Тұрғын үй нарығындағы «ұзын қол»

Банктің мәртебесінің өзгеруі баспана алсам деп қара­жат жинап жүрген халыққа қалай әсер етеді, де­позиттерге не болмақ, «Отбасы банкке» мұндай шек­сіз құзырет не үшін берілмек?

Тұрғын үй нарығындағы «ұзын қол»
ашық дереккөз
1406

Өткен аптада Мәжілісте тұрғын үй саясатына қатысты заң жобасы қаралды. Енгізілмек өз­ге­ріс­тер мен түзетулер баспананы қолжетімді ете түсуге ықпал етуі керек. Осыған бай­ла­ныс­ты «Отбасы банкінің» мәртебесі өзгермек. Нақтырақ айтқанда, «Отбасы банкі» бұрынғыдай банк болмайды, оның базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылып, толыққанды даму институтына айналады. Бірақ банк қызметін атқара береді.

Иә, жаңылтпаш сияқты жаңылдырған бұл бас­та­ма заң жобасын талқылау кезінде де, одан кейін де түрлі пікір тудырды. Кей депутаттар, қаржы сарап­шы­лары бұл шешім нарықтағы бәсекелестікке нұқ­сан келтіріп, монополияның одан әрі тамыр жаюына жол беретінін, сонымен қатар тұрғын үй кезегі мен оны реттеумен шын мәнінде даму институттары ай­налыспайтынын айтады. Ал банкке ақшасын тір­нек­теп жинап жүрген азаматтар «депозитіміз не бо­лар екен?» деп алаңдаулы.
Банктің мәртебесінің өзгеруі баспана алсам деп қара­жат жинап жүрген халыққа қалай әсер етеді, де­позиттерге не болмақ, «Отбасы банкке» мұндай шек­сіз құзырет не үшін берілмек? – зерттеп көрейік.

Гамлеттің сұрағы

«Отбасы банкі» даму институтына ай­налып, оның базасында «Тұрғын үй­мен қамтамасыз ету орталығы» құры­ла­ды. Оған тұрғын үйге мұқтаж кез келген аза­мат тіркеліп, кезекке тұра алады. Ке­зек­ке тұру үшін азаматтардың кейінгі 10 жылда баспанасы болмауға тиіс. Бір қа­рағанда, тұрғын үй қатынастарын рет­тейтін жақсы бастама, бірақ бұл құ­зырет екінші деңгейлі банк жүйесіндегі ірі банкке берілетіні бірден дау тудырды. Се­бебі заң жобасында банк одан кейін еш­қандай реттеу мен қадағалауға бағын­бай­тыны айтылған.
Депутат Екатерина Смышляева тұр­ғын үй жүйесін реформалау ту­ра­лы заң жобасында «Отбасы банкін» екін­ші деңгейдегі банктер жүйесінен шы­ғару ұсынылып отырғанын айтты.

– Біріншіден, «Отбасы банкі» банк­тер­ге қойылатын барлық лицензия та­лап­­тарына автоматты түрде бағынуды тоқ­татады. Екінші мәселе – азаматтардың са­лымдарына кепілдік берудің қол­да­ныс­тағы тексерілген жүйесінен авто­мат­ты түрде шығарылады. Пікірталас ке­зін­де депутаттар бұл ұсынысты қолдамады, – деді ол.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі төрағасының орынбасары Ол­жас Қизатов банктің активтері 3,8 трил­лион теңге екенін айтты. Шындығында да, банктің несие портфелінің сапасы өте жақсы, жұмыс істемейтін несие­лер­дің үлесі 0,8 пайыз. Таза кірістің көлемі бойын­ша да банк үздік үштікке кіреді. 

– Жұмыс істемейтін несиелердің мұн­­дай төмен үлесі бұрын-соңды еш­қандай банк­те болмаған, бұл «Отбасы банкінің» тұрақ­тылығын көрсетеді. Заң жобасында «От­басы банкін» ҚНРДА жүйесінен шы­ғару көзделген. Бірақ банктің мем­лекет­тік мәртебесін және оның тұрғын үй құ­ры­лысы жүйесін дамытудағы маңызды рө­лін ескере отырып, біз Ұлттық банкпен жә­не уәкілетті министрлікпен бірлесіп бұл мәселені тағы да қарастырдық. «От­ба­сы Банкінің» маңыздылығын ескере оты­рып, біз Парламент Мәжілісі депута­ты­ның «Отбасы банкін» ҚНРДА реттеу пе­ри­метрінде қалдыру туралы ұсынысы­мен келісеміз, – деп түсіндірді ол.

Ал Ұлттық Банкі төрағасының орын­басары Виталий Тутушкин Ұлттық Банк­тің «Отбасы банкін» реттеуі бойынша еш­теңе өзгермейтінін айтты. 

