40 жылдан бері трактор айдайтын көпбалалы ана

40 жылдан бері трактор айдайтын көпбалалы ана

40 жылдан бері трактор айдайтын көпбалалы ана
ашық дереккөзі
50517
Ауылдың қайнаған тіршілігі, ұзын көшелері. Алыстан құлаққа шалы­натын трактордың гүрілі. Бұл көрініс Алтын Құттыбайқызына ерекше ыстық. Өйткені бала кезінен кең даланың тынысын бойына сіңіріп өскен ол қыз бала болса да, көлікке, соның ішінде тракторға қызықты. Қы­зығып қана қоймай, жастайы­нан техниканың құлағында ойнады. Сөйтіп, жер жыртып, шөп орып, көмір тасып, ерлер­мен қатар еңбек етті. «Бір трактор бір үйді асырайды» дейді ол күліп. Бүгінде жасы алпысты алқымдаған тракторшы ана сүйікті ісінен әлі де қол үзген емес. Алтын Құттыбайқызы – Түркістан облы­сына қарасты Монтайтас ауылының тұрғыны. 80-жылдары Шымкентте пошта операторы ма­мандығы бойынша білім алған. Кейін Таш­кент­тегі техникумда білімін жетілдіріп, жұ­мыс істеді. Алайда жастайынан техникаға әуес бо­лып өскен қыздың аңсары тракторға ауа бере­ді. Сөйтіп, Қазығұрттағы училищенің үш ай­лық трактор жүргізу курсын оқып, жиырма жа­сында үлкен көліктің рөліне отырады. О­сы­дан кейін шаруашылықтың жұмысын дөң­ге­ле­тіп алып кетеді.
«Бізге мектепте еңбек сабағынан трактор жүр­гізуді үйрететін. Кейін тағы оқыдым. Кә­сі­бімді жақсы көремін. Басында байқағаным, алып техниканы тізгіндеп жүрген кісілердің көбі арық, кішкентай болады. Соған қарап, «Өз­дері кішкентай болып, үлкен көлікті қалай ай­дайды екен?» деп ойлайтынмын. Сөйтсем, май­мен жүретін болған соң жүргізген кезде жеп-жеңіл болады екен. Қатты қызыққаным сон­шалық, тез үйреніп алдым. Тракторды ай­да­ған кезде жұрттың бәрі таңғалды. Бірінші кө­лігім мен шөп шабатын машинамды 1985 жы­лы алдым», – дейді Алтын Құттыбайқызы.
Кейіпкеріміз күн-түн демей еңбектеніп, сов­хоздың жерін жыртты. Ол уақытта тәр­тіп қатаң болатын. Білікті агроном маман­дар жыртылған жерді сантиметрмен тексереді. Өйткені арық қалып кетсе, бидай орғанда ком­байн сынады екен. Сонымен қатар жырт­қан жердің тереңдігі 30-40 сантиметрден кем бол­мауы тиіс. Бұл талап орындалмаса, бидай­ды арамшөп басады. К-700-ді тізгіндеген Ал­тын Құттыбайқызы өзіне қойған талаптың үде­сінен шығып, жұмысын жауапкершілікпен ат­қарды. Әрине, ол үшін сабырлық, мұқият­ты­лық және шеберлік қажет.
«Трактормен атқаратын жұмыс көп бо­ла­тын. Жүгері, су әкелеміз, теміржолдан көмір та­­симыз. Көмірді Газ-53 көлігімен таситын. Бұл көлік тез апарады, бірақ бензині қымбат. Сол үшін жүргізушілері екі-үш мың теңге ала­ды. Ал мен трактормен мың теңгеге апара­тын­мын. Арзан болғандықтан, бізге өтініш жа­сай­тын адамдар көп болды. Негізі, мұндай жұ­мыс­тардың басы-қасында ер адамдар жүретіні бел­гілі. Жүгері тасуға барғанда басқа совхоз­дар­дан келген адамдар бізге кезек бермей, кір­гізбей қоятын. Сонда «Өткізбесеңдер, қа­ғып-соғып кіріп кетемін, жолдан былай тұ­рың­дар» деймін ғой күліп. Содан кейін «Ой­бай, Алтын келе жатыр» деп шетке тұратын бол­ды. Қасымда екі үлкен кісі бар еді. Олар да «Ал­тын, сен баршы» мені жіберетін болды. Кей­де мінез де керек», – дейді.
Ауыр техниканы тізгіндеген бойжеткен ауыл­дасына тұрмысқа шығады. Өзімен бірге тракторын ала келген келіннің көлік жүр­гізуі­не ата-енесі мен күйеуі қуанбаса, қарсы болған емес. Осылайша, ол ауыл арасында «тракторшы келін» атанады.
«Келін болып түскенде анамнан үйренге­нім бойынша мәнті, палау пісірдім. Бір күні қа­мыр жайдым. Енем «Тамақ істей алады екен­сің ғой. Қайдан білейін, тракторшы дегенге үй тір­лігін істей алмайтын шығар деп ойлап едім» деп таңғалғаны бар. Содан кейін үйге қо­нақ келсе «Менің келінім тамақ та істей ала­ды, қамыр да жая алады» деп мақтап оты­ратын болды. Өзім үйдің тұңғышымын. Жол­да­сым да үйінің бірінші перзенті. Әулеттегі үл­кен келін болған соң уайымдаған болар», – дейді Алтын Құттыбайқызы.
 width=Тракторшы келін үйдің де, түздің де шаруа­сын дөңгелетіп алып кетеді. Алай­да совхоз тарағаннан кейін бұрынғыдай таңертең кетіп, кешке келетін жұмыс болмай қал­ған еді. Бір қуанарлығы, сол кезде бір трак­тор Алтын апайдың жеке үлесіне тиген бола­тын. Өзі декреттік демалысқа шығып бара жат­қанда қайынінісіне алып трактор тізгін­деуді үйретеді. Сол совхоз тарағанда алған кө­лік қазір де керегіне жарап тұр. Сегіз баланы өмірге әкелген ана ауыл­дағы бидай қабылдайтын мекемеде 15 жыл­дай аспаз болып жұмыс істеген. «Трак­торға күнде жұмыс шыға бермеген соң арнайы ем­тиханнан өтіп, аспаз болып жұмысқа орна­лас­тым. Бірақ сонда да трактордан қол үзбе­дім. Біреуге құм, біреуге су әкеліп беру керек бол­ғанда көлігімді оталдырамын да, барып ке­лемін. Бәріне үлгердік» деп еске алады өзі. Көп­шіліктің ортасында жүргеннен болар, адам жатырқамайтын ашық-жарқын мінезді кейіпкеріміз басынан өткен қызық та қиын күндерді есіне алып, әңгіме тиегін ағыта түсті.
«Қасымда Ақмарал деген трактор ай­дай­тын қыз болды. Оны көрші ауылдың жігіті алып қашқанда артынан трактормен қуып бар­дым. Артында соқасы бар. Топырақ жолмен шаң­да­тып барғанымда құрбым сол босағада қа­ла­ты­нын айтты. Содан кері қайттым. Кейін құр­бым­ды трактор айдауға жібермей қойды», – дейді күліп.
Ол дала жұмыстарын атқара жүріп, ауыл тұрғындарының да өтінішін жер­ге тастаған емес. Бүгінде алып техниканың тір­кемесіне қой, тай салып, оның жанына бір топ адамды отырғызып тойға барған қызық дәу­ренді сағына еске алады. Алтын Құттыбайқызы кезінде аудандық мәс­лихатқа депутат болып, ауылдағы өзекті мәсе­лелердің шешімін табуына үлес қосқан. Қа­зір немерелеріне қарап отырған бақытты әже олардың ел қамын ойлайтын үлкен аза­мат болуын армандайды. Оларды жеңіл ма­ши­насына отырғызып алып, бірін бала­бақ­шаға, енді бірін мектепке апарып жүр.
«Балаларым кішкентай кез. Жаңадан үй салып жатқанбыз. Күйеуім мен қайынінімді ер­тіп алып құм әкелуге кеттік. Қайтып келе жат­сақ көшеде жүрген балалардың бәрі бізге қ­арап тұр екен. Үйге келген соң балаларым: «ма­ма, бізді мазақтап жатыр. Енді трактор жүр­гізбеші» деді. «Айта берсін. Есесіне олардың ма­масы көлік жүргізе алмайды. Ал сендердің ана­ларың кішкентай машина тұрмақ, үлкен трак­тор айдап жүр. Неге ұяласыңдар, қайта мақ­таныңдар» дедім. Қазір алпысқа келсек те, трактор рөліне отыра беремін. Баяғы көлігім әлі де шөп орып, су тасуға жарап тұр. Арасында жеңіл көлік те жүр­гіземін. Жақында кішкентай қыздарым сыр­тымнан суретке түсіріп алыпты. Содан үйіне барып апасына «Біздің нағашы апамыз ма­шина айдайды, ал сіз айдай аласыз ба?» деп мақ­танып отыр екен, – дейді кейіпкеріміз.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары