Динара Аманжол: Қазақ әдебиетін оқу арқылы атажұртыма жақындай түсемін

Цэнгэл сұмыны №1 мектебінің 9-сынып оқушысы, (Баян-Өлгей, Моңғолия)

Динара Аманжол: Қазақ әдебиетін оқу арқылы атажұртыма жақындай түсемін
сурет: turkystan.kz
622

TÚRKISTAN халықаралық газеті жарық көре бастағаннан бергі 30 жылда шетелдегі қазақтар тақырыбын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Әлемнің әр түпкірінде тұратын қандастардың рухани-мәдени өмірі мен ұлттық тақырыбы жөнінде дүркін-дүркін мәселе көтеріп келеді. Биыл басылымның 30 жылдық мерейтойы қарсаңында «Отандастар қорымен» бірлесіп, шетелде тұратын қазақ балалар арасында «Арманымдағы атажұрт» тақырыбында эссе жазудан байқау ұйымдастырған болатын. Бұл байқауға әлемнің 12 мемлекетінде тұратын 100-ге жуық қандас қатысты. Осының өзінен-ақ жас жеткіншектердің атажұртқа деген ыстық ықыласын байқауға болады. Бірақ біз байқау шарты негізінде ең үздік деп танылған 10 эссені іріктеп алдық. «Отандастар қоры» ол 10 оқушыға жыл сайын елде өтетін «Жас қазақ» этно лагеріне тегін жолдаманы табыс етпек.  «Отандастар қоры» этникалық қазақ балаларының басын қосып, атажұртқа әкеліп, тарихымызды, дінімізді, ділімізді әрі рухани құндылықтарымызды насихаттауды басты мақсат етіп алған.
Газеттің бұл санында атажұрт жайында ағынан жарылып, көкейіндегісін қағаз бетіне түсірген бірнеше оқушының эссесін ықшамдап жариялауды жөн санадық.

Редакциядан

Мен Моңғолия еліне қарасты Бай-Өлке аймағының ең батыс шекарасы саналатын Цэнгэл сұмынында тұрамын. Онда ата-анам, ағайын-туыспен бірге мекен етіп, білім алып жатқан қатардағы оқушылардың бірімін. Мен Моңғолия елін Отаным, туған жерім деп атаймын. Елімізден еш жамандық, қиыншылық көрген емеспіз. Бірақ қаным қазақ болған соң, ол ұлттың бөлек мекені бар екенін ес білген кезде білдім. Содан бері қазақ елі, Қазақстан туралы көп дерек іздейтінді шығардым. Көп мәліметке қанық болдым, көп сұраққа жауап таптым.

Біз қазақ тілі мен әдебиеті сабақатрында кішкентайымыздан ұлы ақын Абайды, Ы.Алтынсариннің шығармаларын оқып, өлеңдерін жаттайтынбыз. Орта сыныпқа келген соң көп шығарманы тереңінен түсіне бастадық. «Қазақстан» телеарнасы көрсеткен «Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы», Міржақып Дулатұлы туралы «Оян қазақ» фильмдерін көріп, рухымыз тіптен асқақтай түсті. Жалпы, біз қазақстандық телеарналарды үзбей көреміз. Әсіресе, «Балапан» телеарнасын көріп отырып, кейбір бағдарламаларға қатыссақ қой, бауырларыммен бірге сонда бой көрсетсек қой, тіпті отбасылық жарыстарда бақ сынасақ қой деп қызығатынмын.

Менің атамның ағасының балалары Қарағанды, Астана қалаларында тұрады. Жастары оқыған-тоқыған, белгілі бір маман иелері. Әжемнің төркіні Талдықорғанда, Жаркентте тұрады. Менің бөлелерім Алматыда тұрып жатыр. Олардың жіберген, салған суреттеріне қызығамын. Әсіресе, Қазақстанның әсем табиғатына тамсанамын. «Мен де сол жерде тұрсам ғой!» деп армандаймын. Бір күні ол арманым орындалады деп сенемін.

Менің әпкелерім Ұланбатыр қаласында тұрады. Бірі – ағылшын пәнінің мұғалімі мамандығын, екіншісі тіс дәрігері мамандығын игеріп жатыр. Олар болашағын мен секілді атажұртпен байланыстырады. 2021 жылы «Шұғыла» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен «Тұлға боламын 1,2» сайысына екі әпкем, анам төртеуіміз қатысқанбыз. Таңшолпан деген әпкем Ыстамбұлға саяхат ұтып алып еді. Бірақ ол кезде 18 жасқа толмағандықтан, онда бара алмай қалды. Сонда әпкем «Шіркін,Қазақстанда болсам, еш кедергісіз баратын едім» дегені бар. Есесіне, ол қаржылай сыйлықтар алды. Мен де қаржылай сыйлық алдым. Бірақ сол кезде маған сыйланған кітаптан алған әсерім ерекше болды. Сол кезде Шерхан Мұртазаның «Интернат наны» Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» атты кітаптарын оқыдым. Биыл аймағымызда өткізіліп жатқан «Кітап оқу» сайысына қатысып жүрмін. Бұл сайыс та Ұларбек Нұрғалымұлының «Қар сумен кеткен жылқы»,  «Дайағашшы», Оралхан Бөкейдің «Апамның астауы», Ұларбек Дәлейұлының «Хат бармайтын қыстақ», Қабдеш Жұмаділовтың «Жеті ата», Фатима Забурованың «Тас жүрек», Арман Сқабылұлының «Егіз жүрек», Лев Толстойдың «Адамның хикметі неде?», Төлен Әбдіктің «Әке», Оралхан Бөкей «Сайтан көпір» деген шығармаларды оқыдым.  Кейде біз әдеби кітаптарды таба алмай, әлек боламыз. Атамекенде жүрсең, қалаған кітабыңды табуға болады ғой деп армандайсың. Биыл қыста әпкем бір досынан Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты екі кітапты сатып әперді. Өзі бұл екі кітаптың электронды нұсқасын оқыса керек. Жалпы, біз отбасымызбен кітап оқып, оны бірге талқылағанды жақсы көреміз. Осы жазғы демалыста оқыған кітаптарымды 3-4 сыныпты бітретін сіңілім мен бауырыма оқытамын. Бұл кітаптарды көршінің баласы менен сұрап, қызыға оқиды.

Қазақ әдебиетіне, қазақтілді шығармаларға деген осынау сүйіспеншілігімнен-ақ атамекенге деген аңсарымды, сағынышымды түсінген боларсыз. Абай атамыз «Сен де — бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан!» дегендей, мен де елімнің бір кірпіші болып қалануды армандаймын. Мұның арман күйінде қалмай, іске асуы өз қолымда екенін жақсы білемін. Сол үшін осы мақсаттан таймай, денімді сау ұстап, мектепте жақсы оқуға тырысып жүрмін.

Динара Аманжол,

Цэнгэл сұмыны №1 мектебінің 9-сынып оқушысы, (Баян-Өлгей, Моңғолия)

Серіктес жаңалықтары