– Ұлттық Банктің міндеті тұрғы­сы­нан қарағанда, «Отбасы банкте» ештеңе өз­гер­мейді. «Отбасы банктің» валюта заң­намасы орындауын бақылауға бай­ла­нысты функционал, статистика, бухгал­тер­лік есеп, инкассация – осының бар­лы­ғын Ұлттық Банк қадағалайды. «Отба­сы банктің» салымдарға кепілдік беру жүйе­сінен шығуына келсек, бұл ұсыныс «От­басы банкін» ҚНРДА-даның бақы­лауы­нан шығаруға байланысты жасалды, бір­ақ егер ҚНРДА қалсын десе, біз оны қол­даймыз және «Отбасы банкін» салым­дарға кепілдік беру жүйесінде қалдыра­мыз, – деді ол. 

Дәл сол кезде банктің қадағала­на­ты­ны не қадағаланбайтыны не­месе кей қыз­меті ғана реттелетіні аса тү­сінікті бол­мады. Дегенмен заң жоба­сында көр­се­тіл­гендей, қадағалаудан мүл­де босату көз­делген еді. 

Ертесі, 23 қарашада Премьер-Ми­нистр Әлихан Смайылов мәлімдеме жа­­сады. Ол «Отбасы банктің» жаңа мәр­т­е­бесі туралы ақпарат дұрыс жетпегенін, қо­ғам дұрыс қабылдамағанын түсіндірді. Сөйтіп, «Отбасы банкі» банк жүйесінен шық­­пайтынын, кез келген банк секілді қадағаланатынын айтып дауға нүкте қойғандай болды.

– «Отбасы банкі» екінші деңгейдегі банк болды және болып қала береді, жаңа функцияларға ие болса да, ҚНРДА мен Ұлттық Банктің қадағалауында болды және солай болып қала береді. Яғни, «Отбасы банкінің» мәртебесі өзгер­мей­ді, оған тұрғын үйге мұқтаж, кезекте тұр­ған азаматтардың тізімін жүргізу жө­ніндегі функциялар ғана қосылады, – деді ол.

Бір айта кететін нәрсе – «Отбасы банк­ті» бұлайша реформалау 2021 жылы айтылған. 2021 жылғы 28 желтоқсанда өткен Үкімет отырысында «Бәйтерек» хол­дингінің Басқарма төрағасы Айдар Әріп­ханов тұрғын үй саясатын рефор­ма­лау туралы заң жобасы аясында «От­ба­сы банк» базасында Тұрғын үймен қам­тамасыз ету орталығы құрылатынын ха­барлады. Сонымен қатар екінші дең­гей­лі банк мәртебесін ұлттық даму инс­титуты мәртебесі бар банкке өзгерту жос­парланып отырғанын мәлімдеген еді.

Сонымен, бола ма, болмай ма, қала ма, қалмай ма? Банктің қызметі мен оны қа­дағалауға қатысты мәселелер алда да тал­қыланатын болады, дегенмен қалай алсақ та, «Отбасы банктің» құзыретінің кеңе­юі туралы шешім ипотека және тұр­ғын үй нарығын дамытады деу – асыра бағалағандық болар еді.

Жиырма банкім бір төбе...

Сонымен, қандай өзгеріс енгізілсе де, «Отбасы банктің» құзыреті мен қызметі кеңейетіні анық. Бұған дейін Пре­зидент банктің қызметін қайта қа­рау­ды тапсырған болатын. 

– «Отбасы банктің» қызметін қайта қа­рау керек. Басты назарды облыс орта­лық­­тарына емес, аудандарға, моно­қа­ла­лар­ға және ауылдарға аударған жөн. Бә­секелестік дамымаса, бизнес те өркен­де­мейді. Бұл – айдан анық. Қазір негізгі са­­лалардың көбінде бірнеше ірі кәсіп­орын басымдыққа ие болып отыр. Бұл жағ­дай нарықтағы шынайы ахуалды көр­сете алмайды. Бәсекелестікті қорғау жә­не дамыту агенттігі Үкіметпен бір­ле­сіп, негізгі нарықтарды демо­но­по­ли­за­ция­лау үшін шаралар қабылдауға тиіс, – деген болатын ол биылғы қыркүйектегі Жолдауында.

