Қызылорда облысында полиция қызметкерлері 14 жыл бұрын болған кісі өлтіру қылмысын ашты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қайғылы оқиға 2012 жылдың қазан айында Қармақшы ауданының Жосалы кентінде болған. Топтық төбелес кезінде жасөспірім пышақ жарақатын алған. Ол аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Ол есін жимастан көз жұмған.
Оқиғадан кейін төбелеске қатысқан барлық адамдар анықталып, тексерілген. Алайда тікелей дәлелдер мен куәгерлердің болмауына байланысты қылмыс ұзақ жылдар бойы ашылмай келген.
«Биыл тергеу-жедел тобының мұқият жұмысының нәтижесінде басты куәгер анықталып, оқиғаның толық мән-жайы тізбектелді. Жедел іс-шаралар барысында полицейлер күдіктіге шыққан. Ол сол төбелеске қатысқан азамат болып шықты және басқа ауыр қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан. Қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін күдікті Қызылорда қаласындағы тергеу изоляторына жеткізілді. Жиналған дәлелдердің арқасында ол өз кінәсін мойындады. Тергеу барысында қылмысқа жастар арасындағы өзара араздық пен жанжал себеп болғаны анықталды. Қазіргі уақытта күдікті қамауда отыр, қылмыстық іс сотқа жолданды», - деді ІІМ криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров.
Ішкі істер министрлігінің өкілдері өткен жылдардағы қылмыстарды тергеу жұмыстары тұрақты түрде жалғасып жатқанын, ал кінәлілердің ерте ме, кеш пе заң алдында жауап беретінін атап өтті.