Түркістан музыкалық драма театры жаңа маусымын «Келіндер көтерілісі» спектаклімен ашты

Театр кезекті III маусымын жаңа қойылыммен ашты.

Түркістан музыкалық драма театры жаңа маусымын «Келіндер көтерілісі» спектаклімен ашты
Ашық дереккөз
1616

Түркістан музыкалық драма театры кезекті III маусымын Өзбекстанның көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» пьесасы бойынша қойылатын спектакльдің премьерасымен ашты, деп хабарлады turkystan.kz.

Қазақ тіліне пьесаны аударған – Асқар Сүлейменов. Әлемнің 14 елінің сахнасында қойылып, тіпті кино өндірісінде елеулі туындыға айналған шығарма 40 жыл өтсе де маңыздылығын жойған жоқ. Бұл шығарма тұңғыш рет Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театрының сахнасында 1978 жылы көрсетілді. Қазір қазақстандық театрлардың басым бөлігінің сахнасында Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» спектаклі қойылды десек қателеспейміз.

Қырық жылдан астам тарихы бар өзбек драматургінің  «Келіндер көтерілісі» комедиясы Түркістан музыкалық драма театры сахнасында заманауи келбетке ие болады. Инсценировка авторы және режиссері – Дәурен Серғазин, көрші отырған екі мемлекеттің ортақ құндылықтарын тиімді пайдаланып, жаңаша сипатта  музыкалық комедия жасап шығарды.

Комедияда ене мен келін арасындағы қарым-қатынас ғана емес, жалпы қоғамда орын алып отырған мәселелер де көрсетіледі. Адам баласының еркіндігі, таңдау құқығы, психологияның жедел даму әсері сияқты күнделікті өмірде кездесетін мәселелер негізге алынған. Астарлы әзілге толы комедия көрермен қауымды күлкіге қарық қыла отырып, терең ойға батырады.

Спектакльде рөлдерді Түркістан музыкалық драма театрының және еліміздің алдыңғы қатарлы театрларынан шақырылған әртістер сомдады. Рөлдерде ойнайтындар: ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіп, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әлімхан Мырзахан, ҚР Мемлекеттік Президент стипендиясының иегері Айнұр Рахипова, ҚР Президентінің мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының иегері Жандаулет Батай, отандық бірнеше тарихи фильмдерде басты рөлді сомдаған Бақыт Хаджибаев және Мейірғат Амангелдин, қазақ киносының белді актрисалары Қарлығаш Тұрсынбекова, Толқын Нұрбекова және Түркістан музыкалық драма театрының жас талантты әртістері.

Сценографы – Олжас Дарубаев, хореграфы – Мадина Мұратбекова, көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова.

Серіктес жаңалықтары