Иә, банктің қызметі қайта қаралып жа­тыр, дегенмен оны өзгертудегі басты мақсат мүлдем ұмыт қалған сияқты, тіп­ті оған қарсы жасалған қадам деп ба­ға­лау керек. «Отбасы банк» екінші деңгейлі банк­тердің ішінде ойын тақтасының арғы шегіне бірінші жеткен сарбаздан «қо­лы ұзын» ферзіге айналмақ. Ол бұған дейін онсыз да мемлекеттің мейір-ша­пағатынан кенде болған емес.
Мәселен, Бәсекелестікті қорғау жә­не дамыту агенттігінің мәлі­ме­тінше, ипотека нарығындағы банктің үлесі 60 пайыздан асады. Бұған екінші дең­гейдегі банктердің ипотека нарығына қатысуына тыйым салынғаны және «От­басы банкі» басқаларға қарағанда бюд­жет­тен көбірек қаржыландырылып отыр­ғаны әсер етіп отыр. Осы себепті де банк­тің портфелінің сапасы жақсы, та­бы­сы да мол. Биылғы 9 айдың қоры­тын­дысы бойынша «Отбасы банк» 117 мил­лиард теңге таза пайда тауып, үздік үш­тік­ке кіріп отыр.
«Бәйтеректің» банкі» басқарма мү­ше­лерін де барынша ынталандырып оты­ра­ды. Finance.kz мәліметінше, былтыр «Отбасы банкі» басқармасының 7 мүше­сінің әрқайсысы орташа есеппен 267,2 миллион теңге сыйақы алған, яғни айы­на 3,1 миллион теңгеден сыйақы беріл­ген. Ал 2021 жылы басқарманың 9 мүше­сіне 261 миллион теңге немесе әр адамға шаққанда, орта есеппен 2,4 миллион тең­ге бөлінген. Бір жылдағы өсім – 22 пайыз.
Ал тұрғын үй жинақтарына қатысты сұрақ көп. Үш жыл болмаған депозит ие­лері барлық соманың, яғни өзі құйған ақшасының пайызын қоса төлейді. Яғни, олар құйған ақшаны кепілге алады. Ипотеканы жабу мерзімінің шектеулі болуы да ай сайын төлейтін ақшаның қалта қағарлықтай болуына ықпал етіп отыр. Демек, банктің халыққа тиімділігі тұрғысынан да сұрақ жетерлік. 
Одан бөлек, банк 9-20-25 тұрғын үй бағдарламасына да қатыспақ. Ал бұған дейін «Отбасы банктің» бұл бағдарламаға қа­ты­сы болмаған. Алғашында «Бәйтерек» хол­дингі мәліметті жоққа шығарды. «От­басы банк» те ақпаратты растамайтынын, мұндай бағдарлама жоқ екенін мәлімдеді.

– Отбасы банкі ақпаратты раста­май­ды және банктің мұндай бағдарламасы жоқ екенін хабарлайды, – деп ресми мә­лі­мет берді.

Бірақ кейін бұл сөзден тай­қыды:

– «9-20-25» бағдарламасы шығуы мүм­кін. Бұл жоба әзірленіп жатыр. Банк сарап­шылары есептеп, шарттарды тал­дайды. Егер жоба бекітілсе, «Отбасы бан­кі» қазақстандықтарды тағы да ха­бар­­дар етеді және толығырақ ақпарат бе­реді, – деп мәлімдеді банк.

Яғни, «7-20-25» бағдарламасын жүр­гі­зіп отырған банк, енді 9-20-25 бағ­­дарламасын да өзіне алуға ниетті. «Бәй­терек» пен «Ұлттық қордың» қаржы­ландыруынан қалай да болса қағылмауға ты­рысқан банк-институт шын мәнінде на­рықтың кентаврына айналмақ. Эко­номист Андрей Чеботаревтің пікірінше, тұр­ғын үй мен ипотека нарығындағы мо­нополияны одан әрі өршітіп алуымыз мүм­кін. Ал сарапшы Мадина Қабжа­ле­лова­ның байламынша, банктің құзыре­тін кеңейту үлкен екі мәселе туындатуы мүм­кін.

Андрей Чеботарев,
экономист:

