Ақырғы аманат жолындағы жанкешті

Атыңнан айналайын, Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады. Сайыңнан саяқ құрлы сая таппай, Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы.                                                   Мәди

Ақырғы аманат жолындағы жанкешті
ашық дереккөз

Сол жылдары аты Алашқа кетіп, дүрілдеп тұрған тәуелсіз апталық Ақтөбе қаласынан шы­ғатын «Алтын Орда» газетінің Алматы қа­ласындағы тілшісімін. Мені Алатаудың бөктеріндегі алып мегаполиске бас редактор Мейірхан Ақдәулетұлы арнайы жіберген. «Дәу­рен, Алматыдағы зиялы қауымды «Алтын Ор­даға» тартуымыз керек. Авторлардың қара­сын көбейт, сұхбаттар ал...». Алыстан ойлай­тын сұңғыла редактордың маған берген тап­сырмасы осы болған. 

Алматыға келсем, қазақ газеттері жа­былып Тұқаң – Тұңғышбай Жаман­құ­лов­ты жүндеп жатыр екен. 
– Тұқаңды тұқыртуға тапсырма алып па едіңдер, не болып қалды? – деп сұ­­рай­мын әріптестерімнен.
– Жаманқұловың  – жалмаңқұлақ екен, жалмап қойыпты.
– Астапыралла! Нені, кімді жалмап қойыпты?
– Театрдың қаржысын түйе мен бие­ге теңдеп алып жұтыпты.
– Қой-ей!
– Рас, имандай шыным. 

«Ат елірсе, есек қоса еліреді» де­мек­ші, журналист жұрттың сөзіне еріп, елі­ре кетсе, жалғанның жарығына тал­пы­нып шыға алмай жатқан шындық өле­ді. Әріптесім екен деп журналистің сө­зіне де сене бермеуі керек. 

Мен Тұңғышбай әл-Таразимен сұх­бат­­­тасуды жөн көрдім. Тұқаңмен ара­мыз­ды тікелей қоңырау жалғады: тіл­дес­тік, сұхбатқа келістік.
Уағдаласқан күні әкемтеатрдың есі­гін ашқам. Директор орнынан та­былды. Бұрын сахнадан һәм сырттай ға­на көріп жүруші едім, ілгеріде «Жас Алаш» газетінің редакциясында да сұх­бат­тасқанымыз бар, бірақ осы жолы зер са­ла қарап, анық аңғарғандаймын: ай­тар­ға жоқ, нар тұлғалы адам екен. «Вот это фактура», – дедім ішімнен. Әлгі жер­де орта бойлылардың қатарындағы мен пақыр орнынан шылбырдай шұ­ба­ты­лып көтерілген көлемі зор кісінің кө­леңкесінде қалдым. Орынтағына ба­тып отырғанының өзінде тұрқы түре­ге­ліп тұрған адаммен иықтасатын сияқ­ты. Шашы «арыстанның жалындай бұй­ра толқын». Сіздер байқайсыздар ма, жоқ па, білмеймін, әр адамның кел­бе­тін­де аң мен құсқа, түрлі мақұлқатқа ұқ­сас сипат болады. Мен Тұқаңды арыс­тан­ға ұқсаттым. «Арыстан-адам» кө­мейі­­нен сәл шағылып шығатын күмбір үнімен сөйлей жөнелді:

– Ал қандай сұрағың бар? 

Мен қабырғалатып сұрақтарымды қойып жатырмын. «Сіз театрдың ие­лі­гін­дегі бірдеңе-сірдеңе деген аппаратты қол­ды қылған көрінесіз», «Сіз жалда­ма­лы құрылысшыларды қуып жіберіпсіз», «пәлелай да шәлелай», «пәлен-пәштүген». Бұл – өнердің жұпар иісі аңқыған театр­дың төрінде отырып алып Тұңғышбай Жа­манқұловтай тұлғаға берілетін сұ­рақ­тар емес еді. Тұқаңның бойы мен сойы­на қолы жетпеген қортық саналы то­бырдан тараған қауесет сөздердің си­қы жоғарыдағыдай болған соң, амал кем, сұрауға тура келген. Тұқаң тар­тын­бады. Тегінде өз ісінің әділдігі мен ту­ра­лығына бек сенімді адам ақиқатты ай­тудан жалтармайды ғой, Жаманқұлов жауқабақтанып аз отырды да, ақтарыла сөйлеп кетті. Сөзінен ұққаным: аппа­рат­ты ешкім арқалап кетпепті, ал қай­ла­ны қалай жұмсауды білмейтін, арақ­тан аузы босамайтын, қуаяқ құрылыс­шысымақтардан құтылуға тура келген. 

