19 қазанда Астанадағы Потанин көшесінде Lada автокөлігінің жүргізушісі екі жаяу жүргіншіні қағып кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оған дейін ол өзімен бір бағытта келе жатқан көлікті басып озуға әрекеттенген. Алайда аталған көліктің жүргізушісі солға бұрыла бастаған.
Соқтығысудан қашпақ болған Lada жүргізушісі тротуарға шығып кетіп, екі жаяу жүргіншіні және темір қоршауды қағып кеткен.
«Дәрігерлер тексергеннен кейін жаяу жүргіншілер үйлеріне жіберілді. Автокөлік мамандандырылған тұраққа қойылды», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Оқиғаға қатысты тексеру жүргізіліп жатыр.