Прокуратура «Центр плова» дәмханасындағы жарылысқа байланысты қылмыстық істі тергеуді аяқтап, материалдарды сотқа жіберді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Еске салайық, қайғылы оқиға 26 ақпанда болған. Бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас орналасқан дәмханада газ баллоны жарылып, артынша ірі өрт шыққан. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам түрлі дәрежеде жарақат алған.
Сот алдында үш адам жауап береді: дәмхананы жалға алушы, автогаз құю станциясының директоры және газ баллондарын жеткізуші. Оларға өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу және қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету баптары бойынша айып тағылған.
Тергеу барысында анықталғандай, заңбұзушылықтар мен адамдардың қаза болуы арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар.
Айыптау нұсқасы бойынша, автогаз құю станциясының директоры мен баллон жеткізуші газ баллондарын толтыру және тасымалдау кезінде ережелерді бұзған. Ал дәмхананы жалға алушы мекемеде өрт қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеген.