Көрермен көңілін арзан әзілмен неге аулаймыз?
Кинотеатрға қай уақытта барсаңыз да, отандық фильмдердің кем дегенде 80 пайызы – комедия жанрында түсірілген фильмдер. «Әннің де естісі бар, есері бар» дегендей, оның да ішінде түрлісі бар.
«Көрермендерді комедия ғана қызықтырады». «Сонда біз басқа жанрда фильм түсірмейміз бе?» Биыл «Оян, қазақ» фильмі осы бекіп қалған түсініктің іргесін сөккендей болды. Дегенмен бәрібір де биыл кинотеатрда көрсетілген фильмдердің көбі комедия жанрындағы туындылар екен. Әдеттегідей, ең көп қаражат жинаған да – солар. Ал сала мамандарының сөзінше, мемлекет қолдауымен түсірілген фильмдер көрерменге жетіп жатқан жоқ...
Сонымен, биыл кинотеатрларда қандай фильмдер көрсетілді? Қай отандық фильм ең көп касса жинады? Жалпы, біз не көріп жүрміз, бізге не ұсынып жатыр? Отандық кинонарықтың ахуалы қандай? Өнімнің сапасы ше?
Көргеніміз – комедия, түйгеніміз – түсініксіз
Ticketon.kz апта сайын жариялайтын ең көп касса жинаған фильмдердің былтырғы қаңтардан бергі тізіміне шолу жасап көрдік. Биыл жыл бойы 35 қазақстандық фильм ең көп көрермен жинаған фильмдер тізіміне енген екен. Олардың көбі – комедиялар. Әр кинотеатр немесе билет сататын әр платформаның дерегін біріктіретін мәлімет жоқ, дегенмен бір ғана дереккөзден алынған мәлімет жалпы ахуалды бағамдау үшін әбден жеткілікті. Сайттың мәліметтеріне сүйенсек, жыл басында «Кореядағы қазақша Бизнес», «Джохан», «Африкадағы Қазақша Бизнес» көш басында тұрған. Бұл ретте Нұрлан Қоянбаевтың екі фильмінің бюджеті
400 000 АҚШ доллары және 800 000 АҚШ доллары болыпты. Бірақ одан кейін шыққан драмалық «Бақыт» фильмі көрермендердің қызығушылығын тудырды. Ал «Міржақып. Оян, қазақ!» туындысына деген халықтың ықыласы тіптен ерекше болды. Туындылар көрсетілімге шыққан алғашқы апталарда рейтингте көш бастамағанымен, кейін комедияларды ығыстырып, бірінші орыннан көрінгенін айтып өту керек. Одан кейінгі апталарда, «Тор» фильмі, «Бүркіт» экшн фильмдері рейтингке шықты. Дегенмен алғашқы орындарға көтеріле алған жоқ.
Ал Rentark порталының мәліметіне, 2023 жылдың басынан 2023 жылғы тамызға дейін кинотеатрлардың прокатына 30 отандық толықметражды картина шыққан, ал касса 7 айда 7 миллиард теңгеден асқан. Көшбасшылар қатарында тағы да «Қазақша бизнес» сериясының бесінші фильмі, сондай-ақ «Тым болмаса кинода» фильмінің екінші бөлімі бар. Жылдың екінші жартысында тағы отандық 35 фильм шығады деп айтылған екен, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 2 есе көп көрсеткіш. Бұл, әрине, кино көрсету нарығындағы отандық киноның үлесі өскенін білдіреді. Дегенмен әдеттегідей биыл да жыл қорытындысы бойынша көш басына комедия жанрында түсірілген туындылар шықпақ.
