Футзалдан ӘЧ: Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңін жеңіспен бастады

Ел құрамасы 20 қыркүйекте өз алаңында Румынияны қабылдаса, 6 қазанда сырт алаңда Әзербайжанмен шеберлік байқасады.

Футзалдан ӘЧ: Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңін жеңіспен бастады
Sports.kz

Қазақстан құрамасы футзалдан 2024 жылғы әлем чемпионаты элиталық іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынын өткізді, деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ел құрамасы А тобында сынға түседі. Қарсыластары – Румыния, Әзербайжан және Нидерланд құрамалары.

Алғашқы кездесуінде қазақстандықтар Нидерландқа қарсы ойнады.

Ойын барысында қазақстандық футзал шеберлері тізгінді ұстауға тырысты. Алғашқы кезеңде көптеген шабуыл ұйымдастырды. Нәтижесінде 2-минутта Эдсон Гомеш Қазақстан құрамасын алға шығарды.

Екінші кезеңде ел құрамасынан Дәурен Тұрсағұлов 27-минутта есепті ұлғайта түсті.

Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ 15 қыркүйекте Румыния өз алаңында Әзербайжаннан 3:1 есебімен басым түсті.

Айта кетсек, екінші іріктеу сатысында қазақстандық футзалшылар Черногория (7:0, 5:1) мен Словенияны (2:0, 3:3) артта қалдырып, өз тобында бірінші орын алды.

Енді ел құрамасы 20 қыркүйекте өз алаңында Румынияны қабылдаса, 6 қазанда сырт алаңда Әзербайжанмен шеберлік байқасады.