Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысында ҰҚК департаментімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен еліміздің 18 өңірінде «Экспресс Займ» микроқаржы ұйымында микрокредит беру кезінде азаматтарды жаппай алдаудың жолын кесіп, алаяқтық әрекетті әшкереледі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың тамызында ұйым ақылы кеңес беру қызметін енгізген. Оның құны қарыз сомасына қарай белгіленіп, қарыз алушының негізгі берешегіне қосылған.
Клиенттерге бұл қызметтің ақысын төлемейінше микрокредит ала алмайтынын немесе қарызды қайтару мерзімін ұзарта алмайтынын айтқан. Ал ақылы қызметтен бас тартуға болатынын жасырған.
Салдарынан қарыз алушылар қолына тиесілі сомадан аз ақша алғанымен, қарызды сыйақысымен қоса толық қайтаруға міндеттелген. Микрокредитті қайтару мерзімін ұзартқан сайын ақылы кеңес беру қызметі қайта рәсімделіп отырған.
Барлығы 43 мың азаматпен ақылы кеңес беру қызметіне қатысты 181 мыңнан астам шарт жасалған.
Микроқаржы ұйымы директорының орынбасары үйқамаққа алынды.