Түркістан – Павлодар пойызының жолсерігі қамауға алынды

/
Түркістан – Павлодар пойызының жолсерігі қамауға алынды
видеодан скриншот

Түркістан – Павлодар бағытындағы жолаушылар пойызының жолсерігі есірткі тасымалдады деген күдікпен ұсталды. Оның тұрғылықты жерін тінту барысында бес келіден астам гашиш тәркіленген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, 39 жастағы жолсерік биыл қазан айында қолға түскен. Құқық қорғау органдары оның есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысы болуы мүмкін екенін анықтаған. Тергеу барысында күдіктінің тұрғылықты мекенжайына тінту жүргізіліп, ірі көлемдегі есірткі заты табылған.

"Қазанда Түркістан – Павлодар бағытындағы жолаушылар пойызының 39 жастағы жолсерігі ұсталды. Оның тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізу кезінде 5 келіден аса гашиш табылып, тәркіленді", – деп атап өтті полиция департаменті.

Бұдан кейін тәртіп сақшылары есірткі заттарын жеткізумен айналысуы мүмкін тағы бір азаматты анықтаған. Ол Жамбыл облысының 33 жастағы тұрғыны болып шықты. Полицияның мәліметінше, күдікті есірткіні жолсерікке ақшаға сатқан. Тәркіленген гашиштің қара нарықтағы болжамды құны 18 миллион теңгеден асады.

"Алдын ала бағалау бойынша, тәркіленген есірткі заттарының қара нарықтағы құны 18 миллион теңгеден асады. Көліктегі полиция департаменті есірткі заттарын еліміздің оңтүстік өңірлерінен елордаға жеткізу арнасының жолын кесті", – деп мәлімдеді полиция.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабымен қылмыстық іс қозғалған. Бұл бап есірткі және психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату әрекеттері үшін жауапкершілікті қарастырады.

Қазіргі уақытта полиция есірткі тасымалдау арнасының қалай жұмыс істегенін анықтап жатыр. Сонымен қатар ұсталған жолсерік пен болжамды жеткізушінің басқа да сыбайластары болуы мүмкін деген нұсқа тексерілуде.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары