Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, Сенат депутаты: 25 қазан – мемлекеттігіміз қайта жаңғырған күн

Еге­мендік декларациясы туралы тарих ғы­лымдарының докторы,  Қазақстан Ре­публикасы Ұлттық ғылым академия­сы­ның академигі, Сенат депутаты Дархан Қы­дырәлімен сұхбаттасқан едік.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, Сенат депутаты: 25 қазан – мемлекеттігіміз қайта жаңғырған  күн
ашық дереккөз
1828

Қазақстан халқы 2022 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен 25 қазан – Республика кү­нін айрықша атап өте бастады. Оған «ұлт­тық мереке» мәр­те­­­бесі қайтарылып, қа­зақстанның басты мей­ра­мы деп бел­гі­ленді. «Енді бұл мейрамды күл­лі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін бо­ламыз. Қайта жаң­ғырған Республика күні – бұл хал­қы­мыздың рухын көтеріп, ел­дігімізді ны­ғайта түсетін аса маңызды тари­­хи қадам», – деген болатын Прези­дент. 

Еге­мендік декларациясы туралы тарих ғы­лымдарының докторы, Қазақстан Ре­публикасы Ұлттық ғылым академия­сы­ның академигі, Сенат депутаты Дархан Қы­дырәлімен сұхбаттасқан едік.

– 90-жылдары Татарстан, Баш­құртс­тан сияқты автономиялар Егемендік ту­ра­лы декларациясын жариялады. Бірақ олардың бәрі тәуелсіздік алған жоқ. Ал Қа­зақстан 25 қазаннан 16 желтоқсанға дейін қандай саяси-құқықтық қадамдар жа­сады?

– Иә, тоқсаныншы жылдар Еуразия кеңіс­тігі ғана емес, жалпы ХХ ғасырда адамзат та­ри­хына үлкен бетбұрыс әкелген күрделі өз­герістің басы болды. Қайта құрудың дүм­пуімен, 1988 жылдан бастап Балтық және Кав­каз елдерінде дербестік жөнінде мәселе кө­теріле бастады. Содан кейін сіз атаған авто­но­миялар да, Одақтас республикалар да бірі­нен кейін бірі егемендік туралы деклара­ция­ла­рын жариялап жатты. Әсіресе, одақтық шарт­ты өзгерту бойынша нақты ұсыныстар бол­ды. 1990 жылы маусымда Ресейдің өзі осын­­­­дай декларация қабылдады. Осылайша, мыз­ғымайтындай көрінетін империяның іргесі сөгіліп, шаңырағы шайқала бастады. 1991 жылғы Мәскеудегі Тамыз бүлігі процесті тез­детті. Бұл кешегі күндей күркіреген одақ­тың ыдырауына апарып соқты. Қазақстан би­лігі осы сәтті өте ұтымды пайдаланды. Тек еге­мендік туралы декларация қабылдап қана қой­май, нақты әрі байыпты қадамдарға бар­ды. Президент билігі орнады, министрлер ка­би­неті жасақталды. Сол арқылы билік жүйе­сі де өзгере бастады. 

Сол жылдары Алаш арыстары Әлихан, Мір­­жақып, Мағжан, Ахаңдар ақталып, кітап­тары жарық көре бастағаны белгілі. Жазықсыз аты­лып, жылдар бойы аттары атал­май келген арыс­тардың кітаптарының ба­сылып шығуы ел­дің ертеңге, егемендікке деген сенімін есе­ле­ді. Сана оянды. Осы ара­лықта одақтың ыды­рауымен бірге 16 жел­тоқсанда Тәуелсіздік туралы заң қабылданды. Артынша Алматыда ТМД құрылып, бірнеше күннен кейін одақ келмеске кетті. Бізде кейде  «Тәуелсіздікті елдің соңынан алдық» деген әң­гімелер айтылып қалып жатады. Бұл артық­тау сөз деп ойлаймын. Өйткені біздің Тәуел­сіздік оңай келген жоқ, ол кездегі ахуал да оңай болған жоқ. Сондықтан мемлекет құрау­шы қазақ халқының саны 40 пайызға жетпей тұрған күрделі кезеңде, 1990 жылы 25 қа­зан­да қабылданған Егемендік туралы декларация тәуелсіздікке жасалған нақты қадам болды.
 

