Ұлт ұстынына айналған

Ғылым мен білім ортасынан қай­нап шыққан Әбекең Мә­жі­ліс де­путаты болған кезде жаңа мүм­кіндіктер ашылып, жаңа ортада ол кісінің табиғи әлеуеті және бі­лім-парасаты басқа деңгейде жарқ ет­ті. Халықтың өкілі және халық­тың мұң-мұқтажын терең түсінетін философ-ғалым ретінде сөзінің шоқ­тығы Парламентте биік болды.

Ұлт ұстынына айналған
Сурет ашық дереккөзден алынды
1264

Бір жарым ғасыр бойы бодандықтың қа­мытын киіп, халқымыздың еркіндік пен мәдени болмыстан ажырап қалғаны ақиқат. Тоталитарлық жүйенің темірдей қысымы қанша буын ұрпақтың еңсесін басып, тұтас ұлтты дүбәра күйге түсірді. Енді тәуелсіздікке қол жеткізген тұста басым міндеттер қата­рында мемлекеттікке ие ұлт қалыптастыру, ұлт­тық құндылықтар мен қабілет-қа­сиет­терді жаңа деңгейде жаңғырту, оларды жаңа за­ман талабына сай бағыттау міндеті тұрды. 

Сонымен қатар бұл кезең тіз­гінді қолға қалай ұстау, қай жерде қам­шылап, қай жерде аяңмен жүру ке­­рек екенін, қай кезде оңға, қай уа­қытта солға қарап, кейде артты бағ­дарлап, бірақ ұзақмерзімді ал­да­ғы межені көре білуді, яғни ұлттық сананың жаңа жауапкершілікке сай болуын талап етті. 

Осы күрделі міндеттерді ше­шу көзге көрінбейтін, бірақ те­­рең де қажырлы еңбекті қажет ете­рі сөзсіз. Ол үшін тек атойлап ұран­­дай бермей, оңды-солды дұрыс бағ­дарлап, ұлттың мүддесін дұрыс тү­сіне біліп, соны көпшілікке жет­кі­зе алатын тұлғалар қажет болды. 
Мұндайда әр тұлға түрліше па­йым­­дайды. Бірі өмірлік тәжі­ри­бе­сіне сүйенсе, бірі табиғи түйсігіне кө­бірек сенім артады. Енді бірі көр­ген-түйгенін көпшілікке адалынан жет­кізуді мақсат тұтады. Осы қа­сиет­терді бір басына тоғыстырған, қа­зақ ойшылдарының алдыңғы ше­бінен айқын орын алатын дегдар тұл­ға Амангелді Әбдірахманұлы Ай­талы еді. Әбекеңе қарап отыр­саңыз, біріншіден, табиғатынан фи­лософ, ойшыл. Терең құбы­лыс­тар­ды, ұзақ мерзімді үдерістерді, қо­ғамдағы өзгерістерді бірер сөз­бен, сөйлеммен сипаттап, соның да­му заңдылықтарын тамыршыдай тап басуға шебер. 
Баршаға мәлім, философия – бұл ғылым мен діннің, тылсым дү­ние мен дәлелдің ортасындағы фе­­­­номен. Амангелді ағамыз соның жар­қын өкілі болды, оның талай ең­бектерінде қоғамның даму үдері­сін бағалаудың философиялық те­рең­дігі көрініп тұрды. 
Екіншіден, Амангелді Әбдірах­ман­ұлы ғалым еді. Ол кісі тек қана ой толғап, соны қисынды зерделеп қа­на емес, сонымен қатар ғалымға тән ыждаһатпен зерттеулер жүр­гі­зіп, статистикалық мәліметтер, түр­­лі ғалымдардың еңбектері, тіпті көр­кем әдебиеттегі кейбір сурет­те­мелерді жүйелеп, оларды өз еңбек­те­­­рінде пайдаланып, біздің өзімізді өзі­міз тереңірек тануға, сондай-ақ осы қоғамда болып жатқан құбы­лыс­тарды халыққа ашып көрсетуде ора­сан зор еңбек атқарды. 
Үшіншіден, Әбекең сөзсіз қай­рат­кер болды, яғни ол өзінің ойын тек қана ғылыми-философиялық ор­тада баяндап қана қоймай, өзі жұ­мыс жасаған ортада, атап айт­қан­да, ұстаздар мен студенттердің ал­дында, қоғамда болып жатқан үде­рістерге ашық саяси тұрғыда ба­ға бере отырып, жаңа заман тала­бы­на сай қоғамдық сананың қалып­тасуына тікелей еңбек сіңірді. Бұл орай­да оның мақалалар мен кітап­тар арқылы ғана емес, бұқараның ара­сына барып жаңа құндылық­тар­ды қалыптастыруға тікелей үлес қос­қанын айту орынды болмақ. 
Ғылым мен білім ортасынан қай­нап шыққан Әбекең Мә­жі­ліс де­путаты болған кезде жаңа мүм­кіндіктер ашылып, жаңа ортада ол кісінің табиғи әлеуеті және бі­лім-парасаты басқа деңгейде жарқ ет­ті. Халықтың өкілі және халық­тың мұң-мұқтажын терең түсінетін философ-ғалым ретінде сөзінің шоқ­тығы Парламентте биік болды. Аман­гелді ағамызды отандық пар­ламентаризм тарихында өшпес із қалдырған депутат деп зор сеніммен айта аламыз. 
Сол жылдарда Әбекеңнің ұлтқа қыз­­меті бүкіл елге танымал болды. Ай­талы деген тегінің өзі бір құбы­лыс­қа айналды. «Айтары бар Айта­лы» деп өлеңдер де жазылды.
Тағы бір қыры – ұстаздық. Бұл жер­де мен тек қана университеттегі дә­ріс беруін айтып отырған жоқ­пын. Сөз жоқ, Амангелді ағамыздың дәрістерін тыңдап, семинарларында пікір алмасуға қатысқан сту­дент­терді бақытты шәкірт деп санауға то­лық құқылымыз. Ол кісі бүкіл көзі ашық, көкірегі ояу, білімпаз, өзін-өзі түсінгісі келетін қазақтың тұ­тас буынына аға ұстаз болды. Сон­дай-ақ оның өз қатарларынан, біз­дің зиялы қауымның көбінен ерек­шелігі – ұлттық құнды­лық­тар­ды қалыптас­тыруда дара орны бар фе­номен «дін исламды» терең зерт­теді. 
Ол ислам дініндегі бел­­гілі бір құнды­лық­­тар жиын­тығын зер­де­леу, не бол­маса қа­сиет­ті Құран Кә­­рімнің мә­тінін тәп­сір­леу­мен емес, ис­лам діні­нің қо­ғамға әсе­ріне на­зар аудар­ды. Яғни, ис­лам дінін кім қай дең­гейде  пай­­да­ла­нып жүр, ол не нәр­сеге алып ке­лу­де, дін бұр­ма­ланбау үшін не істеу ке­рек, өз өр­кениеті­нің өзе­гін іздеген жас­тар ра­дикализмге ұрын­бау үшін қан­дай мін­деттер ат­қарылғаны жөн деген сұрақ­тарды өз зерт­теу­лері­нің басты нысанына айнал­дыр­ды. Таби­ғи фи­лософ пен ыждаһатты ғалым ретін­де­гі екі қа­сие­ті ұштасып, осы ба­ғыт­та терең нә­ти­желерге қол жет­кізуіне негіз бол­ды. 
Амангелді ағамыз біздің мемле­ке­­­тімізде саясаттың түрлі бағыты қа­лай болу керегі туралы жүйелі де ке­лелі еңбектер жазды. Осы ретте, ме­нің есіме он бес жылдай бұрын Әбе­кеңмен тығыз байланыста бо­лып, «Ұлт саясаты тұжырымдама­сын» әзірлегендегі бірлесе атқарған жұ­­мысымыз түседі. Осы жұмыс ба­ры­­сында, сөзсіз, Әбекең өмірлік жә­­не ғылыми тәжірибесіне негіз­дел­ген әлеуметтік үдерістерді терең түсінетін маман, әлеуметтанушы фи­­лософ-ғалым ретінде жетекші рөл атқарды. Менің кейбір ұсы­ныс­тарым көбінесе саяси бағытта бо­латын. Сондағы Әбекеңнің ұстаз­дық, ағалық әдептілігі таңғалдыра­тын еді. Жасымыздың айырма­шы­лы­ғына және өзінің осы саладағы үл­кен маман, ғалым екеніне қара­мас­тан, кез келген ұсынысты тың­ғы­лықты тыңдап, електен өткізіп тұ­жырымдамаға пайдалануға ты­ры­с­а­тын. Осы жайттың барлығын көр­­гендіктен, түйсінгендіктен, ме­нің түсінігімде қазақтың «абыз» де­ген ұғымына Амангелді Әбдірах­ман­ұлын лайық деп санаймын. 
Бүгінгі күні оның әрбір сұх­ба­ты­ның сусындататын даналығы, абыз­дығы, сонымен қатар кәдімгі жы­лы, өзіңді терең түсінік білімімен мә­пелеп сипағандай болатын, еш­қандай дидактикасыз терең ма­ғы­налы ойларды жеткізетін қа­сиет­те­рін сағынышпен еске аламыз. Осы соңғы он бес жылғы өмірімде Аман­гелді Әбдірахманұлымен жиі кез­де­сіп, жиі сұхбаттасу бақытына ие бол­ғанымды өзімнің үлкен олжам деп есептеймін. Әбекеңмен әңгі­ме­лесу маған дүниені тереңірек тануға ық­палын тигізді. Менің жеке өзім үшін ол ақылгөй аға болды. Осы үшін де Алла Тағалаға шын жүрек­тен ризашылығымды айтамын.
Әбекең Ақтөбеге көшкеннен кейін, сол жаққа барсам мен оны із­­­деп, ал ол Астанаға келсе мені із­деп жүретін едік. Әлі де талай осын­дай мүмкіндіктер болады деген се­нім болды. Соңғы рет хабар­лас­қа­ным­да Әбекең жеңгейдің шамалы сыр­қаттанып, ем алып жүргені ту­ра­лы айтып, өзінің халінен гөрі жең­­гейдің денсаулығына көп алаң­дап еді. Дегенмен алдағы тоғыз­құ­малақтан өтетін әлем чемпиона­тын­да кездесерміз деп жоспарлап жүр едік. Бірақ сол жоспардың жү­зе­ге асуына мүмкіндік болмады. Ал­ланың жазуы солай болса, шара қандай. 
Әбекеңнің феномені, Амангелді Әб­дірахманұлының қазақи дүние­та­нымы, қазақ қоғамдық санасы­ның жетілуіндегі рөлі әлі талай ең­­бектерге арқау болады деп сене­мін.

Әлихан Бәйменов

 

Серіктес жаңалықтары