515 мыңнан астам көрермен кел­ген. Ал «Астана Опера» театрының қойы­лым­дарына 134 мыңға жуық өнерсүйер қауым келген, оның төрттен бірі театрдың гастрольдік сапарларына тиесілі.
Биыл Қазақстанның театрлары тұңғыш рет қойылымдардың жартысынан көбін өз қаражаты есебінен қойылған. Мәселен, 11 рес­публикалық театр 66 жаңа қойылым жа­саса, соның 32-сі бюджет есебінен, 34-і өз қаражаты есебінен сахналанған. 
Биыл еліміздің әртістері де көптеген ха­­лықаралық жүлде алып, лайықты баға­ланды. Мәселен, «Қазақконцерт» әртістері 2023 жылы 23 халықаралық және рес­пуб­ликалық байқаулар мен фестивальдарда арнайы сыйлықтар мен номинациялардың лауреаттары мен жеңімпаздары атанды. Ал Оң­түстік Кореяның Тэгу қаласында өткен Daegu International Musical Festival (DIMF) ха­лықаралық фестивалінде қазақстандық «Роза Бағланова» мюзиклі үздік деп та­ны­лып, бас жүлдеге ие болды. Ал басты рөлді сом­даушы Зарина Макина «Үздік әйел рөлі» но­минациясы бойынша жеңімпаз атанды. КСРО және «Қазақстанның Халық әртісі», «Қазақстанның Халық қаһарманы» Роза Бағ­ланованың 100 жылдық мерейтойына ар­налған Халықаралық фестиваль өтті. Оған Фран­ция, Германия, Ұлыбритания және оған Корея театр ұжымдары да қа­ты­сып, барлығы 16 мюзикл көрсетілген.
2023 жыл қазақ музыка өнері үшін де та­бысты жыл дей аламыз. Жас қазақ дом­быра­шылары «Open Italy» конкурсында 24 елдің ішінде үздік деп танылып, бас жүлдеге ие болды. «T&Y» домбырашылар дуэтінің әртістері Темірлан Олжабай мен Ернат Нұр­бергенұлы жыл сайын Италияның Пе­заро қаласында өтетін «Оpen Іtaly 2023» ас­пап­тық орындаушылардың халықаралық му­зыкалық байқауында (биыл оған 24 ел­ден келген үміткерлер қатысқан) өнер көр­сетіп, топ жарды. Қорыта айтсақ, өткен жы­лы 65 жас талант халықаралық және рес­публикалық конкурстардың лауреат­тары мен дипломанттары атанған. 
Биыл Қазақстан Республикасы Пре­зи­ден­тінің Жарлығымен Қ.Қуанышбаев атын­­­дағы мемлекеттік академиялық музы­калық-дра­ма театрына «Ұлттық» мәртебе берілді.
Осы жылдағы маңызды жаңалықтың бі­рі − «Қазақстанның Халық әртісі» құр­мет­ті атағының қайта қалпына келтіріліп, оның танымал өнер адамдарына берілуі де­сек, ол атаққа театр және кино актерлері Д.Ахимов, М.Токарев пен Д.Ақмолда, опера әншілері Ш.Әбілов пен Т.Күзенбаев, атақты әншілер Р.Стамғазиев, Д.Құдайберген және күйші А.Үлкенбаевалар ие болды.

Қазақ киносының бүгіні


2023 жылы қазақстандық фильмдер мемлекет қолдауымен халықаралық кино­фес­­тивальдерде үздік марапаттарға ие бол­ды. «Паралимпиадашы» фильмі Үнді­стан­ның Мумбай қаласында өткен Шанхай Ын­тымақтастық Ұйымы елдерінің кино­фес­тивалінде «Үздік ер адам рөлі» сый­лы­ғын иеленді. Сондай-ақ «Арқау өзек» – Ба­­куде өткен Қорқыт ата фес­ти­ва­лін­дегі «Үз­­дік деректі фильм» атан­са, «Жам­­был. Жаңа дәуір та­­ри­хи-көр­кем» фильмі қазы­лар алқа­сының ар­найы жүл­десімен ма­ра­пат­талды. «Бауы­ры­на салу» фильмінің әлем­­­­дік пре­мьерасы Ис­па­нияның Сан-Се­бастьян қа­ласында өткен 71-ші халық­ара­лық кино­фес­тивальдің «Жаңа режиссерлер» кон­курстық бағ­дарламасына өтті. Сондай-ақ бұл фильм Авст­ра­­лиядағы Asia Pacific Screen Awards Азия киносының жүлде­гері болды. 
«Ағайындылар» фильмі Авст­ра­лия­да Asia Pacific Screen Awards Азия ки­носый­лы­ғы­ның жүлдесіне ие болып, XV Ташкент ха­­­лықаралық кинофестивалінде «Үздік ре­жиссер» номинациясын иеленсе, «Обу­чение Адемоки» кинокартинасы сол ки­но­фестивальда қазылар алқасының арнайы сый­лығына лайық деп танылды.
Жалпы, соңғы жылдарда қазақ фильм­дері соңғы жылдарда түрлі ха­лықаралық кинофестивальдарда өзінің даралығын танытып, шетелдіктердің оң бағасына ие болып жүр.
Ал қазақ фильмдерінің өз отанында та­­бысқа жетуіне келсек, 2023 жылы Qazaqstan Ұлттық телеарнасының тап­сы­ры­сымен түсірілген 6 сериялы те­лехикаяның ық­шамдалған нұс­қасы ретінде фильмге ай­нал­ды­рылып, «Мәржақып. Оян, қазақ» де­ген атпен қыркүйек айында киноп­ро­кат­қа шығарылған болатын. 21 қыркүйек пен 4 қа­зан арасында Kinopark пен Kinoplexx же­лісінде фильм табысты түрде көрсетілді. Екі ап­таның ішінде оны 140 000 адам көр­ген. «Оян, Қазақ» фильмі 3 күнде 107 067 000 теңге табыс тапқан!
Одан соңғы отандық табысты те­ле­хи­кая­ның бірі Qazaqstan Ұлттық арна­сы­ның тап­сырысымен түсірілген «Қорқыт» се­риа­лы. 4 бөлімнен тұратын бұл тарихи теле­хи­кая 16-17 желтоқсанда Qazaqstan Ұлттық телеарнасынан көрсетілді. Сондай-ақ бұл те­лехикая Түркияның «TRT», Әзер­бай­­жан­ның «AzTV», CBC TV арналары, Қыр­ғыз Рес­­­публикасының «КТРК» және Өз­­­бекстан мем­лекеттік телерадиоком­па­ни­ясы ар­қы­лы түркі мемлекеттерінің ау­ди­ториясына ұсы­нылды. Телехикаяны атал­ған елдерде тү­рік, қырғыз, әзербайжан, орыс тіліндегі дуб­ляжбен тамашалайтын болады.
Ал «Қорқыттың» YouTube желісіне жүк­тел­ген сериалдарын он шақты күнде 233 мың­нан аса адам тамашалаған.

* * *

Қазақстанда сурет өнері де жоғары дең­гейде дамыған өнердің бірі. Еліміздің сурет­шілерінің талайы шетелдерге танымал, олар­дың қылқаламдарынан шыққан ға­жайып небір картиналар елімізді былай қой­ғанда, шетел музейлеріне көрік беріп тұр. 
Расын айтсақ, бүгінде өнердің басқа тү­­ріне қарағанда елімізде сурет өнері сәл на­зардан жырақ қалып тұр деуге болады. Ол біздің суретшілеріміздің кі­нә­сінен емес, өнердің бұл түрін қолдау­шы­лар­дың азды­ғы­нан десе болар. Дегенмен қазақ сурет­ші­лері қолдау аз деп қарап жат­қан жоқ, бәрі өз бетінше еңбектеніп, шеберханаларында уақытпен санаспай тер төгіп, небір ғажайып туындыларды өмірге әкеліп жатыр. Олар­дың арасында жастар да көп, түрлі бағытты ұстанатын қылқалам шеберлері де жетіп артылады. Былай қара­ғанда, ел біле бермеуі мүмкін, ал шын мә­нінде суретшілердің саны еліміздегі өзге шығармашылық ұйымдардың мүшелерінен аз емес.
Биыл Қазақстан Суретшілер одағының басты жаңалығының бірі − шығармашылық ұйымның құрылғанына 90 жыл толуы дер едік. Әбілхан Қастеев атындағы Мемле­кеттік өнер музейінде Қазақстан Респуб­ли­касының Суретшілер одағының 90 жыл толуына орай халықаралық көрме болды. Оған суретшілердің соңғы екі жылда орын­даған туындылары ұсынылып, олардың барлығы да алғаш рет көрмеге қойылды. Кар­тиналары халық назарына ұсынылған суретшілердің қатарында еліміздің барлық қалалары мен аудандарынан келгендер табылады. Сондай-ақ көрмеге Қырғыз Рес­публикасы, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжік­стан, Грузия, Литва, Бурятия суретшілерінің туындылары да қойылды.
Қазақстан Суретшілер одағының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ел тари­хын­да алғаш рет Алматы қаласында грузин сурет­шілерінің көрмесі өткізілді. Сурет өне­ріндегі үш ұрпақтың танымал өкілдері − грузин суретшілері 90-нан аса туын­дылары Қазақстанның мәдени астанасы − Алматы тұрғындарының назарына ұсынылып, олар­дың өнері керушілдері өздерінің керемет жарқын өнерімен таңғалдырды.

Қасымхан БЕГМАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары:

− Әр жылдың өз жетістігі болады десек, биыл да қазақ әдебиетінде көптеген жаңалық жүз берді. Оған көп­теген қаламгеріміздің кітаптары жарық көріп оқыр­ман қолына тигенін, әдебиетіміздің көрнекті өкіл­дерінің атаулы мерейтойларының лайықты дәрежеде ата­лып өткенін, Қазақстан Жазушылар одағының әде­биетті насихаттау мақсатында көптеген ұйыммен, жо­ғары оқу орындарымен біріккен меморандумға қол қойғанын атап өтсек болады. Сондай-ақ қазақ қалам­герлері түрлі ұйымдарда, мерекелерде кездесулер ұйымдастырып, қазақ әдебиетінің жетіс­тіктерімен халықты таныстырды. Сонымен бірге қазақ жазушыларының кітап­тары шетелдерде жарық көрді және Одақ басшылығы көптеген халықаралық шараға қатысты.
Мемлекетіміз биыл да қазақ қаламгерлерінің мемлекеттік тапсырыспен шы­ғарумен бірге қаламгерлерімізді мемлекетттік наградалармен мара­пат­тады. Оның ішінде жазушы Әкім Таразиге Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілуі − еліміздің қазақ әдебиетіне деген үлкен құрмет деп білеміз.
Әдебиет те мемлекеттік маңызы бар өнер түрі. Оны дамыту, қаржы­лан­дыру ісі мемлекеттік тұрғыдан толық шешілсе, ол қаламгерлерге де, халыққа да зор пайдалы іс болмақ. Алдағы кезеңде бұл маңызды шаруа да өз деңгейін­де шешіліп жатса, халқымыз туған әдебиетіміздің жетістіктерінен толық ха­бар­дар болып, кітап оқитын, сол арқылы тілі дамыған, рухани бай елге ай­налары анық.

Аманкелді МҰҚАН, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының театр және кино бөлімінің меңгерушісі:

− Театр шығармашылық өмірі фестивальге қа­тысумен бағаланатын кезеңде тұрмыз. Бұл жақсы ма жаман ба, пайдалы ма жай кезекті мал­ша­шу ма уақыт өзі реттейді. Бір жылда өткен фес­ти­валь санына екі қолдың саусақтары жетпейтін күн кешудеміз. Шүкір­шілік. Бастысы арасы алшақ ор­наласқан отандық театрлар арасын жалғайтын тығыз шығармашылық байланыс, озық тәжіри­бесімен бөлісетін тағылымды кеңістік пен пікір алмасу қызу жүруде. Өнерпаздар үшін қымбат басқосулар. Республикалық, қалалық, облыстық, авторлық, мерейтойлық, халықаралық т.б. болып жалғаса беретін фестивальдің де фестивалі бар екені бізге мәлім. Әрқайсысы өзіндік мақсаты бар, түрлі міндет атқаруда. Республикалық театр фести­ва­лінің орны бөлек. Ең үздік деген жаңа қойылымдар таңдалып көрсетіледі. Өзге де өзіндік ұстанымы, қайталанбас қолтаңбасы, тағылымдық берері мол бере­келі шығармашылық алаңдар тек көңілді марқайтады.
Отандық авторлардың ұлық шығармалары мен замандас авторлардың өзекті туындыларын фестивальдік жарнамада кең орын алуы алдағы күн тәртібінде. Әлі сахнада қойылмаған, қойылса да бүгінгі күн алға тартқан өзек­ті мәселелер деңгейіне қайта оқылуға тиіс пьесалар мен көркем шығар­ма­лар өзі­нің режиссерін күтіп қалды. Болмаса өзінің көркемдік құндылы­ғы­мен, қа­зіргі адам мен қоғамға айтар терең ойымен кез келген әлемдік клас­сик авторлар туын­дысынан кем түспейтін шығармалар жеткілікті. Өт­кен жылға өкпе жоқ, ал 2024 жыл еліміздің тарихы, мәдениеті мен өнері үшін ерекше жыл болмақ.

Өмірбек ЖҰБАНИЯЗ, Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы:

− Бұл жыл қазақ сурет өнері үшін де та­­бысты болды деп айта аламын. 6 мем­ле­кет өкілдерінің қатысуымен ТҮР­К­СОЙ аясында Ташкентте Көркемсурет ака­­демиясының құрылуына келісім жа­­садық. Амандық болса, ол келісім кү­­шіне мініп, түркі елдерінің Көркем­су­рет академиясы құрылып қалар. 
Тұңғыш рет Кеңес одағы кезінде де, тәуелсіздіктен бергі жер­де де болмаған жаңалық − елімізде Грузия суретшілерінің көр­ме­сін жасадық. Ол елден суретшілер одағы басшысымен бірге 3 адам келді. Қазақстан Суретшілер одағының халықаралық көр­ме­сі өтті, оған 10 ел қолдау білдіріп, өкілдерін жіберді. Олар көр­­меге әкелген туындыларын Алматыдағы Қастеев музейіне, Астанадағы Ұлттық музей қорына қалдырамыз деп шешті. Мұны біздің елімізге деген, қазақ өнеріне деген құрмет деп түсінуіміз керек.
Қытайда «Бір ел − бір белдеу» жобасының аясында үлкен көр­ме жасап, соған қатысып қайттым. Оған Орталық Азиядағы 5 елдің өкілдері қатысты. Сөйтіп, алты ел бірігіп суретшілердің ха­лықаралық ассоциациясы құрылды.
Биыл Алматыда қалалық әкімшіліктің қолдауымен «Өнер диалогы − диалог өнері» симпозиум өтті.
Сондай-сондай жаңалықтарымыз бар. Мемлекеттен қолдау бол­са, халықта қызығушылық артса, қазақ сурет өнері шарықтай береді деп үміттенеміз.

