52978
Менингит ауруының белгілері қандай және одан қалай сақтану керек - дәрігер кеңесі
Менингит ауруының белгілері қандай және одан қалай сақтану керек - дәрігер кеңесі
Алматы қалалық №16 емхананың инфекционист дәрігері Кәмшат Ибраева менингиттің алғашқы белгілері туралы айтып берді, деп хабарлады turkystan.kz. Дәрігердің айтуынша, менингит пен ЖРВИ-дің белгілері ұқсас, сол себепті оларды шатастырып алуға болады.
«Менингит, бұл - өте күрделі ауру, оны мүмкіндігінше тезірек анықтау маңызды. Сондықтан төменде аталған белгілер анықталған жағдайда шұғыл емханаға бару немесе жедел жәрдем шақыру қажет. Менингиттің негізгі белгілері - бас ауруы болып табылады. Адамның басы қатты ауырып, тіпті, ауырсынуды басатын дәрілерді қабылдаған соң да бас ауруы тоқтамауы мүмкін. Науқас көздің, мойынның ауырсынуына шағымданады, айқын интоксикация пайда болады, егер менингококцемия қосылса, теріде геморогиялық бөртпелер болады. Сонымен қатар, ауруды тегіс жерге жатқызып, аяқты тік көтерген кезде ауырсынудан тануға болады. Менингит кезінде науқас мұны істей алмайды. Егер кейбіреулері аяғын көтерсе, мойын мен бастың ауырсынуын сезінуі мүмкін. Әрі қарай, дене температурасы 39-40 градусқа дейін жетуі мүмкін, мидағы қысымның жоғарылауына байланысты құсу пайда болады», - деді дәрігер.
Менингит белгілеріне - жарық пен дыбысқа сезімталдық, тәбеттің болмауы, әлсіздік те жатады. Ал қауіпті белгілеріне: тыныс алудың қиындауы, сана-сезімнің төмендеуі болып табылады. Бұл жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсету қажет.
«Егер сізде осы белгілер байқалса, дереу дәрігерге қаралу керек. Уақтылы көмек болмаған жағдайда ауыр асқынулар, оның ішінде ми қызметінің бұзылуы, сал ауруы, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Дәрігерге уақтылы бару ғана науқастың өмірін сақтап қала алады. Уақтылы басталған ем нәтижесін береді», - деді Кәмшат Ибраева.
Дәрігер аурудың маусымы жаз, күз мезгілдерінде белсенді болатынын айтты.
«Өзіңіз бен балаларыңызды менингиттен қорғау үшін жеке гигиенаның қарапайым ережелерін сақтау керек. Яғни, тамақ ішер алдында қолыңызды мұқият жуыңыз, көкөністер мен жемістерді мұқият жуыңыз, оларды қайнаған сумен шайыңыз. Тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішіңіз. Тек ресми рұқсат етілген жерлерде шомылыңыз, шомылу кезінде суды жұтып қоймауға тырысыңыз, өйткені вирус сыртқы ортада төзімді және суда ұзақ уақыт сақталуы мүмкін. Адамдар көп жиналатын жерден аулақ болыңыз, бөлмелерді жиі желдетіңіз», - деп ескертті дәрігер.
Сондай-ақ Алматы қалалық қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасы аурудың таралу жолын хабарлады.
«Естеріңізге салайық, ауру ауа - тамшы жолымен беріледі. Егер отбасында бір адам жұқтырған болса, онда емханаға хабарлама беріледі және барлығы тексеріледі. Егер отбасы мүшелерінде симптомдар табылмаса, онда мұрын-жұтқыншақ жағындысы алынады», - деп хабарлады ведомстводан.