Былтыр да «Әкім», «Бишарашки», «Оff-line демалыс» сияқты комедия жанрында түсірілген кинокартиналарды тамашалауға халық көп барған екен. Жалпы, 2022 жылы ел кинотеатрларының экранына отандық 38 толықметражды фильм шыққан, кассасы 9,5 миллиард теңгеден асыпты. Zakon.kz дерегінше, елімізде фильм түсірудің орташа құны – 100 миллион теңге, яғни нарықтың жеке тәуелсіз қатысушылары кино өндірісіне шамамен 6 миллиард теңге жұмсаған. Биыл шыққан отандық фильмдердің жалпы саны, қанша ақша әкелгені келер жылдың басында белгілі бола жатар, дегенмен сан жағынан ілгерілеу байқалғанымен, жанрлық ізденіс, жалпы жаңашылдыққа ұмтылыс жағынан ұмтылысты көре алмай отырмыз.
Иә, қай уақытта кинотеатрға барсаңыз да, көрерменге ұсынылған отандық фильмдердің кем дегенде 80 пайызы комедия жанрында түсірілген фильмдер болып шығады. «Әннің де естісі бар, есері бар» дегендей, оның да ішінде түрлісі бар. Сол комедиялардың көбісі тек отбасы, ене-келін, бай мен кедейдің құда болуы сияқты таптаурын мотивтерден әрі аса алмай отырғаны тағы бар. Бұл туралы кәсіби сыншылардың пікірін білетін боламыз, дегенмен көрген киноның көбінен көңілің толмай, «қарның ашып» шығатыны жасырын емес. Бірақ зал да бос болмайтынын айта кету керек. Арзан әзілге деген сұраныс кино түсірушілердің басқа жанрға баруына кедергі болып отыр дейік десек, «Міржақып. Оян, қазақ!», «Бақыт» фильмдері, одан бұрын көрермен көп барған тарихи фильмдер комедияларды бірнеше рет ығыстырды емес пе? Талғам дей берсек, сапа қайда қалады? Ал мәселе көрермен талабы мен талғамында болмаса, кино түсірушілердің басқа жанрға баруына бюджеттің аздығы бөгет пе? Дегенмен кино саласын қолдауға жыл сайын мемлекет ақша бөледі. Мәселен, былтыр киноны қолдауға 5,6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар фильмдерге (оның ішінде анимациялық фильмдерге) 4,95 миллиард теңге жұмсау жоспарланыпты. Сонда біз не түсіріп жатырмыз? Ол фильмдердің бәрі қайда? Неге кинотеатрлардан көре алмаймыз?
Қалған фильмдеріміз қайда?
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының мәліметінше, мемлекеттің қаржыландыруымен әр жылдары түсірілген 29 толықметражды фильм көрермен назарына ұсынуға дайын тұр. Олардың жартысының түсірілімі енді ғана аяқталып жатыр. Ал одан бұрын түсірілген кей туындылар түрлі себепке байланысты әлі де прокатқа шықпаған екен. Осыған байланысты жақында Киноорталықтың басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали бұл фильмдерді 2024 жылы жарыққа шығару мүмкіндіктерін талқылап, арнайы жиын өткізіпті. Төраға ұлттық бірлігіміз бен идеологиямызды дәріптейтін кинолардың көрерменге қолжетімді болуы маңызды екеніне де тоқталған.
– Менен «біздің ұлттық фильмдеріміз қайда?» деп сұрап жатады. Бұл өте орынды сауал. Себебі соңғы жылдары мемлекетіміз кинематография саласына қомақты қаржы бөлгенімен, көрермен оның нәтижесін көрмей отыр. Фильмдер түсіріледі, алайда көбі прокатқа шықпайды. Әр туынды түсіріліп болған соң сөреде шаң басып қалмауға тиіс. Прокат болсын, фестиваль болсын, стриминг платформалар, телеарналар арқылы болсын – отандық көрерменге қолжетімді болуы керек. Бұл халықтың ақшасына түсірілген фильмдер. Сондықтан жауапкершілікті түсініп, оның көрерменге жетуіне күш салу қажет, – дейді Құрманбек Жұмағали.
Экранға шықпаған туындылардың қатарында тіпті 2019 жылғы конкурстың нәтижесінде түсірілген фильмдер де бар екен. Авторлардың көбі фестивальдерге қатысамын деп ұзақ уақыт жүріп қалғандарын айтты. Бұған қоса тарихи оқиғаларға негізделген, ұлы тұлғалардың мерейтойына арналған жобалар да жетерлік болып шықты. Дегенмен қаржыны игеруде қиындықтар да бар екен.
– Бастапқыда мемлекет қаражатына фильм түсіру үшін өздерінің жобаларын асыра мақтап, конкурстан жолдама алған кейбір киногерлер бар. Бірақ соңында жобаларын одан әрі ілгерілету жұмыстарынан өздері бас тартқан. Бұл дегеніміз, олардың мемлекеттік қаржыға деген тек тұтынушылық көзқарасын көрсетеді. Егер фильмнің көрерменге жетуі авторлардың өзіне қызық болмаса, оны түсірудің не қажеті бар? Мұндай компаниялар мен авторлар бойынша Орталық болашақта бір шешім шығаратын болады, – деді Киноорталықтың басқарма төрағасы.
Фильм авторлары туынды шыққан соң кемінде бір жыл халықаралық фестивальдерді аралап, уақытын өткізіп алады екен. Әрі мұндай туындылардың прокатқа шығуы да қиын көрінеді. Орталық қарапайым көрермендер авторлық киноларға көп бара бермейді деген пікірде. Әйтсе де, авторлық фильмдердің де прокатқа шығуына мүмкіндік берілу керек екені ерекше айтылды.
– Әрбір фильмнің ең басты жеңісі – оның өз көрерменін табуы. Біздің мақсатымыз – ұлттық киноны халыққа қолжетімді ету. Себебі отандық кино ең әуелі өзіміздің көрерменге қажет. Сол үшін барлығымыз – Киноорталық, фильм авторлары және дистрибьютерлер бірігіп жұмыс істеуіміз керек, – деп қорытындылады Құрманбек Жұмағали.
Тізімге Асхат Кучинчирековтың «Бауырға салу», Дархан Төлегеновтің «Ағайынды», Кенжебек Шайқақовтың «Айқай», Серік Апрымовтың «Ауыл» және тағы басқа фильмдер кіріп отыр. Бұл картиналар прокатқа келесі жылы шығуы мүмкін екен. Жалпы, дайын тұрған 29 жоба 2024 жылы толығымен жарыққа шығуы керек деген шешім қабылданыпты.
Шетел фильмдері шекараны бұзады
Жалпы, кинотеатр нарығы әлемде табысы көп саланың бірі саналады. Шығыны да аз емес, әрине. Пандемия кезінде айтарлықтай құлдыраған бұл нарық енді-енді оңалып келе жатыр.
Әлем бойынша биыл Гета Гервигтің «Барби» фильмі ең көп табыс тапқан фильм деп танылды. Аты аңызға айналған қуыршақ туралы фильм 1,36 миллиард АҚШ долларын жинап, «Супер Марио: ағайындылар» анимациялық картинасын көшбасшылықтан ығыстырды. Барбидің премьерасы 2023 жылғы 21 шілдеде өткен еді және небәрі 17 күн ішінде миллиард доллар әкеліп үлгерді. Бұл Warner Bros. үшін ең сәтті фильм болды. Бұл туынды біздің елде де бірнеше апта рейтингте көш бастағанын айтып өту керек. Одан кейін атом бомбасының атасы – «Опенхеймер» фильмі де көпшіліктің назарын аударды. Одан бөлек, үндістердің геноциды туралы түсірілген «Ай гүлінің ажалы» фильмі де кассалық фильмдер қатарынан көрінді. Жалпы, мұның бәрі халық әзіл-сықақтан басқа жанрға қызықпайды деген пікірге сын көзбен қарауға түрткі болады.
Биылғы прокатқа шыққан фильмдер, жалпы кинотеатр нарығындағы ахуал туралы сала сыншыларының пікірін білдік. Кинотанушы Еңлік Егеубаеваның сөзінше, маркетиңнің дұрыс болмауы басқа жанрдағы фильмдерге кесірін тигізіп жатыр. Ал киносыншы Дана Әмірбекова саланың мәселесі талғамда да, бюджетте де емес екенін, бізге жаңа көзқарасы бар жаңа толқын жетіспейтінін айтады.
