FlyArystan рейсі бір түнде үш рет кейінге шегерілді
Әуе компаниясы билеттер үшін ақшаны қайтарудан бас тартты.
FlyArystan әуе компаниясының Астанадан Алматыға ұшатын рейсі түнде 3 рет кейінге шегерілді, деп хабарлады turkystan.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Әуе компаниясының жолаушыларына бір күн бұрын сағат 22:00-де алғашқы хабарлама түсті: «2023 жылдың 22 қыркүйегінде сағат 23:45-те KC7058 Астана – Алматы рейсі операциялық қажеттілікке байланысты кешіктірілгенін хабарлаймыз”, – делінген онда.
Ұшу алдын ала 23 қыркүйек күні сағат 00:20-ға ауыстырылды. Содан кейін тағы да 23 қыркүйекте таңғы 04.30 және 04.45-ке шегерілді.
Кешіктірілген рейстегі жолаушылардың айтуынша, әуе компаниясы билеттер үшін ақшаны қайтарудан бас тартты, сондықтан көпшілігі басқа авиакомпаниялардың рейстеріне билеттерді өз бетінше сатып алуға мәжбүр болды.
Бұған дейін Fly Arystan ұшағының 150 жолаушысы Ақтау әуежайында тұрып қалған болатын.
Азаматтар әуе қатынасының сапасы мен әуе билеттерінің бағасына жиі шағымдана бастады. Премьер-министрдің авиатасымалдаушыларға жүктеген қатаң тапсырмасынан соң, бірден екі қазақстандық әуе тасымалдаушысының басшылары – Питер Фостер (Эйр Астана/Флай Арыстан) мен Владимир Денисов (Скат) баспасөз мәслихатын өткізіп, шағымдарға жауап берді.