Қайта жарқыраған «Гауһартас»

Қайта жарқыраған «Гауһартас»

Қайта жарқыраған «Гауһартас»
ашық дереккөзі

«Гауһартасқа» бардың ба? Қазір елордадағы ең жиі қойылатын   сұрақтың бірі – осы!  Астана қаласы  Музыкалық жас көрермендер театрының директоры, режиссер  Асхат Маемиров сахналаған Дулат Исабековтің «Гауһартас» атты шығармасы 15 ақпан –  19 шілде аралығында 73 мәрте көрермен назарына ұсынылды.  Барлық қойылым аншлагпен өтті. Билет  санаулы минуттардың ішінде өтіп кетеді. Осы аралықта спектакльді  25 мыңнан астам көрермен тамашалапты. «Меломан» кітап жүйесі арқылы сатылатын кітаптардың ішінде «Гауһартас» ең көп оқылатын он кітаптың басында тұр. Бір ғажабы, театр  көрермені де, кітап оқырманы да – жастар! Бұның себебі неде? Біз  осы жөнінде режиссермен әңгімелескен едік.

Неге «Гауһартас?»

– Асхат Максимұлы, басқа емес, «Гауһартасқа» таңдауыңыз түсуінің себебі неде? Бір қарағанда, өткен ғасырдың екінші жартысында жазылған, қазіргі оқырман мен көрермен үшін «ескі» болып көрінетін дүниеге ұмтылуға не әсер етті? – Жалпы, шығарманы сахналар алдында прозалық туындыларға үңілу ұлттық драматургияда бұрыннан бар дүние. Әсіресе, Әзірбайжан Мәмбетов режиссурасында бұл үрдіс анық байқалады. Әйгілі режиссер Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терін», Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Ана», «Ғасырдан да ұзақ күн»шығармаларын сахналады. Ал менің «Гауһартасты» қоюыма Қаңтар оқиғасы әсер етті. Сол күндерде бәріміз жылт еткен жаңалыққа үңіліп отырдық қой. Әлеуметтік желі арқылы тараған екі дүние санама таңбаланып қалды. Біріншісі, иесіз қалған дүкеннен тамақ жылытатын құрылғы алып  шығып келе жатқан әке мен бала. Отағасы әйеліне звондап: «Кір жуғыш машина да ала салсақ па екен?» дейді. Екінші бір бейнекөріністе макорон алып келе жатқан енесі мен келіні үйіне хабарласып: «Балаларды жібер, үш қап ұн алып қалайық» деп жатыр. Осыны көріп, жүрегім қатты ауырды. Біз мүлде бұндай ұлт емес едік қой. Әке-шешеміз «Өлімнен ұят күшті», «Ұят болады», «Обал болады» деп өсірген жоқ па еді?. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген де біздің аталарымыз еді ғой. Бейнекөрініс астында қаптаған пікір жазылыпты. Әрине, көпшілік мұндай әрекеттің қазақ болмысына қайшы қылық екенін жарыса жазыпты. «Елдің әлеуметтік жағдайы қиын. Егер жейтін наның болмаса, сендерді де көрер едім», – деп кіжініпті, бір кісі. Санамда сан ойлар арпалысты. «Малым жанымның – садағасы, жаным – арымның садағасы» деген халық даналығы қайда қалады сонда? Мәдениеттануда «Нравственный ориентир» деген ұғым бар. Бүгінгі таңда – Ар үлгісі кім? Бүгінгі қоғамдағы Әкенің рөлі, Ананың рөлі, баланың, ортаның, қоғамның рөлі қандай? Осы сұрақтарға жауап беретін қойылым сахналауым керек деп шештім. Ал сахнаға бүгінгі күннің қаһармандарын шығаруым керек. Олар – ауыл адамдары, дәрігер, тыныштық күзетшісі, қарапайым еңбек адамдары болуға  тиіс. Есіме Дулат Исабековтің «Гауһартасы» түсті. Жалма-жан