– 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстан­ның Мемлекеттік егемендік туралы дек­ларациясы қабылданып, «Республика кү­ні» мерекесі белгіленді. Сол тұста бұл Дек­ларацияның қоғамдағы рөлі, саяси-құ­қықтық маңызы қандай болды?  
 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жеңі­сі. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан іргелі ел болуға бағыт ұстады» деп атап көрсетті ғой. Расында, тәуекелге ессіз қадаммен емес, ақыл­мен бару қажет болды. Экономикасы ши­кі­зат­қа тәуелді, әскери қуаты әлсіз, демог­ра­фия­сы әлжуаз, этникалық құрамы ала-құла, ше­гара­сы ашық-шашық жатқан еліміздің еңсе тік­теп кетеріне күмәнмен қарағандар аз бол­ған жоқ. Әр жерде сепаратистік пиғыл та­­нытқандар да шығып жатты. Қазақтың саны, жаңа айтып өттік, ел халқының жар­ты­сына да жетпейтін. Оның көбі ауылда тұра­тын. Ойына келгенін істеп үйреніп қал­ған орталық билікті оңай бере қояр ма деген сұрақ та тұр­ды. Оның себебі де жоқ емес. Тарих­қа қарап отырсақ, 1917 жылы 20 қара­шада В.Ленин мен ұлт істері жөніндегі Халық ко­миссары И.Сталиннің қол қойған декла­ра­ция­сы бар. Онда бұрынғыдай империялық қанау саясаты болмайды, Ресейдің қол астын­дағы ұлттар мен ұлыстар өзінің дербестігін қалаған уақы­тында жариялай алады, ұлттық құн­дылық­тарын, діни және ұлттық меке­ме­лерін сақтай алады делінген. Бірақ барлығы да сөз жүзінде қалды. Сол сөзге Алаш арыс­тары да сенген. Татар, башқұрт және өзге де ав­тономиялардың бас­шылары осы декла­ра­цияға алданып қал­ған. Бұл туралы Зәки Уәли­ди өз естелігінде жақ­сы жазады. Сон­дық­тан 90-жылдары деклара­ция қабылданар тұста сая­си көңіл күй құбылмалы болды. «Соңы қа­лай болар екен?» деген әліптің артын бақ­қан­дардың көңілінде күдік тұрды. Осыған байланысты классик жазушы Төлен ағаның бір сөзі есіме түсіп отыр. Өзбекәлі Жәнібеков­тің тапсырмасы бойын­ша Алаш арыстарын ақтау туралы тал­қы­лауға академиктердің ба­сын қосқанда кей­бірі тілінің астына ва­лидол тастап оты­рып­ты. Сонда бір академик: «Айналайын, мұ­ның ақыры жақсылыққа апар­майды. 30-жылдары да бізді алдарқатып, ар­қамыздан қа­ғып артынан қаймағын сы­пырып алған. Арандап қалмаңдар» деп қо­рық­қан дейді.

Дегенмен қоғамда осы кезеңде ерекше бір леп болды. Егемендік туралы декларацияны жұрт ерекше қуанышпен қарсы алды. Қоғамда қызу талқылаулар жүріп жатты. Әсіресе, жастар жағы өте белсенді еді. Мысалы, сол тоқсаныншы жылы біз мектепте оқи­мыз. Оқушы болсақ та қазан айында алаң­ға бардық. Содан бізді мектептен шы­ғара­тын бо­лып, сол кезеңде Фариза апай араша түсіп алып қалған. Ол туралы «Ақ желкен» журна­лын­да «Алаңда жүрген балалар» деген та­қырыпта арнайы мақала да жаздырды. Ба­сы­лым беттерінде мәселелер ашық талқылана бас­тады. Осылай іште бұғып жатқан аңсар сезім­дер сыртқа лықсып шықты. Бәрі жаңа­рып жатты. Бір жағы экономикалық түрлі қиындықтар болғанымен, мәселен, дүкендер алдында кезектер көбейгенімен, ең бастысы, ұлттық рух оянды. Осындай кезеңде егемендік декларациясын қабылдау үміт отын еселей түсті. Өйткені декларация біздің жалпы әлем­ге халықаралық деңгейде дербес мемлекет екенімізді жария етті. 

Осы жерде егемен деген сөздің біздің ті­лі­мізге қалай енгені ойға оралып отыр. Шын­дықтың шырақшысындай болған Шерхан аға­мыз тоқсаныншы жылдың басында Түр­кияға барған сапарында «суверенитетті» еге­мен деп жазғанын көріп, осы терминді қол­данысқа енгізіп жібереді. Осылайша, ертеден ке­ле жатқан «еге», «ие» сөзінен тараған, ма­ғы­насы «өз билігін өзі иелену», «өз мемлекетіне өзі егелік ету», гегемония дегенді білдіретін «еге­­мен» терминін әуелі декларация, кейін аға газет арқылы қазақ қауымы жылы қабыл­да­ды. Сөйтіп, қоғамға тез сіңіп кетті. Шер-ағаң 1991 жылы маусымда «Социалистік Қазақ­стан» атауын «Егеменді Қазақстан» деп өзгерт­ке­нін білеміз. Газет маңдайшасындағы «Бар­лық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген сөй­лемді «Туыстық. Теңдік. Азаттыққа» ал­мас­тырды. Осылайша, егемен мен азаттық ұғы­мы синонимге айналды. 

– «Республика күні» 2001-2009 жылдар ара­лығында мемлекеттік мереке ретінде атап өтілді. Алайда 2009 жылдан бастап «Рес­публика күні» мемлекеттік тұрмақ, қа­тардағы атаулы күндер сапынан түсіп қал­ды. Қоғамға оның нақты себебі де ай­тылмады. Осы орайда мемлекет мере­ке­ден неге бас тартты деген сауалға кеңі­нен жауап берсеңіз.  

– Мұның нақты себебін білмеймін. Бәл­кім, 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік күнінің бә­­­­сін биіктету үшін жасалған қадам болар. Өйт­кені біріншіден, 16 желтоқсан жаңа жыл­дың көлеңкесінде қалып келді. Желтоқсан бас­талысымен халық шыршасын орнатып, жаңа жылға дайындық басталады. Екіншіден, Желтоқсанда біздің жастарымыз қанға бөкті, ол жер тағзым алаңына айналды. «Бұл қуана­тын күн емес. Аза тұтатын тағзым күні» деген әң­гіме де сол кезде көбейіп бара жатты. Сон­дық­тан бәлкім, 16 желтоқсан «Республика кү­нінің» тасасында қалу қаупі болғандықтан, екі мереке қосылған шығар. 

– Ұлттық мереке 25 қазан күнін қайта қалпына келтірудің мемлекет үшін қан­дай қажеттілігі болды?

– Бұл тарихи әділеттіліктің қайта орна­ға­­нына биыл екінші жыл.  Мемлекет басшы­сы­­ның Ұлытауда өткен алқалы жиында Рес­пуб­лика күніне ұлттық мереке мәртебесін қай­­тару, оны елдің басты мерекесі ретінде атап өту туралы бастамасын жұрт қуана қа­был­­­дады. Ұлттық мерекенің статусы мем­ле­кет­тік мерекеден жоғары екенін білесіз. Екін­шіден, қазан айы қамбаның асқа толып, көңілі жайланған ағайынның ел аралауға, қонаққа баруына ыңғайлы кезең. Желтоқсан айындай ызғарлы, суық та емес. Халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін мерекені жалпыұлттық деңгейде тойлауға қолайлы. Өзіңіз білесіз, Республикасы сөзі – «ортақ іс» дегенді білдіреді. Сондықтан бұл мерекенің азаматтық қоғамды, азаматтық са­наны қалыптастыруда үлкен мәні бар. Қазір Мемлекет басшысы инклюзивті қоғам құру жө­нінде үлкен бастамалар көтеріп жатыр. Оли­гархтардың мемлекетке активтерді қай­таруы, монополиямен күрес мәселелері өзекті бо­лып отыр. Қазақстан баршаға тең мүмкін­дік беретін мемлекетке айналып келеді. Рес­публика ұғымы осы үрдісті жандандырады, мем­лекетшілдік сананы сілкіндіреді, ортақ іске жұмылдырады деп ойлаймын. 

Балабақшадан бастап, барлық оқу орын­дары, мекемелер осы күннің мән-маңызын айрық­ша насихаттайтын болса, бұл біздің жалпы мемлекетшілдікті, елдегі патриотизмді, отан­шылдықты нығайтатын бірегей құнды­лық­қа айналары анық. Менің ойымша, еліміз­де әрбір үй мемлекеттік туды іліп қою керек деп ойлаймын. 25 қазанда Президент Мем­ле­кет­тік ту көтереді. Содан кейін әр азамат өз үйін­де ту көтерсе қандай керемет. 

– Әлем елдерінің біразы республика күнін ерекше атап өтеді. Осы жолда біз ұлт­тық мерекені өз деңгейінде ұлықтау үшін не істеуіміз керек? Біздің ұлттық ме­рекені атап өтуде басқа елдерден қан­дай да бір айырмашылығымыз болуы ке­рек пе?

– Қазақстандық қоғамдық даму инс­титу­ты былтыр бір зерттеу жариялады. Онда от­ба­сылық дәстүрлер туралы сұраққа рес­пон­дент­тердің көбі отбасында жиі аталып өті­ле­тін жақындарының туған күндерін тойлау деп жауап берген. Ұлттық және мемлекеттік мере­келер отбасы дәстүрін қалыптастыратын құн­дылық ретінде көп аталмайды. Мысалы, ха­лық неге Жаңа жылды көбірек тойлайды? Өйт­кені отбасылық дәстүрге айналған. Жұрт­шылық оған алдын-ала дайындалады. Бір-бі­рін құттықтайды, сый-сияпат жасайды. Бір­неше күн демалады, жұмыстан сыйақы бері­леді, халықтың көңіл күйі көтеріледі деген­дей. Меніңше, біздің кәсіпкерлер де осы мә­се­ле туралы ойлану керек сияқты. Республика күні қарсаңында әртүрлі дүкендерде, ірі сауда орталықтарында жәрмеңкелер ұйымдастырса, жеңілдіктер жасаса, онда азаматтардың бір-біріне сыйлық алуы да көбейер еді. Мұның бар­лығы адамдарды бір-бірімен жақын­дас­тыра­ды, ерекше көңіл күй сыйлайды. Оның үстіне символдар, жаңа жылмен астасатын, түй­сікке сіңген ұғымдар бар. Мысалға Жаңа жыл болса, «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңыз­бен!» фильмі бірден еске түседі. Сон­дық­тан осы күнмен астасатын көркем фильмдердің болуы да маңызды. 

Кавурдың: «Біз Италия деген мемлекетті құрдық. Біз енді Италия халқын қалып­тас­тыруға тиіспіз» дегені бар. Тәуелсіздік алу бар, бірақ тәуелсіз сана қалыптастыру бөлек. Сана сауықпай, қоғам айықпай, ой отарсызданбай, тәуелсіздікті тұғырлы ету қиын. Қазір біз үлкен бір кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Сондықтан жалпы азаматтық қоғам нығаюы үшін осы Республика күніне үлкен мән беру керек. Әсіресе, деколонизация мәселесі, дер­бестік мәселесі, мемлекеттілік мәселесі маңыз­ды. Біздің қоғам кеңестік мұрадан арылуы керек. Президент айтқандай, кеңестік кезеңнің шолақ белсенділерін ұлықтаудан, оларға ескерткіштер қоюдан бас тарту керек. Мәселен, өтірік тарих жазып, репрессияда қолы қанға малынған адамдардың аттарында көшелер бар. Біз бір жағынан Алаш арыстарын ұлықтасақ, екінші жағынан оларды қуғын­дағандарды да ұлықтап жатырмыз. Біреуі ауылдас, біреуі жерлес болғаны үшін. Бұл рет­те тарихи әділеттілікті қалпына келтіру үшін музейлердің рөлі өте жоғары. Республика күнін тойлауды музейден бастауға болады. Бізге  Республика музейі керек сияқты. Осын­дай музейді бірнеше елден, мәселен Буда­пешт­тен көрдім. Мұндай музей ашаршылық зар­дабы, репрессия, одан кейінгі тың игеру, совет ада­мын жасау кезеңдерін қамтып, осы про­цестердің қалай жүргенін, 1986 жылғы Жел­тоқ­сан көтерілісі қалай болғанын, Егемендік дек­ларациясының қалай қабылданғанын қам­туы керек. Мысалы, Алматыдағы қазіргі Қа­зақ-Британ техникалық университетінің ғи­маратында кезінде осы Егемендік дек­ла­рациясы қабылданды. Ол ғимаратта Димаш Ахметұлы да отырды. Кеңестік кезеңде қан­ша­ма шешімдер осы жерде қабылданды. Сон­­­дықтан тарихтан тағылым алу үшін осы ғи­маратқа біз көбірек барғанымыз абзал. Со­нымен қатар осы тағылымды күні С.Зиманов, Ғ.Сапарғалиев, С.Сартаев сынды қайраткердің еңбектері бағаланып, егемендік декларация­сы­ның қабылдауға атсалысқан азаматтарды ұмыт­пау керек. Егемендік декларациясын қа­былдаған Парламентте болған тұлғалар қа­зір арамызда бар. Солардың бәрімен кез­десулер өткізсе, жастарға үлкен ғибратты әң­гі­ме болар еді. 