Айболат ЖАУДЫР, 
Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Бізге «Ұлттық театр» мәртебесі берілді


2023 жыл Қалибек Қуанышбаев атын­дағы мемлекеттік академиялық қа­зақ музыкалық драма театры үшін табысты жыл болды. Мау­сым айында «Жошы хан» тарихи драмасының премьерасын Пре­­­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев келіп тамашалады. Тарихи дра­­маның авторы – белгілі жазушы-драматург Думан Рамазан, қою­шы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бо­лат Ұзақов. Мемлекет басшысы қойылымды тамашалаған соң туын­ды авторымен және театр ұжымымен әңгімелесті. Пре­зи­дент театр ұжымына шығармашылық табыс тілеп, өнер орда­сы­на Ұлттық мәртебе беру жөнінде шешім қабылдағанын айтты. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап театрымызға «Ұлттық театр» мәр­тебесі ресми түрде беріледі.
 2023 жылы театр 6 спектакльдің премьерасын ұсынды. Құр­манғазының 200 жылдығына орай, театрымыздың халық аспап­тар ансамблі «Күй атасы - Құрманғазы» атты концертін ұсынды. Ма­мыр айында 10 қойылыммен Алматы қаласында гастрольдік са­парымызды өткіздік. 
Сонымен қатар мамыр айында театр репертуарындағы «Қы­зыл алма» лирикалық комедиясы MIT (Mostra internional de teatro) халықаралық театр шоуының бағдарламасына еніп, Пор­тугалия мемлекетінің Брага, Майа қалаларында көрсетілді. Еу­ропа мен Азия елдері арасындағы мәдени көпірді жалғастыру мақ­сатында ұйымдастырылған фестивальге Қазақстан, Кипр, Гру­зия, Италия, Португалия, Қырғыз Республикасы, Украина, Өзбекстан елдерінің театрлары қатысты.
Қыркүйек айында Қарағанды қаласында Қалибек Қуа­ныш­баевтың 130 жылдығына арналған «Сын – шын болсын» рес­пуб­ли­калық театр фестивалі театрымыздың «Абай» спектаклінің ар­найы көрсетілімімен ашылды. Авторы – М.Әуезов. Режиссері – Ә.Оразбеков. 
«Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» музыкалық драмасы КСРО Халық ар­тисі, қырғыз халқының көрнекті театр және кино актрисасы Ба­кен Қыдыкееваның 100 жылдығына арналған АРТ ОРДО-2023 Ха­лықаралық театр фестивалінде көрсетіліп, Гран-при жүлдесіне жә­не «ТҮРКСОЙ» Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының ар­­найы сыйлығына ие болды. (авт: Ғ.Мүсірепов, реж: Г.Бал­пейі­сова). 
Қазан айында Қаллеки театры Қазақстан Республикасы Мә­де­ниет және ақпарат министрлігі мен Солтүстік Қазақстан об­лысы әкімдігінің қолдауымен Петропавл қаласында Темiрбек Жүр­геновтiң 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театр­ла­рының XXIX Республикалық фестивалін ұйымдастырды. 
Театр репертуары көнеден келе жатқан классикалық өнер туын­дыларын заманға сай жаңартып, ұлттық және әлемдік дра­матургиямен толықтырылып келеді. Елімізде және шетелдерде өт­кен бірнеше театр фестивальдерінде биік белестерді бағын­дыр­ған ұжымның алға қойған бағыт-бағдары айқын.

Бақытбек ҚАДЫР, жазушы-журналист, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері:

Túrkistan – менің қаламгер болып қалыптасуыма әсер еткен киелі шеберхана 

– Бір жыл деген әдебиет үшін көп уақыт емес. Аз да емес. Бір автор бір роман яки бір кітап жазып шығаратын уақыт делік. Әрине, ол да сәтіне айналса. Одан қанша нәрсе өзгеруі мүмкін? Сондықтан әдебиеттің бір жылғы қисабын шығару қиын. Авторға да сол. Қазіргі әдебиетіміздің дамып, әлде кеміп жатқанын кесіп айтуға келмейді. Өйткені ол салмақпен не көлеммен өлшенбейді. Оның қорытындысы біраз уақыттың ен­шісінде шығар. Ал бәйге, сыйлықтармен өлшесек – біз де ешкімнен кемқор емеспіз. Тіпті, Орталық Азияда ілгерірек келеміз. Биылдың өзінде тоқсандағы ақсақал қаламгеріміз Әкім-Ата Тарази ТҮРКСОЙ ұйымының алтын медалімен марапатталды, ақын Ғалым Жайлыбай Әзербайжанда «Түрік бірлігі» сыйлығының лауреаты атанса, ақын Ұлықбек Есдәулет Қытайдағы BОA халықаралық жыр фестивалінің жеңімпазы болды. Мұның бәрі – ең бірінші әр автордың жеке жетістігі, отбасының қуанышы. Одан кейін ұлт әдебиетінің табысы десе болады. Әрине, жаһандық өнер жарысының шет-шегі бұл емес екені рас. Ол белестерді бағындыруға әдебиетшілердің әлеуеті жетпей жат­қан жоқ. Бұл халықтың, мемлекеттің, ғылымның, демократияның дамуына сай нәрсе деп көремін. Ғ.Мүсіреповтың: «Ұлы әдебиеті болмай, ұлы халық болмайды» дегені сол болса керек. Ал бұлардың қайсысы қайсысын байлап тұрғаны беймәлім. Бір кілтипан бары рас. Біздің әдебиетіміздің бір мұраты сол кілтипанның кілтін тауып жазу шығар. Кілтипан дегенді тек проблема деп түсінуге болмас.  Бұл – бәлкім адамдардың арманы-мұраты, мүмкін санадағы колониализм сарқындары. Қазіргі қазақтың санасы қаншалықты азат, арманы не деген сұрақ толғандыру керек шығар... 
Ал өзіме келсем, осы жоғарыдағы айтылған нәрсенің мен де бір түйір сынығымын. Сыйлық-марапаттан кенде емесіз. Былтыр да Еуропадан кішігірім жүлде алдым. «AMANAT» партиясы жыл сайын ұйым­дастырып келе жатқан «Ұлы дала» әдеби байқауында биыл бірін­ші орын иелендім. Бәйгеге әзірге шартты атауы «Шаштараз» де­ген әңгімеммен қатыстым. Шығарма – басында бір шөкім алтын ай­дары бар баланың тарғалаң тағдыры туралы. Болмашы еңбегім – биіктен бағаланды. Бұған қоса мемлекеттік «Дарын» жастар сый­лығын алуға жас шектеуін 35-ке дейін ұзартты. Бұл дұрыс шешім бол­ды. Өйткені, қазір әдебиетте 29 жасқа дейін өз мүмкіндігіңді көрсетіп үлгеруің қиын. Соның нәтижесіне биыл сол сыйлық маған бұйырды. Лайық көріп, жоғары бағалаған аға-апайларға рақмет. Бұл бізге берілген аванс деп білемін. Жоғарыда айтқанымдай, мұны да жетістік деп қарауға тағы келмейді. Өйткені жазушы үшін өнімді жаз­ғаннан, тұрақты ізденісте жүргеннен өткен барақат жоқ. Бұл тұрғыда алсақ, кім өзін «мен түк өндіріп жатқам жоқ» десін. Қырып жа­тыр­мын десең, оның нәтижесі күзде егін орғанда белгілі болады. Ал өндіре жазып, табысқа кенелем деп асықсаң, әріптерің көп, айта­рың аз болып қалуы мүмкін. Әйтеуір шама-шарқымызға сай тыр­ба­нып жатырмыз. Биыл үш әңгіме жаздым, бір романымның бітпе­ген бау-шуын бүтіндеумен уақытым кетті. Қалай да жемісті жыл болды. 
Бұрын өзім қызмет қылған, халықаралық Túrkistan апталығының ұжымы мінбер ұсынып, сөйлеуге мүмкіндік бергеніне алғысым зор. Осы жетістіктеріме Túrkistan газетінің де үлесі бар. Бұл менің қалам­гер болып қалыптасуыма әсер еткен киелі – шеберхана. Редакция ұжымына рақмет, жаңа жыл табысты болсын! Ұлу жылы ұлы істерге толы болсын!

Серіктес жаңалықтары