Дана Әмірбекова,
кинотанушы, киносыншы:
Мәселе ақшада емес...
– Өткен жылғымен салыстырғанда, биыл, өкінішке қарай, әр алуан жанрды байқаған жоқпыз. Барлығы дерлік комедия деуге болады. 2022 жылы комедиялардан басқа «Голиат», «Паралимпиадашы», «От», «Дос-Мұқасан», «Патриоттар уақыты», «Қаш» және тағы да басқа фильмдер прокатқа шықты, ал 2023 жылы драмалық фильмдерден тек «Бақыт» және «Тор» фильмдерін атай аламын. Комедия жанрында көрермен назарына ұсынылған фильмдерден тек «Донор» деп аталатын жақсы отбасылық комедия есімде. Бірақ ол 2022 жылы шықты.
2023 жылы көрсетілген фильмдердің 95 пайызы – комедия. Егер көрермен тек комедияларды көруге дағдыланған болса, басқа жанрларға қызығушылық қайдан пайда болады? Егер кассаны тек «сынақтан өткен» комедия жанры әкелсе, авторлар басқа жанрларға қайдан қызығушылық танытады?
Сонымен қатар комедиялардың, әдетте, көркемдік сапасы көңіл көншіте бермейді. Көптеген жеке нарық продюсерлері мен режиссерлері, өкінішке қарай, ең алдымен ақша табу мақсатында фильм түсіреді. Тәжірибе көрсеткендей, оларға «КВН» сияқты арзан әзілді түсіру оңай. Оған қоса, мұндай фильмдердің актерлік құрамында да айырмашылық аз, бірақ бәрінде бір кейіпкер сияқты: бұл комедиялардың көпшілігін бір режиссер түсіргендей әсер қалдырады. Бірақ бұл таза продюсерлік кино болуы мүмкін. Тұщынып көре алмайсың, кәсіби емес, қатып қалған таптаурындар мен стереотиптер. Өкінішке қарай, бүгінде біздің жанрлық продюсерлік кинематографияның бет-бейнесі – осындай.
Шын мәнінде, комедиядан бөлек, қазір басқа жанрдағы фильмдер де түсіріліп жатыр. Бұл негізінен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен, яғни мемлекет қаражатына түсірілген фильмдер. Өкінішке қарай, бұл фильмдердің көбісі әлі прокатқа шыққан жоқ. Жақында ғана ҰКҚМО басшылығы осы фильмдердің авторларымен кездесіп, жаңа фильмдердің көрерменге жетуі үшін, яғни кинофестивальдер мен прокатқа шығуы үшін күш салу туралы үлкен мақсат қойды. Мақсат орындалса, түрлі жанрлардағы ең қызықты тақырыптарда түсірілген жаңа қазақ фильмдерін көретін боламыз.
Талантты авторлар мен режиссерлердің басқа жанрдағы фильмдерді – камералық драмаларды, хоррорлар мен триллерлерді, тіпті детективтерді қыруар бюджетсіз-ақ түсірген кездері көп болған. 7-8 жыл бұрын қазақ киносында қазіргі танымал режиссер Әділхан Ержанов бастаған «партизан киносы» сияқты қозғалыс болды. Оның құрамына бірнеше Жасұлан Пошанов, Серік Әбішев, Асқар Ұзабаев және т.б режисерлер кірді. Олар аз ғана бюджетке драмалық фильмдер түсіре алды. Мұны Еуропа киносындағы «догма-95» сияқты танымал бағытпен салыстыруға болады, даниялық режиссерлер Ларс фон Триер, Томас Винтербергтер ірі студиялар мен конвейер кинотеатрлардың өндірісіне қарсы фильм түсірудің жаңа тәсілін ұсынды. Олардың өздерінің манифестері, ережелері болды, бірақ бұл – басқа мәселе. Дәл бүгін қазақ киносында кадрда да, кадр сыртында да осындай қозғалыстар – жаңа көзқарасы бар жаңа толқын жетіспейді. Жанрдағы әлдебір ерекшелік, жалпы фильм түсіру әдісіндегі әлдебір жаңашылдық кемшін. Сондықтан микробюджетпен тек комедия ғана түсіре аламыз деген жаңсақ пікірден арылу керек. Егер драматургия тұрғысынан ерекше және қызықты болса, тіпті бүкіл фильмді көліктің салонында бір ғана актермен түсіріп шығуға да болады. Қазір бір ғана локацияда түсірілген шетел фильмдері өте көп... Мәселе ақшада емес, идея мен кәсіби сценаристердің жеткіліксіздігінде.
