Абай университеті мен Жазушылар одағы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Кездесу барысында мәдени және әдеби жобалар арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттауда бірлесіп жұмыс істеу перспективалары талқыланды

Абай университеті мен Жазушылар одағы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды
2444

2023 жылдың 8 желтоқсанында Абай атындағы ҚазҰПУ мен Қазақстан Жазушылар одағы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Абай университетінің ректоры Болат Тілеп пен ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Қалибекұлы қол қойды.

Ынтымақтастықтың басты мақсаты – бірлескен шығармашылық бағдарламалар мен жобаларды, соның ішінде рухани-ағартушылық және әдеби бастамаларды жүзеге асыру, студенттердің мәдени-рухани білім деңгейін арттыруға бағытталған іс-шараларды қолдау, танымал жазушылармен кездесулер өткізу.

Ректор Болат Тілеп өскелең ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп қалыптастыру үшін білім мен ғылымға қолдау, рухани-мәдени және шығармашылық аспектілерді дамытуға баса назар аудару керек екенін атап өтті. Бұл маңызды бастамалар жалпыадамзаттық құндылықтардың дамуын ынталандыруға бағытталған және болашақ жоғары білікті мамандарды даярлауға ықпал етеді. 

Кездесу барысында мәдени және әдеби жобалар арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттауда бірлесіп жұмыс істеу перспективалары талқыланды. Жазушылар мен ақындардың шығармашылығын белсенді түрде насихаттау арқылы қазақ әдебиеті мен поэзиясын қолдау мен дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Меморандум сондай-ақ бірлескен рухани-ағартушылық және әдеби бастамаларды, соның ішінде отандық және шетелдік жазушылардың дәрістерін жүзеге асыруға бағытталған.

Бұл серіктестік Абай университетінің студенттеріне әдебиет пен өнерге терең бойлауға, классиктер мен заманауи авторлардың үздік шығармалары арқылы ұлттық және әлемдік мәдениетпен танысуға мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары