1382
Балалық шағы болмаған бала
Балалық шағы болмаған бала

Адам өміріндегі ең ғажап уақыт оның балалық шағы. Бала кезін сағынбайтын адам кемде-кем шығар. Ал болмаған балалық шақты сағыну мүмкін бе? Ақын Ақберен Елгезектің проза жанрындағы тұңғыш кітабы «Болмаған балалық шақ» повесі оқырман қауымға жақсы таныс. Сонау 2008 жылы жазылған шығарма әлеуметтік желілер арқылы кең тарап, кейін бестселлерге айналды. Интернет желісінде жүргізілген сауалнама бойынша повесть XXI ғасырдағы үздік 20 прозаның тізіміне енді. Шығарма режиссерлер тарапынан сұранысқа ие болып, биыл еліміздің екі театрында қойылып, көрерменімен қауышты. Біздің көргеніміз – Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік комедия және драма театрында жас режиссер Әли Бидахметтің сахналауымен қойылған спектакль еді.
Әлемде қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Әр бала – бір әлем, бір тағдыр. Кітап авторы өз хикаясы туралы: «Мұндағы оқиғалар қиялымнан туған қанатқақты дүниелер емес, осы жердің бетінде, осы елде менің шақшадай ғана басымнан өткен шырылдақ тағдыр» – дейді.
Ақынның қиын тағдырын бейнелейтін драмада бүгінгі автор мен бала Ақош қатар жүреді. Автор санасында жаңғырып тұрған өткен жылдарды суреттей отырып басынан кешкен хикаяны әңгімелейді. Кейіпкер балалық шағына сырттан қарап тұрып, өзінің ішкі сезімдерін көрсетеді. Балалықтың қимас кездері мен әттеген-айларын жасырмайды. Өз қиялындағы ғұмырын, теперіш көрген тағдырын, алаңсыз жүрген кездері мен бақытсыз күндерін бейнелейді. Төрт жасында әкеден, кейін туған бауырынан, соңынан анасынан тірідей айырылған баланың күйініші, мейірімге шөлдеген жүрегі көрерменді жылатпай қоймады. Жұртшылықты шынайылығымен баураған қойылым туралы режиссердің өзінен сұраған едік.
– Бестселлерге айналған кітапты сахналаудың өз қиындығы бар. Оқырман шығарманы жақсы көріп қалғаннан кейін, сахнадан әдемі дүние көргісі келеді. Ал сенің жасаған дүниең кітаптың дәрежесіндей бола ма, болмай ма, сол қиын. Халықтың көңілінен шыға аламын ба деген үміт пен күдіктің жетегінде жүрдім. Алайда көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметін көргенде ұнағанын біліп, қуандым.
Алғаш премьера болған күні театрдың фойесінде 10 минут ішінде «Болмаған балалық шақтың» 90 данасы сатылып кетті. Шығарманың қазақи бестселлер екеніне тағы көзіміз жетті.
Қойылым халық аузында жүрген шығарма негізінде сахналанғандықтан көрермен көп келеді. Әдетте, театрға көрермен жинау қиын ғой. Бірақ бұл қойылымды көрермен өзі іздеп келді.
Повесті оқып, санама сіңіріп алғаннан кейін спектакльде автор мен кейіпкер қатар жүруі керек деп шештім. Бала Ақоштың бейнесін сол күйінде қалдырғым келді, үлкен Ақберен бөлек есеп беріп отырады. Өйткені ақынның өзі: «Сол кездегі Ақберен әлі бала кезде өмір сүріп жатыр, оның өзінің өмірі бар» деген болатын. Бастан кешкен тағдырын ақ қағазға еш бояусыз түсіріп, өз өмірін бүкпесіз ашқан автормен етене жұмыс істеуіміз де қойылымның шынайы шығуына әсер етті.
Қойылымды ешқандай формаға салмадық. Қыңыр-қисық емес, көпшіліктің көңілінен шығатын дүние болса деп ниеттеніп жасаған жұмысымыз халықтың жүрегіне жетсе бақыттымыз, – деді режиссер Әли Бидахмет.
Шығармашылық ұжым қойылымға дайындық барысында тылсым, кездейсоқ дүниелердің көп болғанын айтады. Қойылым барысында Астананың шет жағындағы ауылға барып видео түсіреді. Олардың тапқан жері тура ақынның кітапта суреттеген ауылындай болып шығады.
«Бір күлдік, бір жыладық. Мен «Құдайдың баласы» ретінде айтайын бұл шығарма менікі емес. Оны жазған – Құдай. Менің қолыммен. Осындай тағдыр берді, жаза алатын қабілет берді. Осы Әли, Алматыда Фархат Молдағалиев сияқты бауырларымды жолықтырып, осының бәрін қойып, сіздерді осы жерге жинап отырған – Құдай. Мен емес. Сондықтан Құдай бар. Бірінші реткі қойылымда да тура осындай көңіл күй болған. Қазір шынымды айтсам түсім сияқты болып тұр. Дірілдеп не айтып тұрғанымды да біліп тұрған жоқпын. Маған керемет ұнады. Сіздермен бірге күлдім, сіздермен бірге жыладым. Бірақ оның бәрі менің жүрегіме мың есе көбірек тиіп жатыр. Авторларға рақмет! Осы театрдың басшылығына рақмет! Баршаңызға рақмет! Театр жасай берсін!» – деген болатын Ақберен Елгезек қойылымның елордадағы тұсаукесерінде.
Кейіпкер өзгелердің қабағына қарап жәутеңдеп, жетімдіктің дәмін ерте татып, өлімнің не екенін ерте түсініп, әкеден жастай, анадан тірідей айырылып, балалықтың бал дәмінен гөрі тағдырдың кермек дәмін ерте тартады. Ақынның тағдыры көрермен жүрегін елжіретті. Залда отырғандар бір жылады, бір күлді. Бір баланың тағдыры арқылы сол кездегі қоғамның шындығын ашқан қойылым көрерменін шынайылығымен баурап алғандай.
Кішкентай жүрегіне үлкен әлемді сыйдырған бала Ақоштың жанындағы жара мен көңілінде қатқан шерді, қайтпас мінезі мен ақ көңілін, бозбала болмысын Қазыбек Аманжол сомдады. Актер бұл қойылымға бір жарым ай дайындалған. Сахнада ішкі эмоцияларына барынша ерік берген актер өз кейіпкерінің образын шынайы алып шығуға тырысқаны көрініп-ақ тұр. Ақынның ішкі жан тебіренісін, рухани әлемі мен сезім иірімдерін терең толғаныспен суреттеу ең маңызды жұмыс.
– Режиссер бала Ақоштың бейнесіне мені сырт келбетімнің ұқсастығы бойынша таңдады. Осыған дейін қойылымдарда баланың рөлін ойнап жүрмін. Алайда тағдыры қиындыққа толы бас кейіпкердің бейнесін сахнада ойнау оңай болған жоқ. Кейіпкерімнің психологиялық портретін беруде автордың өзімен жүзбе-жүз кездесуіміз септігін тигізді. Дайындық барысында оның әңгімесіне, әртүрлі қылықтарына қарап образымды терең түсінуге тырыстым.
Бұрын-соңды спектакльде ойнап жүрген кезде көрерменнің жылап жатқанын сезбейтінмін. Осы қойылымда сахнада алдыңғы қатарға келетін сәттер бар. Сол жерде адамдардың жылап отырғанын, қандай сезімде екенін сезіндім. Бұл менің рөлді жақсы алып шығуыма әсер етті. Байқағаным, қойылымға халық көп жиналған сайын, қызықты өтеді.
Ақберен аға шығармашылық топпен кездесу барысында: «Кітап менікі болғанымен, қойылым сендердікі» деп, бізге барлық жағынан еркіндік берді. Мүмкін, автордың бала кезін сәтті алып шығуыма өзімнің ақынмен ұқсастығым да себеп болған шығар. Мен де өлең жазамын, ақындарды жиі оқып тұрамын», – деді актер.
Балалық шағының тәтті дәурені ерте таусылған Ақоштың арманы – анасының жанында болу еді. Анасының айналайыны мен ыстық алақаны үшін өгей әкеден көрген құқайға да көнбек еді. Алайда тағдыр оған бұл бақытты да бұйыртпады. Бозбаланың ендігі тұрағы – Алматыдағы әкесінің ағасының үйі болды. Осылай мейірім мен махаббатқа шөлдеген бала жүрек анасынан алыстап, алыс Алматыға аттанып кете барды. Көкесінің үйінде әр күнін анасын күтумен өткізген Ақоштың бір күні үміті де үзіледі. «Мен анамды күтуді доғардым. Ал жүрегім сағынуды қоя алмады» дейді.
Өмір ерте есейткен, балалығы шытырман оқиғаға толы Ақоштың тағдыры көрерменін әр алуан сезім жетегіне ертіп, жанарға жас келтіріп, жүректі қозғады.
– Мен бұл спектакль туралы Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында режиссер Фархат Молдағалиев қойған сәттен бастап естідім. Ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеп, «Болмаған балалық шақ» кітабын сатып алып оқыдым. Қойылым Астанада қашан болар екен деп күтіп жүрдім. Кейін Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында сахналанатынын естігенде қуанышымда шек болмады. Бүгін сәті түсіп қойылымды құрбым екеуміз тамашаладық. Қойылым маған өте қатты әсер етті. Бір қуанып, бір мұңайдық, бір жылап, бір күлдік. Балалық шағымыздың кейбір естеліктері санамда жаңғырып, шүкіршілік еттім, – деді Ақерке Бердалиева есімді жас көрермен.
Өмірдің өзінен алынған қойылымда жалғыздықпен арпалысқан бала көңілдің иірімдері шынайы суреттелген. Сан түрлі сезімнің толқыны соққан көрермен ұжымнан ыстық ықыласын аямады.
– Бұл – кез келген ауылда орын алуы мүмкін оқиға. Жетімдік проблемасы тек қана қазақтың емес, бүкіл әлемнің проблемасы. Сондықтан бұл шығарманы жазған кезде, бір жетім баланың қолына түссе, оның болашағы өзінің қолында болып талпынса үлкен азамат болатынын, шуақты, жарқын өмірге жететінін білсін деп жаздым. Екіншіден, қолында жетім бала бар, жетім асырап отырған үлкен кісілер сондай баланың жан дүниесі мүлдем басқа болатынын түсінсін, оның нәзік, жараланғыш жүрегін аясын, басынан сипап қойсын деген алдымда мақсат тұрды, – дейді автор өз шығармасы туралы. Ендеше кітап та, қойылым да өзінің діттеген мақсатына жетті десек артық айтқандық болмас. Қойылым жаны жаралы жандарға демеу болып, балалығына өкпесі бар көңілдердің кірін жуып, халықтың жүрегіне
жетті.



Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ
Фото авторы: Артём Чурсинов