қайтадан парақтап шықтым. Бала кезімнен санама сіңіп қалған образдармен қайта табыстым. Кинода Кәукен Кенжетаев ойнаған – Тұрымбет әке, Әмина Өмірзақова сомдаған – ана, Әнуар Боранбаев ойнаған – Тастан, Досхан Жолжақсынов ойнаған Әскербектің образдары  көз алдымнан өтті. Жанна Қуанышеваның ойнаған «Салтанаты» қандай, шіркін? «Гауһартас» – 25 жастағы  жазушы Дулат Исабековтің адам жанын аяусыз жалаңаштап ұсынған шығармасы. Мұнда артық бояу жоқ. Осыған тағы бір мәрте көзім жетті. Бұның алдында Александр Володиннің «С любимыми не раставайтесь» атты қойылымын сахналауды ойлап жүр едім. Оның себебі қоғамда ажырасу көбейіп барады. Сәл ғана келіспеушіліктен жолы екі айырылып жатқан отбасылар көп.  «Гауһартастағы» Салтанаттың басына бұндай ой тіпті кіріп те шықпайды ғой. Сол Салтанаттан қапыда айырылып қалғандағы Ыбыштың келіншегінің басындағы мола бүркіт құсап отырған кейпін елестетіп көріңізші. Адамдар бір-бірінің қадірін көзі тірісінде ұғуы керек.  Міне, мен осыдан кейін «Гауһартасты» қою туралы ойға әбден бекідім.  width= – Автор Дулат Исабеков бұл ойыңызға қалай қарады? – Дулат аға басында қарсы болды. «Асхатжан-ау, 55 жыл бұрын жазылған, әдеби ортада лайықты бағасын алған, бірнеше шет тіліне аударылып, мойындалған, кино болып шыққан дүниеден не тауып аламын деп отырсың? Сахналағың келсе, басқа да дүниелерім бар ғой...»  –  деді жазушы. Бірақ мен өз уәжімді айттым: «Маған дәл осы «Гауһартас» қажет. Өйткені онда адам бар. Қазақтың болмысы,  құндылығы бар.  Соны бүгінгі Tik-Tok-та отырған жас ұрпақ түсінуі, ұғуы қажет. Аталарының, әжелерінің  бастан кешкен сезімдерін сезінуге тиіс». «Мейлі, – деді Дулат аға ойланып, – шынымды айтсам, мен сахналық нұсқасын елестете алмай отырмын. Бірақ мені сендірдің. Сахналауыңа қарсы емеспін...».  Сосын іске кірістік. Киноны түгел қағазға түсірдік. Өйткені «Қазақфильмге»  хабарласып едім, киносценарий сақталмапты. Повесті де қайта-қайта оқып, инсценировкасын жасадым. Автормен қайта кездестік. Ол кісі оқып, танысқаннан кейін, бір өтініш айтты: «Келші, айым» әнін лейтмотив қылып алып отыр екенсің. Мэлс Өзбековтің өтінішімен кезінде әннің сөзін мен жазып едім. Сексенінші жылдардың басында «Ауыл кеші көңілді» атты  ән жинағы шыққан кезде қарасам, кітап редакторы  Әбдірахман Асылбеков менің сөзіме біраз «түзету» енгізіп, қосалқы автор болыпты. Онысы маған ұнаған жоқ. Егер, мүмкін болса, ән әу бастағы мен жазған мәтінмен айтылса деймін». Құп алдым. Сосын мен де өз пікірімді айттым. «Гауһартас» – әдеби шығарма ретінде қазақ әдебиетінде де, шетелде де әбден  мойындалған дүние. Кино ретінде де көрерменнің көңілінен шықты. Мен осы шығармаға қылаудай да кірбің түсірмеуім қажет. Керісінше, оны толықтырып,  ажарын  ашатындай дүние жасауым  керек. Ол үшін әуелі жанрын анықтап алған абзал. Менің театрымның бағыты музыкалық театр, сондықтан да музыкалық драма ретінде ұсынамыз, ішінде хормен ән айтылады» деп рұқсатын алып алдым.

