Астана туралы үздік шығарма анықталды

Аталған байқау «Елорда Ақпарат» медиасеріктестігінің ұйытқы болуы­­мен және Астана қаласының Білім басқармасы мен ішкі саясат бас­қар­ма­сы­ның тікелей қолдауымен өтті.

Астана туралы үздік шығарма анықталды
turkystan.kz

Кеше елордамыздағы Оқушылар сарайында Астананың 25 жылдығына арналған оқушылар арасындағы «Ел жүрегі – Елорда» шығармалар бай­қауы өз мәресіне жетіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан оқушылар мара­патталды. Аталған байқау «Елорда Ақпарат» медиасеріктестігінің ұйытқы болуы­­мен және Астана қаласының Білім басқармасы мен ішкі саясат бас­қар­ма­сы­ның тікелей қолдауымен өтті. 

Байқаудың мақсаты – журналист болу­ға ынталы оқушыларды қолдау, шы­­ғармашылық қабілетін шыңдау, орта жә­­не жоғары сынып оқушыларын бейіндік оқы­­туға үлес қосып, олардың шығар­ма­шы­­лық белсенділігін арттыру, газет ре­дак­ция­ларымен байланысын нығайту, елор­да­дағы білім беру мекемелері мен бұ­қа­ра­лық ақпарат құралдары арасындағы әріп­тестік пен ынтымақтастық байла­ныс­ты дамыту. Қабілеті шыңдалған оқушылар «Аста­на ақшамы» газеті редакциясы база­сын­да жас тілші ретінде шығармашылық-тә­лімгерлік тәжірибеден өтеді. Бас шаһар­дағы оқу ордаларының 7-11 сынып оқу­шы­лары қатыса алатын байқауға өтінімдер биыл­ғы 15 қыркүйек пен 15 қазан аралы­ғын­да қабылданған болатын. Кеше осы атау­лы байқаудың қорытындысы жария­ла­нып, жеңімпаздар марапатталды.
Сахна төріне Бас жүлдегер марапатын та­быстауға шақырылған Астана қаласы Іш­кі саясат басқармасының басшысы Нұр­дәулет Әлмұханов аталған байқаудың маз­­мұнына тоқтала келе, ертеңгі жас ұр­пақ­ты патриоттық тәрбиеге негіздеуде осын­дай жобалардың орны ерекше екені­не тоқталды.

– Бүгінгі іс-шараның маңызы өте зор. Бір кезде менің де кішкентай армандарым бол­ған. Адам бала кездегі армандарын ар­қау етіп, тынбай еткен еңбек пен таудай та­­­лаптың арқасында жетістіктерге жетуге бо­лады. Бүгінгі байқауға қатысып, бақ сы­наған барлық оқушылардың болашақта ар­ман-мақсаттарына жетуіне тілектеспін! Жең­ген оқушыларға жеңіс құтты болсын дей келе, жүлдегер қатарына ілінбей қал­ған үміткерлерге жасымаңыздар, келесі жо­лы міндетті түрде жеңесіздер дегім ке­леді, – деді Нұрдәулет Иманәліұлы.
 

Жалпы, байқауға 230-дан астам шы­­­ғарма келіп түскен. Олардың маз­мұны сан түрлі. Бір қызығы – шығарма ав­торларының көбі Астанаға өзге қаладан қо­ныс аударғандар екен. Олардың бас қа­лаға келу тарихы, алғашқы таныстықтар, жаңа ортадағы алғашқы сезім иірімдері шы­найы әрі әсерлі суреттелген. Мәселен, бір оқушы өзінің Астанаға деген іңкәрлігі әжесінің Бәйтерек туралы ертегіден бастау алғанын жеткізіпті. «Әжем ертегісінде он адамның құшағы жетпейтін алып ағаш болады, оны Бәйтерек деп атайды. Сондай ағаш Астананың тура ортасында өсіп тұр деп айтатын. Мен ол кезде ауылда тұра­тын­мын. Содан бастап менің Астанаға бару­ға деген құштарлығым оянды» деп ағы­нан жарылады. Шығармалар арасында ЭКСПО көрмесіне келген африкалық сая­хат­шы бала мен қазақ баласының арасын­дағы әңгіме комиссия мүшелеріне ерекше әсер етті. Мемлекеті мойындалмаған, ас­та­­насы жоқ жерден келген саяхатшы ба­ла­ға қазақ баласы өз Астанасын танысты­рып, мақтанышпен жеткізеді. 

– Осыдан бір ай бұрын біздер «Мектеп жә­не Медиасауаттылық» тақырыбында ай­лық өткізген болатынбыз. Осы жоба ая­сында елордадағы мектептерде бірнеше кез­десулер өткіздік. Жобаның мақсаты – жас ұрпақты ақпараттық сауаттылықтан ха­бардар ету болды. Аталған бастаманың ая­сында бүгін марапаттау рәсімі өтіп жат­қан оқушылар арасында «Ел жүрегі – Елор­да» шығармалар байқауын жариялаған бо­ла­тынбыз. Байқаудың мақсаты – мектеп жа­сындағы талантты балаларды тану, көр­сету болды, – деді Elorda aqparat ЖШС ди­рек­торы Олжас Сыдықбек.