Ипотека нарығын жалғыз өзі билеп-төстеп отыр

– «Отбасы банк» банк болмайды, бірақ банк болып қа­­лады». Шынында да, бұл – өте орынсыз шешім. Біз оны ипо­тека нарығындағы мемлекеттік монополияға айнал­дыра­мыз. 
«Отбасы банкін» қайткен күнде де тұрғын үй кезегін қа­­да­ғалайтын даму институтына айналдырғымыз келіп бара жатса, монополияға қарсы қызмет ұсынғандай, басқа банктерге де тұрғын үйге са­лым салу жүйесіне қосылуға рұқсат беру керек. Қазір басқа банктерде бұл жүйеге кіру­ге рұқсат жоқ, мемлекеттің тиімді қаржыландыруынан үлес алып отырған жоқ, ал «От­басы банк» Ұлттық қордың игілігін көріп отыр. Депозит сыйақылары халыққа жыл сайын банктің өз табысынан емес, Ұлттық қордан төленеді. Ал қабылданғалы отырған ше­шім ипотека нарығының монополиялануын одан әрі ушықтырады. Оған қоса, ҚНРДА-ның бақылауынан шығару дегеніміз – ол банк болса да, оны ешкім қадағалай алмай­ды деген сөз. Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры төңірегінде де үлкен сұ­рақ туындайды: халықтың салымдарына ештеңе болмайтынына кім, қалай кепілдік бе­реді? Банк депозиттерге кепілдік беру қоры жүйесінде қала ма? Мұның бәрі, шын­дығында, өте өзекті мәселелер. 
Ең бастысы, Президент экономикаға мемлекеттің араласуын азайту керек дейді, бір­ақ біз тұрғын үй мен ипотека нарығындағы монополияны одан әрі өршіткелі отыр­мыз. 2016 жылы «Отбасы банк» жекеменшікке өтетін компаниялар тізімінде болған. Қа­зір оны жекеге беру мүмкін емес, қазір ол ешқандай бәсекесіз-ақ ипотека нарығын жал­ғыз өзі билеп-төстеп отырған мемлекеттік «құбыжыққа» айналды. Мұның барлығы қа­лай реттеледі, білмеймін, бірақ бірнеше жылдан кейін біз «Отбасы банкін» қайтадан на­рыққа шығару туралы шешім қабылдайтын сияқтымыз. Әйтпеген жағдайда, ипотека мен тұрғын үй нарығындағы әділ бәсеке мен нарық қатынастарын біржола ұмытатын боламыз.

Мадина Қабжалелова, 
Halyk Finance талдау орталығының сарапшысы:

Тұрғын үй кезегі мәселесінің 
даму институттарына ешқандай қатысы жоқ

– Заң жобасының дау тудырғаны әділетті: кей депу­таттар шешімге қарсы шықты. Олар банк екінші деңгейдегі кез келген банк сияқты реттелуі керек деп санайды. Қазір «От­басы банкінің» ЕДБ жүйесінен толық немесе ішінара шы­ғарылатыны белгісіз: даму институты болса да, кей тұс­тары реттеуші органдардың бақылауында қалуы мүмкін.
Біздің ойымызша, мұндай заңның қабылдануы екі мәселе туындатуы мүмкін. Бірін­шіден, ең озық әлемдік тәжірибелер көрсеткендей, қаржылық даму институттары жеке қаржы ұйымдары сияқты толықтай реттелуі керек. «Отбасы банкі» банк қызметін атқа­рып, барлық банк операцияларын жүзеге асырса, ал реттеу және қадағалау төрелігі өзін­де болса, бұл банк қызметтері нарығындағы бәсекелестікке нұқсан келтіруі мүмкін. Сон­дай-ақ қаржылық тұрақтылыққа байланысты да сын-қатер туындайды, өйткені «От­басы банкінің» салымшылары – жеке тұлғалар, яғни арнайы органдардың бақы­лауын талап етеді. Салымшылардың болуы «Отбасы банкін» басқа даму институттарынан, мы­салы, Қазақстанның Даму Банкінен ерекшелендіреді.
Екіншіден, «Отбасы банкін» тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұр­ғын үй кезегіне тұрғызу, үй беру сияқты өкілеттіктерді беруге қатысты заң жобасына қатыс­ты да сұрақ туындайды. Өйткені бұл – әлеуметтік мемлекеттік мекемелердің функ­циясы және кез келген елдің экономикасындағы даму институттарына ешқандай қаты­сы жоқ. Мұндай жағдайда жеңілдігі бар несие, басқа да субсидияларды беру және тұрғын үйге мұқтаждардың кезегін бір мезгілде бақылау құзыретін «Отбасы банкіне» беру мүдделер қақтығысын тудырады және сыбайлас жемқорлықтың қаупін еселейді.

Сонымен, қорытындылайтын болсақ, «Отбасы банкі» банк болып қалады, оған қоса даму институтының 
қызметін де атқарып, үй кезегін реттейді. Бірақ шын мәнінде даму институттарының мұндай мәселелерге қатысы жоқ. Банк ЕДБ жүйесінен, Ұлттық банктің, ҚНРДА-ның бақылауынан шықпайды, депозиттерге кепілдік беру қорында да қалады, салымшылар депозитке баяғыдай қаражат жинай алады. Қызметі өзгермейді, тек кеңейеді. Бірақ нарықтың өрісін тарылтып, бәсекелестікті одан да қатты буып тастауы ықтимал. Оған 9-20-25 бағдарламасының қосылуы нарық реттеп келе жатқан тұрғын үй бағасын қайта аспандатып жіберуі әбден мүмкін.

 

Серіктес жаңалықтары