Рөлдер мен актерлер

– Сонымен дайындыққа кірістіңіздер? – Иә. «Гауһартас» – кеңестік идеология мен ұлттық дәстүрдің тартысын бейнелейтін шығарма. Ал спектакль үшін ең керегі – қақтығыс. Маған қиын тигені – қарттар мен ананың рөлі. Өйткені біздің театрдың артистері негізінен 30 жастың ар жақ, бер жағындағы  жастар. Сондықтан әу баста  пьесадағы Қабен ақсақал мен оның тұстастарын, Қайыркеннің әкесі Тұрымбеттің рөлін ойнайтын актерлерді сырттан шақырмақ болдым.  Мысалы, Тұрымбеттің рөлін  Қалибек Қуанышбаев театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақыш Омар сомдаса деп едім. Өкінішке қарай, ол кісінің қолы тимейтін болды.   Ерік Жолжақсыновқа шығып едік, оның да уақыты сәйкес келмеді.  Біздің театрдың рухани кеңесшісі Нұрлан Өнербаев сол кезде концерттері бар екенін айтты.  Сосын ойлана келе, бұл  рөлді өз театрымыздағы  Қазыбек Есқараға, ал ананың рөлін Қалима Наушабаева мен бізде жарты ставкада жұмыс істейтін  Майра Омарға ұсындым. Әрине, Майра Омар – еліміздің театр кеңістігінде танымал актриса. Сахна шебері ретінде жас артистерге  үйреткені де мол болды.  width= – Қазыбек пен Қалима жүрексінген шығар? Бет әлпетін гриммен келтіруге болар, бірақ жас адамдар үшін егде әке мен шешенің, соның ішінде өткен ғасырдағы ата-ананың рөлін сомдау оңай емес қой? – Иә, екеуі де қатты қобалжыды. Мен олардың толқуын басу үшін мынадай әңгіме айттым. Әзірбайжан Мәмбетов сахналаған «Қан мен терде» Сүйеу қарттың рөлін Елубай Өмірзақов сомдауға тиіс болған. Кейін ол кісі науқастанып қалып, ол рөл екінші құрамдағы Сәбит Оразбаевқа тапсырылады.  Автор  Әбдіжәмил Нұрпейісов мұны естіп, шарт сынады: «Сүйеу қарт – дала академигі, абыз! Оның рөлін 30-дан енді асқан жігітке бергендерің не қылғандарың?  Әуезов театрында Сүйеу қарттың рөлін ойнайтын жөні түзу бір актер табылмағаны ма?»  Бірақ Әзірбайжан Мәмбетов өз ойынан бас тартпайды. Мәскеуден шақырылған суретші өз гримерін ала келген екен. Ол  Сәбитті тура Аралдың ақсақалдарынан айнытпай гримдейді.  Қисық, қыңыр Сүйеу қарттың ішкі психологиялық иірімдерін дәл берген актер көңілінен шыққан Әбдіжәмил ағамыз: «Е-ее, Әзірбайжан менің сынымнан қорытынды шығарып, облыстық театрлардың бірінен егде актерлердің бірін алдыртқан екен ғой» деп ойлайды. Тіпті, Сәбит екенін айтқанда сенбепті. Гримін сүрткенде ғана көзі жеткен. «Не істейін, ауыстырайын ба?» – дейді Әзірбайжан аға күліп. «Жо-жоқ, ауыстырма. Осы рөл бұл жігіттің  бағын ашады» – депті Әбең. Расында да, кейін Сәбең осы рөл үшін кейін Мемлекеттік сыйлық алды. Әзірбайжан Мәмбетов жазушы Шыңғыс Айтматовтың атақты «Ана – Жер-Ана» атты шығармасын сахналағанда екі құрам болған. Бір құрамда басты рөлдегі Толғанайды 50-ден асқан Сәбира Майқанова, екіншісінде 30 жасқа толмаған Фарида Шәрипова ойнайды. Фарида апай алғаш бұл рөлге өзін бекіткені туралы естігенде қатты ашуланыпты. Мәмбетовтің есігін жұлқи ашады: «Әзірбайжан Мәдиұлы, бұл  қай мазағыңыз? Менің «Қарагөзім», «Еңлігім» сізге ұнамады ма? Мені әдейі жер қылу үшін бекітіп отырсыз ба мына рөлге?».  Сонда Әзірбайжан аға: «Айналайын, ақымақ болма. Мен сенің болашағыңды ойлап отырмын. Қарагөз, Еңлік, Баяндардың «дәурені» аяқталатын кез болады. Байсалды әйелдің, ананың рөлін ойнайтын шақ келеді. Мына рөл соның алғашқы баспалдағы болады...» деген екен. Кейін пьесаны тамашалаған Шыңғыс Айтматов: «Бұл актриса менің анамды қайдан біледі?» деп қатты таңғалыпты. Міне, өнердің құдіреті! Қазыбек пен Қалима бұл әңгімелерден кейін қатты құлшынып кірісті. Әбден ізденді. Мен де білгенімді айтып отырдым. Олар ерекше ықыласпен тыңдайды. Соның әсерінен бе екен, Қазыбек сомдаған образдан мен өз әкемді көргендей боламын. Ал Қалима нағашы әжесінің «жүріс-тұрысын»  сахнаға әкелді. – Қайыркеннің рөліне келейік... – Қайыркен – пьесадағы басты рөл. Оның рөлінде ойнайтын актерге көп салмақ түседі. Өйткені ол – спектакльде болатын оқиғалардың бәрін  баяндап отыратын автор және Қайыркеннің рөлін сомдайды. Автордан «Қайыркенге»,  «Қайыркеннен» авторға ауысу оңай емес.  width= Шығармада автордың атынан айтылатын 16 монолог бар.  Демек,  бұл жерде актерлік шеберлік аз, бойыңда көрерменді баурап отыратын  энергетика болуы керек. Сөздің ішкі драматургиясын тудырып, динамикасын  сақтауы қажет. Сәл босаңсуға, тізгіннен айырылып қалуға болмайды.  Актер автор ретінде көрерменді «байлап ұстауға»  тиіс. Сонымен бірге ақынжанды, қияли, арманшыл, жеңгесінің бұла мінезіне ғашық Қайыркеннің образын қоса алып шығуы керек. Ана рөлден мына рөлге ауысқаны түлкінің жымындай білінбей қалуы қажет. Міне, осы күрделі образды театрымыздың актерлері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асылхан Төлепов, Мемлекеттік стипендияның иегері  Дінислам Нұрмағамбетов және өнер университетін енді бітіргелі отырған Нұржас Садырбаевтар мүлтіксіз орындады, көрерменді сендіре білді. Қойылымдағы тағы бір негізгі кейіпкер, ол –Тастан. Повестегі оның есімі – Ыбыш. Біз Дулат ағамен келісе отырып, Тастан деп алдық. Тастан – ата кәсіпке адал, кез келген нәрсеге елпілдей қоймайтын, шаруасына мығым, мықты жігіт.  Күш-қайраты мол, бойында  қаталдық бар.  Бірбеткей. Ақылды. Жылпостықтан ада, сол кездегі комсомол жастардың ұранына аса ере бермейтін, керісінше,  ұлттық өнер – көкпар десе, делебесі қозатын азамат. Мінген  атын қастерлейді. Әке тәрбиесі оны әйелге де  қатал қарауға үйреткен. Бір сөзбен айтқанда, даланың бөрісі.  width=Бұл рөлді Оразалы Игілікке тапсырдық. Оразалы – өмірде ақкөңіл, кешегі Ақан сері, Мұқиттардың жалғасы іспетті ғаламат әнші жігіт. Сол үшін де оған ылғи лирикалық кейіпкерлердің рөлі берілетін. Мысалы, Төлегеннің рөлін ойнайды. Лирикалық тенор дауысты қажет ететін бұл рөл оның оң жамбасына келеді. Ал Тастан –  жоғарыда айтқанымыздай, мүлде басқа адам, қатыгез еркек. Көрнекті театр реформаторы Михаил Чеховтың «Чем этот образ не похож на меня» дейтін тәмсілі бар. Сол айтпақшы, Оразалы өзінің адами болмысына қарама-қайшы бейне сомдауға тиіс болды. Актер өсуі үшін, осындай экспериментке барғаны дұрыс деп есептеймін. Меніңше, Оразалы Тастан образын керемет алып шықты. Екінші құрамдағы Аққанат Қуандықов атты жас актеріміздің де ізденісі қуантады. Енді Салтанат образына келейік. Салтанат – мінезі барынша ашық, ерке,  табиғатты, ән айтуды сүйетін даланың ерке елігі. Ерін «Пірім» деп санайтын қазақ әйелі. Ол үш-ақ рет көріп, тұрмысқа шыққан қатал азаматының бір күні жібитініне, өзімен қосыла ән шырқайтынына  сенеді.  Оңаша отырған жалғыз үйдің сыртын ажарға, ішін базарға толтырған, ең қатал деген адамның да кеудесіне сәуле түсірген,  тіпті өлімімен де  бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі бауырды мәңгі табыстырып кеткен аяулы бейне. Салтанаттың рөлін сомдаған  width=Инабат Ризабекова кейіпкерінің бойындағы бұлалықты, нәзіктік пен еркелікті шынайы көрсете  алды. Екінші құрамда ойнаған Гүлдана Әбдісадық да өзгеше образ жасай алды. Айта кетейік, бірінші құрамдағы Оразалы Игілік пен Инабат Ризабекова өмірде ерлі-зайыпты адамдар. Киномеханик, беташарды ескіліктің қалдығы санайтын Әскербектің рөлінде ойнаған Ернар Мұхамбет, Саламат Мұқаш, Әлихан Әлішер – үшеуі де көңілімнен шықты. Ал парторг әйелдің рөлін ойнаған Дана Қабылова, әсіресе, сол заманды көзімен көрген көрерменнің езуіне күлкі ұялатты және артист үшін рөлдің үлкен-кішісі болмайтын дәлелдеді.

«Құдашаның» «Гауһартасқа» қандай қатысы бар?

– Қойылымда көрерменнің ерекше назарын аударатын дүние – әндер. Былай қарағанда, біздің әке-шешелеріміз айтқан ескі әндер. Бірақ көрермен, әсіресе, жастар зор ықыласпен қабылдады. Бұның себебі неде? – Әндерді сахнаға бейімдеген хормейстр Ғалымжан Берекешовтің алдына үлкен мақсат қойылды. Өйткені біздің көрермендеріміздің 80 пайызы – жастар. Оларға ескі әндерді жаңаша ұсыну керек. Бірақ ол әндер табиғи бояуын, характерін жоғалтпауға тиіс. Халық әні «Құдаша», Ақан серінің «Ләйлім шырақ», Мэлс Өзбековтің «Келші, айым»,  Шәмші Қалдаяқовтың «Сен сұлу», Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтып барады», Базарбай Жұманиязовтың «Көктем келер гүлін алып» атты әндерін балалардың бойына сіңіру оңай болған жоқ.  Өйткені бұлар қалай дегенде де осы заманғы әндерді, шетел әндерін  тыңдап өсті ғой. Бірақ олар бірте-бірте жоғарыда айтылған әндерді жай үйреніп қана қоймай,  ғашық болды. Спектакль шықпастан бұрын, халыққа ең алдымен әніміз жетті. Балалар сахнадағы дайындық процесіндегі әндерді айтқан сәттерін түсіріп алып, Tik-Tok арқылы таратты. «Ағай, бүгін 1 миллион адам қарапты, 2 миллион..., 5 миллион қаралымға жетті» дейді күнде маған келіп. Енді бір қызық басталды. Спектакліміз әлі дайын емес, билеттеріміз өтіп кеткен. Халық «Қашан қойылады?» деп «қырып барады». Нағыз жанталас енді  басталды. Бір күні «Qazaqstan ұлттық телеарнасынан  хабарласты: «Tik-tok»-та  әндеріңіз  керемет тарап жатыр. Бізге келіп кетсеңіздер».  «Таңшолпан» мен «Мың бір түн» бағдарламасының тікелей эфиріне барып әндерімізді айтып бердік. Бұны көрген Дулат аға қатты  ашуланыпты. «Маған қойылымды әлі көрсеткен жоқ. Ал әндері тарап жатыр. Ішінде мен жек көретін «Құдаша» да бар екен. Менің «Гауһартасыма» «Құдашаның», «Ләйлім шырақтың»  қандай қатысы бар?». «Гауһартас» – спектакльде Салтанат жеке дауыста орындайтын ән. Осы жерде белгілі әнші Света Айтбаеваның көп көмегі тиді. Ол Инабатқа ән иірімдерін қалай келтіруді әбден үйретті. Жалпы, Қанат-Света Айтбаевтар спектакльдің дайындалу барысында бізбен бірге «өмір сүрді». «Келші, айым» – олардың  репертуарында бар ән. – Спектакль 15 ақпанда қойылды. Дулат аға сол күні келді ме? Әлде алдын ала танысып үлгерді ме? Жоқ, ол кісі бірден премьераға келді. Бірінші емес, екінші күні келді. Сол күні жанымызды шүберекке түйіп жүрдік. Өйткені Дулат аға – өте кірпияз адам. Қойылымнан титтей жасандылық көрсе, орнынан тұрып айқай салады. Спектакльді тоқтатып қана қоймай, әрі қарай қоюға тыйым салуы мүмкін. Оны өзім көріп жүрмін. Актерлеріміздің әбден есі шықты. Өзім де қатты қобалжыдым. Магистратура мен докторантура да оқып жүргенде талай емтихандар тапсырдым ғой. «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» деген Шәкәрім жырындағыдай, дәл осы жолғы «шығармашылық емтихан» бәрінен де қиын болды. Әрбір сәті есімде. Спектакль біткен кезде қатты риза болған Дулат аға сахнаға шығып, әрбір актерді құшақтап, алғысын білдірді. «Мен «Гауһартаспен» қайта табысып тұрмын»,  – деп қойылымға оң бағасын берді. Сол кезде көзіне жас алмаған актер жоқ.  width= – «Құдашаның» айтылғанын да кешірді ме? – Иә. «Асхатқа «Құдашаны» ұнатпайтынымды айтып едім. Бірақ бұл көнген жоқ. Сөйтсем, әнде емес, оны қалай тудыруда, ұсынуда екен ғой әңгіме. Менің ең жақсы көретін әнім «Гауһартас еді. Енді оның қатарына «Құдаша» қосылды...», – деп елді ду күлдірді. Халықтың сұранысының көптігі сондай,  біз қойылымды күніне екі рет  қоюға мәжбүр болдық. Егер, тамыз айында қойсақ та, әр күні дәл солай аншлаг болатынына күмәнім жоқ. Бірақ актерлерімізді де шаршатып алмауымыз керек. – Бұрын үлкендер жастарға «Театрға барыңдар» деп үгіт жүргізетін. Онысы сәтті бола бермейтін. Ал енді «Гауһартасқа» билет таба алмадық деп жүргендердің дені интернет арқылы билет алуды біле бермейтін егде жастағылар. Ал санаулы минуттарда сатылып кететін билетті «қағып алып», залды толтыратындар 25 жасқа дейінгі бозбалалар мен бойжеткендер. Жастар неге аяқ астынан театршыл болып кетті? – Біз өйткені олардың «тілінде» сөйлеп отырмыз. Жарнамамызды Tik-tok арқылы тараттық. «Гауһартасқа» титтей де зиян тигізбей, жастардың ыңғайына бейімдедік. Соның арқасында жастардың арасында Дулат Исабековтің шығармаларын оқитындар күрт көбейді. Демек, бүгінгі буын біздің классикалық дүниелерімізден бас тартпайды. Тек оларға ұғынықты тілде ұсына білу керек. Бұрын ата-әже, әке-шеше баласын театрға сүйресе, қазір кері процесс жүріп жатыр. Біз «Құдаша» әніне қойған би қазір күллі Қазақстанды «аралап» кетті. Қытай мен Ресей аумағына да кең таралыпты. Әлеуметтік желілердің бәрінде біздің биіміз жүр. Балабақшадағы ұлдар мен қыздардың билеп жатқанын көріп, күліп, мәз болдық. Біздің мақсатымыз да сол болатын. Бұрын бізде неге тойда, мерекелік кештерде ер мен әйел бір-бірінің  қолынан ұстамай-ақ  билейтін би жоқ деп ойлайтынмын. Енді, міне, сол олқылықты «Құдаша» толтырды. Әрине, бізде  «Қара жорға» бар. Бірақ оны халық түгел қабылдаған жоқ. «Қара жорғадан» кейін бір би шығуы керек еді. Сол би – «Құдаша». Ертең жалпы халық билейтін дүниеге айналып жатса таңғалмаймын.  Кезінде  «Мына орыс халық билері қандай керемет?» дегендерге, ұлы балетмейстер Игорь Моисеев: «Орыста би болған жоқ. Оны орыс биі деп  әлемнің санасына сіңірген менмін» деген екен. Біз де «Құдашаны» жұрттың санасына солай сіңіруіміз керек. – Әңгімеңізге рахмет!  width= Дулат Исабеков:

