Биыл ән өнерінің алдаспаны Шәмші Қалдаяқовтың туғанына – 96 жыл. Ел ішінде «Қазақ вальсінің королі» атанған талантты сазгердің туған күніне орай бүгін Астанада көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған ерекше музыкалық перформанс өтті. Композитордың туған күніне орай Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермендер театрының әртістері көпшілікке кеңінен танымал әндерін қала кеңістігінде орындап, көрерменге тарту етті. Өнерпаздар Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары орындалатын пианино инсталляциясының жанына жайғасып, өнер көрсетті. Перформанс барысында жас өнерпаздар композитордың «Арыс жағасында», «Сағынышым менің», «Бақыт құшағында», «Ана туралы жыр», «Құшақ жайған қандай адам», «Жан құрбым» және «Қайықта» сынды танымал шығармаларын шырқады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Астана қаласы музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров Шәмшінің әндері ұлттың құндылығына айналған, ешқашан ескірмейтін өміршең әндер екенін баса айтты.
«15-тамыз – ұлған-ғайыр мемлекетіміз, әсіресе біздің рухани кеңістігімізде ерекше күн. Бұл күні – қазақ вальсінің королі атанған, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ұлы композитор, мемлекеттік әнұранымыздың авторы Шәмші Қалдаяқовтың дүниеге келген күні.
Шәмші есімі жыл өткен сайын халқымен тұтасып жатыр десем, артық айтпаймын. Расында да Шәмшінің әндері – ұлттың құндылығына айналған, ешқашан ескірмейтін өміршең әндер. Ол тау-тасымыз, өзен-көлдеріміз, ұлы даламыздың болмыс-бітімін өзінің өміршең әндеріне арқау етті. Бүгінде еліміздің қай бұрышына барсақ та, бізді Шәмші әндерімен қарсы алады. Оның әндері сол аймақтың шоқтығы биік туындыларына айналып үлгерді. Мысалы, «Ақерке Ақжайық», «Көгілдір Көкше», «Арқалықтың ақ таңы», «Шалқыған Шәуілдір», «Сыр сұлуы», «Тамдар», «Қайықта», «Арыстың жағасында»....бірінен бірі асып түсетін ғажап туындылар. Бүгінде бұл әндерді аға буын, орта буын, жас буын да шырқайды. Сондықтан Шәмшінің әндері ұлтты, халықты біріктіруші функцияға ие әндер. Шәмшінің әндерінде сонау XVIII–XIX ғасырлардағы сал-серілеріміз, халық композиторларының шығармашылығындағы бір ұлттық үн, сарын бар. Оның қайталанбас шығармаларының ұлттың жүрегінің орын алу себебі де сол», – дейді Асхат Маемиров.
Асхат Маемиров Астана қаласы музыкалық жас көрермен театрының сахнасында өзінің режиссерлігімен сахналанған, Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығынан көрініс беретін «Шәмші» мюзиклінің ерекшелігіне кеңінен тоқталды.
«Жуырда өзім жетекшілік ететін театрдың жетінші маусымы шымылдығын түрді. Осы жеті маусым бойы көрерменнің ықыласына бөленіп келе жатқан қойылымдарымыздың бірі де бірегейі – Шәмші Қалдаяқовтың әндерінің негізінде дүниеге келген «Шәмші» мюзиклі. Бұл мюзиклде көрерменнің алдына үш Шәмші шығады. Біз Шәмшінің жан дүниесін композитор Шәмші, ғашық Шәмші және күрескер Шәмші бейнесі арқылы ашуға тырыстық. Оның бозбала кезінде аруға ғана емес, өмірге деген іңкәрлігін жеткізетін ғашық Шәмші бейнесі және керемет әндерді тудырған кезде шығармашыл тұлға ретінде жан дүниесі ерекше толғанысқа толатын композитор бейнесі және талай қиындықты басынан өткерген күрескерлік бейнесін сипаттадық. Бұл мюзиклде Шәмшінің әндері хор партиямен орындалады. Театрымыздың камералық оркестрі және вокалдық аспаптық ансамбльдің сүйемелдеуімен жанды дауыста шырқалады.