– Тәуелсіздік күні мен Республика кү­нін қарапайым халық әлі шатастырып жатады. Осы орайда екі атаулы мереке­нің ерекшелігін сипаттап, жіктеп алсақ. 

– Рас, осы екі мерекені шатастыратындар бар. 16 желтоқсан Тәуелсіздік алған, азат бол­ған күн. Бұл – Кеңес Одағының құлауымен бір­­ге 70 жылдық бодандықтан азат болу. Ал еге­­мендік ұғымы кеңірек. Кейбіреулер оны су­ве­ренитет, аясы тар деп жатады. Олай емес. Екеуі­нің де орны айрықша. Мәселен, Респуб­лика күні – мемлекеттіліктің белгісі. Сон­дық­тан Республика күні – жүздеген жыл бойы үзіл­мей жалғасып келе жатқан мемлекеттік дәс­түрдің қайта салтанат құрған күні. Ғасыр­лардан бастау алатын мемлекетіміздің қайта жаңғырған күні. Тәуелсіздік күні – бодандық қамытын киген 70 жылда қолға тиген азат­тық­ты білдірсе, Республика күнін атап өту ар­қылы сонау мыңжылдықтардан бастау ала­тын елдігімізді, мемлекеттігімізді, бостан­дық жолында бастарын бәйгеге тіккен баба­лар­дың ақиқатқа айналған арманын ардақ­тай­мыз. Ендеше, мұның мәні ерекше, тарихы ай­рықша. Республика күні мемлекеттік инс­титуттарды, биліктің тармақтарын ай­қын­дады, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дер­бес жүргізуді, сол арқылы жалпы дербес­тік­ті айқындап берген құжат. Оны Тәуел­сіз­діктің әкесі деп айтуға болатын шығар.   

– Иммигранттар отанына айналған АҚШ – әртүрлі ұлттың басын қосқан  мем­лекет. Сондықтан америкалықтар Тәуел­сіздік Декларациясы мен АҚШ Конс­титуциясындағы ортақ құнды­лық­тарға сүйеніп, мемлекеттілігін сонымен бай­ланыстырады. Ал Қазақстан сияқты та­рихи тамыры терең елдің негізгі құн­дылығы не болуы керек? 

