Шетелдегі қандастар Ұлттық құрылтайға мүше болғысы келеді

«Отандастар» форумында Ұланбатыр қаласында «Қазақ мәдениет орталығын» ашу ұсынылды.

Шетелдегі қандастар Ұлттық құрылтайға мүше болғысы келеді
ашық дереккөз
1506

Шетел қазақтары бас біріктірген «Отандастар» форумына қатысқан Моңғолия Ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бәкей Ағыпарұлы осындай бастама көтерді, деп хабарлады Turkystan.kz.

«Өздерін қазақ халқының құрамдас бір бөлігі ретінде сезініп, қазақ елінің ұлттық біртұтастығын сақтауына қолдау көрсету мақсатында Ұлттық құрылтай мүшелігіне шетелдегі қандастардан да мүше қабылданса деген ұсыныс пікір айтқым келеді», – деді Бәкей Ағыпарұлы.

Ол өңірлік көлік-логистикалық интеграция аясында өзара байланысты нығайту аса маңызды мәселе екеніне назар аударды.

«Бұрынғы Өскемен-Өлгий тікелей әуе жолын ашып, қайта қалпына келтірумен қатар, көші-қон мәселесіне байланысты Өлгий қаласында Қазақстан елшілігінің консулдығын орнату, Баян-Өлгий аймағынан Шығыс Қазақстанға өтетін төте жолды іске асыру өзекті мәселе», – деді Моңғолия Ғылым академиясының академигі.

Профессор Ұланбатыр қаласы мен қала маңындағы аймақтарда 20 мың қазақ тұратынын тілге тиек етіп, Ұланбатыр қаласында «Қазақ мәдениет орталығын», сонымен қатар қазақ тілінде балабақша ашуды ұсынды.

«Моңғолиядағы қазақтардың бәрі көшіп кетпейтіні хақ. Сондықтан  тұрмыс-тіршіліктің жағдайымен Моңғолияда қалған қазақтар да сіздердің қаны бір, тегі бір қандас бауырларыңыз екенін есте сақтайды деп сенеміз. Шетелдегі қандастардың ғылым мен техника, білім, экономика және басқа да салаларда үлкен жетістіктерге жеткенін ескеріп, болашақта зиялы қауым үшін немесе Қазақстанда арнайы тақырыптарда өтетін келелі жиындарға бізді де шақырып отырсаңыздар, – деп қорытты ойын Бәкей Ағыпарұлы.

Серіктес жаңалықтары