Бір таңданатыным, осы мюзикл болған кезде залда үш буын өкілдері отырады. Лық толы залда сексеннің сеңгіріне келген әкелер мен аналар, елуді еңсерген менің замандастарым және жиырмадан кіші өскелең ұрпақты көріп, риза боласың.
Біз «Шәмші» мюзиклімен бүкіл Қазақстанды араладық. Қай жерге барсақ та, Шәмші мюзиклі сахналанған кезде тұтас зал бізбен бірге спектакль бойы ән айтып шығады. Көрермендерді тек тамашалаушы ғана емес, сонымен қатар, спектакльге қатысушы біздің кейіпкерлеріміз деп айтсақ та болады. Спектакльде мұндай құбылыс өте сирек кездеседі. Менің «Шәмші» мюзиклін қойғандағы режиссер ретіндегі мақсатым да сол болған. Шәмшінің бесікте бөленген сәтінен бастап, халық музыкасы бойына ананың әлдиі мен ақ сүті, әкенің тағылымы арқылы сіңді. Оның арман қуын Алматыға барғаны, небір қиын кезеңдер өткерсе де, оның күрескерлік болмысы әндері арқылы азаматтық болмысын да биіктетіп отырды», – дейді ол.
Шәмші Қалдаяқовтың әндері – қазақ халқының қуанышы мен рухын әуезге бөлеген мәңгілік мұра. Сазгердің шығармашылығын алтын тәжге балаған театр режиссері оның жүзден астам әнін жатқа білетінін айтып, Шәмші туындыларының цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде де халықпен бірге жасай беретініне сенім білдірді.
«Шәмші әндеріндегідей мөлдірлік, тазалық, әдемілік, сұлулық, әуезді үн – сирек кездесетін дүниелер. Сондықтан Шәмші Қалдаяқов – біздің Қазақстанның ән өнерінде жарқырап тұрған алтын тәжіміз. Шәмші – Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский секілді композиторлардың арасын жалғаған алтын көпір.
Шәмші әндерінің ұлтымызбен әрқашан бірге жасай беретініне кәміл сенеміз. Оның әндері ешқашан өз өзектілігін жоғалтпайтынына да кәміл сенеміз. Қазақтың кез келген қуанышы, мерейленген, шаттанған сәттеріміздің бәрі Шәмші әндермен өтеді. Мемлекетіміздің Көк байрағы желбірейтін сәтте де Шәмші Қалдаяқов жазған ұлы туынды – мемлекеттік әнұранымыз орындалады. Әнұранымыздың «Алтын күн аспаны, алтын дән даласы...» деп басталатын жолдары адамның бойын шымырлататын ерекше қуатты музыкамен сүйемелденеді.
Шәмші – халқын сүйген ұлы тұлға. Өз жүрегінен шыққан жүрекжарды әндерін халыққа арнады. Өз кезегімде айтарым жүректен туған дүние жүрекке міндетті түрде жетеді. Сондықтан қазіргідей цифрландыру, жасанды интеллект ғасырында да Шәмші әндері халықпен бірге жасай береді.
Біз Шәмшінің туған күнінде де отбасымыз болып оның әндерін шырқауды дәстүрге айналдырдық. Театрда да Шәмші әндері жиі шырқалады. Менен «Шәмшінің ең жақсы көретін әні қайсы?» деп сұраса, мен айта алмайтын едім. Өйткені менің жан дүниеме Шәмшінің бүкіл туындылары жақын. Мен тек қойылым режиссері ретінде ғана емес, сонау мектеп қабырғасынан бастап, Шәмшінің әндерін санама сіңіріп келемін. Шәмшінің жүзден астам әндерін жатқа білемін. Сондықтан Шәмші – тек өнер кеңістігінде, театр әлемінде ғана емес, өмірде де маған бір темірқазық болатын, менің суреткерлік әлеміме шығармашылық серпін беретін ұлы тұлға», – дейді ол.