– Бізде ұлт құру мәселесі қайта-қайта кө­теріліп жүр. Өзіңіз білесіз, Қазақстан 2010 жы­лы ұлттық доктрина қабылданғанда «Аме­ри­калық ұлт боламыз ба?» деп біраз шу болды. Шын­дап келгенде, ол доктринаның түбінде ұлт құрушы қазақ халқының жауапкершілігі туралы айтылған еді. Сіз айтқан Америкада заң үстемдігі, ортақ мәдениет, ортақ мүдде, ор­­тақ отан – басты құндылықтар. Сол сияқ­ты біз­дің еліміздің де құндылықтары бар. Біз­дің өзе­гіміз, құбылған заманда құбыладан жаңыл­дырмайтын – ұлттық құндылықтары­мыз. Қазір дін төңірегінде, тіл төңірегінде талас көбейіп барады. Шын мәнінде біздің құндылықтарымыз ұлтты ұйыстырумен бірге, тұтас қоғамды да біріктіре түсуге тиіс. Ол – Мем­лекет басшысы айтып өткендей, біздің аза­маттарды біріктіре түсетін аспан түсті көк бай­рағымыз бен көк паспортымыз. Тарихы терең еліміздің азаматтарын сонымен қатар ортақ тарих біріктіреді, ортақ тағдыр бірік­тіре­ді. Сол сияқты бізді ортақ Отан, ортақ мүд­де және ортақ мәдениет ұйыстырады. Әрине, мәдениеттің мәйегі тіл десек, біздің та­рихымыз, әдебиетіміз, өнеріміз, салт-са­намыз бен дәстүріміз тіліміз арқылы жасап кел­ді. Сондықтан тағдырлы, қуатты, бай тілі­міз де біздің басты құндылығымыздың біре­гейі! Бұл орайда бір айта кетерлік жайт, ұлт ұпайын ұранмен түгендей алмаймыз. Көшелі мә­селе көшеде шешілмейді. Өзіңіз білесіз, демографиялық өсіммен бірге қазақ тілін қол­данушылар саны да артып келеді. Қазақ тілінің қолданыс аясы да кеңейіп келе жатыр, сұра­ныс та артты. Мәселен, «Оян, қазақ!» филь­міне мектеп оқушыларының көптеп ба­рып жатқаны нарықта қазақтілді фильм­дерге деген ынта мен қызығушылықтың кө­бей­генін көрсетті.  Ендеше тіл патрулі сияқты әсіре қадамға бару артық деп ойлаймын. Аза­­маттық қоғамда еліміздің барша азамат­тарына, абайша айтқанда, бауырым деп қарау қажет. 

Ұлттық құндылықтар туралы айтқанда әрине, Абайға тоқталмай өте алмай­мыз. Абай айтқан еңбек, талап, терең ой, қа­нағат, рахым, мейірбандық сияқты ежелден ке­ле жатқан ұлттық сипатымыз бен болмысы­мыз да бізді біріктіруші құндылықтар болуы тиіс. Ал ақын айтқан өсек, өтірік, мақтаншақ, бекер мал шашпақ сияқты ғадеттерден де ау­лақ болу қажеттігі әлі де күн тәртібінде. Биыл­ғы Жолдауында Мемлекет басшысы үнем­шілдік туралы айтқанын білесіз. Сол үнем­шілдік, бекер мал шашпақтан ада болу, қана­ғат мәселесі қазір де өзекті. Мәселен, Абай өзінің әкесі, Алты Алашқа аты шыққан аға сұлтан Құнанбайдың асын өткізбеген, оған кететін шығынды есептеп, Семейде оқып жүр­ген балаларға стипендия есебінде берген екен. Сондықтан үнемшілдік деген – бір жағы прагматизм. Ғылым мен білімге ұмтылу да біз­дің ұлттың жаңа болмысы, ортақ құн­ды­лық  ретінде орнығуға тиіс. Әсілі, мұның бәрі бұрын­нан бар ұлттық қасиеттеріміз ғой. Әйт­песе, Фарабилер қайдан шығар еді. Тек та­рих­қа үңіліп, ұлттық кодымызды қайта жаң­ғырту қажет.  

– Ұлтымыздың құндылығы дегенге та­рихи санаға тоқталмай өте алмаймыз...

– Иә, ұлттық сана тарихи сана арқылы қа­­лыптасады. Біздің қоғамды ортақ тағдыр да біріктіреді деп айттық. Қаншама ұлт, эт­нос­тар Қазақстанға тағдырдың айдауымен кел­ді. Қиын-қыстау заманда келіп, қамқорлық көр­ген олар бір-біріне бауыр басты, тамыр бол­ды. Осы елдің қызығы мен қуанышын бір­ге бөлісті. Егемендік декларациясына бірге қуан­ды. Сондықтан тарихи санамен бірге жал­пы азаматтық сана өте маңызды. Екін­шіден, кез келген елді біріктіретін ол – мүдде, идея, арман. Мысалы, бізде Қазақ хандығының құрылуы туралы екі түрлі жорамал айтылып жүр. Біріншісі, Ақжол би мен Қобыланды ере­гісіп қалып, содан араз болып кетіпті-мыс, екін­шісі  Керей мен Жәнібек Әбілхайыр ханға араз болып, содан бөлініп кетті деген пікір­лер­ді білесіз. Бірақ тарихта біреуге біреу араз бол­ғаннан  мемлекет пайда болмайды. Көш­кен ел ұзаққа бармайды, барса да іргелі мем­ле­кетке айналмайды. Бұл жердегі үлкен мә­селе Алтын Орда – Ұлық ұлыс ыдырап, халық дағ­дарып, ел айырылып, өткенді аңсап тұрған шақта Керей мен Жәнібектің жұртты барақат заманға бастайтын, дүркіреп өткен дәуренді қайта орнататын Жерұйықты, Жиделі-Бай­сынды іздеуінде жатқан сияқты. Олардың төңірегіне Асан Қайғы, Жиренше шешен, Қаз­туған жырау сынды сол кезеңнің ақыл­ман­дары мен абыздары жиналып, көзден бұл­бұл ұшып бара жатқан еңселі елдікті ізде­ді. Алып мемлекет ыдырап, әртүрлі хандық­тарға бөлшектеніп, қалмаққа қарсы тойтарыс бере алмай, ел еңсесі түскен күрделі кезеңде бұл идея халықты топтастыра білді. Берекесі ке­тіп, қырық пышақ болған жұрт қой үстіне боз­торғай жұмыртқалаған заманды аңсады. Мі­не, Керей мен Жәнібек хандар сол кезеңде қағандар алқабы Шуда дербес шаңырақ көте­ріп, халық та оларға ерді. Сол арқылы бірнеше жылдың ішінде хандық миллион әскер шы­ғаратын ірі мемлекетке айналды. Себебі жұрт сол идеяға сенді. Сол идеяның төңірегіне топ­тасты. Сол Жерұйықта мемлекет құруға ты­рысты. Ол Жерұйық, Жиделі-байсын – осы ата­мекеніміз. Аталарымыздың кіндік қаны там­ған жер. Сондықтан біздің ортақ құнды­лы­ғымыз – ол осы Отанымыз, қасиетті біртұ­тас жеріміз, тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыз, татулық пен тыныштық. 

Өзіңді тану үшін – өзекті табу маңызды. Біз құндылықтарды өз тарихымыздан та­ба­мыз. Сондықтан қоғам да тарихқа көб­і­рек бет бұратын сияқты. Алаш арыстарын зерт­теу, тарихи тұлғалардың өмір жолын зер­делеу, тамырды іздеу, ғасырлар салған бел­гіге үңілу, жоғалған құндылықтарды іздеу – со­ның белгісі. Ататүріктің «Тарыққан заманда, қы­сылған шақта, ел басына қиын жағдайға түс­кен кезде сен ештеңеден бас тартпа. Өйт­кені саған қажет құндылықтың бәрі ол сенің асыл қаныңда. Ол сенің тамырыңда бүлкілдеп жатыр» деген сөзі бар. Сондықтан ұлттық құн­дылықтарға үңілу, ұлттық кодқа үңілу, ұлт­тық тарихқа үңілу бұл біздің санамыздың сауығуына, жадымыздың жаңғыруына оң әсе­рін тигізетіні анық. 

– Ата-бабамыз азаттық жолында ба­рын беруге дайын болды. Қазір де Тәуел­сіздікті сақтаудан артық міндет жоқ. Санымыз Токио, Мумбай сынды қа­ла­лардың ар жақ, бер жағында ғана. Осын­дай жағдайда қоғамның ішкі бірлігін сақтау қаншалықты маңызды?

