61438
Бақыт ҚАЖЫБАЕВ, актер: Алаш арыстарының өмір жолы, жанкештілігі санамды сілкіді
Бақыт ҚАЖЫБАЕВ, актер: Алаш арыстарының өмір жолы, жанкештілігі санамды сілкіді
Жақында «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы көрерменге жол тартты. Алты бөлімнен тұратын тарихи туындыда Алаш қайраткері өмірінің 1909-1935 жылдардағы кезеңі, «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығуы, «Бақытсыз Жамал» романының жазылу барысы таспаланған. Сонымен қатар Міржақып Дулатұлының революциядан кейінгі, ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі, Қызылорда, Семей, Мәскеудің «Бутырка» абақтысында өткізген жылдары және жары Ғайнижамалмен махаббат хикаясы баяндалған. Осы орайда көрермен қызу талқылап жатқан туындыда басты кейіпкер Міржақып Дулатұлының рөлін сомдаған актер Бақыт Қажыбаевпен сұхбаттасқан едік.
– «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы – «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалының жалғасы. Он тоғыз жасында азаматтық, саяси танымымен Ахмет Байтұрсынұлын таңғалдырған Алаш арысы, қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романның авторы Міржақып Дулатұлының рөліне қалай таңдалғаныңыз туралы айтып беріңізші.
– Туындыға түсетін актерлерді іріктеу жұмысы Алматы қаласында өтті. Соған қатысып, ұйымдастырушылар сұраған сахнаны ойнадым. Ол жайбарақат ойнайтын дүние емес, Жангелдинмен кездескен кезде екеуінің арасында болған қақтығыс еді. Сол сахнаны ойнап болғанда режиссер келіп қалды. Жаныма келіп, қайда істейтінімді, жасымды сұрады. Негізі, өзім он бес жылдан бері Астана қаласындағы «Жастар театрында» жұмыс істеймін. Іріктеуге қатысқаннан кейін Астанаға кеткен болатынмын. Бір аптадан асқан уақытта хабарласып, «Бақыт аға, сіз Міржақып атамыздың рөліне бекітілдіңіз» деді.
Телехикаяның режиссері Мұрат Есжан, продюсер Айсәуле Әбілдаева және сценарий авторлары Ұларбек Нұрғалымұлы мен Ұшқын Сәйдірахманмен сәті түсіп, Астанада жиналған болатынбыз. Сол кезде актриса Зарина Кармен де спектакльмен бас қалаға келіп қалды. Бәріміз театрда жолығып, шай ішуге барып, іріктеу барысында болған жайттарды айттық. Сөйлесе келе, басында бір-бірімізді қабылдай алмағанымызды сол кезде ғана білдік. Бізге режиссердің жүріс-тұрысы, сөйлегені, жалпы болмысы басқаша көрінетін. Мұрат бауырымыз қарапайым әрі жас бала сияқты көрінген соң ба, басында қабылдай алмадым. Алып отырған тақырыбы ауыр, іштей «Қалай болар екен?» деп ойладым. «Ұлт ұстазын кім ойнайды екен?» деген сұрақ та мазалады.
Сөйтіп, Алматыға келгеннен кейін Ахмет Байтұрсынұлының оқулықтарды бөлетін сахнасы түсірілді. Ол жерде Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатұлы да бар. Сол кезде бірінші рет Байғали ағамызды көрдім. Әрине, «Кім болады екен?» деп қасыңдағы серіктесіңді де ойлайсың ғой. «Ахмет Байтұрсынұлының рөлінде осы кісі» деді. Бұрын көрмеген екенмін. Сол сахнада ойнағанын көріп, бірден қабылдадым. Сөз саптауы, үні, сөйлеген кездегі жұмсақтығы бәрі көңіліме қонды. Мұрат Есжанның да жұмысын сол кезде алғаш көрдім, ұнады. «Байғали аға, мына жерде былай болады» деп жаймен келіп түсіндіріп жатты. Сөйтсем, біреу ұмытып кеткен болуы керек, мәтіннің бір бөлігі жіберілмей қалған екен. Айтатын сөзін сахнада беріп тұрса, кез келген актер ашуланады ғой. Мұрат бауырымыз соған қарамай, бәрін ақырын түсіндіріп, көңілін тапты. Өзінің мінезі де жұмсақ екен, алайда мақсатына жетпей қоймайды.
– Міржақып Дулатұлының өмір сүрген уақыты қилы кезеңдерге тап келгендіктен, телехикаяны көзге жас алмай көру мүмкін емес. Ал Алаш қайраткерінің рөліне ену сізге екі есе ауыр болғаны анық. Ағартушының бейнесін ашу үшін қалай дайындалдыңыз?
– Алаш арысының рөлін сомдау – үлкен жауапкершілік. Бір жағынан, ертең бір жерін дұрыс істемесең, бүкіл түсірілім тобын әуреге саласың. Соны ойлап, ұят болмасын деп жаз бойы Міржақып Дулатұлы туралы ізденіп, қолдан келгенше дайындалдық. Алаш арысының қызы Гүлнәр Дулатованың «Шындық шырағы» кітабын оқып шықтым. Қандай ауыр тағдыр десеңізші!.. Адам осының бәріне қалай төзіп, өмір сүре алады?! Алаш қайраткерлерінің өмір жолы, елі үшін жанын берген жанкештілігі мені қатты толғандырып, санамды сілкіді. Ол кісілерге деген сүйіспеншілігім, құрметім еселене берді. Ешқайсысын бөліп-жара алмаймыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы. Олардың ойы бір жерден шықты, мақсаты бір болды. «Қайтсек дербестік, тәуелсіздік аламыз?» деп күресті. «Ұрпағымыздың көзі ашық, білімді болса екен» деген арманмен өтті ғой... Өз заманының ойшылдары, батырлары, ортасынан оза шапқан білімділері...
Менде түсірілім арасында бір апта үзіліс болған еді. Сол кезде «Мұраттың басқа қандай жұмыстары бар екен?» деп іздедім. Абайды түсірген екен, соны қарап шықтым. Өзім түскен телехикаяның сценарийін оқып отырып, соңына келгенде өксік қысып, жарты сағаттай есімді жинай алмай отырдым. Сол кезде жанымда ешкім болмағаны дұрыс болды. Расында, біз Алаш қайраткерлерін танымайды екенбіз ғой дедім. Қалай өлімге барғаны, бір тиын ақы алмай халқына тегін қызмет еткені... Нағыз елі үшін туған ерлердің ісі. Көзіме жас алып отырып, «Мен өзімнің еліме не істедім?», «Тіліме, Отаныма қандай пайдамды тигіздім?» деген сұрақ қойдым...
Кейінгі сахнамыз Шонжыда болды. Ол жерге рөлге тереңірек еніп, мүлде басқа көзқараспен, күш-жігермен бардым. Осындай дүниені қолға алып жатқан режиссердің, сценаристің еңбегін бағаладым. Маған осылай ауыр тисе, оларға, тіпті оңай болмағаны анық. Алаш қайраткерлерінің өмірін жақсы білетін азаматтар ғой.
Бірінші серияда Гүлнар Дулатованың рөлін сомдаған Гүлжан апамызды көргенде жылап алдым. Жаз бойы оқығаным бар, кейіпкеріңнің тағдыр жолын, көрген қиындығын еріксіз өне бойыңнан өткізіп, сезінесің ғой. Соның бәрі көз алдыма келді.
– Осындай ауыр рөлді сомдағаннан кейін актер өз-өзіне тез келу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Ондай кезде адамдармен көбірек сөйлесіп, шеріңді тарқатқан жақсы. Шығармашылық тұрғыда қандай ләззат алғаныңды, не болғанын режиссермен отырып талқылаған жөн.
– Негізі, көрерменнің басым бөлігі телехикаяның сәтті шыққанын айтып жатыр. Ал өзіңізге келіп, рөліңіз туралы сын айтқан адам болды ма?
– Телехикая эфирге шыққан сәттен бері телефоным дамыл таппай жатыр. Сериалды көріп, әсерін жеткізіп жатқандар көп. Шынымды айтсам, әлі ешкім сын айтпады. Бірақ рөлді сомдап болғаннан кейін «Қап, әттеген-ай, мына жерін басқаша ойнауым керек еді» деген сәттер болды. Қарабай деген кісі Міржақыпты өлтіруге келетін еді ғой. Онымен төбелесіп, арпалысып, Алагөздің қасына байлап қойып, Қарабай есін жинаған кезде сөйлейтін сөзі бар еді Міржақып Дулатұлының. «Сен де қазақтың басын жауға сатып күн көрсем деген қазақсың ғой» дейді. Бірақ сол жерлер монтаж барысында қысқартылған екен. Сонда маңдайынан сипап тұрып, ешбір агрессиясыз, ашусыз, жеккөрушілікке жол бермей, бәріне жоғарыдан, биіктен әрі кешірім көзімен қарап ойнай білу керек еді деген ой болды.
Жасаған дүниең көрермен көңілінен шықса, одан артық бақыт жоқ қой. Бұл – қаншама маманның күн-түн демей, төккен терінің ақталғаны. Әр заманның өз қиындығы бар. Қазіргі дамыған заманда уақыт тапшы. Өзім көп нәрсеге үлгермей жатырмын. Бір жағы, интернеттің пайда болғаны уақытыңды үнемдейтін сияқты болады. Екінші жағынан, уақытыңның көп бөлігі соған кетіп жатыр ма деп ойлаймын кейде.
Алаш арысы Міржақып Дулатұлының рөлін сомдағаннан кейін жастарымыздан көп хат алып жатырмын. Мектеп, колледж, университетте оқитын жастар белсенді түрде пікір білдіріп жатыр. Мені осындай жастардың өсіп келе жатқаны қуантты. «Міржақып атамыздың өмірбаянымен тереңірек танысып жатырмыз. Алаш қайраткерлеріне деген құрметім артты, көзім ашылды» деп жазады. Күн сайын осындай хат аламын. «Міржақып атамыздың рөлін жақсы ойнадыңыз, тірілттіңіз» деп мақтап, әсерлі пікір білдіріп жатқандар бар. Біреулер жылап отырып хабарласып, эмоциясын білдіретін сәттер де болады.
Телехикаяның басты мақсаты оянып, өзімізді тереңірек танып-білу болса, бұл мақсаттың орындалғаны деуге болатын шығар. Сонымен қатар режиссер, сценарист, актерлердің үміті ақталғаны. Әрине, бұл аз. Алаш қайраткерлері туралы толықметражды фильм, сериал да түсірілуі керек. Әлде де насихат қажет.
– Театрда да талай рөлді сомдап жүрсіз. Негізі, театр мен кино әлемінің қандай айырмашылығы бар?
– Айырмашылығы жер мен көктей. Салыстыруға келмейді. Өйткені театрда бастаған рөліңді бір деммен тоқтамай ойнап шығасың. Сосын күнделікті дайындық жұмыстары жүреді. Тұрақты жұмысымыз болған соң таңертеңнен кешке дейін театрда жүреміз. Сол жерде жаттайсың, уақытың болады. Ал киноға келген кезде уақытымыз келіңкіремей қалып жатады. Киноға дайындалу көп уақытты талап етеді. Оның үстіне, басты рөл болса. Мысалы, жан-тәніңмен, жүрегіңмен, эмоцияңмен рөлге берілгенде дыбыс жазатын жігіттер «Стоп, стоп! Дыбысты жөндеуіміз керек» дейді. Бұл жайт сені бірден 180 градусқа рөлден шығарып жібереді, ашуыңды келтіреді. Бірақ ештеңе істей алмайсың. Әрекетсіз, амалсыз тұрып қаласың, болды. Ішкі сезіміңді қосып, рөлге ену оңай емес қой. Көптеген сахналарда осындай кедергілер болды. Қазір бір ғана нәрсені айтып тұрмын. Бұдан бөлек қаншама дүние бар. «Мынау кадрдан шығып кетті, стоп!», «Мынау былай болып қалды, стоп!» деп тоқтатады. Біресе оператордан, бірде актерден қате кетеді. Мәтінді дұрыс айта алмай қалады деген сияқты. Мұндай кезде ештеңе істей алмай, шарасыз күйде тұрасың. Ал театрда бір бастаған рөліңді аяғына дейін апарасың. Ешкім саған «Стоп!» деп айтпайды. Ішкі күйіңе байланысты әркезде әрқалай ойнайсың. Ал бұл жерде кинодағы мақсатыңды біліп тұрасың. «Мына сахнада былай болуы керек. Мына жерде ашуыңды қоспасаң, экраннан жасанды болып көрініп тұрады» дегендей. Дегенмен қай-қайсысы да оңай емес. Театрдың да өзіне тән қиындықтары бар.
– Міржақып Дулатұлының рөлінен кейін киноға түсуге ұсыныс түсті ме?
– Иә, қатарынан екі жобаға ұсыныс түсті. Қазір соның біреуіне түсіп жатырмын. Бірақ бір ұнамағаны, «мұртыңызды қалдырсақ» деп қатты өтінді. Ал мен «алып тастайықшы, өтініш» деген едім. Бұл енді заманы басқа, 90-жылдары тарихта болған дүние.
– Актердің бағы – оң жамбасына келетін рөлмен дер кезінде жолығуы. Енді қандай кейіпкерді сомдағыңыз келеді?
– Сақ, ғұндардың заманындағы оқиғаны көрсететін киноларда ойнағым келеді. Бұл туралы сценаристке де айтқанмын. Үнемі ойымда жүрген нәрсе ғой. Әрбір көріністі, сахнаны елестетіп, әрбір тізбегін көріп тұрамын. Мықты жазатын адам болса, түсіре алсақ шіркін! Жақсы сценарий болса, заманауи фильмдерде де ойнасақ дейміз. Бірақ кейде актердің бағы режиссер, сценарий де болып жатады. Бәрі бір жерден ұштасып, бір үдеден шығып, бір арнада тоғысуы керек. Бұл – өте қиын нәрсе. Жақсы шығармашылық топ құрылса, кез келген сценариймен жақсы дүние жасауға болады. Кейде жақсы жазылған сценарийді оқып, ұнатқан соң актерлер түскісі келеді. Бірақ түсірілім барысы сен күткендей емес, мүлде басқаша болып, көңілден шықпай, сәтсіздікке ұшырап жатады. Бұған түрлі фактор әсер етеді. Ал өзімнің ойымдағыны дөп басып, көңілімнен шыққан Мұрат Есжан, Ұшқын бауырымыздың жұмысы болды.
– Қандай кино көресіз? Сіздіңше, бүгінгі қазақ киносына не жетіспейді?
– Түрлі бағыттағы киноларды көремін. Мәселен, Ресейдің ескі кинолары, еуропалық фильмдер ұнайды. Олар экшн жанрында емес, шынайы оқиға негізінде арнайы эффектісіз кинолар түсіреді.
Бүгінгі қазақ киносына көп нәрсе жетіспейді. Бірақ ақырындап алға жылжып, дамып келе жатыр. Биылдың өзінде 64 серия түсірілген екен. Бұл да жақсы көрсеткіш. Киноиндустрия ақсап тұрғандай көрінетін. Енді қарап тұрсақ, көңіл де, қаражат та бөлініп жатыр екен. Арасынан мықтылары суырылып шығып, кино саласы дами береді деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