Екі сағаттың қалай өткенін байқамай қалдым

«Гауһартас» мен әскери борышымды өтеп жүрген уақытта, 1967 жылы жазылды. Елден шалғайдамын. Бір күні радиодан Бибігүл Төлегенованың орындауында «Гауһартас» әні берілді. Алматыда жүргенде талай тыңдаған әнім еді. Үйден тым жырақта жүргендіктен бе, әлде сағыныштың әсері ме, ән мені қатты тебірентіп жіберді. Тіпті, көзімнен жастың қалай сорғалап кеткенін де байқамай қалдым. Неткен ән?! Неткен сұлулық?! Әндегі сөздер қандай ғажап?! Қарауылда кезекшілік атқарып тұрғанмын. Сол кезде санамда бір ой жарқ ете қалды. «Гауһартас» туралы шығарма жазуым керек дедім. Не туралы болатынын білмеймін. Сұлулық туралы шығарма жазуым керек дедім іштей. Кейіпкердің аты есіме бірден түсті. Басты кейіпкердің есімін Салтанат деп қойдым. Ал сұлулық болған жерде, қарсы күш те керек. Сөйтіп, Тастанның образы шықты. Сосын бүкіл оқиғаны жеткізетін Қайыркен. Туындыны қалың дәптерге жаздым. Күндіз етігімнің қонышында жүреді. Бұл бір ұзақ тарих. Астананың музыкалық жас көрермендер театрының жетекшісі, белгілі режиссер Асхат Маемиров: «Гауһартас» повесін сахнаға шығарғым келеді», – деп тілек білдіргенде мен не деп жауап берерімді білмей дағдарып қалып едім. Біріншіден, ол прозалық шығарма, екіншіден, ол жөнінде Шәріп Бейсембаев 1975 жылы көркем фильм түсірген болатын. Енді… сахналық нұсқа… Мен сахналық нұсқаның инсценировкасын оқып шықтым. Оқу басқа да, көру басқа ғой. Астанаға үлкен күдікпен бардым. «Гауһартас» болған соң қызығып, балаларым мен немерелерім, келіндерім бар, оншақты адам бардық. Көптен күткен сахна да ашылды. Тар сахнаға әрең сыйып тұрған хор. Театрдың ең үлкен «ақсақалдарының» жасы 30-да екен. Сұлулық, әдемілік, жарасымдылық, гармония, жоғары профессионализм. Жалындап тұрған жастар. Селқос жүрген, немқұрайлы жүрген бірде-бір актер жоқ. Көп ұзамай негізгі оқиға да басталып кетті. Салтанат, Қайыркен, Тастан, Әскербек. Салтанат – қатал тәртіп орнаған қасаң үйге ән болып келді, Аршабай алқабына сән кірді, әсемдік пен сұлулық кең далаға тарады. Қаталдық пен нәзіктік  шарпысты. Оқиға барысын айтып отыратын Қайыркен болмысы ерекше есте қалды. Повестегі негізгі ойлар мен сөздерді режиссер аттап өтпепті. Ән, хор, бимен араласқан соң оқиға шашырап кетер ме екен деп қауіптеніп отыр едім. Бірте-бірте ол күдігім сейіле бастады. Режиссер спектакльдің эстетикалық композициясын, тұтастығын сақтай біліпті. Қысқасы, мен бұл спектакльден ерекше сезіммен шықтым. Екі сағаттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалдым. Спектакль соңында көзіне жас алып отырған көршілерімді көріп, өзім де толқып кеттім. Режиссер Асхат Маемировке, театр ұжымына мың да бір рақмет! Ұжымға  шығармашылық табыстар тілеймін.

Қысқа-нұсқа

  • Музыкалық жас көрермендер театры қашан құрылды?
  • 2020 жылы 14 желтоқсанда «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ресми ашылуы болды.
  • Қанша актер бар?
  • 70
  • Мұндай театр бар ма өзге өңірде?
  • Біздің театрымыздың Қазақстанда аналогы жоқ.
  • Бұл идея сізге қайдан келді?
  • Бізде қуыршақ театры, балалар мен жасөспірімдерге арналған театр бар. Бірақ қазіргі жастарды театрға тарту үшін дәл осындай камералық оркестрі, этно-фольклорлық ансамблі бар ұжым керек болды. Бұл – уақыттың сұранысы.
  • Демек, жұмысқа алған кездегі талап та бөлек қой?
  • Ия. «Музыкалық театр артисі» мамандығы бойынша білімі болуы керек. Актерлік шеберлігімен қатар вокалдық мүмкіндігі жоғары болуы қажет. Ән салумен қатар, жақсы билеуге де тиіс.
  • Осы театрдағы жастар бір-бірімен көп үйленеді деп естідім.
  • Иә. Осы үш жылға жуық уақыт ішінде 12 шаңырақ бой көтерді. Қазан айының басында 13-інші отбасының үйлену тойы болады.
  • Құдалыққа сіз барады екенсіз?
  • (Күліп). Иә, екі жағына да барамын. Өйткені ұл да, қыз да маған ортақ қой. Сосын зайыбым Нұргүл екеуміз дүниеге келген сәбилерге өкіл әке-шеше боламыз.
  • Ғажап екен!
  • Мақтанғаным емес, біздің ұжымда адами атмосфера, отбасыға тән жылылық бар. Жастарымыздың бір-бірімен үйленіп жатқаны да содан болса керек.
  • Жұмысы үйіне айналғаны ғой сонда?
  • М.Щепкин мен Н.Гоголь жиі айтқан «Театр-дом» деген – осы! Ері  ойнап жатқан кезде сахна сыртында баласын құшақтап күтіп тұрған әйелін немесе дәл солай  әйелін күтіп тұрған жігітті көргенде қатты қуанамын.
  • Музыкалық жас көрермен театрының ашылуы – жаңалық! Ал бізде жаңалыққа қарсы болмайтындар бар дегенге сенбеймін.
  • Болды, әрине – бір адам. Бірақ біз сол «бір адаммен» сөз таластырып жатпадық. Оған уақыт та жоқ еді. Балалар: «Ағай, біз өзіміздің лайықты орнымыз бар екенін дәлелдеуіміз керек» деді. Дәлелдедік деп ойлаймын. Сенбейтіндер екі жарым жыл уақыт ішінде көрермен көңілінен шыққан 17 қойылымды келіп көрсін.

             Сұхбаттасқан

    Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