«Мәңгілік бала бейне» – 30 жыл: Астанада Роза Мұқановамен шығармашылық кездесу және «Қызжылаған» драмасы өтеді

«Мәңгілік бала бейне» – 30 жыл: Астанада Роза Мұқановамен шығармашылық кездесу және «Қызжылаған» драмасы өтеді

Ертең Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Мұқановамен шығармашылық кездесу өтеді. Кездесу аясында Arman-PV баспасы қаламгердің «Мәңгілік бала бейне» шығармасы негізінде әзірленген спектакль-кітаптың таныстырылымын өткізеді. Қазақ және ағылшын тілдерінде жарық көрген басылымның таныстырылымы қолтаңба сағатына ұласады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сол күні сағат 19:00-де театр сахнасында Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» пьесасының желісі бойынша сахналанған «Қызжылаған» драмасы көрерменге ұсынылады. Қойылымның қоюшы режиссері – жас режиссер Абзалбек Максим.

Биыл «Мәңгілік бала бейне» шығармасының жазылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл мерейтой Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толған тарихи кезеңмен тұспа-тұс келді.

Ләйләнің тағдыры арқылы Семей ядролық сынақтарының адамзатқа әкелген қасіретін бейнелейтін шығарма – тұтас қазақ халқының мұңын, қайғысы мен жан жарасын арқалаған туынды. Радиация улаған қасиетті жер, тағдыр тәлкегіне түскен тағдырлар, дүниеге кемтар болып келген сәбилер – ядролық сынақтардың адамзат санасына салған өшпес жарасы.

Ләйлә – атом зардабының ғана емес, адам қолымен жасалған қиянаттың құрбаны. Оның тағдыры арқылы жазушы адамзаттың жауапкершілігі, өмірдің құндылығы мен бейкүнә балалықтың қорғансыздығы туралы терең ой қозғайды.

Осы айтулы датаға орай Arman-PV баспасы «Мәңгілік бала бейне» туындысын Қазақстанда алғаш рет спектакль-кітап форматында қазақ және ағылшын тілдерінде жарыққа шығарды. «The Angel of Karaul» атты ағылшын тіліндегі басылым қазан айында Франкфурт халықаралық кітап жәрмеңкесінде таныстырылды. Бұл – қазақ әдебиетіндегі маңызды шығармалардың бірі халықаралық оқырманға жол тартқанын айғақтайтын айтулы оқиға.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамыздағы үндеуінде: «Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды», – деп атап өткен болатын.

«Мәңгілік бала бейне» – халқымыздың қасіретін көркем сөзбен сөйлеткен, тарихи жадыны жаңғыртып, ядролық сынақтардың зардабын ұмыттырмауға үндейтін шығарма. Қазақ халқының қайғыны қасиетпен, қасіретті қайсарлықпен жеңген рухын танытатын туындының сахналық нұсқасы да терең мазмұнымен ерекшеленеді.

«Қызжылаған» драмасы жас режиссер Абзалбек Максимнің өзіндік режиссерлік шешімімен сахналанған. Қойылым көрерменді Ләйләнің жан әлеміне үңілдіріп қана қоймай, адамзат алдындағы тарихи әрі рухани жауапкершілік туралы ойлануға жетелейді.

Қойылым тобы: Қоюшы-режиссері – Абзалбек Максим, сценография және костюм суретшісі – Айдана Еңгебай, қоюшы хореограф – Анвара Садықова, жарық суретшісі – Ермек Мұхтарұлы, Композиторы – Әбілмансұр Құдайберген, дыбыс режиссері – Мерген Ажбаев, режиссердің ассистенті – Әлихан Әлішер, режиссердің көмекшісі – Еламан Иманбаев

Орындаушылар: Ләйлә  – Айдана Жетешова, Аружан Бағзат, Қатира – Асылзада Ахметкалиева, Құмар – Алихан Нұрланұлы, Алмаз Абденов, Пысықай (әртіс) – Жанғали Темірғалиев, Шөкіш – Ақниет Замзат, Депутат – Айдос Амандық, Айдын Қожахмет, Болтай –  Мағжан Омар, Қатша – Майра Омар, Құрбы қыз – Мерейім Талғат, Нарғыз Жанұзақова, Динар Қалдыбай, Ләззат Нәсір, Қабыл – Ілияс Өтетілеу, көпшілік сахнада – театр артистері.

Бұл кеш – шығармашылық мұраны ұлықтап, туындының идеялық-көркемдік мәнін тереңірек тануға мүмкіндік беретін ерекше мәдени шара.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары