Ресейде қазақтілді телеарна ашқан тұңғыш қазақ

Үйге барған соң қазақ­стан­дық телеарна басшыларына хат жазамын. Бізге керегі – сол өзіңіз айтқан қазақша ки­нолар, концерттер мен мультфильмдер ғой. Үлкендеріміз қазақша кино көргісі келеді. Немерелері де қазақша мультфильм көріп өссе дейді. Мен қазір осындай дү­ние­лер іздеп, сұрастырып жүрмін. Рұқсат­сыз таратуға әсте болмайды.

Ресейде қазақтілді телеарна ашқан тұңғыш қазақ
turkystan.kz
3213

Ерболат Бөленханұлы Алтай Республика­сында (Ресей) қазақ көп тұратын Қосағаш ау­да­нында алдымен ауыл әкімі, сосын аудан әкі­мінің орынбасары қызметтерін атқарған. Кейін «Қазақ нұры» деген атпен ұлттық мәдени ұйым құрып, түрлі бастамалардың жаршысы болған. Ат­қарған игі істері бейжай қалмасын әрі көп­ші­ліктің көзі, құлағы hәм тілі болсын деген ниет­пен «Ұлы Жібек жолы» газеті мен «Қосағаш-ТВ» телеарнасын ашқан. Қайтсем қосағаштық­тар­дың рухани-мәдени болмысын сақтаймын, оларға қандай қазақша контент ұсынамын деп жүрген Ерболат Бөленханұлымен аз-кем сұхбат­тасқан едік.

– Сізді танитын көпшілік қазақ көп шоғырланған Қосағаш ауданында ең жас әкім болған қазақ деп айтады. Сонда қо­ғамдық жұмыстармен оқушы ке­зіңіз­ден бастап айналыстыңыз ба?

– Келесі жылы қоғамдық жұмыспен айналысып жүр­геніме отыз жыл толады. Мен Ресейдегі Ал­тай Республикасы Қосағаш ауданына қа­расты Қосағаш ауылында тұрамын. Оқу­шы кезімнен қоғамдық жұмыстармен ай­на­лысқан мен мектеп бітірген соң бұл іс­пен белсенді араласа бастадым. Ұлтжанды, жа­нашыр жастармен үнемі бас қосып, түр­лі спорттық іс-шараларға қатысып, қо­ғам арасында көп бастама көтеріп, ел ішін­де белсенді бала атандық. 1994 жылы үлкен құ­рылтай өтіп, «Бірлік» деген қазақ қоға­мы­на жетекші сайланар кезде үлкендер топ іші­нен мені алып шығып, сол қоғам­ның басшысы болуға лайық үміткер деп ұсын­ды. Әлі есімнен кетпейді, бұл 1994 жыл­дың тамызы болатын. Ол кезде 24 жас­та едім. КСРО ыды­раған соң тіл мен мә­де­ниет­ті ұмыт­тырмау мақсатында құрылған бұл қоғам­ның жұмысын шамамыз келген­ше дөң­ге­леттік. Ат жарыстар, құрылтайлар өткізіп тұрдық. Қазақ, алтай күрестерінен сайыс­тар ұйымдастырдық. Ақсақалдары­мыз­бен ақылдасып, талай бастама көтер­дік. «Бір­лік» деген атпен футбол коман­да­сын құ­рып, республикалық ойын­дар­да топ жар­дық. Аты затына сай қоғам болуына бар кү­шімізді сал­дық. Маған дейін қар­қын­ды жұ­мыс істеп тұр­ған қоғам­ның жұмы­сын бұ­рын­­ғы­дан бе­тер іл­ге­рі­ле­тіп, та­лай шаруа ат­қар­дық. Ол қо­ғам­ды 2000 жы­л­ға дейін бас­қар­­дым. Содан соң өзім туып-өскен Қо­­сағаш ауылының әкімі лауазы­мы­на та­ғайын­­далдым.

– Ол кезде нешеде едіңіз?

Иә. 2000 жылы бірінші рет ауыл әкім­де­рін сайлау жүйесі енгізілді. Сол кезде та­ғы да үлкен кісілер мені үміт­кер ретінде ұсы­нып, ақырында ауыл әкімі болып сай­­­­ландым. Оған дейін де қазақ әкімдер ауыл­ды басқарған, алай­да ең жас әкім мен бол­дым. 29 жаста­мын. 

– Әкім қызметін атқарып тұрғанда да «Бірлікте» көтерген бастамалар бұ­дан да ілгерілей түскен болар?

– Әлбетте! Мен әкім болып сайланғанда біз жақта сегіз мыңға жуық қазақ тұратын. Қа­зір он үш мыңнан астық. Әкім болған соң ауылда тұратын барлық ұлтқа тең қа­рауым керек қой. Ешкімді бөліп-жармауға тырыстым. Алайда бәрібір қазақ мәдениетін насихаттаудан ажырап кетпей, «Бірлікте» жүр­генде не істедім, соны өткізіп тұрдым. Әкім ретінде лауазымым жоғарылаған соң, мәдениетке қатысты идеяларды кеңінен дамыттым. Бізде жыл сайын құрылтай өткізіліп тұрады. Киіз үй тігіп, халықтың ба­сын қосып, ат жарыстырып, қазақ күре­сі­нен сайыстар ұйымдастырамыз. Ең бас­тысы, халықты не алаңдатады? Көңіл көн­шітер қандай нәтижеге қол жеткіздік? Неден қалыс қалып жатырмыз? Осының бәрін елмен бірге отырып, талқылаймыз. Одан бөлек ауыл тұрғындарының наза­ры­на түрлі бастамалар ұсынамыз. Олар келі­се­тінін-келіспейтінін сол жерде айтып, ше­шім қабылдаймыз. Сол құрылтайлардың көбін Әуелхан Жазитұлы деген белсенді кісі екеуіміз ұйымдастырдық. Біз шетте жат­қан бір қауым ел болғандықтан, халық­тың басын жиі қосып, осындай құрылтай­лар өткізудің маңызы зор. Осындай қар­қын­мен бес жыл жұмыс істеген соң «Тұл­пар» деген фирма ашып, жеке кәсіпкер­лік­пен айналысуға бет бұрдым. Коммерциялық жоба болғанымен, ұлттық ойындарды, атап айтсам, аламан бәйге, теңге алу, аударыспақ, қазақ күресі секілді спорт түрлерін кеңінен насихаттаумен айналыстым. Бірте-бірте бұл жоба да жемісін беріп, діттегенімізге қол жеткізіп, жоспарлаған дүниелеріміз іс­ке асты. Сосын 2008 жылы аудан әкімінің орын­басары қызметіне тағайындалдым. Он­да мен әлеуметтік мәселелерге жауапты бол­дым.

– Қосағаш ауданына таралатын «Шүй­дің нұры» газетінің редакторы Арқалық ағай бізге берген сұхбатында «Ресейдегі ұлттық болмысы таза сақ­талған қазақтар Қосағашта тұрады» де­ген еді. Аудан көлемінде жұмыс істе­сеңіз де, мұнда да төл мәдениетті да­мытудан алыс кетпеген боларсыз?

– Әрине. Біздің ауданға он бір ауыл қа­райды. Сол он бір ауылдың бес ауылында қа­зақ көп тұрады. Лауазымдық қызмет нұс­қаулығында жазылған барлық талапты орындауға тырыстым. Дейтұрғанмен, өзіңіз біліп тұрғандай, төл мәдениетті дамытуды да күн тәртібінен қалдырмадық. Бізде ауданда қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін 33 мұ­ғалім бар. Мен сол  33 мұғалімнің 24-ін Қа­зақстанға жіберіп, семинарға қатыс­тыр­дым. Арнайы сертификат иеленіп қайтқан олар­дың біліктілігін жоғарылатуға мүм­кіндік жасадық. Одан бөлек, қазақ тілінде үш халықаралық конференция өткіздік. Бізге Қатонқарағайдан білікті мамандар келді, содан соң олар өздері өткізген кон­фе­ренцияға бізді шақырып, екеуара бай­ланыс орнаттық. Содан соң Шығыс Қазақ­стан облысындағы Сәрсен Аманжолов атын­­­дағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік уни­верситетінің оқытушыларымен екі рет конференция өткіздік. Жазғы каникул кезінде оқушылардың басын қосып, салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған лагерь ұйым­дастырдық. Оларды қазақ тілі­нен өткен олимпиадаларға жібердік. Аудан­нан шыққан екі соғыс ардагері Жәні­бек Елеуісов және Қыдран Туғамбаевтың құрметіне қазақ күресінен халықаралық турнир ұйымдастырылды. Онда өзіміздің балуандардан бөлек, Қазақстан, Моңғолия атлеттері де күш сынасты. Тарихта тұңғыш рет Қазақ мәдениетінің күнін атап өттік. Сол кезде Мәдениет министрі болған Мұх­тар Құл-Мұхаммед мырзаға хат жазып, ар­тын­ша кездесіп, мәдениет күні секілді маңыз­ды іс-шарада Халық әртісі Алтынбек Қораз­баевтың Қосағашқа ат басын тіреуіне мұрындық болдық. Әкім орынбасары қыз­метінен кеткен соң, 2014 жылы «Қазақ нұры» деген атпен Алтай республикалық қа­зақ ұлттық мәдени орталығын аштым. Қол босағандықтан, жұмыс қарқыны бұ­рын­ғыдан бетер үдей түсті. Аудан көлемінде бірінші рет білім бөлімімен бірлесіп, «Ба­лапан» балалар фестивалін өткіздік. Одан бөлек, Орта Азиялық университеттің про­фес­сорларын шақырып, мұғалімдердің білік­тілігін арттыратын конференцияның өтуіне мұрындық болдым. Олар Қазақ­стан­нан алып келген түрлі оқулық пен жур­нал­дарды таратып, мұғалімдерді қарық қылды. Біз ұйымдастырған Шәмші Қалдаяқов атын­дағы ретро фестиваль де көпшіліктің есінде. Сол кезде бізге Шығыс Қазақстан об­­­­лысының әкімі қызметін атқарған мар­құм Бердібек Сапарбаевтың көмегі көп тиді. Ол кісі бізге ұлттық киімдер, қазақша оқу­лықтар, тіпті домбыра сыйлап, жоқ нәр­семіздің түгелін түгендеп берді. Ерекше қам­қорлық танытып, үлкен қолдау көр­сет­ті. Мұндай кезде екі есе жұмыс істегің келіп тұ­рады ғой. Сондықтан бұрын-соңды бол­маған жобаларды іске асырып, бел­сен­ділі­гіміз арта түсті. Екі рет ақындар жарысын өткіздік. «Мен – қазақпын» мега жобасына үміт­керлерді іріктеуге атсалыстық. Ірік­теуден өткендер Астанада өткен финалда абыроймен бақ сынады. Одан бөлек, жергілікті және Моңғолия қазақтарының қатысуымен Алтынбек Қоразбаевтың 70 жылдығына орай конкурс өткіздік. 2018 жылы «Шаншар» театрының жетекшісі Уәлибек Әбдірайымов қолдау көрсеткен соң, Қосағаштағы мықты әншілерімізді Қазақстанға бастап апардым. Сөйтіп, «Шан­шармен» бірге Түркістан облысын­дағы аудандарды аралап, Шымкентте үлкен концерт қойдық. Одан өзге, ұлттық ойын­дарымызды да назардан тыс қал­дырған жоқ­пыз. Мереке болсын, болмасын, үнемі өт­кізіп тұруға тырыстық. Сосын бізге осы­ның бәрін басып шығаратын, ел ішінде жа­рия қылатын басылым керек екенін түсін­дім. Сөйтіп, 2019 жылы «Ұлы Жібек жолы» деген атпен газет аштым. Алайда үш жыл­ға жалғасқан пандемиядан соң, мүм­кін­дігіміз шектеліп, анау айтқандай ештеңе істей алмадық. Бірақ 2022 жылы басылым шығару ісін қайта қолға алып, апта сайын шығарып тұрдық. Алайда қазір айына бір рет қана шығамыз. Өйткені қазір «Ұлы Жі­бек жолы» газетінен бөлек, «Қосағаш-ТВ» деген атпен ашқан телеарнаның жұмысы да көп уақытымыз бен назарымызды алып тұр. Екеуінде де өзім бас редактор қызметін атқаратындықтан, екеуін қатар алып жүру қиын­ға соғып тұр. Дегенмен шама-шарқы­мыз жеткенше екеуін ақырындап жүргізіп келеміз.

– «Қосағаш-ТВ» телеарнасын ашуға не түрткі болды? Мәдени орталық ат­қарған жұмысты басылымға шығар­ған­нан бөлек, көгілдір экран арқылы да көрсеткіңіз келді ме?

– Ол да бар. Алайда басты себеп – ел ішін­де қордаланып қалған өзекті мәселе­лерді жария қылу, шешілуі оңай проблема­лар­ды сөз ету. Біз бұл мәселелерді аудан көле­мінде мың бес жүз данамен тарайтын газетімізде де көтергенбіз. Дейтұрғанмен, телеарнаның жөні бөлек қой. Сөйтіп, ақылдаса келе телеарна ашқан абзалырақ деген тоқтамға келіп, лицензия алудың ама­лын қарастырдық. Былтыр «Ұлы Жібек жолы» деген атпен фестиваль өткізіп, ат жа­рыс, қазақ, алтай күресінен сайыс ұйым­дастырғанбыз. Сол кезде әкімдер мен бел­сенділерді шақырып, телеарнаның тұсау­кесерін өткіздік. Кабельді телевизия арқылы таратылатын бұл телеарна биыл қаң­тар айында көрерменге жол тартты. Аяқ алысымыз жаман емес. Қатарымызда кәсіби журналистер болмаса да, сапалы дү­ние жасауға тырыстық. Алдымен қазы­налы қарттарымызбен сұхбаттасуды қолға алдық. Олардың  өмірбаянын, жүріп өткен жолын, тыңдай бергің келетін әңгімелерін қазір пленкаға түсіріп алмасақ, ертең кеш болады ғой. Олардың әңгімесінің тәрбиелік мәні зор болғандықтан, бұл түсірілімдер болашақ ұрпаққа көрсетер дүние екені айтпаса да түсінікті. Өзім арнайы рубрика жүр­гіземін. Дегенмен ашылғанына аз уақыт болған телеарнаның контентін қатырып жатыр­мыз деп айта алмаймын. Сапалы жұмыс істеуге қажет жабдық болмағандық­тан, бір­аз идеямыз ішімізде пісіп жатыр. Көбіне өзіміз түсірген ескі материалдарды мон­­таждап, беріп жатырмыз. Одан бөлек, заң­ға қарсы келмейтін дүниелерді ұсыну­дамыз.
Алдағы уақытта жабдықтарды түген­деп, жаңалықтар топтамасын жүргізетін дик­тор­ды жұмысқа шақырып, қосымша жур­на­листерді жұмылдыруды мақсат етіп отыр­мын. Сол күнге тезірек жетсек екен де­ген ниетпен қазір Қазақстанға іссапар­мен келіп, жауапты адамдармен сөйлесіп, ары-бері шапқылап жүрмін. Былайша айтқанда, контент жинай алмай жүрмін.

– Ресейде бұған дейін қазақтілді те­леарна болған ғой, иә?

– Жоқ.

– Сонда сіз Ресейде қазақтілді те­леар­на ашқан тұңғыш қазақ болып тұр­сыз ғой?

– Солай болып тұр ғой (күліп).

– Бұл телеарнаны тек Алтай қазақ­тары көре алады ғой сонда?

– Иә. Қазір жиырма екі мың абонент бар. Жалпы, халықтың біздің бұл баста­ма­мызға деген көзқарасы керемет. Көргісі ке­ле­тін дүниелерді ортаға салып, кері бай­ла­ныс орнатады. Көп жағдайда «Мына бағ­дарлама жақсы шығыпты» деп ағы­нан жарылып, хабарласады. Бір­де тоқсан­ды алқым­даған бір әжей­дің сұхбатын берген­біз. Ол кісінің кіндік қаны тамған жері Қоса­ғаштан жүз қы­рық шақырым же­рде орналасқан екен. Он­дағы туыстары әжейді күнде көре бермейді. Сол кісі тура­лы бағ­дар­­лама шығарған кезде, ағайын-туыстары бірінің соңы­нан бірі маған телефон шалып, ал­­ғыс­ты қарша боратты. Әжей­ді көптен бері көрмеген олар біздің те­леарна арқылы көріп, көзайым бол­са керек. Айтып тұр­мын ғой, осы­лай ха­лықтың көңілінен шығатын түрлі нәрсе істеуге болады. Алайда құ­рал-жаб­дық же­тіс­пегендіктен, шағын студияда жұмыс істеуге мәжбүрміз. Деген­мен бұл жо­баның басталғанына бір жыл да болған жоқ қой. Соған қарамастан ша­ма-шар­қы­мыз жет­кенше атқарып жат­қан жұ­мы­сы­мызға әлгі әжейдің туыстары секіл­ді тұрғындар оң бағасын беріп жатса, күні ертең «күшімізге» мінген соң, риза бо­ла­тындар саны арта түсетіні анық. Қазір сервер ауыс­тырып жатырмыз. Мен Қазақ­станға іс­сапарға кетіп қалған соң, бұл істі тоқтата тұрған едік. Енді жұмысты жандан­д­ырамыз. 

– Қазақстанға келгенде кіммен кез­десе алдыңыз? Кімнен қандай көмек керек?

– Бізге Абзал Сапарбекұлы бастаған «Отан­дастар қоры» көп көмектесіп жатыр. Жал­пы, «Отандастар қоры» биыл ерекше қар­қынмен жұмыс істеді ғой. Олар көр­сет­кен жолды біз жалғап, барынша төл мәде­ние­тімізді насихаттауға күш жұмсап жа­тыр­мыз. Өзімізге керек дүниені, қажет кон­тентті сол қордан аламыз деген ниет­теміз. 

– «Отандастар қорынан» бөлек, қа­зақстандық телеарналарға да сұрау салсақ қайтеді? Сізге нақты не қажет? Қазақша деректі фильмдер, мульт­фильм­дер, концерттік бағдарламалар ғой?

– Иә, бізге қазақша контент ауадай қа­жет. Эфирді пайдалы дүниемен толтыру үшін жан-жаққа жазбақпын. Кеше елге ке­ліп, мұны шешудің бірнеше жолын көр­дім, тыңдадым. Үйге барған соң қазақ­стан­дық телеарна басшыларына хат жазамын. Бізге керегі – сол өзіңіз айтқан қазақша ки­нолар, концерттер мен мультфильмдер ғой. Үлкендеріміз қазақша кино көргісі келеді. Немерелері де қазақша мультфильм көріп өссе дейді.  Мен қазір осындай дү­ние­лер іздеп, сұрастырып жүрмін. Рұқсат­сыз таратуға әсте болмайды. Ол үшін алды­мен келісімшарт жасасу керек. Қазақ­стандық телеарналардың эфирден талай жыл бұрын көрсетілген, архивке салып тастаған ескі дүниелері бізге жарайтын еді. Осы жағынан телеарнаны тізгіндеп отыр­ған бауырлар бізге көмектесіп жіберсе дей­мін.

– Бұл мәселе оңынан шешіледі деп ойлаймыз! Әңгімелескеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

 

Серіктес жаңалықтары