Еңлік Егеубаева
кинотанушы:
Маркетиңнің дұрыс болмауы басқа жанрдағы фильмдерге кесірін тигізіп жатыр
– Биыл прокаттағы топ-3 фильм деп «Бақыт» (реж. А.Ұзабаев), «Міржақып. Оян, қазақ!» (реж. М.Есжан), «Адемоканың оқуы» (реж. Ә.Ержанов) фильмдерін атар едім. Бұл фильмдер біз ұлт ретінде жиі назардан тыс қалдыратын тақырыптарды көтереді: тұрмыстық зорлық-зомбылық, рухани және интеллектуалды деградация.
«Бақыт» фильмі ұзақ уақыт бойы тұншығып келген проблеманы көтеріп, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы үн көтерді. «Міржақып» Алаш зиялыларының тарихы арқылы бізді құлдық сананың бұғауынан құтқарып, ұлттық рухты жандандыруға ұмтылады. «Адемоканың оқуы» күрескер адамның бейнесін қазіргі заман контексі арқылы көрсетеді. Әрине, бұл аталған дүниелер фильмнің бетінде жатқан мәселелер, зер салып қараған сайын олардың қатпарлары да ашыла түседі. Сол себепті, биылғы прокаттағы фильмдердің ішінен салмағы бар осы туындыларды атар едім.
Kinopark-Kinoplexx кинотеатрларына барған кезде сіз жарнамаланып жатқан фильмдердің 90 пайызы TigerFilms студиясының фильмдері екенін байқайсыз. Бұл белгілі бір кинотеатрлар тек белгілі бір студиялардың фильмдерін белсенді түрде насихаттайтынын көрсетеді. Сол себепті, кейде көрермендерде фильмдердің мазмұндық сапасына қатысты жаңсақ пікірлер қалыптасуы мүмкін.
Жарнама көрермендердің көзқарасын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады және ол неғұрлым сапалы болса, соғұрлым табыс та артады.
Қазіргі комедиялар – скетчтерден құралған, драматургиясы әлсіз өнім. Кинотеатрларға дейін өте жақсы сұраныста болған «КВН», әзіл-сықақ театр әртістері белгілі бір оқиғаның ішіне әзіл араластырып, киноға қосылды және олардың кассалық табысын көрген басқа өндірушілер осы үлгіні жаппай қайталай бастады.
Сондықтан қандай дүние түсірсе де, өндірушілер ең алдымен маркетиңге аса мән бергені дұрыс. Маркетиңнің дұрыс болмауы біздегі басқа да жанрдағы фильмдерге кесірін тигізіп жатыр. Осы ретте, 28-желтоқсан прокатқа шығатын «Дәстүр» фильмінің кассалық тарихы жақсы болады деп сенемін.
Қорыта айтқанда, кинотеатрлардан көрсетілетін фильмдердің ішінде отандық фильмдердің үлесі артып келе жатқаны байқалады. Бұл – қуантарлық жайт. Дегенмен олардың сапасы мен жанрлық әралуандығы мәселесінде түйткіл көп. Ал мемлекет қолдауымен түсірілген, халықаралық додаларда жүлде алып жүрген үздік туындыларды кинотеатрларға шығару мәселелсі енді пысықталып жатыр. Олар көрермен назарына ұсынылса, жақсы туындылар көңіл қуантатынына сенім мол.