Қазақ терминжасамының өзекті мәселелері талқыланды

Қазақ терминжасамының өзекті мәселелері талқыланды

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Қазақ терминжасамының негізгі әдіс-тәсілдері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Қазақ терминжасамының негізгі әдіс-тәсілдері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Ғылыми жиынға терминология, тіл білімі, аударма ісі және жоғары білім салаларының ғалымдары мен мамандары қатысып, қазақ терминжасамының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, ұлттық терминологиялық қорды жетілдірудің ғылыми және практикалық жолдарын талқылады.

Конференцияның мақсаты – тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында айқындалған «Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту» бағытын іске асыруға үлес қосу, қазіргі қазақ терминжасамының өзекті мәселелерін саралау және ұлттық терминжасамның әдіс-тәсілдерін теориялық әрі практикалық тұрғыдан қарастыру.

Ғылыми жиынды Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басқарма төрағасы Мақпал Жұмабай жүргізді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов құттықтау сөз сөйлеп, терминологияның ұлттық тілдің ғылыми әлеуетін арттырудағы маңызына тоқталды.

«Тіл – ұлттың рухани қазынасы, ғылыми танымының негізі және қоғам дамуының маңызды құралы. Терминология – тілдің ғылым, білім һәм технологиялар саласындағы мүмкіндігін айқындайтын, оның заманауи талаптарға сай дамуына жол ашатын маңызды бағыт.

Қазіргі кезеңде әлемдік ғылым мен технологияның қарқынды дамуы, халықаралық ақпарат алмасудың кеңеюі, цифрлық трансформация және жасанды интеллект құралдарының таралуы ұлттық тілдердің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Мұндай жағдайда терминжасамның ғылыми қағидаттарын жетілдіру, терминдерді игерудің оңтайлы жолдарын белгілеу және ұлттық тілдің ішкі мүмкіндіктерін пайдалану айрықша маңызға ие», – деді Ербол Тілешов.

Конференция барысында қазақ тіліндегі ұлттық терминжасам тәсілдерінің ғылыми негіздері, терминжасамдағы жаңа модельдер мен үрдістер, калька және аударма тәсілдері, кірме терминдерді қазақ тіліне бейімдеу, терминдерді стандарттау мен біріздендіру, сондай-ақ салалық терминжасамның құрылымдық-семантикалық ерекшеліктері қарастырылды. Баяндамаларда ұлттық терминқорды қалыптастырудың теориялық ұстанымдарымен қатар, терминологиялық жұмысты цифрландыру, көптілді аудармада терминологиялық бірізділікті сақтау және түркі тілдері арасындағы терминологиялық ынтымақтастық мәселелері де қамтылды.

Ұлттық терминқор және түркі тілдерінің ортақ мүмкіндіктері

Конференцияның негізгі баяндамаларының бірі Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлының «Қазіргі түрік тілдеріндегі терминжасам үдерісінің тілдік және әлеуметтік-лингвистикалық мәселелері» тақырыбына арналды.

Баяндамашы қазіргі түркі тілдеріндегі терминжасам үдерісінің тілдік және әлеуметтік-лингвистикалық қырларын қарастырып, терминқор қалыптастырудың ұлттық тілдің ішкі мүмкіндіктерімен ғана шектелмейтінін, оның түркі тілдері арасындағы терминалмасым және терминдерді өзара біріздендіру үдерістерімен де тығыз байланысты екенін негіздеді.

Түркі тілдерінің генетикалық жақындығы, ортақ тарихи-лексикалық қоры мен сөзжасамдық мүмкіндіктері жалпытүрік терминқорын қалыптастыруға қолайлы негіз ретінде сипатталды. Бұл ретте терминдерді қалыптастыру мен қолданысқа енгізуде әр тілдің өзіндік ерекшеліктерін ескеру, ортақ тілдік ресурстарды тиімді пайдалану және терминологиялық үйлесімділікті сақтау мәселелерінің маңыздылығы атап өтілді.

Аталған мәселе қазақ терминологиясын дамытуда ұлттық тілдің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану, түркі тілдері арасындағы ғылыми байланыстарды нығайту және терминологиялық тәжірибе алмасуды жетілдіру тұрғысынан өзекті.

Цифрлық технологиялар және терминологиялық бірізділік

Мақсұт Нәрікбаев университетінің профессоры, PhD Айнұр Баекеева «САТ құралдары арқылы көптілді терминологияны аударма тәжірибесінде автоматтандыру» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада көптілді терминологияны компьютер көмегімен аудару құралдары (CAT) арқылы автоматтандыру мәселелері қарастырылды. Зерттеудің негізгі назары терминологиялық бірізділікті сақтау, терминбазаларды қалыптастыру, аударма жадын пайдалану және салалық аудармадағы терминдерді стандарттау мәселелеріне бағытталды.

Қазір жасанды интеллект пен машиналық аударма технологияларының дамуы аударма үдерісіне жаңа мүмкіндіктер енгізіп отыр. Дегенмен салалық мәтіндердегі терминдердің дәлдігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету, бекітілген терминологиялық баламаларды сақтау және аударма сапасын бақылау мәселелері өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Осы тұрғыдан алғанда, CAT құралдары аудармашының жұмысын толық алмастыратын жүйе емес, терминологиялық шешімдерді жүйелеуге, бұрын бекітілген баламаларды бірізді қолдануға және аударма сапасын арттыруға мүмкіндік беретін кәсіби орта ретінде қарастырылды. Баяндамада цифрлық құралдарды тиімді пайдалану арқылы көптілді терминологиялық ресурстарды басқарудың және аударма тәжірибесін жетілдірудің маңызына назар аударылды.

Бұл мәселе қазақ тіліндегі ғылыми және техникалық ақпарат көлемі артып, салалық мәтіндерді бірнеше тілде сапалы әзірлеу қажеттілігі күшейген қазіргі кезеңде ерекше маңызға ие.

Қазақ терминжасамының ғылыми және практикалық бағыттары

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Ысқақ жаратылыстану-математикалық бағыттағы бекітілген терминдердегі терминжасам үдерісін қарастырды. Баяндамада осы салада қолданылатын терминдердің қалыптасу ерекшеліктерін зерделеу, терминжасам тәсілдерін саралау және бекітілген терминдердің жүйелілігін қамтамасыз ету мәселелері қамтылды.

Шәкәрім университеті қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, PhD Ақжібек Ахмет жалпы тіл біліміндегі терминжасам үлгілеріне тоқталды. Баяндамашы терминжасамды тілдің сөздік құрамын ғылыми ұғымдармен толықтыруға мүмкіндік беретін маңызды үдеріс ретінде қарастырып, оның теориялық негіздері мен тілдік заңдылықтарын зерделеуге назар аударды.

Қазақ-Америка университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сара Коянбекова қазақ терминжасамындағы жаңа атаулар парадигмаларының жасалуы және олардың цифрлық модельдері туралы сөз қозғады. Баяндамада жаңа атауларды қалыптастырудың қазіргі бағыттары мен цифрлық технологияларды терминологиялық зерттеулерде қолдану мүмкіндіктері қарастырылды.

Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының жетекші ғылыми қызметкері, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің PhD докторы Марлен Әділов көне сөздердің термин ретінде қайта жандану үрдісі және түркі тілдері арасындағы терминалмасым мәселелерін талқылады. Бұл бағыт ұлттық тілдің тарихи лексикалық қорын терминжасамда пайдаланудың мүмкіндіктерін зерделеуге, көне сөздердің қазіргі ғылыми қолданысқа ену ерекшеліктерін анықтауға және түркі тілдерінің ортақ тілдік ресурстарын зерттеуге негізделген.

Солтүстік Қазақстан университетінің PhD докторы Аида Аубакирова қазақ тіл біліміндегі жаңа терминдердің зерттелуі, жіктелуі және қалыптануы мәселелері бойынша зерттеу нәтижелерін ұсынды. Баяндамада жаңа терминдерді ғылыми тұрғыдан жүйелеу, олардың тілдік ерекшеліктерін анықтау және қолданыстағы терминологиялық нормаларды жетілдіру мәселелері қамтылды.

Баяндамалар қазақ терминжасамын дамытуда тілдің ішкі сөзжасамдық әлеуетін пайдалану, тарихи лексикалық қорды жаңғырту, жаңа атауларды ғылыми негізде қалыптастыру және терминдерді қолданысқа енгізу барысында жүйелілік пен бірізділікті сақтау мәселелерінің өзара сабақтас екенін көрсетті.

Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуетін арттыру

Конференцияның пікірталас бөлімінде қазақ терминологиясының қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, ұлттық терминдерді қалыптастырудың тиімді жолдары және терминологиялық қорды жетілдіру мәселелері кеңінен сараланды. Қатысушылар терминжасамның ғылыми қағидаттарын жүйелеу, терминдерді стандарттау мен біріздендіру, салалық терминологиялық ресурстарды жетілдіру және цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану бағыттарындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Ғылыми жиынның маңыздылығы – терминжасамды жекелеген сөздерге балама ұсынумен шектемей, ғылыми ұғымдарды дәл әрі жүйелі жеткізетін, ұлттық тілдің табиғи заңдылықтарына негізделген терминологиялық жүйе қалыптастыру мәселесі ретінде қарастыруында. Бұл ретте терминдердің ғылыми мазмұнға сәйкестігі, тілдік тұрғыдан қолайлылығы, қолданыстағы тұрақтылығы және салалар арасында бірізді қолданылуы маңызды өлшемдер ретінде айқындалды.

Сонымен қатар түркі тілдері арасындағы терминологиялық байланыстарды дамыту, аударма үдерісінде цифрлық құралдарды тиімді пайдалану және жаңа терминдерді ғылыми тұрғыдан зерттеу қазақ тілінің заманауи ғылым мен технология салаларындағы қолданыс аясын кеңейтудің маңызды бағыттары ретінде бағаланды.

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған республикалық ғылыми-практикалық конференция қазақ терминжасамының теориялық және қолданбалы мәселелерін бір алаңда талқылауға, ғылыми тәжірибе алмасуға және ұлттық терминологиялық қорды жетілдірудің басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Конференцияда ұсынылған ғылыми тұжырымдар мен пікірлер қазақ терминжасамының әдіс-тәсілдерін жетілдіру, терминдерді жүйелеу мен біріздендіру, ұлттық терминологиялық ресурстарды дамыту және қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар үшін маңызды ғылыми-әдістемелік негіз бола алады.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары