Талай тұлғаны қанат қақтырған
Өзбек еліндегі оқу ордасының қазақ бөлімі құрылғанына 70 жыл толды.
Бір шаңырақ астында
Өзбекстан – 130-дан астам ұлт өкілін бір ту астында біріктіріп отырған Орталық Азиядағы ірі мемлекет. Бұл елде 1 миллионнан астам қазақ ұлтының өкілдері де өзге ұлт өзге халықтармен тату-тәтті, ынтымақта өмір сүріп жатыр.
Бүгінде білім қазақ тілінде жүргізілетін 360-тан астам мектепте жас ұрпақ өз ана тілінде білім алады. Мектепте оқытылатын барлық пәннен ана тіліндегі оқулықтар, әдістемелік және көмекші құралдар ұлттық бағдарлама негізінде «Yangi O‘zbekiston», «Sharq», «Tashkent» баспаларында қайта жарық көрген. Білім беру жүйесіндегі жетістіктер мен ана тілінен сауаттылығын анықтау мақсатында республика деңгейінде пән олимпиадаларын өткізу жолға қойылған, жүлделі орын алған оқушылар жоғары оқу орындарына емтихансыз грант негізінде қабылданады.
Орта мектепті қазақ тілінде бітірушілер жоғары оқу орындарына кіру үшін тест сұрақтарын ана тілінде тапсыруға мүмкіндік берілген. Бүгінде жоғары оқу орындарында қазақ тілі мен әдебиеті, бастауыш білім, мектепке дейінгі білім мамандығы бойынша Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогика университеті, Шыршық мемлекеттік педагогика университеті, Гүлстан мемлекеттік университеті, Науаи мемлекеттік педагогика институты, Нүкіс мемлекеттік педагогика институты, Бердақ атындағы Қарақалапақ мемлекеттік университеттерінде жалпы орта білім беретін мектептер үшін интелектуалды, жоғары деңгейлі білікті мамандар даярлау жолға қойылған.
Мемлекет тарапынан қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы үшін – 60, бастауыш мамандығы үшін – 40, мектепке дейінгі білім мамандығы үшін – 20 грант бөлінген. Студенттердің білім алуы үшін жоғары оқу орындарын ақпарат ресурс орталықтары базасы соңғы жылдарда жарық көрген қазақ тіліндегі ғылыми-теориялық оқулықтар, оқу құралдары, көркем әдебиеттер және электронды әдебиеттермен қамтамасыз етілген.
Бөлімде білім бергендер
Өзбек еліндегі жоғары оқу орындарының ішінде педагогика саласының тірегі болған жоғары оқу орындарының бірі – Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогика университетінің (ТМПУ) орны бөлек. Себебі мұнда қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі бар, оның ашылғанына биыл 70 жыл толып отыр. Сондықтан осы атаулы датаны өз дәрежесінде тойлауға қазір қызу дайындық жүріп жатыр.
Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогика институтының тарих-филология факультеті құрамында қазақ тілі мен әдебиеті маманын даярлайтын бөлім 1953 жылы ашылды. Осы шешімнің іске асуының басы-қасында және өзі тікелей қолғабыс жасаған азамат сол кездегі Орталық комитет құрамындағы мектептер бөлімінің қазақ, қарақалпақ мектептері бойынша нұсқаушысы міндетін атқарған Төлеген Айдаров еді. Ол институттағы қазақ тілі және әдебиеті бөлімінің ашылуы туралы былай деп еске түсіреді:
«Орталық комитетке түрлі мазмұндағы хаттар, ұсыныстар түсіп жатады. Оқу-ағарту саласына қатыстылары да баршылық еді. Солардың ішінде қазақ, тәжік мектептерінде тіл мен әдебиет мұғалімдерінің жетіспейтіні де жазылған екен. Қазақ мектептеріне қатыстыларын бастықтар маған тапсырды. Материалдармен танысып, дұрыстығына көзім жетіп, мазмұнын мақұлдайтын деректерді жинап, реттеп бердім. Көп өтпей бюрода қаралып, қазақ, тәжік тілдерінде жоғары білім беретін бөлімдерді ашу мәселесі оқу министрлігіне және Ташкент, Самарқан
қалаларындағы оқу бөлімдеріне жүктелді. Мен оқу министрлігінің сол кездегі орынбасары Ағзам Бабажанов және Низами атындағы педагогика институтының ректоры Ж.Абдуллаевпен хабарластым. Олар мұны мақұлдады да, аталмыш оқу орнынан 1953 жылы тіл, әдебиет және тарих пәндері мамандарын даярлайтын қазақ бөлімі ашылды».
Бөлімге алғашқы ұстаз болып Ниетолла Базарбаев шақырылды. Кейінгі жылдары бөлімде әдебиеттану бойынша Мақаш Бекбергенов ұстаздық етті. Содан соң Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі ҚазҰУ) доценттері тілші Әлмәмбет Төлеуов пен әдебиетші Құрманбет Тұрғынбаев жұмысқа шақырылды. Сонымен бірге, сол тұста орта мектепте ұстаздық етіп жүрген Мекемтас Мырзахметов пен Тұрап Айдаров оқытушылық қызметке қабылданды. Әр кезде Жолдасбек Бұғыбаев, Барат Ерменов, Тансықбай Жолдасовтар сабақ өтті.
Кейін ТМПУ-ды үздік бітірген студенттерден іріктеліп, оқытушылыққа
Ә.Исабаев, С.Арысбекова, М.Оразов, Қ.Саттаров, Қ.Сейданов, Т.Қалдыбаевтар қызметке қабылданды. Жоғарыдағы ұстаздар олардың педагогикалық-әдістемелік, ғылыми-теориялық білімдерінің жетілуіне мән беріп, бағыт сілтеп, қамқорлық көрсетіп, ғылыми жұмыстарына жетекшілік етті.
Жетпісінші жылдары М.Бекбергенов,
Н.Базарбаев, сондай-ақ бөліміміздің әр кездегі түлектері Ә.Исабаев, Қ.Сейданов, М.Оразов, Қ.Саттаров, Т.Қалдыбаевтар ғылым кандидаттары мен докторлары атанып, бөлімнің деңгейін жоғарылатты.
Біздің мақтаныштарымыз
Бөлімді бітірген шәкірттер арасынан талай даңқты қаламгерлер шықты, соның бірегейі – қазақ поэзиясында үлкен орны бар талантты ақын Төлеген Айбергенов (1937-1967) болатын. Ол 1959 жылы осы оқу орнын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдап, туған жері – Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында мұғалім, қазіргі Түркістан облысының Сарыағаш қаласында кешкі мектептің директоры болып жұмыс істеп, өмірінің бірнеше жылын ұстаздыққа арнады. Кейін әдебиетке араласып, тамаша жыр кітаптарын шығарды. Сол кезде жастарға арналған атақты сыйлықтың (Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының) лауреаты болды. Қазір ол қазақ елінің ғана емес, осында туып, осында жоғары білім алғандықтан өзбек елінің де мақтанышына айналған тұлға.
Қазақ тілі және әдебиеті бөлімінен шыққан тағы бір ақын, бірнеше айтыстардың жүлдегері, балалар әдебиетінің жанашыры Мекембай Омаров (1949-2021) еді. Ол көптеген кітап шығарып, осындағы қазақ әдебиетінің өркендеуіне атсалысты, сонымен бірге «Достық туы», «Нұрлы жол» газеттерінде жұмыс істеп, өзбек еліндегі қазақ баспасөзін дамытуға еңбек сіңірді. «Махаббат», «Атамекен», «Таудай бол», «Төрткүл дүние», «Күн күлкісі», «Ай астындағы айналайындар», «Ақыл қайрағы» атты т.б. жыр жинақтарының, «Ең тәтті алмалар» деп аталған әңгімелер мен хикаяттар жинағын шығарды. Өзбекстандағы қазақ мектептерінің бастауыш сыныптарына арнап «Әліппе», «Ана тілі», «Қазақ тілі», «Оқу кітабы» секілді оқулықтар жазған болатын.
Бөлімді бітірген тағы көрнекті қаламгер – Өзбекстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Қалдыбек Сейданов. Ол 1964 жылы Низами атындағы педагогикалық институтының (қазіргі ТМПИ) тарих-филология факультетінің қазақ бөлімін бітірген соң, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясына қарасты
А.Пушкин (бүгінгі таңдағы Әлішер Науаи) атындағы Тіл және әдебиет институтының Әдебиеттер байланысы бөліміне жұмысқа тұрды. Сол жерде аға лаборанттан бастап, аға ғылыми қызметкер дәрежесіне дейін көтерілді. Кейін ол өзі оқыған бөлімге келіп, «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі болып жеті жыл, доценті болып бес жыл қызмет атқарды. Ол қазақ-өзбек халықтарының достығы, әдеби-мәдени байланыстары жайлы «Өзбекстан» баспасында «Туысқандар», ұлы Абайдың 175 жылдығына орай «Абай және Орта Азия», Әлішер Науаидың 580 жылдығына орай «Науаи және қазақ әдебиеті» монографияларын жарыққа шығарды. «Тоғысқан тағдырлар», «Сүймегенге, сүйкенбе» атты романдарымен бірге «Тағдыр» повесін, «Махаббат машақаты», «Ана арманы», «Жылы-жылы сөйлесең», «Ақ қыз», «Керемет келін», «Ерте үзілген гүл», «Өмірде не болмайды», «Жалқау бала» «Күй құдіреті», «Келін» сияқты т.б. 20-дан астам әңгімесін жарыққа шығарды. Республикалық «Нұрлы жол» газетінің бас редакторы болды. Қазір құрметті демалыста.
БӨЛІМНІҢ БҮГІНГІ ӨМІРІ
Бүгінде кафедрада ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау жұмыстары жолға қойылған. Қазір кафедра құрамы кеңейген. Кафедра меңгерушісі, п.ғ.д., профессор Е.Абдувалитов, доценттер Қ.Сейданов, Д.Дүйсебаева, Н.Абдувалитов және аға оқытушылар Б.Сайфуллаев, Б.Юсупов студенттерге сапалы білім беріп, олардың мықты маман болуы үшін барын салып жатыр.
Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының соңғы жылдарды жемісті жылдар болды деуге болады. Өйткені 2017 жылы «Өзбек тілі және әдебиеті» кафедрасының құрамынан шығып, «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасы болып қайта құрылды.
2018 жылы 13 наурызда Өзбекстан Республикасы президентінің «Ұлы қазақ ақыны және ағартушысы Абай Құнанбаев шығармашылығын кең үйрену және насихаттау туралы» ПҚ-3598-санды қаулысы жарық көрді. Қаулы негізінде Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогика университетінде «Абай және өзбек әдебиеті» атты тұрақты экспозиция құрылды.
2020 жылы қазақ тілі және әдебиеті оқытылатын жоғары оқу орындары үшін жоғары білікті мамандарды даярлау мақсатымен қазақ тілі мен әдебиеті бағыты бойынша магистратура мамандығы ашылды. Бүгінгі күнде қазақ тілі және әдебиеті мамандығын бітіргендер мақсатты докторантурада, еркін ізденушілер ретінде ғылыми жұмыстармен шұғылдануда.
Кафедра республикамыздың барлық жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, үздіксіз қамқорлық жасап отырады. Халықаралық деңгейде әлемнің топ-1000 университеттерінің қатарына енген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеттерімен байланыс орнатқан.
Халықаралық байланыстардан басты мақсат қазақ тілі және әдебиетін оқытудың сапасы мен тиімділігін арттыру. Осы мақсатпен бакалавр және магистратура студенттеріне білім беруде жоғарыда аталған университеттердің профессор-оқытушыларын жұмылдырылған. Мәселен, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті профессоры, ф.ғ.д. Н.Мыңбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, ф.ғ.д. А.Таңжарықова, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті профессорлары Р.Тұрысбек және Г.Сағидолла сынды білікті мамандар оқу процесіне мол үлесін қосуда.
Бөлімнің профессор-оқытушылары «Қазақ тілінің структуралық мәселелері және оны оқытудың әдістемесі», «Қазақ әдебиетінің туысқан халықтар әдебиетімен байланысы және оны оқытудың әдістемесі» бағытында ғылыми ізденістер жүргізеді. Сондай-ақ кафедра өзекті және ғылыми ізденістер жүргізу мәселесінде де назардан тыс қалмаған. Мысалы, 2020 жылы қазақ халқының бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абай шығармашылығы мен ғылыми мұрасын үйрену мәселелері» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. 2021 жылы қазақ халқының тұңғыш педагогі, ағартушы, ақын Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына орай «Алтынсарин шығармашылығы мен ғылыми мұрасын үйрену мәселелері» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. 2022 жылы алаш көсемі, ұстаз, ақын, аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «Ахмет Байтұрсынов: тіл және әдебиет мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.
Өзбек еліндегі іргелі оқу орындарының бірі Низами атындағы Ташкент мемлекетттік педагогикалық институтының қазақ тілі және әдебиеті факультеті қазақ балаларына ана тілінде білім беріп, олардың ел үшін еңбек ететін мықты маман болуына әрдайым салмақты үлесін қоса беретін болады.
Ергеш АБДУВАЛИТОВ,
педагогика ғылымдарының докторы,
профессор,
Ташкент қаласы