Бағаның төмендеуіне АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранмен келісімге келу ықтималдығы туралы мәлімдемесі әсер етті. Brent маркалы мұнайдың бағасы бір баррель үшін 80 доллардан төмен түсті. Бұл — АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс ушыққаннан бергі ең төменгі көрсеткіш, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ақпан айының соңында АҚШ Иранға қарсы әскери операция бастаған болатын. Әлемдік нарықта жанармай жеткізіліміне қатысты қауіптердің күшеюі аясында мұнай бағасы күрт өсіп, бір баррель үшін шамамен 120 долларға дейін жеткен еді.
Алайда маусым айының ортасында жағдай өзгерді. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен келісімге қол жеткізу мүмкіндігі бар екенін мәлімдегеннен кейін мұнай бағасы төмендей бастады.
Investing.com деректеріне сәйкес, 17 маусымдағы жағдай бойынша Brent мұнайының бір баррелі 80 доллардан төмен саудалануда. Сарапшылардың айтуынша, бұл АҚШ пен Иран арасындағы текетірес басталғалы бергі ең төменгі деңгей. Нарыққа қысым көрсетіп отырған негізгі факторлардың бірі — Иран мұнайының әлемдік нарыққа қайта оралуы мүмкін деген ақпарат.
Мұнай бағасының төмендеуі Қазақстан экономикасына да әсер етуі ықтимал, өйткені мұнай саласы ел табысының негізгі көздерінің бірі болып қала береді. Атап айтқанда, шикізат бағасының өзгеруі теңге бағамына және мемлекеттік бюджеттің жағдайына ықпал етуі мүмкін.