Әңгіме үстінде М.Әуезов атындағы мем­лекеттік академиялық драма теат­ры­ның (қазіргі М.Әуезов атындағы Қа­зақ ұлттық драма театры) «әкемтеатр ата­нуына еңбегіміз әбден сіңді» деп, сах­наның жаңаға бет түзеген салта­на­тын мойындағысы келмей кері тартып шал­қалағандардың шатақ сөз­дері де айтылды. «Жайлы тұрмыстың ра­­­­хатына кенеліп, жамбастап жатса да,  Жа­­манқұловқа бар жамандықты жап­сы­рып, апта аралатып, ай сайын жоға­ры­ға арыз айдап, баспасөз бетін былғап сұхбат беретін сол шіркіндерге тиесілі жа­­­­лақыларын үйлеріне жеткізіп беріп отыр­сам да жақпаймын», – деді бас ди­рек­тор басын сығымдап. Бұдан әрі тұл­пар­ды тұсаулаудың қажеті жоқ еді, біз театр­да Тұңғышбай Жаманқұлов сом­даған Дон Кихот рөлінен бастап Абылай хан­ға дейінгі аралықты ендігі емен-жар­қын әңгімемізге арқау еттік. Тұқаң ше­шіл­ді.

Мен білгенде, Тұңғышбай Жа­ман­құлов театр мен кинода тар­лан ашқан талант қана емес, ол – ұстаз. Бірақ ол ұстаздығын ұлық сана­май­ды. «Мен – Хадиша Бөкеева мекте­бі­нің көркемдік жетекшісімін», – дейді жай ғана.  

«Хадиша Бөкеева мектебінің көр­кем­дік жетекшісі» қазақтың маңдайға бас­қан академиялық театрында бас ди­ректор әрі көркемдік жетекші ретінде өзін­дік қолтаңбасын қалдырды. Тұқаң­ның тұсында театрда Болат Атабаев, Қайрат Сүгірбеков бастаған талантты режиссерлердің жұлдызы жанды. Бек­жан Тұрыс, Дулыға Ақмолда, Жалғас Тол­­­­ғанбай, т.б. сияқты жас перілер сахна тө­ріне көтерілді. Олардың үлкейтілген су­реттері бұрынғы корифейлердің су­рет­тері сап түзеп, санат құрған маң­дай­ша­ларға ілініп, құрмет тақтасынан кө­рінді. Арыстандай алысып жүріп Тұң­ғыш­бай әл-Тарази әкемтеатрдың клас­сикалық дәстүрлі бағытын жалғастыра келіп өз театрын жасады. «Хас сұлудың көз жасындай» (Ғ.Мүсірепов) сахна өне­рі­нің шын бағасын білетін, «өнерді есеп­пен емес, ессіз сүйген» (Тұқаңның өз сөзі) Тұңғышбай Жаманқұловтың театр басшылығындағы қызметін мойын­даған орта осылай десті: «Ол өз театрын жа­сады».

Сұхбатымызда Тұқаң:  «Театр құт­ха­наға айналуы керек. Сахнадағы қойылымды  көріп болған адам театр­дан шыққанда жаны нұрланып, әулие­ле­ніп шығуы керек», – деп еді. Ол өз теат­рын жасап қана қойған жоқ, ол сол уа­қытта талай жүректерді нұрландырды. Кір­леген көңілдерді тазартты. Еңсесі түс­кен, езілген жұртты әулиелендірді. Әри­не, көрермен біткен тегіс әулиеге қол беріп кеткен жоқ, алайда нұрланған жү­рек пен тазарған көңілдің көкорайы­на аунасақ, нұр мен тазалық әулиеліктің сипаты болып шықпай ма?  
Ғасыр басындағы күрделілігі ақжал тол­қындай қиын күндерде театр ұжы­мын телім-телім қылмай ұстап тұрудың, сахна репертуарын жаңалаудың, әрбір қойылым үшін қидаласып, мемлекеттің қазынасынан қаржы алудың азабы мен мехнатын тарта жүріп Тұңғышбай әл-Тарази Әуезов театрын баянды белге көтеріп тастап, басқа қызметке ауысты. Өнер жеңді, өңмеңдеген өлермендіктің көркеудесі басылды. Ақиқат алға шық­ты, өтіріктің өкпесі өшті.  Әйтсе де,  «ақи­қат азбағанымен, өтірік те тоз­бай­ды» екен (Оразмерген – Тұңғышбай)... Өтіріктің тозбастығына кейін тағы да куә болдық.

Күпісін әперіп Тұқаңның қасында күн­де жүргенім жоқ. Алайда мен осы адамның күрсінісін алыстан сеземін. Сол кезде оның: «Жамбылдағы гидро инс­­титуттың алдында сорайып жалғыз өзім бекер-ақ тұрған екенмін, сорайып тұрған сормаңдай басым Асқар Тоқпа­нов­тың көзіне бекер-ақ түскен екенмін», – деп сүлкіні кетіп ойға қамалатынын кейде жеңіліс тауып, ойран болған  «Отырарда»  бе­тіне қорғасыннан құйылған сіре қап­ты киіп жатып,  тән азабынан емес, жан азабынан ышқына озан салған Қайыр хан­дай («Отырардың күйреуі») көктегі айға айғай асыратынын да біліп отыра­мын.

Тұқаңның басын тағы да бұлт шал­ған күндер еді. Түс көріппін. Тү­сімде Тұңғышбай ағам әлдебір лас кө­­­шеде, әлдебір ұсқынсыз адамдардың қа­сында отыр. Төңіректі түнек басқан. Бұл менің түсім ғана емес, бұл сол ша­ма­дағы Тұқаңның бағылан басына қо­ра­ланған кеп-тұғын. Жамандығы аяқ­та­ғы суға кеткір жаңағы түсімде жардан құ­лағандай еңсерілген есіл ер ешкімге ке­рек еместей көрінген. Сонда ғой, күңі­рен­ген бір ән естілді. Тұқаң салған ән. 

Керегім жоқ ешкімге
Дәл қазір аса қиын шақта жүрмін,
Тыс қалдым назарынан Хақ Тәңірдің.
Тасталса күресінге текті өнерім,
Несіне жаным салып ақтарылдым?

Жан емен бәз біреуді қайталаған,
Толқыған от сезімді шайқап ағам.
Ешкім жоқ ол күйімді керек етер,
Кіреді көңіліме шайтан арам.

Оралмас көктемдерім қайта маған,
Жаз өтіп, күзді қалай байқамағам?!
Көңілдің терезесін қырау шалып,
Шашыма ақ кіргенде ой талаған.
 
Дәл қазір алай-дүлей кезімдемін,
Сыртым пәс, көңіл дүлей, көзімде – мұң.
Бұтадан Батыраштар жолымды аңдып,
Қорғанып Қодарлардан көз ілмедім. 

Ақын мен композитор (Ә.Аймақ – Қ.Кө­бентай) өлең мен әнді Тұқаңның ке­зекті майданға кірген сәттегі  халі мен көңі­ліндегі мұңды толғап жазғандай тың­даған жұрттың қабырғасын қайыс­тырды. «Әй, Тұқа-ай, – деймін мен де таусылып, – билікті билеп-төстеген­дер­мен ұстаса кететініңіз не осы сіздің?». Аса мәртебелі ұлы өнерді қорғау жолын­да таятын, тайсақтайтын Жаманқұлов па, «Байлашы мына қолды, болмаса, шауып таста!»  (Оразмерген – Тұңғыш­бай) деп қасқайды да отырды. О, тоба, ол бұл жолы да жеңіп шықты!

Әлмисақтан, Әбіл – Қабыл за­ма­ны­нан бері ақ пен қара айқасып, пенде ба­ласы күресумен келеді. Бірі жеңеді, бірі жеңіледі. Итжығыс та түсіп жатады. Бұл күрес – пенделердің күресі. Ал өнер­ді өртеп жіберуге құлшынып, өршелен­ген­дердің күресінде әрқашан Өнердің ме­рейі үстем шығады.

Мен әредік театрда, кинода сомда­ған кейіпкерінің мінезі, тіпті тағдыры ак­тердің болмысына ауып кете ме деген ойға қаламын. Ғажап режиссер Аман­гел­ді Тәжібаев түсірген «Ақырғы аманат» фи­льміндегі оқиғаларға қанып өскен біз­дің буын үшін Тұңғышбай – Ораз­мер­ген. Экрандағы Оразмергеннің ер кел­бетін, жасын атқан отты көзін, шал­қақ кеудесін, шалт қимылын, тәкап­пар­лы­ғы мен тектілігін Тұңғышбай ағамыз­дың жүріс-тұрысынан, азаматтық ұста­нымынан аңғарамыз. Алатаудың айқай шыңдарын мекен қылған ақ ба­рыстай елі үшін алысып өткен Ораз­мер­гендей ердің сойы ортамызға Тұң­ғыш­бай болып оралған шығар дейтін сәт­теріміз де болады. 

Әуелде аяңына түсіп бастап, ша­ғын жаз­бамыздың ақырында Тұ­­­қаңның өнер үшін додаға кіріп кете­тін тартысқа толы тағдырын баяндаудан бір-ақ шығыппыз. Әлде айтпағымыз «Ақырғы аманат» фильмі мен Оразмер­ген жайында болды ма екен? Солай сияқ­ты. Өйткені өнер – Жаратқан Хақ­тан жеткен сый ғана емес, адамзат ба­ла­­сына берілген – ақырғы аманат. Ол –  із­гіліктің  отын өшірмеу мен жасам­паз­дық­тың аманаты. Ал Тұңғышбай Жа­ман­құлов – осы аманат жолындағы жан­­­кештінің тап өзі. Жортқанда жолы бол­сын! 

Дәурен ҚУАТ, 
жазушы