Мемлекет басшысының өкімімен Евгений Дмитриевич Кочетов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұған дейін Президент Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры болып тағайындалған Қанат Құлшыманов басқарған еді.
Евгений Кочетов 1988 жылы Астанада дүниеге келген. Қазақ гуманитарлық-заң университетін және М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.
Әр жылдары Кочетов «Жас Отан» ұйымы мен «Нұр Отан» партиясының құрылымдарында жұмыс істеген. Сондай-ақ коммерциялық және медиа компанияларда басшылық қызметтер атқарған.
2016–2017 жылдары Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне қарасты Орталық коммуникациялар қызметін басқарды. Ал 2017–2018 жылдары «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасы болды.
Кейін «Нұр Отан» партиясының Стратегиялық бастамалар институтында және «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институтында қызмет етті.
2020 жылғы қаңтардан бастап Кочетов «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының бас директоры қызметін атқарды. Сонымен қатар «Литер» газеті, «Капитал» журналы, «Власть» интернет-журналы және «Информбюро» порталы секілді қоғамдық-саяси және іскерлік басылымдармен ынтымақтастық орнатты.
2023 жылғы ақпаннан тамызға дейін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болды.
2023 жылғы қарашадан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметін атқарып келеді.