Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

/
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті
istockphoto.com

Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені ±1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 15,75%-ға дейін төмендетті. Мұндай шешімді 23 қазанда реттеушінің ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстанда жылдық инфляция қатарынан он екінші ай төмендеп келеді. 2026 жылғы қыркүйекте бұл көрсеткіш 9,3%-ды құрады. Азық-түлік инфляциясы 8,5%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11%-ға дейін баяуласа, қызмет көрсету саласындағы инфляция 8,9% деңгейінде сақталды.

Қыркүйек айында халықтың алдағы бір жылға арналған инфляциялық күтулері 12,1%-дан 11,8%-ға дейін төмендеді. Нарықтың кәсіби қатысушылары да 2026 жылдың соңына арналған инфляция болжамын 10%-дан 9,5%-ға дейін азайтты.

Ұлттық банкте жылдық инфляция мен инфляциялық күтулердің төмендеуі базалық мөлшерлемені азайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Сонымен қатар инфляцияның баяулауын бекітіп, оны 2028 жылы 5% нысаналы деңгейге қайтару үшін ақша-кредит шарттары біршама қатаң күйінде сақталады.

Сонымен бірге реттеуші бағаның өсуіне қатысты тәуекелдердің әлі де бар екенін ескертті. Олардың қатарында әлемдік энергетикалық ресурстар мен азық-түлік бағасының жоғары болуы, инфляциялық күтулердің жоғарылығы, сондай-ақ реттелетін тарифтер бойынша төмен базалық әсерге байланысты жыл соңына қарай инфляцияның жеделдеуі мүмкін екені бар.

Ұлттық банктің бағалауынша, 2026 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлеменің өзгеру ықтималдығы төмен. Алдағы шешімдер инфляцияның динамикасына, инфляциялық күтулерге және тәуекелдер теңгерімінің өзгеруіне байланысты қабылданады.

Базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешім 2026 жылғы 4 желтоқсанда Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Айта кетейік, бұған дейін, 2026 жылдың қыркүйек айының басында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16,25%-ға дейін төмендеткен болатын.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар