Айгүл Ержан: Қазақстан – мүмкіндіктер мекені

Баян-Өлгей орта мектебінің оқушысы

Айгүл Ержан: Қазақстан – мүмкіндіктер мекені
655

TÚRKISTAN халықаралық газеті жарық көре бастағаннан бергі 30 жылда шетелдегі қазақтар тақырыбын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Әлемнің әр түпкірінде тұратын қандастардың рухани-мәдени өмірі мен ұлттық тақырыбы жөнінде дүркін-дүркін мәселе көтеріп келеді. Биыл басылымның 30 жылдық мерейтойы қарсаңында «Отандастар қорымен» бірлесіп, шетелде тұратын қазақ балалар арасында «Арманымдағы атажұрт» тақырыбында эссе жазудан байқау ұйымдастырған болатын. Бұл байқауға әлемнің 12 мемлекетінде тұратын 100-ге жуық қандас қатысты. Осының өзінен-ақ жас жеткіншектердің атажұртқа деген ыстық ықыласын байқауға болады. Бірақ біз байқау шарты негізінде ең үздік деп танылған 10 эссені іріктеп алдық. «Отандастар қоры» ол 10 оқушыға жыл сайын елде өтетін «Жас қазақ» этно лагеріне тегін жолдаманы табыс етпек.  «Отандастар қоры» этникалық қазақ балаларының басын қосып, атажұртқа әкеліп, тарихымызды, дінімізді, ділімізді әрі рухани құндылықтарымызды насихаттауды басты мақсат етіп алған.
Газеттің бұл санында атажұрт жайында ағынан жарылып, көкейіндегісін қағаз бетіне түсірген бірнеше оқушының эссесін ықшамдап жариялауды жөн санадық.

Редакциядан

Атажұрт – ата-бабамның асылы, ұрпағына қалдырған баға жетпес мұрасы. Атажұрт сөзінің мəн-мағынасы терең. Бұл сөзді естісем, ойыма бірден тарихи Отаным – Қазақстан келеді. Сол кезде жүрегім жібіп сала береді.

Арман кейбір адамдар үшін жай ғана қиял болуы мүмкін, алайда мен үшін армандар орындалады. Атажұртқа бару – орындалуға тиіс менің армандарымның бірі. Арманға жететін жол қиын болуы мүмкін, алайда мен бұл арманымнан ешқашан бас тартпаймын. Жолымда қандай кедергі, нендей тосқауылдар болса да, түбі сонда бару мақсатынан жаңылмаймын.

Мен Моңғолия елінде тұрамын. Бір жылдан соң орта мектепті бітіріп, арман қуалап, атажұртқа білім қуып бармақпын. Университет бітіріп, диплом алған соң, өз мамандығым бойынша ата-жұрттың өркендеуіне үлес қоссам деймін.

Мен үшін Қазақстан – мүмкіндіктер мекені. Өзіңді жан-жақты дамытуға мүмкіндік беретін орын. Ғылыммен айналысамын, өз жобамды құрастырамын деген адамға да жол ашық екенін аңғарып жүрмін. Сондықтан атамекенімде білім алып, маман ретінде жетілгім келеді.

Атажұрттың ерекшелігі өте көп. Ондағы тұрғындар түгілі, шетелдіктер қызығатын айрықша салт-дәстүрін атап өткен жөн. Дәмі тіл үйіретін ұлттық тағамдары да ел ауызында жүреді. Табиғаты талайды тамсандырғаны өз алдына, көп зерттеуге арқау болған киелі жерлері бар екенін білемін. Әлем сүйсіне тыңдайтын өнерпаздар саны да жетерлік. Әсіресе, домбыраның қоңыр үні ешкімді бейжай қалдырмайтынын талай аңғардық. Дүниежүзін мойындатқан атлеттермен иық тіресіп жүрген спортшылар да баршылық.

Арманымдағы атажұрт деген сұраққа жауап іздесем, мен қиялға ерік беріп, «Осындай болса ғой! Осылай көремін» деп айтқым келмейді. Көпшіліктен теледидардан естіп-біліп, газеттен оқып-танығанымдай менің арманымдағы атажұрт – қазіргі Қазақстан. Мен Қазақстанның қазіргі қалпын құптаймын, келбетіне тамсанамын. Бағытын қолдаймын. Қиырдағы қандастардың көпшілігі де атамекенді қазіргі қалпымен сүйеді деп ойлаймын. Сөз соңында, менің арманымдағы атажұрт дәл қазіргідей болуы керек деп айтқым келеді.

 

Серіктес жаңалықтары