Расында да, әр адамның Астанаға келу та­рих­ы өз алдына ерекше хикая. Алайда со­ны қызықты етіп жеткізе білу үшін де үл­кен шеберлік керек. «Астана ақшамы» га­зетінің тілшісі, жоба авторы Нұрлат Бай­генже «Байқаудың мақсаты оқушылармен ке­з­десу, ой алмасу, шығармашылық бай­ла­ныс орнату» дейді. 

– 230-дан аса материал түсті. Бұлардың іші­нен шын мықтыны тану және табу қиын болды. Барынша әділ шешім шығару үшін комиссия мүшелеріне шығарма ав­торлары туралы деректі жасырып, тек но­мер арқылы ғана дауыс беру әдісін таң­дадық. Яғни, қатысушы оқушының аты-жө­ні, сыныбы, мектебі туралы ақпарат бол­ма­ды. Сөйтіп, шығарманың шынайлығы мен мазмұны ғана бағаланды. Іріктеудің бірін­ші айналымынан кейін 30 жұмыс бө­лініп алынды. Сосын осылардың ара­сы­нан үздігі анықталды.  Арасында орфогра­фия­лық, сти­­­­листикиалық қате жіберген, бір сөзін қай­талай берген қатысушылар да болды. Бір­ақ біз мұндай қателіктерге мән бер­ме­дік. Бас жүлдеге лайықтыны таңдау оңай­ға соқ­пады. Десе де жарыстың аты жа­рыс, жеңім­паз анықталуы керек. Үздік ре­тінде 10 жұмысты таңдадық. Бас жүл­деге Қаныш Сәтбаев атындағы Binom School мек­тебінің 8-сынып оқушысы Кәу­сар Шал­қар лайықты деп танылды. Elorda Aqparat  ме­диахолдингі бас жүлдеге ерек­ше сыйлық дайындады. Кәусар Шалқарға «Бал­дәурен» лагеріне екі аптаға жолдама берілді, – деді Нұрлат Байгенже.

Астана туралы үздік шығарма жазған М.Мақатаев атындағы №74 мектеп-гим­на­зиясының 7-сынып оқушысы Әмина Уали­х­ан 1-орынды иеленіп, планшет ұтып ал­ды. Ал 2-орынды өзара екі оқушы бөлісті. Олар – Қаныш Сәтбаев атындағы Binom School мектебінің 7-сынып оқушысы Кәу­сар Жазыбай мен Ақшан Әл-Машани атын­дағы №92 мектеп-лицейінің 7-сынып оқу­шысы Жігер Берікқалиев. Жеңім­паз­дарға смартфон табыс етілді. Бас қаланың да­му перспективасы мен бүгінгі табыстары туралы толғанған жас қаламгерлердің ара­сынан үшінші орынға – Жұмабек Тәшенев атын­дағы №10 мектеп-гимназияның 8-сы­нып оқушысы Аружан Жандосова, Ә.Бө­кей­­­ханов атындағы BINOM мектеп-гим­на­зия­сының 9-сынып оқушысы Айкерім Ерл­ан мен №30 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Хусейнмухаммедали Ча­лышкан лайық деп танылып, оларға смарт­сағат ұсынылды. Атаулы орындардан бөлек іріктеуден өткен оқушылар ын­та­лан­дыру сыйлығынан да құр қалған жоқ. С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гим­назиясының 11-сынып оқушысы Ақер­ке Ка­зимова, Қаныш Сатпаев атындағы Binom school мектебінің 6-сынып оқушысы Мақсат Қуаныш пен Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының 6-сы­нып оқушысы Дінмұхаммед Айтжан ын­таландыру сыйлығын қанағат тұтып, сым­сыз құлаққапқа ие болды. ар­найы сый­­­лықтардан бөлек қатысушы­лар­дың ата-аналарына алғысхаттар та­быс­талды.  

Қиялымен қаламына қуат бітірген шын таланттарды анықтаған «Ел жүрегі – Елор­да» шығармалар байқауын ұйымдас­тыру­шы­лар топ жарған жас дарындардан ер­тең­гі елімізге белгілі ақын-жазушылар, жур­налистер, медиа мамандары шығаты­нына сенім білдірді. 
Республика күні мерекесі қарсаңын­да, Астана қаласының 25 жылдық ме­рейтойына орай алғаш рет өткізілген бай­қау жас ұрпақтың бойындағы шы­ғар­ма­шылық қабілетін ашып, бағыт-бағдар беру­ді мақсат тұтады. Айтулы жобаға, бел­­гілі меценат, кәсіпкер Исламбек Сал­жа­нов басқаратын Altyn Qyran Foundation қо­ғамдық қоры Бас демеушілік етті.

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