– Бұйырса, халқымыздың саны 20 мил­лион­ға жетіп қалды. Бір кездері Ахаңдар: «Әл­хәмдулиллә, 6 миллион халықпыз» деп жар салған екен. Бірақ одан халықтың жар­ты­сы қырылып қалды. Алағай да бұлағай за­ман өтті. Тәуба, егемендік арқылы елдікке қол жеткіздік. Дербестігімізді бекемдейтін де­­­мографиялық ахуалымыз да жақсы. Сон­дықтан ел бірлігі мен ынтымағы – біздің бас­ты құндылығымыз. «Ырыс – ынтымағы жа­расқан елге барады» дейді. Сондықтан ырыс­ты елге айналу біздің осы ынтымағы жа­рас­қан қалпымыздан өтері анық. Тағы да тарлан тарихқа үңілсек, бабаларымыз бар болу үшін бір болуға, бірігуге ұмтылды. Ұлы­тауда анттасып, тасқа таңбасын басып бір ел боламыз деп серт берді. Біздің тарихымыз осы бірігуден, кірігуден тұрады. Әр кезеңде, әр қи­лы заманда, осы Ұлы далаға келген әртүрлі тай­палардың бәрі бірігіп отырған. Сол арқы­лы үлкен мемлекеттер құрылды. Үлкен мем­ле­кетке айналу әртүрлі этностардың, әртүрлі этникалық топтардың бірігу процестерінен тұратыны белгілі. Қазақстан қазір әртүрлі этностарға  ортақ шаңырақ. Сондықтан елдің бірлігі – ең басты байлығымыз. 

– Биыл тәуелсіздік құрдастары отыз екі жасқа толды. Еркін елде туып-өскен жас­тардың көзқарасы да, өмір салты да өз­геше. Оларға ата-бабамыздың талай нәу­бетті бастан кешкенін, азаттық жо­лын­да ғасырлар бойы арпалысқанын тү­сіндіре алдық па?

– Қаңтар оқиғасынан кейін «Буырқанған бұла буын» деген мақала жазған едім. Біздің жас­тар ерекше, басқаша ойлайды, басқаша сұрақ қояды, бағынбайды. Тіпті оғаш әре­кеттер жасауы да мүмкін. Олардың ойлауы, тү­сінігі басқа. Ерекше болғаны үшін, біз секіл­ді болмағаны үшін оларды айыптамау керек. Біз оларды бетінен қақпай, белін бууымыз ке­рек. Айыптамай, арқадан қағуымыз қажет. Шы­нында өткенге көз салып қарасақ, ел басына күн туған, дәуір алмасқан әр кезеңде бір пассионар ұрпақ келеді екен. ХХ ғасырдың ба­сында осындай пассионар ұрпақ келді. Олар – Алаштың қайраткерлері, жиырмадан жаңа асқан Сұлтанмахмұттар еді. «Мен жас­тар­ға сенемін!» деген Мағжан немесе Мұх­тарлардың өзі сол кезде жалындаған жас жігіт­тер еді. Олар әлемдік классиктермен иық тірес­ті. Жас Мұстафалар, Тұрарлар халықтың ауыр жүгін мойнына алды. Иә, олардың барлығының қанаты қырқылды, айдалды, атыл­ды. Бір буын тұтастай қыршын кетіп қал­ды. 50-жылдардан кейін жалпы әлемде му­зыка, ғылым, ғарыш салаларына үлкен сер­­піліс әкелген тұлғалар болды. Мұхтар Әуе­зов «жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деп ба­тасын берген тұлғалар қазақ даласына үл­кен серпіліс әкелді. Әрине, олардың бұлқынып шы­ғуына Кеңес үкіметі мүмкіндік берген жоқ.

Қалыптасып келе жатқан жастарды 1986 жылғы Желтоқсан басып тастады. Тәуелсіздік ал­ған жылдары нарық заңы да талай жастың бе­­лін бүкті. Тұрмыс  тұрақты ғы­лым­мен ай­на­лысуға, білім алуға мүмкіндік берген жоқ, мық­ты мамандар ала қап арқалап кетті.  Уа­қыт өте келе егемен елмен бірге есейген, ең­сесін тіктеген, ес жинап, етегін жапқан жас­тар оқып, жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Осы­лай­ша, барлық саладағы жастарға жол ашылып, өздерін көрсетуге мүмкіндік берілді. Жалпы, азаматтық қоғам біздің жастарымызға жаңа мүмкіндік ашады деп ойлаймын. Жас­тарға жа­салып жатқан жағдай да көңіл қуан­тады. Жас­тар туралы жаңа заң шықты. Соған орай көп­теген жаңа мүмкіндік туды. Мем­лекетке қыз­мет етемін деген жастарға кво­талар бө­лініп, Мәжіліс пен Сенатта, жергі­лікті мәс­ли­хаттарда жастар көптеп келе жа­тыр. Бұл Мемлекет басшысының жастарға де­ген үлкен қамқорлығы деп білемін. 

Сұхбаттасқан 
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары