"Кітап оқитын ұлттың газет оқымауы мүмкін емес" – "TÚRKISTAN" газетінің бас редакторы

/
"Кітап оқитын ұлттың газет оқымауы мүмкін емес" – "TÚRKISTAN" газетінің бас редакторы
Turkystan.kz

Астанада "Қазпошта" АҚ ұйымдастыруымен 2027 жылға арналған мерзімді басылымдарға жазылу науқаны аясында "Жазылушылар күні" өтті. Іс-шара барысында оқырмандарға 3000-нан астам газет пен журналға жазылу мүмкіндігі ұсынылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Аталған шараға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, пошта қызметкерлері мен мерзімді басылымдарға жазылушылар қатысты. Келушілер түрлі тақырыптағы отандық және өзге де газет-журналдардың ұсыныстарымен танысып, өздеріне қажетті басылымдарға жазылу мүмкіндігіне ие болды.

Іс-шара барысында "TÚRKISTAN" газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы мерзімді басылымдардың қазіргі жағдайы, оқырман талғамының өзгеруі және дәстүрлі баспасөздің болашағы туралы пікір білдірді.

"Kazpost" АҚ ұйымдастыратын "Жазылушылар күні" дәстүрге  айналды десек те болады. Бұл күнді БАҚ өкілдері де, пошта қызметкерлері де, жазылушылар да асыға күтеді. Бұл да баспасөзге  жазылу науқанын  қыздыра түсетін іс-шараға айналды. 

Алыс ауылдарға дейін біздің басылымдарды жеткізіп отырған пошта қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. 

Бүгінгі таңда газет-журналдардың оқырманы азайғаны рас. Өйткені жұртшылық жаңалықты әуелі әлеуметтік желі мен сайттардан оқып алады. Сондықтан бүгінгі газеттер сараптама мен интеллектуалды дүниелерді көбірек бергені абзал. "TÚRKISTAN"  дәл осы бағытта жұмыс жатыр. Сонымен бірге басылымның ұдайы көтеретін тақырыптары да бар. Бұл туралы Мемлекет басшысы біздің газетімізге берген сұхбатында: "Басылым тілшілері ел ішіндегі өзекті мәселелермен қатар, тұтас түркі жұртына ортақ тақырыптарды да көтеріп жүреді. Бұл өте жақсы дәстүр деп санаймын. Шетелде жұмыс істеп, түрлі салада табысқа жеткен қазақтар туралы мақалаларды қызығушылықпен оқимын. Қазақстан мен өздері тұрып жатқан елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға үлес қосып жүрген осындай үш азаматты арнайы марапаттадым", – деп тап көрсеткен болатын. Төрткүл дүниеге түгел шашылған қазақтың мәселесін де "TÚRKISTAN" тұрақты көтеріп жүр. 

Жоғарыда аталған сұхбатта  Қасым-Жомарт Кемелұлы "Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр" деп атап көрсетті. Мұның алғышарттары жасалып та жатыр. Мысалы, елімізде кітап оқуға деген көзқарас өзгерді.  Ал кітап оқитын ұлттың газет оқымауы мүмкін емес. 

"TÚRKISTAN"  газетіне жазылыңыздар!" – деді Бауыржан Бабажанұлы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары